Жексенбі, 26 Қаңтар 2020
Жаңалықтар 1463 0 пікір 21 Қыркүйек, 2012 сағат 09:46

Өзге діндерді өзімізге шақырып жатқан жоқпыз ба?

Әлем үшін дін тақырыбы - аса нәзік, тез тұтанатын түйткілді дүние. Біз де осыдан шеткері емеспіз. Бейбітшілік пен дінаралық татулықты ту еткенімен, Қазақстанның дінге қатысты ішкі мәселесі де ала-құла екендігі - айқын аңғарылатын ақиқат. Әйтсе де әлем үшін әлем-тапырық тұста Мәжіліс бәріне - ішкі жағдайға да, сыртқы салмаққа да көз жұма қарайтындай. Кеше Парламенттің төменгі палатасы «Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдап тастады. Дегенмен осы құжат көпшілік депутаттың көңілінен шықпайтындай әсерде болды.

Әлем үшін дін тақырыбы - аса нәзік, тез тұтанатын түйткілді дүние. Біз де осыдан шеткері емеспіз. Бейбітшілік пен дінаралық татулықты ту еткенімен, Қазақстанның дінге қатысты ішкі мәселесі де ала-құла екендігі - айқын аңғарылатын ақиқат. Әйтсе де әлем үшін әлем-тапырық тұста Мәжіліс бәріне - ішкі жағдайға да, сыртқы салмаққа да көз жұма қарайтындай. Кеше Парламенттің төменгі палатасы «Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдап тастады. Дегенмен осы құжат көпшілік депутаттың көңілінен шықпайтындай әсерде болды.

Әлбетте, өзара қатынастар туралы еліміздің мұндай келісімдері көбінесе нақты мемлекеттермен жасалатын тәрізді еді. Ал Римнің қақ ортасындағы Ватикан әкім­шілігінің діни билігімен қарым-қатынас орнату бұрын-соңды тарихымызда болмағаны белгілі. Сондықтан да мәселенің мәнісіне бармас бұрын депу­таттар алдында баяндама жасаған Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф мырза Қасиетті Тақтың деңгейіне тоқталып өтті. Айтуынша, Қасиетті Тақ - Рим папасы мен Рим куриясының ресми жинақталған атауы. Ол өзінің егеменді аумағы - Ватикан мемлекетін басқара­ды. Оның басшысы Рим папасына жоғары заң шыға­рушы, атқарушы және сот билігі қоса берілген. Со­нымен қатар Қасиетті Тақ халықаралық құқықтық дер­бес субъекті ретінде де әлемге танымал. БҰҰ мен басқа да бірқатар халықаралық ұйымдарда тұрақты ба­қылаушы мәртебесіне ие. Сондықтан болса керек, шет мемлекеттер дипломатиялық қарым-қатынастарын Ватикан қала-мемлекетімен емес, Қасиетті Тақпен ор­на­татынға ұқсайды. Мәселен, қазіргі күндері Қасиетті Тақ 70-тен астам мемлекетпен, соның ішінде Израиль, Әзір­байжан, Латвия секілді мемлекеттермен келісім жасасқан. 

Ал Қазақстан үшін Ватиканның маңызы қандай? Бұған сонау жылдары Рим папасының бүкіл ТМД арасында тұңғыш рет қазақ даласына қадам басқанын ғана емес, ресми Астана бастама жасаған Әлемдік жә­не дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне дәл осы ка­то­лик кардиналдарының барынша қолдау білдіргенін айтуға да болады.  Елордада өткен діндер съезінің төр­теуіне де Қасиетті Тақ ең жоғары делегациямен қа­тысқан. Ал дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф мырза 1998 жылы қол қойылған келісімді ра­ти­фикациялау қажеттілігін еліміздегі «Діни қызмет жә­не діни бірлестіктер туралы» Заңының қолданысқа енуімен түсіндіреді. 

Шіркеу дін таратумен айналыспайды дегенге кім сенеді?

Келісімнің тұтастай мәтініне келсек, оны астарлаған сайын келеңсіз дүниелер алдыдан шығатындай. Мә­селен, Қазақстан еліміздегі католик шіркеуіне қызметке тағайындалған шетелдіктің елімізге келуіне рұқсат беретін болады. Сосын әлгіндей шіркеулер әділет ор­ган­дарында тіркелген соң, өздерінің канондық құ­қық ко­дексінде қарастырылған архиоцездер, дио­цез­дер немесе апостолдық әкімшіліктер, приходтар, діни қауымдар, миссиялар, семинариялар, коллед­ждер, мектептер немесе тәрбие мекемелерінің бәрі біз­дің елімізде де заңды тұлғаларға тән құқықтық қабілетке ие болады екен. 

