Өзге діндерді өзімізге шақырып жатқан жоқпыз ба?
Әлем үшін дін тақырыбы - аса нәзік, тез тұтанатын түйткілді дүние. Біз де осыдан шеткері емеспіз. Бейбітшілік пен дінаралық татулықты ту еткенімен, Қазақстанның дінге қатысты ішкі мәселесі де ала-құла екендігі - айқын аңғарылатын ақиқат. Әйтсе де әлем үшін әлем-тапырық тұста Мәжіліс бәріне - ішкі жағдайға да, сыртқы салмаққа да көз жұма қарайтындай. Кеше Парламенттің төменгі палатасы «Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдап тастады. Дегенмен осы құжат көпшілік депутаттың көңілінен шықпайтындай әсерде болды.
Әлем үшін дін тақырыбы - аса нәзік, тез тұтанатын түйткілді дүние. Біз де осыдан шеткері емеспіз. Бейбітшілік пен дінаралық татулықты ту еткенімен, Қазақстанның дінге қатысты ішкі мәселесі де ала-құла екендігі - айқын аңғарылатын ақиқат. Әйтсе де әлем үшін әлем-тапырық тұста Мәжіліс бәріне - ішкі жағдайға да, сыртқы салмаққа да көз жұма қарайтындай. Кеше Парламенттің төменгі палатасы «Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдап тастады. Дегенмен осы құжат көпшілік депутаттың көңілінен шықпайтындай әсерде болды.
Әлбетте, өзара қатынастар туралы еліміздің мұндай келісімдері көбінесе нақты мемлекеттермен жасалатын тәрізді еді. Ал Римнің қақ ортасындағы Ватикан әкімшілігінің діни билігімен қарым-қатынас орнату бұрын-соңды тарихымызда болмағаны белгілі. Сондықтан да мәселенің мәнісіне бармас бұрын депутаттар алдында баяндама жасаған Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф мырза Қасиетті Тақтың деңгейіне тоқталып өтті. Айтуынша, Қасиетті Тақ - Рим папасы мен Рим куриясының ресми жинақталған атауы. Ол өзінің егеменді аумағы - Ватикан мемлекетін басқарады. Оның басшысы Рим папасына жоғары заң шығарушы, атқарушы және сот билігі қоса берілген. Сонымен қатар Қасиетті Тақ халықаралық құқықтық дербес субъекті ретінде де әлемге танымал. БҰҰ мен басқа да бірқатар халықаралық ұйымдарда тұрақты бақылаушы мәртебесіне ие. Сондықтан болса керек, шет мемлекеттер дипломатиялық қарым-қатынастарын Ватикан қала-мемлекетімен емес, Қасиетті Тақпен орнататынға ұқсайды. Мәселен, қазіргі күндері Қасиетті Тақ 70-тен астам мемлекетпен, соның ішінде Израиль, Әзірбайжан, Латвия секілді мемлекеттермен келісім жасасқан.
Ал Қазақстан үшін Ватиканның маңызы қандай? Бұған сонау жылдары Рим папасының бүкіл ТМД арасында тұңғыш рет қазақ даласына қадам басқанын ғана емес, ресми Астана бастама жасаған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне дәл осы католик кардиналдарының барынша қолдау білдіргенін айтуға да болады. Елордада өткен діндер съезінің төртеуіне де Қасиетті Тақ ең жоғары делегациямен қатысқан. Ал дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф мырза 1998 жылы қол қойылған келісімді ратификациялау қажеттілігін еліміздегі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының қолданысқа енуімен түсіндіреді.
Шіркеу дін таратумен айналыспайды дегенге кім сенеді?
Келісімнің тұтастай мәтініне келсек, оны астарлаған сайын келеңсіз дүниелер алдыдан шығатындай. Мәселен, Қазақстан еліміздегі католик шіркеуіне қызметке тағайындалған шетелдіктің елімізге келуіне рұқсат беретін болады. Сосын әлгіндей шіркеулер әділет органдарында тіркелген соң, өздерінің канондық құқық кодексінде қарастырылған архиоцездер, диоцездер немесе апостолдық әкімшіліктер, приходтар, діни қауымдар, миссиялар, семинариялар, колледждер, мектептер немесе тәрбие мекемелерінің бәрі біздің елімізде де заңды тұлғаларға тән құқықтық қабілетке ие болады екен.
