Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әлеумет 6397 3 пікір 16 Қаңтар, 2020 сағат 15:17

Нан бағасы мәселесін мүлде басқа қырынан қарастыру керек

Қазір елімізде нан бағасы қымбаттап жатыр. Оған билік те, қарапайым азаматтар да алаңдаулы. Журналистердің зерттеуіне қарағанда "әлеуметтік нан" аталатын қарапайым 550 г. нанның өзіндік құны 45,98 теңге болып, тұтынушылардың қолына жеткендегі бағасы Қазақстанның қалаларында 70-90 теңге арасында саудаланады екен. Ең арзан нан Шымкентте, ең қымбаты Алматы мен Нұр-Сұлтанда көрінеді. Қазақстанның әлемдегі бидай экспорттаушы елдердің бірі екендігін ескергенде нан бағасының жұрттың қалтасына салмақ салмайтындай деңгейде болғаны дұрыс. Мәселенің екінші шетінен қарағанда нанның бағасы қымбат емес, керісінше халықтың ақшалай табысы төмен болып тұрған секілді. 

Мәселені қалай шешу керек? Мен өзімнің ұстанымым бойынша кез-келген мәселенің ішінен емес, сыртынан үңілем. Мәселені өзімнен бөліп алып, сыртынан қараймын. Сонда, мәселе анық әрі жан-жақты көрінеді. Ал ішіне кіріп алсаңыз, онан шыға алмай басыңыз қатады. Сырттан қарап, сұрақты тосын әрі мүлде басқа қырынан қойып көрейік: 

- Нан өндірісі керек пе өзі? - бұл сұрағымды естіп, мынаның есі дұрыс па?-деген ой келуі мүмкін басыңызға. Әрине ес-ақылым орнында. Бірақ, сіз мынаны ескеріңіз. Нан өндірісі барлық елде бар өндірістік сала емес. Тіпті, нанның өзін білмейтін мемлекеттер бар. Алайда, экономикалық жағдайы бізден көш ілгері. Сіз "әлемдегі ең халқы көп Қытай нан өндірісін қалай жолға қойып отыр?" - деген сұрақты ойланып көрдіңіз бе?   

Қытайдың 1,4 млрд. шамасындағы халқы күніне (егер әр адам күніне 0,5 кг. астық тұтынса) 700 мың. т. астық тұтынады. (Грузия бір жыл бойы осындай шамада астық тұтынады). Бұл жылына 255 млн т. астық деген сөз. Оның 110 млн. т. бидай ұны. Қазақстан жылына орташа 20 млн. т. астық жинайды, оның 8 млн т. жуығы 35 мемлекетке экспортқа шығады. Егер күніне әр адам 0,5 кг. астық тұтынса, халқымыз күніне 9 мың. т астық пайдаланады. Енді 700 мың мен 9 мыңды салыстырып көріңіз. Айырмасы аса үлкен. Күніне 700 мың т. астық пайдаланатын елде нанның мәселесі қалай болып жатыр? - деп сұрасаңыз, жауабым мынау: 

- Ешқандай мәселе туындап жатқан жоқ. Себебі, ол елде нан өндірісі жоқ. Ал нан өндірісі болмаса, ол қалай болғаны? - дейсіз ғой. Олар нан мәселесін әркім өз отбасында шешіп алған. Қытай фильмдерінен көріп жүргеніміздей "Бу нан" осы млрд. халықтың нан мәселесін шешіп отыр. Әркім өз үйінде күніне бір рет осы бу нанды пісіреді немесе асханалардан сатып алады. Оңтүстік аймақтарында климаттық және дәстүрлі ерекшелікке байланысты мүлде нан тұтынбайды десек те болады. Астарына көбінде көкөніс пен күріш арқау болады.

Солтүстік аймақтарында, әсіресе Шынжаң өлкесіндегі ұйғыр, қазақ секілді халықтар нан тұтынады. Бірақ, нан өндірісі қалыптаспаған. Ауылды елді мекендердегі халық түгелдей өздерінің тандырларына нан жауып алады. Ал қаладағылар базардан сатып алады немесе бу нан жейді. Нанды өздері дайындайтындар нанның құрамына жұмыртқа, сүт немесе май қосып дәмді, пайдалы нан жасап алады. Ал бу нанды да, ашыған ұннан бауырсақ пісіретіндей етіп дайындап, ішіне жеміс немесе май жағып дегендей дәмді етіп жасап алуға болады. Базардың наны жеуге емес, сатуға арналған нандар екенін ұмытпағанымыз жөн. Осы сәт ашытқы (дрожжи) туралы да айта кетейін. Қазіргі химялық ашытқылардың адам денсаулығына залалы туралы айтылып жатыр. Біздің бала кезімізде аналарымыз сол ашытқыны кәдімгі ұннан өздері жасап алатын да, жартысын істетіп, қалған жартысына ұн қосып илеп, қайтадан қалтадағы ұнның ішіне салып қоятын. Оның сырты қабыршықтанып жата беретін. Кезі келгенде ішіндегі ашытқысын пайдаланатын. 

Қазақстанда ауыл, қала халқының бәрі де дүкеннен нан сатып жеуге еті үйренген. Қаладағыларды нан жауып аларына жағдай жар бермеді десек те, ауылдағы ағайындар 20 шақты кірпішпен шағын тандыр жасап алып, тіпті, дайын тандырлар да бар, соны сатып алып өздері қалағанынша нан жауып алуына болады. Ол қолдан піскен нан қандай нәрлі де, дәмді болады десеңізші. Осылай істегенде нанның бағасы өсе ме, өше ме оған басыңыз қатпайтын болады. Нанды сатып алушылар азайған соң, оның бағасының да арзандары анық. 

Нан - тамақ өнеркәсібінің маңызды саласы. Онда көптеген адамдар жұмыс жасап жатыр. Нан өндірісі арқасында өзге де салалар дамып отыр. Алауан түрлі нан өнімдерінің болуы да тұтынушылар үшін де жақсы. Бірақ, ол маңызды әлеуметтік мәселе болып, үкіметтің бас ауыруына айналар болса, оның өзге де жолын қарастыру артық болмас. Біздің биліктің қалыптасқан қашанғы әдеті сол - екі-ақ жолды көреді. Бірі - сол күйінде қалу, екіншісі - оны алып тастау немесе жоғалту. Үшінші, төртінші, бесінші....дегендей шығар жолды іздестірмейді. Кез-келген тығырықтан шығудың кемінде екі түрлі жолы бар. Нанның мәселесі де сондай. Одан шығудың жолы көп. Менің айтқаным бір немесе екі жолы ғана. Одан басқа да мүмкіндіктері бар деп есептейміз...

Қастер Сарқытқан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530