Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Қырдағы әңгіме 21022 0 пікір 22 Желтоқсан, 2014 сағат 08:20

СОҒЫМБАСЫ

           

Көп ұлтты Қазақстан халықтарының бір-біріне ұлттық ерекшелігін мегзеп айтатын қалжыңдары көп. Айталық, қыс түссе өзге ұлт өкілдері «қазақтардың ет жеуден қысқы олимпиадасы басталды» деп әзілдейді. Мұнысы – қазақтар арасында соғым сою басталады деген сөзі.

           Біздің ертеден келе жатқан дәстүріміздің бірі – соғым сою. Соғым сою «тоқсан» түскенде, яғни 90 күнге созылатын нағыз қыс күндері (ескіше есептегенде «тоқсан» 13-желтоқсаннан басталады) «есік қаққанда» басталады. «Соғым» сөзінің мағынасы «соқ» дегеннен шыққаны күмәнсіз. Оны көне мағынасы азық-түлік, ішіп-жем дегенді білдірсе керек.  Қазіргі таңда ол екі мағынаға ие: тура мағынасы – бір затты бір затқа соғу, екіншісі -  тамақ ішкенде айтылытаны «соқ, соғып алу» деген ауыспалы мағына. Осы соңғысы көне мағына болуы мүмкін.

«Соғу» сөзінің «кіндігі кесілген» кезеңі алғашқы қауымдық деп тұспалауға болады. Қауым болып өмір сүріп, аң соғып, азық дайындау сол қоғамдағы күн көрудің бір түрі болған. Қыс күндері аңның біраз түрлері қысқы ұйқыға немесе жылы жаққа қоныс аударатынын ескерсек, алғашқы қауым адамдарына аң соғып, азық дайындау ісі маңызды тірлік ретінде үлкен мәнге ие болған. Ал жабайы аңдарды қолға үйретіп, малшылыққа (бақташылыққа) көшкен кезеңде көне аңшылық дәстүр қолдағы төрт түліктен азық дайындауға ауысқан. Әуелдегі қауым мүшелері ұйымдасып аң соғып дайындаған азықты қауым арасында бөліске салу дәстүрі сәл-пәл өзгерістермен төрт түліктен дайындалатын соғымға көшкен. Қазақ соғымды  қауыммен немесе ағайын арасында бөле жейді. Соғым сойған үйде ағайынның сыбағасы сақталады. Халықтың танымына «Өле жесең де, бөле же» деген мақалды да орнықтыруға сеп болған көріністің бірі де – осы соғым сою.

         Қыс мезгілінің қаһары күшейетін «тоқсаны» түскеннен кейін, қар астында қалған шөпті тебіндеп жемшөп табатын малдың күйі қашып, арықтай бастайды. Сондықтан жаз аяғы мен күз айларында қоң жинаған күйлі малды сойып, қаһарлы қыстың қарлы боранды күндерінде азық-түліктен қысылмай шығу – соғымның басты атқаратын қызметі. Соғымның қосымша қызметі де бар. Ол  ел-жұртты бір-бірімен араластырып, ағайындық пейіл, сыйластық көңіл білдіретін кәделердің жүзеге асыратын сылтауы. Ауылдың байы кедей–кепшікке, жарлы–жақыбайға, жалшыға соғыммен қарайласып, ағайын–туған «сыбағасынан » ауыз тиіп, кәдесін атқарып,  мәре–сәре болады.

         Сонымен қатар ол – күннің көзі қысқа, түн қараңғысы ұзақ қыс айларында ағайын-тума болып арқа-жарқа араласып, көңіл көтеріп, келелі кеңестер, қызықты әңгімелер айтылатын сауық құрар күндер.

         Атам қазақтың соғым сою дәстүрі қазіргі уақытқа дейін жалғасын тауып келеді. Қыс айлары мен көктемнің қызыл басында мал етінің бағасы шарықтап кететінін ескерсек, еттің арзан әрі мал күйлі уақытта соғым сойып алу – отбасының экономикасына да пайдалы. Мол етті қалай сақтаймын деп әуре болудың да қажеті жоқ. Қыстың аязы – табиғатың өзі тудырған тоңазытқышы. Ал соғымның еті – денеңді суыққа бермейтін күш көзі.