Сөйтіп, алмағайып жылдары елде қаулап кеткен миссионерлермен күресті енді қолға алып жатқанда, екінші бір заңмен олардың елде еркін сайрандауына жол ашатын тәріздіміз. Дәл осындай күдік депутаттарда да болды. Мәселен, «Семинариялар, колледждер, мектептер немесе тәрбие мекемелерін ашуға рұқсат беріп, соны заңды тұлға деп тіркеудің Қазақстан үшін қаншалықты қажеттілігі бар?» - деп сұрайды депутат Розақұл Халмұрадов Дін істері агенттігінің төрағасынан. Ал агенттік басшысы Лама Шариф мырза католик шіркеуіне еркіндік беруден еш қауіптің болмайтынына сендіріп бағуға тырысады. Сосын 20 жыл ішінде еліміздегі Рим католик шіркеуі 81 приходқа ғана ие болғанын, соның ішінде Қарағанды қаласында бір ғана семинария бар екенін тілге тиек етеді. «Тамыз айында Қарағанды қаласында олар Орталық Азиядағы ең үлкен шіркеулерін ашты. Сондықтан да алдағы уақытта бұлардың кеңеюіне табиғи жағынан еш мүмкіндік жоқ (!). Өйткені Қазақстанда 150 мың католиктер бар деп есептеледі. Олай болса, қазіргі 80 приходта солардың діни қызметін, діни рәсімдерін орындауға толық мүмкіндіктер беріледі. Сол үшін алдағы уақытта бұдан басқа семинариялар ашылуы мүмкін дегенді көріп отырған жоқпыз», - деп жауап қатты Қайрат Лама Шариф. Әйтсе де осы жауаптан төрағаның өз сөзіне өзі қарсы шығып отырғанын аңғарғандаймыз. Өйткені биыл ғана Қарағандыда Орталық Азиядағы ең үлкен католик шіркеуі ашылыпты, ендеше, бүкіл өңірдегі католиктер соған ұмтылмай ма? Ал көрші елдерден ағылған ондайлардың қажеттілігі үшін біз тағы да семинариялар ашып беруге, оларды өз дінінде оқытуға жағдай жасауға мәжбүр болмаймыз ба? Дәл осы жағы бізге де түсініксіздеу көрінді. «Біз елімізде өзіміздің мұсылмандарға намаз оқуға заң арқылы шектеу қойып тастадық. Мәселен, әскери қызметшілердің намаз оқуға құқығы жоқ. Солай бола тұра, басқа дінге есігімізді айқара ашып жатқандаймыз», - деп налиды Розақұл Халмұрадов. Дегенмен дін істері агенттігі «келісім күшіне енсе, католиктер қаптап кетеді» деген пікірге еш иланбайтындығын танытты. Тіпті дінтанушы Қайрат Лама Шариф мырзаның өзі католик шіркеуінің прозелетизммен, яғни басқа діннің өкілдерін өзіне тартумен айналыспайтынын айтып ақталғандай сыңай білдірді. «Олардың жексенбілік ғибадатханаларын аралап көргенде бірде-бір қазақ ұлтының өкілін көрмедік», - дейді ол. Хош! Католик шіркеуі Қазақстанға қауіп емес екен делік. Дегенмен сол католиктің ізін ала басқа да толып жатқан шіркеулер «біздің де Қазақстанда орныққымыз келеді, семинария, мектеп ашқымыз бар» деп ұмтылса, олардың бетін қалай қайтарамыз? Шіркеу біткеннің бәрі қазақ даласында мекеме аша берсе не болмақ? Бұл, бір жағынан, 70 пайыздан астамы мұсылман жамағатын құрайтын қазақстандықтар үшін түсініксіз, екінші жағынан Елбасының: «Біздің еліміз әркім өз сектасын әкеліп қоятындай қоқыс тастайтын жер емес» деген сөзіне қайшы келетіндей көрінеді. Дегенмен мұндай келісімнің біз білмейтін астары да бар шығар. Ал ол жағын агенттік басшысы ашып айтқан емес.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, депутат Төлеген Ибраев соңғы уақытта мұсылман қауымдастығы мен Ватикан арасындағы қарым-қатынасқа селкеу түсіп отырғанын айта келе, «бұл заң қабылданса, мұсылман елдері Қазақстанның қадамын қалай бағалар еді?» дегенді алға тартты. Қайрат Қайырбекұлы бұдан да қауіп көрмеді. «Жақында ғана Рим папасы Ливанға сапар шекті. Мұнда да католиктер мен мұсылмандар арасында өте жақсы қарым-қатынас бар екенін байқап отырмыз. 2008 жылы Сауд Арабиясының Королі де Рим папасымен кездескен болатын. Оның үстіне, Рим-католик шіркеуі халықарлық деңгейде әлемдік дәстүрлі діндер қатарына жатады. Сондықтан да бұл қадам ешқандай түсінбеушілік тудырмайды деп сенеміз», - дейді Қайрат Лама Шариф.
