Жұма, 2 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107979. Жазылғандар — 102937. Қайтыс болғандар — 1725
Ел іші... 1213 1 пікір 13 Ақпан, 2020 сағат 15:57

Қазақстанда үшінші халық санағы өтеді

Биыл, 2020 жылы Қазақстанда үшінші реткі халық санағы өтеді. Оған мемлекеттік бюджеттен арнайы 8,2 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, кезекті халық санағын өткізу барысы екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы дайындық кезеңі. Бұл кезең 2020 жылдың 1 маусымынан 30 маусымы аралығында, ал негізгі кезеңі – 2020 жылдың 1 қазанынан 30 қазаны аралығында өтеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкеловтың айтуынша, алдағы халық санағын өткізу мерзімінде елде уақытша санақ персоналы ретінде (нұсқаушы-бақылаушылар, интервьюерлер) 32,5 мың адам жұмысқа тартылады. Аталған азаматтарды алдағы уақытта санақ жұмысына шақыру және орналастыру жоспарланып отырған көрінеді.

-Жалданатын азаматтарға қойылатын талаптар: 18 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматы, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын болуы қажет. Жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды, планшетпен жұмыс істей білуі керек, - деді комитет төрағасы Нұрболат Айдапкелов.

Халық санағын жүргізетін уақытта интервьюерде міндетті түрде төменде көрсетілгендер болуы талап етіледі:

1. Аумақтық статистика органының қолы қойылып, арнайы мөрі басылған, өзінің фотосуреті бар, толық аты-жөні жазылған, берілген күні мен қолданылу мерзімі көрсетілген интервьер куәлі болу керек.

2. Халық санағының символикасы бар көк түсті шарф те міндетті.

3. Халық санағының символикасы бар көк түсті портфель болу да аса маңызды.

Сонымен қатар, тұрғын үйлерге барған кезде аталған интервьюерлерде халық санағының логотипі бар куәлік, сөмке, шарфтың болуы міндетті болып табылады.

Санақ персоналымен арнаулы қызмет көрсету шарттары алдын-ала жасалады.

Санақ мерзімі бойынша, толық көлемде отыз күнге қызмет көрсетілсе, дайындық кезеңіндегі интервьюеріне (тіркеушіге) көрсеткен мемлекеттік қызметтері үшін 75 743 теңге төлеу жоспарланып отыр.

Санақ мерзімі бойынша, толық көлемде отыз күнге қызмет көрсетілген жағдайда, негізгі кезең интервьюеріне (санақтан өткізушіге) көрсеткен қызметтері үшін 94 678 теңге төлеу жоспарланып отыр.

Санақ мерзімі бойынша, толық көлемде қырық бес күнге қызмет көрсетілсе, дайындық және негізгі кезеңдердің нұсқаушы-бақылаушысына көрсеткен қызметтері үшін 113 614 теңге төлеу жоспарланған.

Айта кетейік, осының алдындағы, 2009 жылғы халық санағы кезінде Қазақстан халқының саны - 16 009 597 (он алты миллион тоғыз мың бес жүз тоқсан жеті) адам болған. Әр адамға 2,9 доллар жұмсалған болатын. Ал, биылғы санақта халық саны 18 684 570 (он сегіз миллион алты жүз сексен төрт мың бес жүз жетпіс) адам болуы мүмкін деген болжаммен әр адамға 1,2 доллар жұмсау жоспарланып отыр. Сол бойынша, есептегенде жалпы сома 8,2 миллиард теңге болған.

Бұл бөлінген қаржы халық санағын жүргізу үшін планшет және компьютер сатып алуға, көлік алуға және штаттан тыс қызметкерлердің жалақысын төлеуге жұмсалады. Сонымен қатар канцеляриялық тауарлар, мойынорағыш (шарф) пен портфель сатып алуға жұмсалады екен.

Комитет төрағасы Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, салыстырмалы түрде көршілес Ресей Федерациясында 148,8 миллион адамға 60 миллиард рубль бөлінген. Оларда жан басына шаққанда 3,6 доллардан жұмсаған.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында халық санағы әр он жыл сайын өткізіліп келеді. Елімізде алғаш халық санағы 1999 жылы, одан кейін 2009 жылы жүргізілген болатын. Алайда 2019 жылы халық санағына қажетті жабдықтардың және құжаттардың дайын болмауына байланысты бір жылға кейінге шегерілген болатын. Сөйтіп, халық санағы билы, 2020 жылы өткелі отыр.

Сөз соңында он жылда бір рет халық са­на­ғы­н жүргізудің маңыздылы туралы айта кетейік. Халық санағын жүргізу – өте күрделі, өте көп ең­бек етуді әрі көп қаржы жұмсауды  талап ететін ауқым­ды шара. Сондықтан да халық арасында сонша қаржы жұмсап, халық санағын жасаудың қажеті не деген сұрақ туындауы мүмкін. Сол үшін де халық санағының маңызы не деген сұраққа жауап іздеп отырмыз. Негізі халық санағы мемлекет үшін міндетті әлеуметтік, экономикалық, тарихи үрдіс деп бағалауға болады. Он жылда бір өтетін халық санағы өткен он жылда ел ішінде болған демографиялық өсіммен қатар, экономикалық, мәдени-әлеу­мет­тік және өзгеде өзгерістерді саралауға мүмкіндік туғызады. Халық санағы тек демографиялық ахуал­­­ды ғана зерттемейді. Атап айтқанда санақ кезінде елдегі азаматтардың жалпы дең­гейі, ел халқының денсаулығы, білімі, тұрмыс өресі де айқындалады.

Тәуелсіз Қазақ­стан тарихындағы үшінші жал­­­пыұлттық халық санағының басты ерек­шелігі – тұңғыш рет цифрлы технология бойын­ша инновациялық негізде жүр­гізілгелі отыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика ми­нистрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленовтің мәлімдеуінше, осы кезекті санақ жұмысындағы негізгі жаңашылдық - санақ жүргізу жұмыстарын толық компьютерлендіру болып отыр. Атап айтқанда, арнайы интернет-портал ашылады. Азаматтар өздері туралы мәліметті интернет сол порталға жолдай алады. Бірақ интернет арқылы тіркелу барлық азаматқа қол жетімді болмағандықтан үй-үйді аралап тіркеу жүйесі де қатар жүреді.

Abai.kz

1 пікір