Бейсенбі, 20 Ақпан 2020
Ел іші... 1218 15 пікір 27 Қаңтар, 2020 сағат 16:40

«Ұрылар қашан да болған, әлі де бола береді»

Алматыда депутат тоналды. Ұрылар парламент мәжілісі қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнованың көлігіне шабуыл жасаған. Ал, депутат жанайқайын әлеуметтік желідегі парақшасында жазыпты.

Олар депутат көлігінің терезесін шағып, ішіндегі сөмкені алып кеткен. Абырой болғанда, сөмкеде аса бағалы ештеңе болмапты.

Құжаттарым өзіммен бірген жүретін кішкентай сөмкеде болатын. Құнды заттарымнан айырылмасам да, жаман болып қалдым. Полиция шақырғым келмеген, өйткені олардың ұрыны тауып беретініне мен де сенбеймін. Бірақ жанымда болғандар полиция шақыру керек деген кеңес берді. Полицейлер тез келді. Бірақ келе салып айтқан сөзі мені есеңгіретіп тастады: “Несіне алаңдайсыз? Ұрылар қашан да болған, әлі де бола береді. Неғыл дейсіз енді?”, деп қарап тұрды, – деп жазды Ирина Смирнова.

Айта кетейік, Ирина Смирнова 2016 жылы "Халық коммунистері" партиясының атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған. Биология пәнінің мұғалімі мамандығын алған депутат ханым, шенеунік болғанға дейін бірнеше мектептің директоры қызметін атқарған.

Айтпақшы, Смирнова осыдан үш жыл бұрын латын қарпі туралы Елбасы үндеуіне пікір білдіріпті. Онда комунист-депутат Қазақстанның орыс әлемінен алыстайтынына өкініш білдіріп, “Таким образом Казахстан дальше уходит от русского мира. Потому что кириллица уходит и этот алфавит будет потерян для следующее поколение. Мне это печально” деген. Оның бұл сөзін қазақшаласақ: «Мына бетімен Қазақстан орыс әлемінен жырақтайды. Себебі кириллица кетеді, содан кейін келесі ұрпақ үшін бұл алфавит мүлде жоғалады. Мен үшін бұл өкінішті жайт».

Смирнованың өмірбаянына қарасаңыз Қырғызстанда туып, Қазақстанда білім алған. Еліміздегі бірнеше білім ордасында еңбек еткен. Ақыры депутат болған. Бірақ, қайда жүрсе де бәрібір тәуелсіз қазақ қоғамын орыс әлемінен бөле жарғысы келмейді екен. Осыдан соң, комунистке қанша жақсылық жасаса да "орыс әлеміне" қарап "ұлитынына" таң қаласыз.

Одан бөлек, Смирнова ұстаздарды ҰБТ ұйымдастыруға араластырмау жөнінде, екінші деңгейлі банктерден бизнес ашу үшін несие алып, төлей алмаған борышкерлердің мәселесін көтеріпті.

Түйін. Сонымен, депутаттың көлгі тоналды. Анығына келгенде, бұл көлік тонауға қатысты алғашқы оқиға емес. Бұған дейін де осындай оқиғалар болған. Құқық қорғаушылар мұндай қылмысқа көбіне жұмысы жоқтар баратынын айтады. Мәселен, өткен жылы көлікке шабуыл жасаған 165 адамның 163 і жұмыссыз болған дейді құзырлы органдар. Енді депутат Смирнова халық қалаулысы ретінде бұл оқиғаға әлеуметтік маңыз беріп, басқа қырынан қарап көрсе дейміз.

Abai.kz

15 пікір