Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 6921 0 пікір 18 Желтоқсан, 2014 сағат 10:44

САХНА – ҒҰМЫР. «ӘРКАШ АҒА»

Ақиқатын айту керек, кейде біз өнер мен мәдениет қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын сөз етуге арнайы күн белгілеп, уақыт талғап, бап іздеп жүргенімізде қапыда бар қымбатымыздан айырылып қалып жатамыз. Содан да болар, өнер ардагерлерінің бойындағы асыл қасиеттерін, өзгеден бөлек болмысын бағалап үлгермей де қаламыз. Құнсыздығымыз бен қамсыздығымыздың салдары өскелең ұрпақтың алдындағы айыбымыз.  Осы оймен халқымыздың аяулы азаматтары, шынайылықтың шыңындай болған, табиғаттың таза өзіндей түрленген өнерпаздарымыз туралы ой толғағым келеді. «Алдымыз – асқар бел, артымыз- шалқар көл» арқамызды кеңге салып жүре бергенімізбен уақыт бір орнында тұрмайды. Өнер де көшпелі. Талай таланттардың тірісінде бір ауыз жақсы сөз айта алмай, дүниеден озған соң, мақтауға сөз таппай сан соғып жататынымыз туралы аз айтылып жүрген жоқ.  Сондай тарландардың бірі, өнер деген керуеннің басында сақал-шашын қырау басып, өзі сомдаған абыздай болып көрінетін  - Әбілқасым Жаңбырбаевтың (суретте) да ортамыздан кеткеніне біраз жылдар өтті.   

Қазақ даласында тұңғыш туын тіккен Семейдегі Абай театрының қарашаңырағында алғаш жиналған ат төбеліндей азғантай топтың көзін көріп, асу бермес алып өткелдің ісі мен өнеріне ой жүгіртіп, қайталанбас тірі тұлғаларға куә болған Әбілқасымның өнер өлкесіндегі орны бөлек болатын.

1942 жылы Семей қаласындағы театрға қызметке келгенде өнер ордасының құрылғанына сегіз жыл ғана болған екен. Содан бері театрда  400-ге жуық рөл сомдаған, әншейіндегі қозғалысы аз, отырысы көп, салмағы ауыр, кеңқолтық қазақты сахнаға жылмаң қақтырып жібере алатын тума талант есіме түскен сайын, осындай нар тұлғалармен замандас болғаныма, талай мәрте сұхбаттас болғаныма қуанамын. Қуанамын да, Арыстандай, Сырымдай ірі тұлғаларды сахнаға шығарған  қайраткердің дарынына қайран қаламын.

Көрер көзге қарапайым, шынашақтай тұлғаның бойына өнер шіркін тегінен дарыған екен. Әкесі Исайын Жаңбарбай – әнші, гармоншы болған.  Әкесіне еріп жүріп, Мұхтарды, Майраны, Әлкей мен Абай шәкірттерін көрген өнерпаз әкесімен бірге жиын-тойлардан қалмай, театрға жиі келіп жүреді. 1936 жылдардың қырғынынан аман қалған жеті баланың ішіндегі жалғыз қалған осы Әбілқасымды әкесі жанынан қалдырмай, өзімен бірге үнемі ертіп жүретін. Қағылез балаға жиын-тойға бару, театр ойынын тамашалау  қатты ұнайтын.

Кезекті «Ер Тарғын» пьесасын көруге келген Әбілқасым ойда- жоқта сахнаға шықпай қалған күтуші баланың орнына таңдалады. Күтуші бала ханзаданың  бетін желпуішпен желпіп тұруы керек екен.  Күні бойы әке қасында жүріп шаршаған бала күтушіні құс қанатымен жасалған желпуішпен желпіп  тұрып қалғып кетеді де, жалма-жан селк етіп, желпуішін жылдамдата түсіп,  шынайы жетім, күтуші баланың кейпін келтіреді.  Алғашқы рөлді қоюшы режиссердің көңілінен асырып, күтуші баланың рөлін сомдаған Әбілқасым театр табалдырығын осылай аттайды. Өзіне тапсырылған  образды беріле ойнап, тыңнан ерекше құбылыс таба білетін табиғи таланты театр қызметкерлеріне де қатты ұнайды. Сләмбек Қыдыралин, Гүлсім Әбдрахманова, Ибади Құлатаев, Ырысбек Жакенов сынды өнер сүйер қауым жас актерді қуана қабылдайды.

