Жұма, 26 Сәуір 2024
Алашорда 5922 0 пікір 20 Тамыз, 2015 сағат 08:31

ТУРАҒҰЛ ЕСТЕЛІГІНДЕГІ ГУСТАВ ӘМІР КІМ?

Солдан оңға қарай: 1-қатарда: 1) Жақабай Əтікеұлы 2) Жұбандық Болғанбайұлы 
3) Турағұл Абайұлы 4) Əлихан Бөкейхан 5) Райымжан Мəрсеков 6) ?
2-қатарда: 1) ? 2) Мұқан Жəкежанұлы 3) Көкбай Жаңатайұлы 4) ? 
Семей. 1918 жыл.

          Турағұл Абайұлы (1877-1934) – Абайдың табиғатынан ерек, тумысынан бөлек аса дарынды ұлдарының бірі. Ақын, аудармашы, Алаш ісіне белсене араласқан, артына асыл қазына қалдырған жан. Турағұл Абайұлының қазақ әдебиетіне сіңірген өлшеусіз еңбегі – әкесі ұлы Абай жөнінде естелік жазып қалдыруында. Тікелей тәрбиесін көрген, ақыл-кеңесін тыңдаған зиялы перзентінің естелігі деректердің шынайылығымен, әке мұрасын талғампаздықпен бағалай алуымен құнды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін шығармаларын жинақтап кітап етіп бастыруға тікелей араласқан, өмірбаянын жазуға ат салысқан жанның естелігі де оқырманды баурап алып, ғасырға жуық мерзім жас буынның ақылшы, кеңесшісіне айналуы заңды құбылыс.

          Турағұл естелігіндегі ұлы ақынның өмірі, заманы, қоршаған ортасы араласқан адамдары, мінез ерекшеліктері, шығармаларының жазылу тарихы, тағы басқа жайлар ыждаһатпен мұқият қағазға түскен. Абай өмірінен кесек шығарма жазуға қамданып жүрген М.Әуезов тікелей ұрпағының аузынан шыққан сөздің бәсі ерекше екендігіне мән берген. Турағұл естелігінің дүниеге келуіне мұрындық болған М.Әуезов.

          Турағұл естелігінің алғашқы жолдары өздеріңізге белгілі: «Мен бұрын мұндай сөзді жазып, я жазған адамның кітабын оқып, танысқан адам емеспін. Бір күнгі, бір жердегі көргенімді есіме алып жазғаныммен сұраушы азаматтың көңіліндегі арманын ақтай алғандай емеспін». Сұраушы азамат - Мұхтар Әуезов. Кішіпейілділік пен биік мәдениеттің озық үлгісіндей естелікте қамтылған көптеген мәселелердің ішінен бір маңызды саласын бөліп алуды жөн көрдік. Ол – жазушы кітапханасы.

Жазушы кітапханасы – зерттеушілер назар аударуға тиісті ең күрделі, әрі маңызды проблемалар санатында. Қаламгердің жеке кітапханасында қанша кітап болған, қандай бағыттағы басылымдар, қайта-қайта «ақылдасатын» шығармалары, көбірек белгі салған, сұрақтар мен ой сілемдерін қалдырған кітаптары бар ма екен деген сауалдар тізіліп өтіп жатады. Кітап жинау да, оны оқу да өнер. Сөз шығармашылық иесіне ауысқан кезде мәселенің маңыздылығы тіпті арта түспек.

          Әңгіме ауаны Абайдың ақындық кітапханасына бет алғанда ахуал ауырлай түседі. М.О.Әуезов, Қ.Қ.Жұбанов айқындап, белгілеп берген ақын шығармаларының бастауындай үш қайнар бұлақтың төңірегінен шыға алмай жүрміз. Абай шығармаларының қор-нәрін құрайтын үш асыл арна методологиялық мәнді проблема. Бірақ – бұл тым жалпы ұғым ғой. Жалпылықтан жалқылыққа бет бұратын мезгіл жеткелі қашан?! Енді ұлы ақын оқыды-ау деген әрбір кітаптың соңына түсіп іздеуіміз керек.

Абайдың жеке кітапханасының жиналу тарихы ой жеткізбейді ғой, шіркін?! Алдымен, Семей қаласына келіп жүргенде қоғамдық кітапханадан басталған жол қаладағы некен саяқ кітап дүкендеріне тірелгендігі хақ. Уақытша оқуға алып кететін кітап, журналдарға қосымша дүкендерден сатып алған қымбатты қазыналарының болғандығы анық. Ұлы ақын жөнінде естелік қалдырған есті адамдардың деректеріне қарағанда оның жеке, бай кітапханасы болған. Турағұл Абайұлы: «Таңертеңнен кешке шейін, көбінесе кітабын оқиды да ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, қолында қарындашы, күңіреніп отырып өлең жазып тастайды», – деп ерекше мән бере тиянақтайды. Көп оқығандығына, жемісті шығармашылық еңбек жасағандығына дәлел.

          Абайдың інілері, балалары оның жеке кітапханасының үнемі толығып отыруына назар аударған. Мысалы, Омбы кадет корпусында, Москвада кавалерийская школада оқыған інісі Халиолла Өскенбаев жыл сайын елге демалысқа келгенде кітаптар ала келуді әдетке айналдырған. Ол туралы Әбіш Жиреншин: «Жазғы демалыста елге келгенде Халиолла астанадан қойын-қонышы толы көптеген кітаптар ала келетін болған. Осы кітаптарды үнемі оқып, Халиолламен іштей сырласып, пікір алысушы немерелес ағайындардың ішіндегі зерегі Абай болған» , – деп нақты атап көрсеткен.

