Жұма, 29 Наурыз 2024
Қайраткер 13828 12 пікір 11 Қараша, 2019 сағат 11:16

Ұлылықпен жүздесу

Ғасыр алыбы Әбіш Кекілбаевтың адамзат даналарымен бір ұқсастығы, онымен жүздескен адам оған дарыған ұлылық пен жылылықты әсте ұмыта алмас еді. Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі, казіргі вице-премьеріміздің сыныптасы Машар Шайықовтың айтқан бір әңгімесін кезінде бір жазғанымыз бар. Бұл Бердібек екеуі орта мектепті тәмамдап, Алматыға, нархозға түсуге барғандағы жайт еді. Сонау 1970 жылғы 24 тамызы күні күтпеген жерден Әбіш Кекілбаев ағамызбен кездесіп, дастархандас болғанымыз бар, деген еді, Машар.

Нархозға жақын Жандосов пен Правда көшелерінің қиылысында Орта Азия Әскери округінің мекемелері болатын. Асханасы да бар. Арзан болғасын және ауылдасымыз қатардағы құрылысшы - солдат, марқұм Ережеп Әбіловты көріп, бірге тамақтану үшін сонда баратынбыз. Бірде ол өзінің командирі Әбіш Кекілбаевпен кездесу ұйымдастырды. Жазушы ағамыз сұңғақ бойлы, қайың қаптал, бұйра шаш жігіт ағасы екен. Ескі достардай баурап алды. Шүйіркелесіп қалдық. Қазір қарап отырсақ, Әбіш ағамыз 1968-1970 жылдары осы округте әскери қызметте болған екен. Тіпті Кеңес және Қытай әскерлерінің Жалаңашкөл көлі маңындағы әскери қақтығысына да қатысыпты. Қыза-қыза дегендей, (себебі біршама вино да ішілген), бізден мүшел жас ересек жазушы ағамыз Бердібек екеуімізге өзінің тұңғыш прозалық шығармасы "Бір шөкім бұлт" кітабын қолтаңбасымен сыйға тартты. Біздің қуанышымызда шек болмады. Бұл бір екі балапан бүркіттің қияға қарыштап ұшар алдындағы алғашқы кездесуі болып көрінеді маған. Қызығы, жылдар өте данышпан жазушы ағамыз кезекті бір Парламент отырысында Білім министрінің орынбасары Бердібекті көргенде "топ ішінде оның өңі бейтаныстау көрінді. "Шамасы Сапарбаев осы-ау", деп ойладым.Тіптен жас екен. Тығыншықтай ақсары жігіт. Дүрсе қоя берген депутаттардың қарша боратқан қатігез сауалдарын үнсіз тыңдап отырды. Сыр білдірген жоқ. Өзіне сенімді" деп сүйіспеншілікпен жазыпты. Бұл естеліктерді Әбіш ағамыз Бердібекке арнап өткенді еске түсіре жазған "Алға қарай адымдай түс, алғадай азамат" мақаласында.

"Для всякого мудреца довольно простоты" - "Әрбір данышпанға қарапайымдылық та қажет".

Бұл сөздер Әбіш-кемеңгердің кредосы болды. Ақтөбе өңірінде оның мәңгілік іздері жатыр. Жетпісінші жылдары жергілікті ақсақалдармен өзі барып көруге жазған Хан моласының шынайы белгілері жылдар өте бұлбұл ұшты болып, көктен іздеп әрең табылып, оның тікелей атсалысуымен Әбілхайыр хан кесенесі көтерілгені мәлім. Осы мәселемен келіп үленді-кішілі жиындар өткізгенде кемеңгер жергілікті өлкетанушыларды да ұмытпай, қатыстырып отыратын. Осындай кездесулердің бірінде өзім жазып шығарған "Қобыланды. Жаскілең" кітабымды сиға тартып, қолтаңба алғаным қазір Әбіш ағаға деген сағыныш белгісі болып қалды.

Қобда ауданында жалпыұлттық киелі орындар қатарына енген әрбір ескерткіштерде Әбіш Кекілбаевтың өшпес қолтаңбалары бар. Оның ішінде Әлия есімі ерекше. Ол Әлия мен Мәншүктің Алматыдағы ескерткішін ашуға мұрындық болса, Әлияның туған жеріндегі мүсінін ашуға өзі келіп еді.

