Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2020
Елім-ай 2628 72 пікір 14 Қаңтар, 2020 сағат 13:49

О, әруақтар, тұрыңдар!

Жері үшін халқы жайлаған,
Өлімге басын байлаған,
О, әруақтар, тұрыңдар
Орбұлақты қорғаған!

Көрден түгел тұрыңдар!
Белді бекем буыңдар!
Аттың басын тағы да
Жетісуға бұрыңдар!

Қазған жаудан қалқалап,
Орларыңды арқалап,
Қарқараға жетіңдер
Алмай тұрып жау талап!

Өтірік – көп, шындық – бір,
Орды қайдан қаздыңдар?
Өздерің қылған шындықты
Өздерің іздеп табыңдар!
Қабдештің басын қатырмай,
Қарқарадан орды қазыңдар!
Тарихты қайта жазыңдар!
Қырғызға қарай өткізбей,
Қалмақты қарсы алыңдар!
Бұйрығын Қабдеш орындап,
Ойранды сонда салыңдар!

Көне Жаркент жеріне,
Оқпана қазған беліңе,
Қазақтың өзі шапты енді,
Таптырмай тыным көріңе.
Қабдеш, Руслан, Дәуреннің
Ұшырамай кәріне.
Орды апарып қойыңдар
Қарқараның төріне.
Тура қарар үшеуі
Қазақтың сонда көзіне.

Жазда - жаңбыр, қыста - қар,
Мал мен адам таптаған,
Орбұлақты құдайым
375 жыл сақтаған.
Бабалар сонда бекініп,
50 мың қолдан қорықпаған.
Суан Елтінді тапқан жер
Қабдешке неге жақпаған?
Жалақорға 50 мың
Мен де қорықпай аттанам.
Көмекке келер өйткені
Жалаңтөс, Жәңгір – қос бабам.
Сескеніп, кімнен жасқанам?
Қорғайды мені әлі де
Бабалар қазған оқпанам.

(Ор 1643 жылы қазылған. Бұл 2001 жылы түсірілген суреті)

Бұл қара өлең де, ақ өлең де, қарасөз де емес, жалаға шыдамаған жан дүниенің шыңғырығы ғана. Оны құлақ естімейді, естісе де, түсінбейді, оны тек жүрекпен тыңдау керек.

Бексұлтан Нұржекеев,

30.12.2019 жыл.

Abai.kz

72 пікір