Сөзінің соңында төраға Қайрат Қайырбекұлы еліміздегі дәстүрлі дінге қатысты да өз ұстанымын білдіріп кетті. «Шын мәнінде, біз жаңа заңды қабылдағанда оның кіріспесінде «Қазақстанда Әбу Ханифа мәзһабын таратамыз» деп баса айттық. Қазіргі басты мақсатымыз, сондай-ақ Дін істері агенттігінің, діни басқарма мен мешіттердің басты жұмысы Әбу Ханифа мәзһабы арқылы, яғни 12 ғасыр бойы қазақ даласында дәстүрлі түрде тарап келген осы мәзһаб арқылы қалың жұртшылыққа дінді түсіндіру болып табылады. Әрине, діни басқармадағы имамдардың біліктілігі барлық өңірлерге жетіңкіремей отыр. Сол үшін арнайы курстар ұйымдастырып жатыр. Алдағы уақытта діни басқарма бұл бағытта арнайы аттестация өткізуге әзір», - деді Лама Шариф. Оның айтуынша, бүгінгі күні елімізде 2 300 мешітті қайтадан тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте діни басқарма өз ауылдағы молдасы жоқ мешіттердің жұмысын тоқтату немесе оларды намазханаға айналдыру туралы шешім қабылдамақ.
Бес депутат қалыс қалды
Сөйтіп, қызу талқыдан соң Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы келісімді Мәжіліс мақұлдады. Алайда дауыс беруден бес депутат қалыс қалды. Мұның өзі Мәжілісте ұдайы бола бермейтін көрініс екенін ескерсек, келісімнің шын мәнінде бірқатар депутаттың көңілінен шықпағанын біз де аңғарамыз. Тіпті депутат Дариға Назарбаева құжаттың қолданыстағы заң нормаларына қайшы келетінін де жасырып қала алмады. «Саяси маңызды мәселе болған соң заң жобасын қолдаймыз. Әйтсе де алдағы уақытта осы келісімге бәрібір қайта оралуымыз әбден қажет», - деді ол.
Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
- Аты да, заты да елімізде болмаған діндерге есігімізді айқара ашып, өзіміздің дәстүрлі дінімізге шет қарап кеткен жоқпыз ба, осы?! 1 қыркүйекте мектепке баратын балалардың ата-аналарына мұғалімдер «балаларды мешітке жібермеңдер» дегенді де айтыпты. Біз неге дәстүрлі дінімізді тарылтып тастадық? Ұстанып отырған мәзһабымызды неге одан сайын тереңдетпей жатырмыз? Расында, біздің елде соңғы уақытта дәстүрлі дін бойынша тек теріс көріністер орын алып, керісінше, басқаға құшақ ашу кең етек алып жатқан сыңайлы.
7 мамыр - мемлекеттік мереке
Айта кетерлік тағы бір жаңалық, кешегі отырыста Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға толықтыру жасады. Соған сәйкес, 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленетін болады. Сөйтіп, Қазақстанның мемлекеттік мерекелері қатарына тағы бір күн қосылып, ұлттық күнтізбеде қызылмен белгіленетін дата пайда болады. Еске салсақ, бұл ұсынысты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толуына байланысты өткен салтанатта білдірген болатын.
Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана
"Алаш айнасы" газеті