Тегін қоғамдық көлік қаладағы кептелісті азайта ма?
Адам баласының құндылықтар туралы түсінігі екіге жарылған сияқты. Мысалы қоғамдық көлік табыс көзі ме, әлде әлеуметтік қызмет, яғни халыққа жасалынған қамқорлық па?
Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртіп көрейік.
Люксембургте 2020 жылдан бастап, халық қоғамдық көліктің барлық түрінде тегін жүреді.
2013 жылдан бері Эстония астанасы Таллинде де дәл солай. Кейінгі кезде бұл бастама елдің өзге өңірлеріне де тарай бастады.
Нәтижесінде Таллинде көлік кептелісі азайып, ауа сапасы әлдеқайда жақсарыпты.
Яғни қоғамдық көлік әлеуметтік теңдік пен экология саясатын жүзеге асырудың тиегіне айналған.
Париж билігі де бұл саясатты жүзеге асыра бастады. 18 жасқа дейінгі балалар мен студенттер қоғамдық көлікте тегін жүреді. Ал зейнеткерлерге ай сайынғы абонемент жеңілдігі бар.
Нәтижесінде көлік қозғалысы 15% төмендеп, қаланың ауасы айтарлықтай жақсарған.
Солтүстік Америкадағы Канзас- Ситиде 2020 жылдан бері қала тұрғындарымен қоса қонақтары да автобуста жолақысын мүлдем төлемейді.
Ал Нью-Йоркте бұл мәселеге байланысты жуырда келген мэр Зохран Мамдани мен АҚШ Президенті Дональд Трамптың арасында тартыс жүріп жатыр. Жаңа мэр қоғамдық көлікті баршаға бірдей тегін етуді ұсынды. “Қала – халықтікі, ал қозғалыс – әр адамның құқығы” дейді ол.
Ал Трамп мұны экономикаға соққы, салық төлеушілердің мойнына жүк деп бағалап, ашық қарсылық танытып отыр.
Бұл мәселе Қазақстанда қалай шешілген деген мәселеге келейік. Ауылдық жерлерді айтқым да келмейді. Басқа өңірлерді қайдам, Қордай ауданының ауылдары қоғамдық көлік дегенді ұмытқалы қашан. Таксистері аман болсын!
Алматы мен Астанада зейнеткерлер жарты бағамен, ал 75 жастан асқандар қалалық көліктің барлық түрінде тегін жүреді. Студенттер, мүгедектер, көпбалалы аналар, жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, соғыс және еңбек ардагерлері сияқты әлеуметтік әлсіз топтарға түрлі деңгейде жеңілдіктер қарастырылған.
Қалай ойлайсыз, Алматы мен Астанада қоғамдық көлікті тегін етсе, көлік кептелісін азайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға оң ықпал етуі мүмкін бе?
Бірақ автобус пен метроның жиілігі, жайлылығы, тазалығы мен уақыт дәлдігі артпаса, адамдар жеке көлігінен бас тарта қояры екіталай.
Тағы бір жайт. Лондон мен Стокгольмде қала орталығына жеке көлікпен кіру үшін төлем енгізген. Алматыда да солай ететін болыпты деген сыбыс бір кезде желдей есіп барып тынды. Тұрақ ақысы мен жанармай салығын қайта қарау да қоғамдық көлікке сұранысты арттырар ма еді.
Қазірдің өзінде жеке көлік шығындары арта түскендіктен, қала тұрғындарының біразы таксимен жүруді тиімді санайды. Есесіне Ресейлік Яндекс компаниясының қоржыны қампаюда.
Қысқасы, тегін қоғамдық көлік деген жай ғана экономикалық шешім емес, қаланың философиясы. Қала билігі азаматтардың қозғалысын жеңілдетуді басты құндылық деп тани ма, жоқ па – мәселенің түйіні осында.
Сіз қалай ойлайсыз, қоғамдық көлік – табыс көзі ме, әлде әлеуметтік қызмет пе?
Егер Алматы мен Астанада көлік тегін болса, сіз рульден түсер ме едіңіз?
Гүлмария Барманбекова
Abai.kz