Сөйтіп, алмағайып жылдары ел­де қау­лап кеткен миссионер­лер­мен күресті енді қол­ға алып жат­қан­да, екінші бір заңмен олардың елде еркін сайрандауына жол аша­тын тәріздіміз. Дәл осындай күдік де­пу­таттарда да болды. Мәселен, «Семи­на­рия­лар, колледждер, мектептер немесе тәр­­бие мекемелерін ашуға рұқсат беріп, со­­ны заңды тұлға деп тіркеудің Қазақстан үшін қаншалықты қажеттілігі бар?» - деп сұ­райды депутат Розақұл Халмұрадов Дін істері агенттігінің төрағасынан. Ал агенттік басшысы Лама Шариф мырза католик шір­кеуіне еркіндік беруден еш қауіптің бол­майтынына сендіріп бағуға тырысады. Со­сын 20 жыл ішінде еліміздегі Рим ка­то­лик шіркеуі 81 приходқа ғана ие болғанын, со­ның ішінде Қарағанды қаласында бір ға­на семинария бар екенін тілге тиек етеді. «Та­мыз айында Қарағанды қаласында олар Орталық Азиядағы ең үлкен шір­кеулерін ашты. Сондықтан да алдағы уа­қыт­та бұлардың кеңеюіне табиғи жағынан еш мүмкіндік жоқ (!). Өйткені Қазақстанда 150 мың католиктер бар деп есептеледі. Олай болса, қазіргі 80 приходта солардың діни қызметін, діни рәсімдерін орындауға то­лық мүмкіндіктер беріледі. Сол үшін ал­дағы уақытта бұдан басқа семинариялар ашылуы мүмкін дегенді көріп отырған жоқпыз», - деп жауап қатты Қайрат Лама Ша­­риф.  Әйтсе де осы жауаптан төрағаның өз сөзіне өзі қарсы шығып отырғанын аң­ғарғандаймыз. Өйткені биыл ғана Қа­ра­ғандыда Орталық Азиядағы ең үлкен католик шіркеуі ашылыпты, ендеше, бүкіл өңірдегі католиктер соған ұмтылмай ма? Ал көрші елдерден ағылған ондайлардың қажеттілігі үшін біз тағы да семинариялар ашып беруге, оларды өз дінінде оқытуға жағдай жасауға мәжбүр болмаймыз ба? Дәл осы жағы бізге де түсініксіздеу көрінді. «Біз елімізде өзіміздің мұсылмандарға на­маз оқуға заң арқылы шектеу қойып тастадық. Мәселен, әскери қызметшілердің намаз оқуға құқығы жоқ. Солай бола тұра, басқа дінге есігімізді айқара ашып жат­қан­даймыз», - деп налиды Розақұл Хал­мұ­ра­дов. Дегенмен дін істері агенттігі «келісім кү­­шіне енсе, католиктер қаптап кетеді» де­ген пікірге еш иланбайтындығын танытты. Тіп­ті дінтанушы Қайрат Лама Шариф мыр­заның өзі католик шіркеуінің про­зеле­тизм­мен, яғни басқа діннің өкілдерін өзіне тар­ту­­мен айналыспайтынын айтып ақ­­­­тал­­ғандай сыңай білдірді. «Олардың жек­сенбілік ғибадатханаларын аралап көр­генде бірде-бір қазақ ұлтының өкілін көр­медік», - дейді ол. Хош! Католик шір­кеуі Қазақстанға қауіп емес екен делік. Де­генмен сол католиктің ізін ала басқа да то­лып жатқан шіркеулер «біздің де Қа­зақ­станда орныққымыз келеді, семинария, мек­теп ашқымыз бар» деп ұмтылса, олар­дың бетін қалай қайтарамыз? Шіркеу біт­кеннің бәрі қазақ даласында мекеме аша бер­се не болмақ? Бұл, бір жағынан, 70 па­йыздан астамы мұсылман жамағатын құрайтын қазақстандықтар үшін түсініксіз, екінші жағынан Елбасының: «Біздің еліміз әркім өз сектасын әкеліп қоятындай қоқыс тас­тайтын жер емес» деген сөзіне қайшы ке­­летіндей көрінеді. Дегенмен мұндай ке­лісімнің біз білмейтін астары да бар шығар. Ал ол жағын агенттік басшысы ашып айт­қан емес.  

