Сейсенбі, 25 Ақпан 2020
Ел іші... 727 5 пікір 13 Ақпан, 2020 сағат 15:57

Қазақстанда үшінші халық санағына 8,2 млрд теңге бөлінеді

Биыл Қазақстанда үшінші халық санағы өтеді. Оған бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінген. Ұлттық экономика министрлігінің айтуынша, халық санағы екі кезеңнен тұрады: дайындық кезеңі – 2020 жылдың 1-30 маусым аралығы, негізгі кезеңі – 2020 жылдың 1-30 қазан аралығында өтеді.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов халық санағын өткізу кезеңінде уақытша санақ персоналы ретінде (нұсқаушы-бақылаушылар, интервьюерлер) 32,5 мың адамды жұмысқа тарту және орналастыру жоспарланып отырғанын айтты.

-Жалданатын азаматтарға қойылатын талаптар: 18 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматы, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын болуы қажет. Жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды, планшетпен жұмыс істей білуі керек, - деді комитет төрағасы.

Халық санағын жүргізу кезінде интервьюерде төменде көрсетілгендер болуы қажет:

1. Аумақтық статистика органының қолы қойылған және мөрі басылған, фотосуреті бар, аты-жөні жазылған, берілген күні мен қолданылу мерзімі көрсетілген интервьер КУӘЛІГІ.

2. Халық санағының символикасы бар көк түсті ШАРФ.

3. Халық санағының символикасы бар көк түсті ПОРТФЕЛЬ.

Тұрғын үйлерге барған кезде интервьюерлерде халық санағының логотипі бар куәлік, сөмке, шарфтың болуы міндетті.

Санақ персоналымен өтеулі қызмет көрсету шарттары жасалады.

Толық көлемде 30 күнге қызмет көрсетілген кезде дайындық кезеңінің интервьюеріне (тіркеушіге) көрсетілген қызметтері үшін 75 743 теңге төлеу жоспарланған.

Толық көлемде 30 күнге қызмет көрсетілген кезде негізгі кезең интервьюеріне (санақтан өткізушіге) көрсетілген қызметтері үшін 94 678 теңге төлеу жоспарланған.

Толық көлемде 45 күнге қызмет көрсетілген кезде дайындық және негізгі кезеңдердің нұсқаушы-бақылаушысына көрсетілген қызметтері үшін 113 614 теңге төлеу жоспарланған.

Айта кетейік, 2009 жылғы халық санағы кезінде Қазақстан халқының саны - 16 009 597 адам болған. Әр адамға 2,9 доллар жұмсалған. Ал, биылғы санақта халық саны 18 684 570 адам болуы мүмкін деген болжаммен әр адамға 1,2 доллар жұмсалмақ. Жалпы сома 8,2 млрд.тг. болған.

Бөлінген қаржы санақ жүргізу үшін планшет, компьютер алуға, көлік алуға, штаттан тыс қызметкерлердің ақысын төлеуге, канцеляриялық тауарлар, мойынорағыш пен портфель сатып алуға жұмсалады.

Комитет төрағасының айтуынша, салыстырмалы түрде Ресей Федерациясында 148,8 млн адамға 60 млрд рубль бөлінген. Жан басына шаққанда 3,6 доллардан жұмсаған.

Тәуелсіздік тарихында халық санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі. Алғаш халық санағы 1999 жылы, одан кейін 2009 жылы жүргізілген. Алайда, 2019 жылы тиісті жабдықтардың, құжаттардың дайын болмауына байланысты бір жылға шегерілген көрінеді.

Біз халық санағының маңызы туралы бұған дейін де жазған болатынбыз.

Abai.kz

5 пікір