Жұма, 1 Мамыр 2026
205 0 пікір 1 Мамыр, 2026 сағат 14:43

Бірлік күні – бір бағыт: Астана спортпен бірікті

Сурет: Астана қаласы спорт басқармасынан алынды.

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күні биыл ерекше серпінмен басталды. Қаланың ең көрікті орындарының бірі Триатлон паркі аумағындағы жаңартылған жағалауда таңсәріден кісі қарасы қалың. Мұнда ауқымды спорт фестивалі өтіп жатыр.
Бұл шараны Астана қаласы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Алматы ауданы әкімдігі ұйымдастырған. Айта кету керек, фестиваль тек мерекелік сипатта ғана емес. Ол "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында өтуде. Яғни спорт пен экология үндескен ерекше формат.

Сурет: Астана қаласы спорт басқармасынан алынды.

Ең бастысы - бұл фестиваль дәстүрлі түрде өтетін бұқаралық шаралардың бірі. Жыл сайын Бірлік күні қарсаңында ұйымдастырылатын мұндай спорттық кездесулер қала тұрғындарын ортақ мақсатқа біріктіріп, қоғамдағы ынтымақты нығайтуға ықпал етеді.
Таңсәріден басталған шарада кісі қарасы қалың. Жүздеген адам жиналған. Кәсіби спортшылар ғана емес, салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары да белсенді. Қатысушылар алдын ала әкімдік сайты арқылы тіркелген. Басты талап - ниет пен дайындық.
Таңғы самал, Есілдің жағасындағы әсем көрініс, музыка ырғағы - бәрі бір атмосфераға біріктіргендей. Жиналған жұрттың жүзінен толқу мен қуаныш қатар байқалады. Өйткені бұл жай ғана жарыс емес, бұл - ортақ құндылықтарды дәріптейтін алаң.

Сурет: Астана қаласы спорт басқармасынан алынды.

Фестиваль аясында жүгіру жарыстары ұйымдастырылған. Әр қатысушы өз мүмкіндігін сынап көруге келген. Бірі - жеке рекорд жаңартқысы келеді, енді бірі - денсаулық үшін жүгірсе, тағы бірі достарымен бірге уақыт өткізуді мақсат еткен.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар - бұқаралық спортты дамытудың нақты тетігі. "Әсіресе, Бірлік күні сияқты маңызды мерекеде өткізілетін ашық форматтағы шаралар адамдарды жақындастырып, ортақ құндылықтарға жұмылдырады. Бұл тек спорт емес, бұл қоғамдағы бірлікті нығайтудың тиімді жолы",- дейді олар.
Шыңғыс, Астана қаласының тұрғыны:
"Бұл фестивальдің басты мақсаты бұқаралық спортты дамыту, қала тұрғындарын салауатты өмір салтына тарту деп ойлаймын. Сонымен қатар бүгінгі шара арқылы экологиялық мәдениетті де насихаттап отырмыз. Мұндай дәстүрлі шаралар жыл сайын халықты біріктіріп, қоғамдағы бірлікті арттыруға үлкен үлес қосады".

Сурет: Астана қаласы спорт басқармасынан алынды.

Screenshot

Жарыс жолында әр қадам - жеңіске деген ұмтылыс. Көрермендер қолдау білдіріп, қатысушыларға ерекше мотивация беруде. Кейбірі отбасымен келген. Ата-анасы жүгірсе, балалары жанкүйер.

Жанат, көпбалалы әке:
"Мен алғаш рет қатысып тұрмын. Бүгін төрт балам да осында маған жанкүйер. Атмосфера өте керемет! Кісі өте көп, бәрі белсенді. Осындай шаралар адамдарды тек спортқа емес, бір-біріне жақындатуға да әсер етеді деп ойлаймын".
Фестиваль тек спортпен шектелмейді. Мұнда түрлі белсенді аймақтар, фитнес жаттығулары, көңіл көтеру бағдарламалары ұйымдастырылған. Сонымен қатар аумақты таза ұстау, экологияны сақтау бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осындай форматтағы шаралар - қаладағы бұқаралық спорт мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қоғамдық бірлікті нығайтудың тиімді жолы. Бұл - дені сау әрі ұйымшыл қоғам қалыптастыруға бағытталған кешенді қадам.
Қазақстан халқының бірлігі күні - атауы айтып тұрғандай, бірігу мерекесі. Ал бүгінгі фестиваль сол бірліктің нақты көрінісіне айналды. Әр қадам, әр дем, әр қолдау - бәрі ортақ мақсатқа бағытталған.
Астана бүгін тек мерекені атап өтіп жатқан жоқ. Ол - бұқаралық спорт пен қоғамдық бірлікті қатар дамытудың жарқын үлгісін көрсетіп, жаңа бағытқа нық қадам жасап отыр.
Бүгінгі спорт фестивалінің ең ерекше сәттерінің бірі - марафонға гуманоид роботтың да қатысуы болды. Ол адам қимылын дәл қайталап, белгіленген қашықтықты жүріп өтті. Бұл көрініс көрермендер үшін технология мен спорттың тоғысқан жаңа қадамы ретінде есте қалды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 160
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 201