Тоқтала кететін тағы бір жайт, депутат Тө­леген Ибраев соңғы уақытта мұсылман қа­уымдастығы мен Ватикан арасындағы қа­рым-қатынасқа селкеу түсіп отырғанын ай­та келе, «бұл заң қабылданса, мұсылман ел­дері Қазақстанның қадамын қалай бағалар еді?» дегенді алға тартты.  Қайрат Қа­йырбекұлы бұдан да қауіп көрмеді. «Жақында ғана Рим папасы Ливанға сапар шекті. Мұнда да католиктер мен мұсыл­ман­­дар арасында өте жақсы қарым-қа­ты­нас бар екенін байқап отырмыз. 2008 жы­лы Сауд Арабиясының Королі де Рим па­­пасымен кездескен болатын. Оның үс­ті­не, Рим-католик шіркеуі халықарлық дең­гейде әлемдік дәстүрлі діндер қа­та­рына жа­тады. Сондықтан да бұл қадам еш­қан­дай түсінбеушілік тудырмайды деп се­неміз», - дейді Қайрат Лама Шариф.  

Сөзінің соңында төраға Қайрат Қайыр­бе­кұлы еліміздегі дәстүрлі дінге қатысты да өз ұстанымын білдіріп кетті. «Шын мәнінде, біз жаңа заңды қабылдағанда оның кі­ріс­песінде «Қазақстанда Әбу Ханифа мәз­һа­бын таратамыз» деп баса айттық. Қазіргі бас­ты мақсатымыз, сондай-ақ Дін істері агент­тігінің, діни басқарма мен ме­шіт­тердің басты жұмысы Әбу Ханифа мәзһабы ар­қылы, яғни 12 ғасыр бойы қа­зақ дала­сын­да дәстүрлі түрде тарап келген осы мәз­һаб арқылы қалың жұрт­шы­лыққа дінді тү­сіндіру болып табылады. Әрине, діни бас­қармадағы имамдардың біліктілігі бар­лық өңірлерге жетіңкіремей отыр. Сол үшін ар­найы курстар ұйым­дас­тырып жатыр. Ал­дағы уақытта діни бас­қар­ма бұл бағытта арнайы аттестация өткізуге әзір», - деді Лама Шариф. Оның айтуынша, бүгінгі күні елімізде 2 300 мешітті қайтадан тіркеу жұ­мыс­тары жүр­гізіліп жатыр. Бұл ретте діни бас­қарма өз ауыл­дағы молдасы жоқ ме­шіт­тердің жұ­мысын тоқтату немесе олар­­ды намаз­ха­наға айналдыру туралы ше­шім қабыл­да­мақ. 

Бес депутат қалыс қалды

Сөйтіп, қызу талқыдан соң Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы келісімді Мә­жі­ліс мақұлдады. Алайда дауыс беруден бес депутат қалыс қалды. Мұның өзі Мә­жі­­лісте ұдайы бола бермейтін көрініс еке­нін ескерсек, келісімнің шын мәнінде бір­қатар депутаттың көңілінен шықпағанын біз де аңғарамыз. Тіпті депутат Дариға На­зар­баева құжаттың қолданыстағы заң нор­маларына қайшы келетінін де жасырып қа­­ла алмады.  «Саяси маңызды мәселе бол­­ған соң заң жобасын қолдаймыз. Әйт­се де алдағы уақытта осы келісімге бәрібір қайта оралуымыз әбден қажет», - деді ол.

Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: 

- Аты да, заты да елімізде болмаған діндерге есігімізді айқара ашып, өзі­міз­дің дәстүрлі дінімізге шет қарап кеткен жоқ­пыз ба, осы?! 1 қыркүйекте мек­теп­ке баратын ба­лалардың ата-аналарына мұғалімдер «балаларды мешітке жібермеңдер» де­генді де айтыпты. Біз неге дәстүрлі дінімізді та­рылтып таста­дық? Ұстанып отырған мәз­һабымызды неге одан сайын тереңдетпей жатыр­мыз? Расында, біздің елде соңғы уақыт­та дәстүрлі дін бойынша тек теріс кө­рі­ністер орын алып, керісінше, басқаға құ­шақ ашу кең етек алып жатқан сы­ңайлы.

7 мамыр - мемлекеттік мереке

Айта кетерлік тағы бір жаңалық, кешегі отырыста Мәжіліс «Қазақстан Респу­бли­касындағы мерекелер туралы» Заңға то­лық­тыру жасады. Соған сәйкес, 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні мемлекеттік ме­ре­ке ретінде белгіленетін болады. Сөйтіп,  Қа­зақстанның мемлекеттік мерекелері қатарына тағы бір күн қосылып, ұлттық күн­­тізбеде қызылмен белгіленетін дата пай­да болады. Еске салсақ,  бұл ұсынысты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның Қа­рулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл то­луына байланысты өткен салтанатта білдірген болатын.

Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір