Балалар контентінің сапасы – ұлт болашағының кепілі!
Балалар контентінің сапасы – ұлт болашағының кепілі. Бүгінде балаларға арналған қазақтілді өнімдердің саны артып, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын жобалар көбейіп келеді. Дегенмен, мамандардың айтуынша, ендігі басты міндет – саннан сапаға көшу.
Осыған орай біз сарапшы Омарәлі Әділбекұлынан бүгінгі қазақ балалары көріп жүрген контент, «Балапан» телеарнасының бала тәрбиесіндегі рөлі және балалар контентін дамыту жолдары туралы пікірін сұрадық.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.
– Қазақ балаларының ішінде ауылдағы балалар көбіне «Балапан» арнасын көреді. Сол арнадан көрсетілетін мультфильмдерді тамашалайды. Ал қала балалары көбінесе орыс тіліндегі бағдарламаларды көреді. Мысалы, өз немерелерімнің өзі мультфильмдердің барлығын орыс тілінде көреді. Шын мәнінде, қала балалары орыс тіліндегі бағдарламаларды қарайды. Себебі олар қызықтырақ жасалған. Баланы өзіне қалай тарту керектігін жақсы біледі.
Ал өзіміздің «Балапан» арнасы ауыл балалары үшін қызықтырақ. Оның үстіне, көптеген ауыл баласының тілі осы арна арқылы шығып жатыр. Мен осыдан біраз жыл бұрын Моңғолияға барған болатынмын. Сол жердегі қандастарымыздың балалары тек «Балапан» арнасын көреді екен. Ата-аналарының өзі: «Тілімізді, акцентімізді осы «Балапан» арнасы арқылы түзетіп, жаттықтырып жатырмыз», – дейді.
«Балапан» арнасы өз мақсатын белгілі бір дәрежеде орындап шықты. Өте жақсы жұмыс істеді, өзінің тұрақты көрерменін қалыптастырды деуге болады. Енді бұл арнаны заман талабына сай қызықтырақ етіп дамыту керек. Жаңа бағдарламаларды енгізіп, балаларды өзіне тарта түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Ескі сарында қалып қоймағаны дұрыс.
Балалар контенті бұрынғы жылдармен салыстырғанда өте жақсы дамып келеді. Енді саннан сапаға өтетін уақыт келді. Қазіргі заманға сай қызықты, мазмұнды, балалардың тілінде сөйлейтін, олардың ойымен ойлайтын бағдарламалар көп болса, балалардың өзіміздің контентке деген қызығушылығы артар еді.
Қазір бізде саннан сапаға өтуге мүмкіндік көп. Қаржы жағынан болсын, басқа да мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Нағыз өз ісінің маманы, жілігін шағып, майын ішкен жас мамандарымыз өте көп. Соларға мүмкіндік берсек, балалар арнасы одан әрі дами түсер еді.
Біз осы балалар арналары арқылы болашақ ұрпағымызды тәрбиелейміз, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтеміз. Сондықтан балаларға салынған қаржы – болашақ ұрпаққа салынған инвестиция. Оның қайтарымы сөзсіз болады. Сондықтан саннан сапаға өтетін уақыт әлдеқашан келді.
Томирис Маратқызы
Abai.kz