Содан бері театр сахнасында сомдаған көптеген рольдерінде көрерменнің көңілінен орын алып келген жас аса ауыр өнер жолындағы өз сүрлеуін салды. Қазақ ауылында болып жатқан әлеуметтік өзгерістер, ескі мен жаңаның арсындағы қайшылық, тарихи тұлғаларды көрермен көңіліне асыра жеткізді. Ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлер, асыра сілтеуші мансапқор, сатиралық табиғи дарындардың болмыс-бітімін, түп-төркінін жарқырата ашып берді. Өзінің жаратылысына ғана тән толып жатқан қимылдар мен қозғалыстар арқылы күлкі, қайғы аралас жалбарыну, есіркеу, таңырқау, қорқудың сырын түгел жеткізуді өнер әлеміне әйгілей түсті. Өзіне берілген рольді соқталап, сомдап болғанша образдың өрісін кеңейтіп, болмысын жан-жақты үңгіп, титтей түйірден құрастыра отырып артығын жонып, кемін толықтыра беруден жалықпады. Жылдар өткен сайын актер шеберлігі де ержетіп, есейе келе образдар да шыңдалып күшейе берді. Сөйтіп мектепте оқыған біраз жыл білімімен шектеліп, арнаулы оқу орындарында оқымай-ақ  образға керекті детальді күнделікті өмірден, тұрмыстан, көз алдында жүрген халықтан жинады. Театрдан тыс көшеде келе жатқанда, көлікте, жолда өзімен-өзі келе жатып кезекті рольдің сомдап келе жатады. Сондықтан да қайталанбас тұлғаның әр ойнаған образы да бірін-бірі қайталамайды. Сахнаға шыққан сайын қайта түлеп, тың қимыл, жаңа бейне жасайтын актардің репертуары қай жағынан алып қарасақ та бай. Талант ретіндегі дара тұрпатын ашатын «»Ер Тарғындағы» - күтуші баладан бастап, «Ғалиябанудағы» - Исмағул, «Айман-Шолпандағы» - Арыстан,  «Қозы-Көрпештегі – Қарабай, «Қаракөздегі» – Сырым, «Малиновкадағы той» қойылымындағы банды Ряб баба рөлдері Әбілқасымды өнер биігіне жетелей берді. 1965 жылы Ленин рөлін ойнау үшін актер таңдауға ол да Алматыға шақырылады. Танымал сахна саңлақтарының ішінен таңдауға Әбілқасым Жаңбырбаев ілініп, Ленинді қаз-қалпында сомдағаны үшін 1970 жылы «Халық әртісі» атағы беріледі. Орыс, өзбек, грузин тәрізді әр ұлт өкілдерінің рөлін таңдай ойнаған Әбілқасым – Қытайдың «Делқұлы» образын да жасап шығарады. Бұған дейін 1954 жылы «Қазақстанға еңбек сіңірген әртісі» атағы берілгені шын талантқа өнер жүгін арқалата түседі.

Шын жүйірік бап таңдамайды. Шын суреткер Әбілқасым да рөл таңдап көрген емес. Дардай атағым бар деп, кішкене рөлдерді қомсынбайтын. Ол жасаған кішкентай шедеврлердің өзі құм арасынан жылтыраған алтын түйірдей болып алыстан көрінеді. Тек, актерлік шеберлікке ғана емес, сөз мәнеріне, анық ұғылып, қазақ тілінің меруерттей таза шығуына, шығармалардың олпы-солпы бұрмаланбай, соңы жұтылмай  дәл айтылуына   аса зер салатын ұқыпты, тиянақты. Қандай өнер иесін атасақ та, оның аты – күрескер. Етек басты ескішілдіктен алыстап, жаңаның жаршысы болу, дүниедегі небір көркемдіктің қыры мен сырын ашу жолында бар қабілетін жұмсап, еліне, халқына деген ләззатын араның балындай жинаған бойындағы бар дарын шырынын беру – үлкен күреспен ғана келетін қиын да, қызығы мол ерен қасиет.

