Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 6782 0 пікір 27 Маусым, 2014 сағат 12:51

"КӨРЕСІҢ ӘЛІ КӨКЕМ КЕЛЕДІ"

...17 жасымнан бастаппын. Әуелі аудандық, облыстық, респбуликалық газеттің облыстағы меншікті тілшісі, республикалық газеттің бөлім меңгерушісі... осылай жалғасып кете береді. Қазір қазақ баспасөзі саласында біреу біліп, біреу білмейтін аты-жөнім бар көрінеді. Бірақ осы уақытқа дейін үйреніп болмаған сияқтымын. Ештеңе бітірмеген секілдімін. Текке кетіп жатқан уақыт... Ішім ашиды. Газет-журналдарда жарияланған мақаласымақтарымның басын бір жерге үйіп кітап шығару да менің шабан ойлайтын миымның маңайына жуымапты. Оның үстіне соны өзім де аса қаламаймын. Кімге керек біздің шимай-шатпағымыз? Бүгінгі жазғаның бүгінгінің бүктеуінде кетеді. Ертеңінде ештеңе жоқ. 
Қазақ баспасөзі (тв, радио, т.б.) құрдымға кетіп барады (әлде кетіп тынды ма?) Өйткені билікке жақпады. «Қазақ баспасөзі патриот емес» дейді билік (әрине, бұны «кәсібилігі төмен», «анау-мынау» деп сәл басқашалау айтады). Патриот деген меніңше – Отанды сүю, билікті сүю емес. Қазақ журналистикасында қаншама талантты ұл-қыз «патриот» бола алмағандықтарынан қызметтерінен қуылды, қаншасы қолды бір-ақ сілтеп басқа салаға ауысып кетті... қисап жоқ. 
Баспасөз күнінің қарсаңында телеарна біткен менен сұхбат алғыш. Сұрақтары сол баяғы бір сұрақ: қазақ баспасөзіне не жетіспейді? Әріптестердің көңілі үшін әйтіп-бүйтіп жауап берген боласың, өйткені менің бетке ұрғандай етіп айта салатын пікірім өтпейді. Сөйте тұрып өзімді де, оларды да аяймын. Қазақ баспасөзінің мәселесі бар ғой, бір-ақ мәселеге тіреліп тұр. Ол – тіл мәселесі. Ал, тіл мәселесі бар ғой, ресми биліктің нақты шешіміне тіреліп тұр. Байы сабаған қатындай қашанғы бәрін өзімізден көре береміз? Шындығы осы емес пе? Қазақ баспасөзіне ақпараттық технологияның дендеп енуі, қазақ журналистерінің кәсіби білігінің кемелдене түсуі алдымен оның қоғамдағы орнын бағалаудан, құрметтеуден, санасудан басталады. Осының бірі болмаған жерден не өнеді дейсіз?
Бастапқы сөзімізде «осы уақытқа дейін үйреніп болмаған сияқтымын. Ештеңе бітірмеген секілдімін» дегенді айттым. Әйтседе бұл менің «ай қарап, жұлдыз санап жүргенімді» білдірмесе керек. Еткен еңбегің, төккен терің (менің ғана емес, бәріміздің) далаға кеткен соң, нәтижеге жетпеген соң не бітірдім дей аласың? Есесіне біздің орыстілді әріптестеріміз жан қинап, арып-ашымай-ақ төртінші биліктің төріне шығып алды. 
Біз бәріміз қазір Жәдігердің зарлы күйін кешіп жүрміз. Күш жетеді, жүрек бар. Жүйрікке мініп желер едік, қол-аяғымыз кісендеулі, қозы бағып жүрміз. «Көресің әлі көкем келеді!»
Бүгін бе еді, ертең, әлде оның арғы күні ме еді кәсіби мерекеміз? Мен қазір соған аса мән бермейтін болып барамын. Дегенменде сыйлық алып, сый-сыяпатқа бөленіп жатқандарға құтты болсын делік. Қайтсекте қажымайық.

(Дәурен Қуаттың фейсбуктегі парақшасынан) 

0 пікір