Ресейдің ОА-сыз күні жоқ: Ал Орталық Азияның ше?
Вудро Вильсон орталығының сарапшылары Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалының төмендеуімен бірге, өңір елдерінің жаңа бағыттарын талқылауда. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды.
Президент Джо Байденнің Қытай көшбасшысы Си Цзиньпинмен табысты келіссөздері, АҚШ-тың батыс жағалауында Азия-Тынық мұхиты елдерінің саммиті өтуі ‑ Қытай және өзге елдердің Орталық Азия өңіріне деген қызығушылықтың артқанын білдіреді. Әрине, оған жанама ықпал еткен Ресейдің жаңа империялық саясаты екені түсінікті.
2023 жылдың 21 қарашасында Вашингтондағы Вудро Вильсон орталығында жиналған сарапшылар «Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалы төмендеп келе ме?» (Is Russia’s Influence in Central Asia in Decline?) деген сұрақты талқылады. «Сарапшылар ұзақ уақыт бойы Ресейді Орталық Азиядағы қауіпсіздік саласындағы басты ойыншы деп санап келді. Бүгінде оның өңірдегі бес елдің үшеуінде: Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстанда әскери нысандары бар», - дейді А&М (Research Assistant Professor at The) Техас университеті жанындағы Буш атындағы мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет мектебінің доцент-зерттеушісі Эдвард Лемон (Edward Lemon, Bush School of Government and Public Service at Texas A&M University).
Сарапшының атап өтуінше, ресейлік ықпалдың сақталуының себебі тек әскери нысандардың болуында ғана емес: ол, көбіне, ресейлік арнайы қызметтердің әрекеттерімен байланысты: "Соңғы отыз жылда ресейлік қару-жарақ өңірдегі қару-жарақ импортының шамамен үштен екісін, оның ішінде Қырғызстан мен Тәжікстан қару-жарақ импортының 90% -ын құрады. Бұл, әрине, осы елдердің қарулы күштерін ресейлік ӘӨК-ке тәуелді етудің және ресейлік әскери доктриналар мен ресейлiк әскери даярлау әдiстемесiне байлаулы етудің бір амалы. Бұл мемлекеттердің барлық қауіпсіздік қызметтері кеңестік КГБ-дан шықты және бұл байланыстар Ресейде жасырынып жүрген ортаазиялық диссиденттерге қарсы трансұлттық қуғын-сүргін тетіктерін қолданудың негізі болып отыр. Органдардың қауіпсіздік пен қылмыстық іздестіру бағыттары бойынша байланыстардың сақталуы ‑ оны неше түрлі әдістермен іске асыру мүмкіндіктерін сақтап қалды».
Алайда, жақсы жаңалық та бар: «Ресейдің Украинаға басып кіруі Кремльдің Орталық Азиядағы байланыстарына кері әсер етті. Ол бұрынғы экономикалық қатынас жүйесіне зиянын тигізді. Әрине, соған қарамастан, Ресей әзірге Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы басты сыртқы серіктесі болып отыр. Бірақ қазір оған күмән келтірілуде», - деп есептейді сарапшы.
1992 жылы құрылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) іс жүзіндегі әрекетке қабілетсіздігі де ықпалдың төмендегенін көрсетеді. «Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан - барлығы ҰҚШҰ мүшелері. Алайда, 2010 жылы Қырғызстандағы этникалық зорлық-зомбылық кезінде Қырғызстанның уақытша басшысы Роза Отунбаева ҰҚШҰ-ны көмекке шақырған болатын. Бірақ ол оған «Бұл ішкі қауіпсіздік мәселесі. Бұл ҰҚШҰ қандай да бір рөл атқаруы тиіс сала емес» деген жауап алып еді», - деп еске салады Эдвард Лемон.
Әлем бірнеше рет ‑ 2021 жылғы сәуір мен 2022 жылғы қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шегаралық қақтығыстар мен зомбылықтың куәгері болды. Тағы да оған ҰҚШҰ араласқан жоқ. Оның жасаған жалғыз елеулі араласуы 2022 жылғы қаңтардағы Қазақстандағы оқиғалар кезінде болды. Бірақ, Қазақстанның сыртқы істер министрі сол кезде бұл оқиғаға Қытайдың араласу перспективасын қарастырғанын айтты. Бірақ оны заңдастыратын механизм болмады. Ендеше, бұл – өңірлік қауіпсіздік мәселесінде балама серіктестер іздестірілуде дегенді білдіреді».
«Қазақстандағы оқиғалардан екі ай өткен соң Ресейдің Украинаға толыққанды басып кіруі басталды, - деп жалғастырады Лемон. - Бұл да ҰҚШҰ төңірегінде сұрақ белгілерін қойды. Себебі, Ресей өзінің бұл өңірдегі әскери қуатын төмендетуге мәжбүр болды. Ал, Армения нақты себептері бойынша ҰҚШҰ кездесулеріне қатысуды іс жүзінде тоқтатты... Ендеше, біз Орталық Азия елдерінде ҰҚШҰ‑ға деген қауіпсіздік кепілдігіне, оның қызметіне деген үміттің анық төмендегенін байқап отырмыз», - деп қорытындылады сарапшы.