Актер – ақын тектес деген рас та шығар. Табиғат өзі берген шын талант қай жұмысты болса да, қайырып алып кетеді. Кездейсоқ көшеден көре қалсаңыз, өзімен-өзі күбірлеп бара жататын Әбілқасым – үйде де, көшеде де үнемі дайындық, ізденіс үстінде жүретін. Жеке шығармашылығы мен тәртіп-тәрбиесінің өзі бір мектеп, үлгі-өнеге деп бағалаған өнер сахнасы Әбілқасым Жаңбырбаевты қоюшы режиссер ретінде де таныды. Онға жуық қойған қойылымдарының ішінде – «Адасқан қыз», «Қош бол менің, ертегім», «Аюбайдың ажалы», сынды туындылар бар.

Табиғи талантымен-ақ еліне елеулі актер болмысы – сахнаға шығып, үндемей тұра берсе де образды сомдап тұрады. Бүкіл ғұмырын сахнаға арнаған хас шебер сахнаны сүйді, театрды жақсы көрді. Қызметін сүйіп, жақсы көру, кез келген салада – таланттың қырын аша түсетіні сөзсіз. Тер төккен сайын ашыла түсетін Әбілқасым «Жаушы», «Қан мен тер», «Толқындар жағада өледі» сияқты фильмдерге де түсті. Тағдыр жазмышы сауатын ашып, дипломды болуға жазбаған Жаңбырбаевтың бойында тәңір берген табиғи «диплом» болды. Пенделерге мөр бастырып алған алдамшы дипломнан ол – тәңір берген табиғи диплом әлдеқайда жоғары екенін мойындатты.

Қадір Мырза-Әлидің «Жазмыш» жинағындағы: «Жалпы оқу білім алу үшін емес, диплом алу үшін оқытылады. Білім мен диплом сәйкес келе бермейді. Ғылыми атақтар алып жүрген ғалым ағайындардың бәрі ғалым емес, кездейсоқ адамдар. Ал, дипломсыз сауаттылар қаншама...» дегені өмір шындығы.

Әбілқасым тұрмыс қасиетін де қатты қадірлеген. Театр шаңырағында танысқае өмірлік жары өнер сапарында да серік болды. Театр бишісі Дина Хисамуддинқызымен бірге – Әлия, Анар, Әлібек атты үш бала тәрбиелеп жеткізді. Үйлі-баранды балалары да өнер саласында еңбек етеді. Өкініштісі – балалары басқа мемлекеттерде тұрады. Азамат үшін орта жастан асқанда жарынан айырылудан артық қасірет жоқ. Қайшылыққа, қиындыққа қарсы тұруды сахнадан үйренген хас талант Динаны мәңгілік сапарға шығарып салғанда қатты күйзелгенімен сүйікті сахнасындағы өз орнын ойсыратқан жоқ. Талантына, қайратына бас иген кейінгі толқын күңіренуі мен күлкісі қатар жүретін драмалық, трагедиялық, комедиялық рөлдердің майталманы – Әбілқасым ағаларын «Әркаш аға» дейтін.

Өкінішке орай Ә.Жаңбырбаев туралы ғаламторда еш дерек жоқ екен.

Иә, жылдар жылжи береді. Сан буын өзгеріп, ұрпақтар орын алмасып, Әбілқасым Жаңбырбаевтың орны оқшауланып келеді. Өзінше жаңа қырлы таланттар өнер жарыстырып, өрден көрініп жатқандары да бар. Бірақ, дәл Әбілқасым - Әркаш ағадай,.. әй, қайдам...  Өйткені ол ұлттық сахнадағы табиғаттың өзі берген құбылыс. Жарқын да, мәңгі тұлға.

 Алмахан Мұхаметқалиқызы

Астан қаласы

Abai.kz

0 пікір