Сонау 90-жылдардың ортасында Жоғары Кеңеске депутат болып сайланған мені сайлаушылар аманаты мені осы Кеңестің төрағасы Әбіш Кекілбаев ағамызға алып келді, деп есіне алады қоғам қайраткері Ізімғали Көбенов. Мәселе шығыстың қос шынарына сол кездегі астанамызда ескерткіш ашу туралы болатын. Әбіш аға көмегін аяған жоқ. Енді маған үкіметтің қолдауы қажет еді. Себебі үкіметтің қаулысы шықпаса, бәрі тек әңгіме болып қалар еді. Маған сол кездегі президент көмекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың көмегіне жүгінуге тура келді. Солайша олардың ықыластарымен қаулы да дайындалды. Мен 2000 жылы берген сұхбатымда сол қаулыны дайындауда Бердібек Сапарбаевтың қосқан үлесін атап өтіппін, жылдар өте ол Әлияның туған облысын басқарды. Әңгіме өзегіне оралсақ, солайша үкіметтен 1995 жылы 15 млн. қаржы бөлініп, Әбіш ағамыздың атсалысуымен Алматыда қос шынарымызға ескерткіш орнатылып еді, деп аяқтады әңгімесін өзімнің оқушым Ізімғали Көбенов.

Патриот-өлкетанушы кемеңгер адамға тұлғалар тарихында, үлкенді-кішілі заттар жоқ, әрине. Тек Ақтөбеде "Үркер" романын жазып, Әбілхайырды зерттеу, оны ұлықтау, Қобыланды батырды аңыздан қайта тірілту, Әлия мен Мәншүктің ескертіштерін ашу күрделі тарихи жұмыстарын жүргізе отырып, Жиренқопадағы Бекет әулиенің Аса таяғына зиярат етуге де уақыт тауып, арнайы ат басын бұрған. Жоғарыда есімі аталған Ізімғали ініміз әріптесі, Жоғарғы Кеңес депутаты,"Қазақстан әйелдері" журналының редакторы А.Жағановаға Жиренқрпада Тұрсынғали Нәкешовтың отбасында Бекет әулиенің көк асасы сақтаулы екенін жеткізеді. Ал өз кезегінде редактор-депутат бұл жаңалықты Әбіш Кекілбаевқа құлаққағыс етеді. 1995 жылы Әлияның тойына келген Әбіш Кекілбаев Жиренқопаға барып, Көк асаға тағзым ету ниетін білдірді, деп есіне алады сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары, жиырма жыл Әйтеке би ауданын басқарған Есімхан Есенбаев. Сөйтіп біз Әбіш ағамен сондағы Тұрсынғали Нәкешовтың шаңырағына атбасын тіредік.

Орыстың саясаткері және саяхатшысы А.А.Кауфман өзінің "Бродячая Русь" жазбаларында айтып кеткендей жергілікті қазақтар мен көшіп келуші переселендер негізін 1878 жылы қалаған Жиренқопа күллі түрік еліне осында жерленген Қобланды батырдың кесенесімен аян. 1995 жылдың 15 маусымында біз осында ұлы жазушы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаевты қарсы алдық, деп есіне алды осында табандай жиырма жыл әкім болып қызмет атқарған, "Құрмет" орденінің иегері Бахтыбай Әліпов.

Әлі шаңырағы шайқала қоймаған КССР әйгілі асыл тұқымды цигей қойкеңшарының 1000-нан астам тұрғындарының әрбір үйіне Қыдыр ата келгендей болды, бұл күні. Қобланды батыр басына тәу еткен соң қадірлі қонақ Бекет әулиенің Көк асасын ұстап отырған шаруашылық басшысы Тұрсынғали Латыфұлы Накештің отбасына тоқтап, оның жұбайы, өзге де талай сыйлы қонақтарды атқарған Сәнімжанның дастарханынан дәм татты. Әбіш аға жиналғандарға ақ батасын берді. Әбіш ағаны дастарханымызда қарсы алу біз үшін өмірі ұмытылмайтын аса зор мәртебе болды, деп жазды кейін өзінің 2010 жылы Ақтөбеде шыққан "Қасиетті "Көк аса" кітабында Тұрсынғали Нәкеш. Ағамыздың көнекөз қариялардың естеліктеріне үлкен мән беретінін біле тұра кездесуге Жарықтан Сабыр Жұмекенов көршілес Тұзтөбеден 95 жастағы руы Жаңатуан Сейтқали ақсақалдар арнайы шақырылған болатын. Әсіресе Көк Аса тарихын терең білетін, сонау Маңғыстау, Ойыл және Жем бойындағы тарих пен Махамбет пен Шернияздың өлеңдерін, шежірені жатқа білетін Сейтқали ақсақалды ғұлама жазушы ұйып тыңдаған болатын. Сабыр Жұмекенов те өзі білетін деректерді жайып салған. Осылайша Әбіштің даналығына тәнті болған жиналғандар, таңның қалай атқанын да байқамай қалдық, деп естеріне алады. Оның өшпес даңқы ақтөбеліктер, Жиренқопалықтар үшін мәңгі есте қалды.

(2005 жыл, Әлия ескерткішін ашу. Ортада Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова және облыс әкімі С.Пачин)

(Әбіш Кекілбаев Жиренқопада)

(Әбіл Кекілбаев Бекет әулиенің Көк асасымен)

Балнияз Ажниязов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3585