Мұның барлығы мұқым қазақққа таныс көрініс. Бірақ біздің айтпағымыз басқа. Соңғы жылдары соғым сою кейбір ауқатты адамдар үшін байлық пен баршылықты көрсетудің бір түріне айналып кетті. Бизнес пен шенеунік қызметте тасы өрсе домалап тұрған кейбір кісілер қымбат кафе, ресторандар жалдап, алды жүзге, арты елу кісіден кемге жығылмайтын, кілең ығай мен сығайларды жинап, соғымнан «ауыз тигізетінін» көріп те, естіп те жүрміз. Сөзіміз «Байдың асын байғұс қызғанадының» кері болмасын, адам кімді қалай сыйлаймын, күтемін десе де өз еркінде ғой. Дүйім жұрттың басы қосылатын мұндай соғымға келушілердің өзі бірыңғай аузы дуалы, қалтасы қалың, «қолы ұзын» кісілер болып келеді. Халық мақалымен айтсақ, «Қағанағы – қарық , сығанағы сарық » жандар.Олардың соғымнан «ауыз тимесе» де көңілі баяғыдай болып жүретіні күмәнсіз.

         Бірақ бұл біздің әлеуметшілдігімізді білдіре ме? Заңы қатты нарықтық заманда әлеуметшілдік болмаса, ол халық ел емес, тобыр-жебірге айналады. Еліміздің бүгінгі шындығында әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылар, мемлекеттің қамқорлығы қалыпты мөлшерде жетпей жатқан түрлі (жетімдер үйі, балалар үйі, қарттар үйі, кемтар-кембағал жандар мен мүгедектер үйі,т.б.) мекемелер бар. Ауқатты кісілер ертедегі қазақтың  күн көрісі қиын жандарға соғым арқылы көмек көрсететін ежелгі дәстүрін жаңа заманға тән зәру нәрселерге бағыттаса, дұрыс болар еді. Бай-бағлан жандардың «күйлі» кісілерге соғым берген құрметін жаңа заманға лайық жаңғыртып, мемлекеттің қамқорлығы толығымен жетпей жатқан жетімдер, балалар, мүгедектер, қарттар үйлеріне соғым сойып беріп жәрдем қылса, бұл істің мың да бір сауабы болар еді. Мұндай істер – қоғамымыздағы қолы қысқа жандарға жасалған нақты көмектің бірі, біздің әлеуметшіл ел болуға ұмтылатынымыздың бір көрінісіне айналары анық. Бұл – бір.

Екіншіден, соғымды бөле жеу денсаулыққа да пайдалы болар еді. Дәрігерлердің пайымдауынша, жүрек-қан қысымы дертінің туындауына төрт түлік малдан дайындалатын азық өнімдерінің, оның ішінде, әсіресе, майлысының да әсері бар. Демек, етті көп жейтін қазаққа көбірек ойлану қажет. Сондықтан соғымға сойған малды өзгемен бөліссең, өзіңнің  денсаулығыңа да пайда келтіресің.

         Біз өз мәдениетімізге соғым уақытында көмек көрсетуге ұмтылдыратын дәстүрді енгізуімізге (дәлірек айтсақ, қайта жаңғыртуға) болады. Тіпті әріге барсақ, жетім, кембағал жандарға көмектесу, қарасу – адамшылықтың белгісі. Мұсылман дінінде жетім жандарға жәрдем беру – Алланың өз пендесінен қалайтын адамшылық қарызының бір белгісі. Алланың адамзатқа жіберген соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбар да жетім өскен жан еді. Хакім Абай : «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың », - деген емес пе?!

         Алладан үміт бар, адамшылығы зор ауқатты жандар қатары мол екеніне сеніміміз мол.     Соғымдарыңыз мол әрі шүйгін болсын, бірақ аса майлы болмасын!

Алмас  ӘБСАДЫҚ.

Қостанай қаласы.

Абай.kz 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2013