Сейсенбі, 18 Ақпан 2020
Қоғам 1857 0 пікір 13 Наурыз, 2017 сағат 09:10

АЙЫПТАЛУШЫҒА ҚАРСЫ ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АЙТАРЫ ЖОҚ ПА?..

8-наурыз күні «Abai.kz» ақпараттық порталында кәсіпкер Қонай Масипханның ҚР Бас Прокуроры Жақып Асановқа жазған Ашық хаты жарияланған болатын. «Асановқа Ашық хат. Кінәсіз сотталып кететін болдым» атты кәсіпкердің жанайқайы 9-наурыз күні «Dalanews.kz» сайтында да жарық көрді.

Наурыздың 10-ы күні аталған мәселеге қатысты Алматы облысы, Іле аудандық сотында қылмыстық-процессуалдық іс қаралды.

Біз Сот отырысына қатысып, екі тараптың да уәжіне құлақ түрмек болдық. Мақсат -«Abai.kz» ақпараттық порталы мен «Dalanews.kz» сайтында жарық көрген Ашық хат мазмұнымен танысып шыққан соң, жәбірленуші тараптың пікірін білу болатын. Сот процессіне қатысуымызға Прокурор мырза мен айыпталушы тараптың қорғаушылары қарсы болмады.

Алайда жәбірленуші Бақытбек Тұтубаев пен оның қорғаушылыраның өтініші бойынша, судья бізді Сот залынан шығарып жіберді.

Дегенмен, біз Сот процессінің аяқталуын күтіп, Сот залынан шыға берісте жәбірленуші мен оның қорғаушыларын сөзге тарттық.

Жәбірленуші Бақытбек Тұтубаев бізге пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартып, «бұлар бәрібір сөзіңді бұрмалап жібереді» дегенді айтты. Ал, жәбірленушінің қорғаушысы (адвокат) Ілияс есімді азамат болса, бірден: «Сендердің сайттарың мен газеттеріңді жаптырып тастаймыз» деп, бізге өкетем сөйлей жөнелді. Сол сәтте біз диктофонды қосып, адвокат мырзадан аталған іске қатысты пікірін сұрадық. Арадағы аз-кем диалог былайша өрбіді:

Адвокат: – Сіз неге Бас Прокурордың бейнесін оның рұқсатынсыз қолданасыз, өз сайтыңызға? 145-ГК откройте. Закон открой.

Тілші: – Сіз адвокатсыз ғой. Алдымен аты-жөніңізді айтыңызшы анықтап?..

Адвокат: – Мен не үшін айтуым керек атымды?

Тілші: – Сіз адвокат ретінде қарсылығыңызды айттыңыз ғой, әлгі Ашық хатқа қатысты.

Адвокат: – Қандай хат? Қашан?..

Тілші: – -«Abai.kz» пен «Dalanews.kz» сайттарында жарияланған хат.

Адвокат: – Қашан претензия қойдым?

Тілші: – Сіз қарсы тарап өкілі ретінде Қонай Масипханның Ашық хатына қарсы не айтасыз? Соны білгіміз келеді.

Адвокат: – Ой, қойшы, бауырым...

Адвокатпен арамыздағы сараң сұхбаттың сықпыты осы болды. Өкінішті. Шамасы, ол және оның қорғауындағы тұлға «Abai.kz» пен «Dalanews.kz» сайттарын айыпталушы Қонай Масипханның ықпалындағы, соның сөзін сөйлеп, сойылын соғатын баспасөз деп ойлап жүрсе керек. Егер жәбірленуші Тұтубаев тарапы олай ойласа, қателеседі. Өйткені біз Қонайдың қолшоқпары емесіпз. Қала берді, БАҚ туралы заң талабы бойынша екінші жақтың да уәжіне құлақ асып, сөзін жария етуіміз керек. Осы мақсатта аталған іске байланысты субьективті көзқарас қалыптаспауы үшін, жәбірленуші Бақытбек Тұтубаев пен оның адвокатынан пікір алуға қанша тырысқанымызбен, онымыздан түк өнбеді. Керісінше, өзімізге қарсы негізсіз айып тағылып, қоқан-лоққы жасалды («сендердің сайттарың мен газеттеріңді жаптырып тастаймыз». Адвокаттың бұл айқайын Сот залында отырған төрт адам естіді). Алайда біз олардың (Б.Тұтубаев пен оның қорғаушыларының) әлгіндей сөзін қажығандықтан болар деп ойладық. Әйтсе де  көңілімізде: айыпталушының Ашық хатына байланысты жәбірленушінің де уәжі, қарсы аргументі, жауабы болуы керек қой, неге сонысын айтып, өз аяғымен Сот отырысына барып тұрған журналистердің қызметін пайдаланбады деген сұрақ қалды.

Келесі Сот отырысы 15-наурызға бекітілді. Алдағы уақытта Бақытбек Тұтубаев пен оның қорғаушылары өз пікірлерін айтуға ниет танытса, БАҚ туралы Заң аясында жариялауға дайын екенімізді ескертеміз.

Тоқтарәлі Таңжарық, «Қала мен Дала» газетінің бас редакторы

Нұргелді Әбдіғаниұлы, «Abai.kz» ақпараттық порталының контент-редакторы


0 пікір