Берлиндегі Карнеги ресейлік-еуразиялық орталығының (Carnegie Russia Eurasia Center, Berlin) ғылыми қызметкері Темур Умаров (Temur Umarov) «Орталық Азия елдері бүгінде бір тәуелділікті басқасымен алмастыратын жағдайға тап болғысы келмейді. Сондықтан олардың халықаралық қатынастардағы басты мақсаты - өз байланыстарын барынша әртараптандыру. Өз тарапынан Орталық Азияға мүдделі барлық елдермен қарым-қатынас өңір үшін маңызды. Оның ішінде Орталық Азия Қытаймен қарым-қатынасын кеңейтуге ұмтылса да, Ресеймен қатысуын бәрібір сақтап қалуға тырысады. Әрине, қауіпсіздік саласында Түркиямен де байланыстарын кеңейтетін болады. Менің ойымша, Орталық Азия кеңестік жылдардағыдай әлдебір елдің өздеріне үстемдік жасағысы келгенін қаламайды».
Ресейдің Украинадағы соғысқа дейін‑ақ бұл аймақты тежей бастауының себебі неде?
Темур Омаров жауабының өз нұсқасын ұсынады: «Шын мәнінде, Ресейдің және оның сыртқы саясатының басты назарында әрқашан басқа нәрсе болды, бірақ, Орталық Азия емес. Орталық Азия Кремльдің шынымен «бас қатырған» мәселесі емес: ол ешқашан өзінің осы өңірде болуына көп қаражат жұмсамаған. Орталық Азияны Мәскеу тек қана «Ресейдің ұлы держава екенін» көрсету үшін пайдаланды – әсіресе батыспен қарым-қатынаста. Ресей Америка сияқты болғысы келді. Ол үшін оған держава деп саналатындай елдер қажет болды».
Бүгінде Путиннің бұл өңірге қатысты алдағы жоспарлары қандай?
«Ол Орталық Азияның өз алдына дамуын қалайды, - деп есептейді Темур Омаров. - Ол мұнда Ресейді бұрынғысынша саяси басшылықта үлгі болып отырған, үстемшілік етуші «ұлы империя» деп танитын өңірді көргісі келеді. Сондықтан Ресей Орталық Азия елдерінің Батыспен экономикалық ынтымақтастықты қалай кеңейтетінін, немесе, мысалы, өз әліпбиін реформалау туралы, кириллицадан латын әліпбиіне көшу туралы айтқанын қызғанышпен бақылайды».
Дегенмен, бұл өңір елдерінің батыс әлемімен ықпалдасу жолында көптеген кедергілер бар. Джорджтаун университетінің (Georgetown University) ғылым, технология және халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Тереза Сабонис-Хелф: «Қырғызстан Ресейге жұмысқа кеткен уақытша еңбек мигранттарының ақша аударымдарына ЖІӨ-нің 31%-ына тәуелді; Тәжікстанда тәуелділік 51%-ға жетеді. Және де, USAIDтың, мысалы, Өзбекстанда ашқан еңбек мигранттарына арналған екі кеңес беру орталығы өңірдегі жағдайды түбегейлі өзгерткен жоқ: Өзбекстан Ұлыбритания мен Түркияға, аз дәрежеде Таяу Шығысқа назар аударуға ұмтылады. Қырғызстан мен Тәжікстан Оңтүстік Кореямен келісімге қол қойды... Бірақ бұл бағыттардың ешқайсысы ресейлік еңбек нарығын толығымен алмастыра алмайды, себебі, бұл елдер біліктіліктің анағұрлым жоғары деңгейін қажет етеді және тілдік кедергілер де өзгеше ", - дейді Сабонис-Хелф.
Алайда, Орталық Азияның Ресейдегі еңбек нарығына тәуелділігін біржақты деп санауға болмайды, әсіресе, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін. «Кері еңбек көші-қоны да бар, ‑ деп еске салады Тереза Сабонис-Хелф. - 2022 жылы Ресейден миллионнан астам адам кетті. Біз олардың қайда көшкеніне қарасақ, көшбасшы елдер Қазақстан, Грузия, Армения және Түркия болып отырғанын көреміз. Қырғызстан азаматтығын алуға өтініш берген ресейліктер санының да өсуі байқалады. Оның себебі қарапайым: ол туралы Ресей білмейді, керісінше, келген мигранттарда Кремльдің рұқсатынсыз‑ақ қырғыз паспортын алу мүмкіндігі бар. Өйткені, көрші Тәжікстандай емес, Қырғызстанның Ресеймен «қос азаматтық» туралы келісімі жоқ» ‑ Бішкек Мәскеуді өзінің жаңа азаматтары туралы хабардар етуге міндетті емес. Қырғыз банктері шығарған VISA және MasterCard карточкалары ресейліктер арасында қазақ карточкаларынан кем түспейді: санкцияға ұшыраған Ресейден айырмашылығы ‑ олар бүкіл әлемде тамаша жұмыс істейді.
Соғыс кезінде күшейе түсетін тағы бір фактор: «Ресей экономикасы Орталық Азия еңбек көші-қонынсыз тұрақты дами алмайды, - деп еске салады Темір Омаров. - Оның үстіне, ресейлік демография да осындай қолдауды қажет етеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Ресейге жыл сайын шамамен 300 мың адам көшіп-қонушылар ағыны қажет екен».
Осылайша, Украинадағы соғыс Кремльді Орталық Азиядағы «ресейлік әскери қатысуын» азайтуға мәжбүрлеп қана қоймай, сондай-ақ Ресейдің өзінің Орталық Азия елдеріне тәуелділігінің жаңа бір «экзотикалық» түрлерін өмірге әкеліп, күшейтті. «Біз Орталық Азияның Ресейге тәуелділігі туралы сөз еткенде ‑ талқылаған нәрсенің бәрін, енді, кейін қарай төңкеріп қарауға болады дей аламыз», - деп сараптайды Т. Умаров.
Abai.kz