«Кітап оқитын ұлт»: Рухани игіліктің бәсі қай кезде де биік болуы керек!
Кітап оқу – адамның дүниетанымын кеңейтіп, ойлау қабілетін дамытумен қатар, тұлға болып қалыптасуына да ықпал ететін маңызды құрал. Әсіресе көркем әдебиет адамды өзге тағдырлармен таныстырып, өмірге тереңірек қарауға үйретеді. Ал бүгінгі ақпарат ағыны күшейген заманда кітап оқу мәдениетін сақтау мен оны жастар арасында насихаттаудың маңызы арта түсті.
Осы орайда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы ел арасында оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Қазіргі таңда жобаға еліміздің 20 өңірі, 195 ауданы мен 87 қаласы қатысып, 526 056 кітап оқылған. Дегенмен, кітап оқудың нәтижесін тек санмен өлшеу жеткіліксіз. Оның адам өміріне әсері, көркем әдебиеттің тұлғалық дамудағы рөлі және жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастыру жолдары жөнінде ақын, «Айбоз» ұлттық сыйлығының лауреаты Хамит Есаманмен әңгімелестік.
– «Кітап оқитын ұлт» бастамасының негізгі мақсаты қандай және қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру неліктен маңызды?
– Бүгінде қоғамда көп адам кітап оқымайды деген пікірлер бар. Бірақ, жақсы кітап қай кезде де оқылады. Алайда, кейбір керемет шығармалардың көпшілік назарына ілінбей қалуы да мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Кітап оқитын ұлт” бастамасының негізгі мақсаты да әдебиетке қолдау көрсету, жақсы шығармаларды насихаттау, сол арқылы қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар, кітап оқыған ұрпақтың санасы тұнық, ойы анық, ұстанымы берік болады. Себебі, адам жаны ізгіленбей, қоғам түзелмейді. Қоғамды қалыптастыратын да адамдар. Өзін сауаттымын, білімдімін деп есептейтін кез келген адам кітап оқуы керек. Қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызы да ұлттың деңгейін ұлы биікке көтеру, азаматтарды парасатты ғұмыр кешуге үндеу болса керек. Әлбетте, кітапты да талғам таразысына салып, ой елегінен өткізіп, сана биігінен түсініп оқыған дұрыс. Кітап оқу дегеніңіз де мінез, рухани құбылыс. Кітап оқитын елдің ұрпағы ойшыл, ұлы Абай айтқан «Бес асыл іске» ынтық, «Толық адам» болып қалыптасатыны сөзсіз. Өйткені, біз қаласақ та, қаламасақ та, қоғамдағы түрлі кереғар көзқарастар бізге әсерін тигізеді. Ал, кітап оқыған ұлт, адамдар түрлі рухани кеселдерден алыс болады. Өзінше жол табатын санасы жарық, жүрегі жылы, жанары нұрлы адамзаттың асылы болмақ. Адам болған соң материалдық игілік те қажет, бірақ рухани игіліктің бәсі қай кезде де биік болуы керек деп ойлаймын.
– Кітап оқу адамның дүниетанымы мен ойлау қабілетіне қалай әсер етеді?
– Сөз жоқ, ерекше әсер етеді. Біздің бәріміздің тұрмыстық күнкөріске байланысты түрлі қажеттіліктеріміз бар. Сол сияқты, кітап оқу да айнымас ұстанымымыз болуы керек деп есептеймін. Сөз өнерін бойына сіңіріп, болмысына дарытқан адамнан жамандық шықпайды. Біз мысалы көп жағдайда барлық нәрсені көзбен көріп, қолмен ұстап қана дағдыланып кеттік. Бірақ, мына ғажап ғаламзат, жұмбағын жанына жасырған адамзат туралы көп ойлай бермейміз. Кітап оқу адам бұрын өзі көріп-білмеген ғаламат әлемге жол ашады. Қоғамда қазір «Мен кіммін?» дегеннен гөрі «Сен кімсің?», «Ол кім?» деген сұрақтар көп. Көп жағдайда біз өз жанымызға үңіле бермейміз. Өзгеден талап етеміз, көбіміздің өзімізге есеп бергіміз келмейді. Ойлау қабілеті деген құлақ естіп, көз көретін жер ғана емес, ол да адам жаны сияқты шыңырау дүние ғой. Кітап оқу бізді осылай тәрбиелейді. Қазір қоғам басқа, адам санасы да әртүрлі. Кітап оқу арқылы біз өзімізді түсінеміз, сосын барып өзгені түсінеміз. Өз жанымызды өзіміз емдеп, жан дүниемізді өзіміз жарқыратамыз.
– Неліктен көркем әдебиет адам тәрбиесі мен тұлғалық дамуының маңызды құралы саналады?
– Әдебиеттің өзі де адам әлемін зерттейтін дүние ғой. Әрине, адамды тек әдебиет қана тәрбиелеп, тұлғалық биікке көтереді деп айту қиын шығар. Бұл жерде баса айтатын дүние, тек қажетті, пайдалы кітаптарды ғана іріктеп, сұрыптап оқу керек. Адам бір кітаптың ішінен өзіне қажетті бір нәрсе ала алса, демек оның пайдасы бар. Мысалы, көркем шығармалардың кейіпкерлерін алайық. Жазушылар да мұны аспаннан алмайды. Бәрі де ортамызда жүрген адамдар. Ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлер болады. Мұның бәрі де (мінез, болмыс, рух) адамға анық көрінеді кітапта, содан кейін бірден әсер етеді. Әрине, ақиқаты жоқ ақылдың, негізі жоқ философияның ешкімге де қажеті жоқ. Тағы да ұлы Абай айтқан «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған» адамда ғана тұлғалық даму даму болады. Тәрбие деген адамның жаратылысында болады. Ал, өмірдегі түрлі құбылыстар адамның одан әрі дамуына оң әсер етеді. Кітап - соның негізгі өзегі.
– Қоғамда, әсіресе жастар арасында кітап оқуды насихаттау үшін қандай нақты қадамдар жасау қажет?
– Рухани сұранысқа сай келетін дүниелер көп жазылуы керек. Мемлекет бүгінде әдебиетті насихаттау ісіне жіті көңіл бөліп келеді ғой. Қазір де жақсы кітаптар бар. Тек жарнамасы аз болып, сол кітап туралы оқырманға толық ақпарат жетпеуі мүмкін. Ол үшін қазіргі түрлі барлық мүмкіндікті пайдаланып, жақсы шығармаларды жаппай жарнамалау керек шығар. Әдеби агенттер жұмыс істесе, (мұның да өзіндік мәселелері бар, қаражат, шығармаларды насихаттау және тағы да басқа) қаламгерлердің өздері де шет тілдерін меңгеруге күш салса дұрыс деген ойдамын. Жастарды кітап оқуға баулу үшін әуелі сананың өзгергені керек. Рухани құндылықтарды ескілік деп қарамай, жаңашылдық деп бағаласақ қана ұтамыз.
Томирис Маратқызы
Abai.kz