          Абай қазақ халқы ауыз әдебиетінің, шығыстың классикалық поэзиясының, орыс және дүниежүзілік әдебиеттің үлгілерінен мейлінше қана сусындаған. Қазақтың бесік жыры, шешендік толғаулары, мақал-мәтелдері, ертегілері, батырлық, ғашықтық жырларын жастайынан жанына серік еткен.

Ақындық өмірбаянының бастауында Низами, Фирдоуси, Сағди, Хожа Хафиз, Науаи, Физули есімдерін еріккеннен ермек етіп тізбектемеген. Шығыс поэзиясының кәусарына кездесіп, шығыстық өрнектердің тұтқынына айналған жас Абай саналылықпен қабылдаған зор ғибрат, мол ләззат өлең жолдарында кестеленген-ді. «Жас кезінде парсы жұртының ертегілерін, Жәмшіт, Қаһарман сықылды кітаптарын да көп оқыса керек. Өзім көрген «Мың бір түннің» кітабын оқып, алғаш біздің елде «Мың бір түнмен» таныстырған кісі менің әкем еді, – дейді Тұрағұл. – Орыс кітабындағы Густав әмір сықылды әңгіме кітаптарды оқып елді таныстырды, біздің ел «Мың бір түннен» жалығып, орыс романдарына әуестеніп кетті».

Турағұл естелігіндегі «орыс кітабындағы» Густав әмір кім? «Орыс романдарына әуестеніп кетуі» қалай? Біздің пайымдауымызша, ол – француз жазушысы Гюстав Эмар (шын аты Оливье Глу; 1818-1883, Париж). Шытырман оқиғаларға құрылған отыздан астам романдардың авторы. Шығармашылық жолын 1856 жылы бастаған. Тек 1867 жылы 12 роман жазған. Г.Эмардың шығармалары Ресейде кеңінен таралған. 1899 жылы оның он екі томдық шығармалар жинағы Петербургте баспа көрген. Г.Эмардың романдарын кезінде Николай Гумилёв, Александр Грин, Самуил Маршак сияқты ірі қаламгерлер құмартып оқыған. Эмар кітаптары Семей кітапханаларына түсті ме, қаладағы орыс зиялыларының жеке жанұялық кітапханаларынан алып оқыды ма, әлде Абайға үлкен қалалардан туыстары сыйға ұсынды ма – жан-жақты қарастырған абзал.

          Қалай десек те ендігі жерде ақын кітапханасын зерттеуде Гюстав Эмар шығармашылығын жанап өте алмайсыз. Он тоғызыншы ғасырдағы француздың бұқаралық әдебиетінің көрнекті өкілі саналған, қиял-ғажайып, шытырман оқиғаларға негізделген детективтік романдардың авторы Г.Эмар туындылары Ресейде оқырманын тапты. Және Абайдың көзауласынан да тыс қалған жоқ. Сөйтіп жазушы кітапханасының шеңбері ұлғая түсті.

          Демек, қаламгер кітапханасы жүйелі зерттеуді қажетсінеді. Кітаптанушылардың дерегіне қарағанда Бірінші Петрдің, М.Ломоносовтың жеке кітапханалары жойылып кеткен. Зерттеушілердің тынымсыз ізденісінің арқасында ол кітапханалардың ұзынсонар сұлбасы қалпына келтірілген. А.С.Пушкин кітаптарының 5500 томды құрағандығы айтылып жүр. Ақын қайтыс болғаннан кейін түрлі жағдайда, әсіресе төңкеріс жылдары кітапханадан жұрнақ та қалмаған. Бүгінгі таңда 3000 кітаптың, мұның ішінде кітаптық нұсқасы, фотокөшірмесі, ксерокөшірмесі бар қалпына келтірілуі ғылымдағы ірі жеңіс қатарында. Соншама ежіктеп жатуымыздың мәні әріптес ғалымдарымыздың селқостық танытуы. Селқостық емей немене, Абайдың 150-жылдық ұлы дүбір тойы қарсаңында Тұрсын Жұртбай «Абай Құнанбайұлы» (1995) анықтама-мақаласын, «Кемеңгердің кітапханасы» (1995) зерттеуін жариялаған еді. Белгілі абайтанушы М.Мырзахметұлы «Абайдың ақындық кітапханасы» (2010), сондай-ақ «Бауыржан жазған һашия» (2005) мақалаларымен ой тастаған-ды. Амал не, қолдаушы, қостаушы, пікір жарыстырушы арамыздан шықпады. Бұлайша абайтанудың көсегесі көгермейді. Бүгінгі ізденушілерге ашылмаған аралдардың бар екендігіне назар аударамыз. Жиырма жыл өтсе де елең еткен, мұндай да проблема бар екен ғой деп қолына қалам ұстаған жанның көрінбеуі алаңдатпай қоймайды. Зерттеп, зерделеуден гөрі бос сөз, көбік сөзге үйірлігіміз қапаландырады.

Шағын ғана дерек абайтанушылардың алдында қыруар міндеттердің тұрғандығын мегзейді.

 

Арап Еспенбетов,

 Семей қаласының Шәкәрім атындағы

мемлекеттік университеті педагогика жоғары

мектебінің директоры, профессор 

(Мақала «Семей таңы» газетінің №65 саны, 18 тамыз, 2015 жылы жарық көрді.)

Abai.kz

0 пікір