Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 9313 0 пікір 6 Сәуір, 2017 сағат 08:55

Екінші думаның екі күні

Тарихи миниатюралар

Биыл Ресей империясында алғашқы орыс революциясының дүмпуі мен жалпымұсылман және Алаш ұлт-азаттық  қозғалыстарының өрістей түсуі нәтижесінде құрылған   Мемлекеттік Думаның екінші шақырылуы жұмыс істеген шаққа жүз жыл толып отыр. Екінші Мемдума жұмысына отар елге айналғанына жаңа тұрпатты саяси қозғалысы арқылы өркениетке сай наразылық білдірген  қазақ халқының өкілдері де қатысты. Олар тыныс-тіршілік үшін маңызды мәселелерде туысқан түркі халықтары қайраткерлерімен бірге ұлт мүддесін қорғауға атсалысты.  Жиырмасыншы ғасырдың басында Петрборда тұрып, Мемлекеттік Дума жұмысын газет тілшісі ретінде бақылау мүмкіндігі болған  Өтеміс Батырбайұлы Өмірбековтың біздің заманымызға жеткен жазбаларын Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ  өзінің «Алаш жолы» рисәләсін жазуда пайдаланған екен. Сол жазбалардағы 1907 жылдың 15 мамырында – оқу-ағарту және 16 мамырында жер-су мәселелерінің Мемдумада қаралуын көрсететін деректердің «Алаш жолында»   бейнеленген нұсқасын оқырмандар назарына ұсынамыз.

 

ИМПЕРИЯЛЫҚ ОҚУ-АҒАРТУ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ

Санкт-Петербург, 15.05.1907

 

І.  Үкімет декларациясын күту

1907 жылғы 6 наурызда, Екінші Мемлекеттік Думаның бесінші отырысы ашылар алдында,  біз баспасөз қызметкерлеріне арналған ложаға ерекше толқынысты сезіммен жиылдық. Ложа мінбенің сол жағында, одан сөйлейтін шешен де, мәжілісті басқаратын төралқа да, депутаттар толы зал да алақандағыдай көрініп тұрады. Бүгін мұнда ине шаншар жер жоқ еді. Сан-түрлі басылымдардан – оңшыл, үкіметтік, солшыл  газеттерден келген тілшілер орындықтарға сыйғандарынша тығыз жайғасқан. Талайы иін тіресіп, түрегеп тұрған.

Себебі бүгін Таврия сарайына премьер-министр Столыпин келмек. Ол Екінші Мемлекеттік Дума мүшелерін үкімет декларациясымен таныстырады деп  күтілуде-ді.

Біз үшеуіміз артқы қатардағы орындықтарда сығылысып отырғанбыз. Кенет Жасайдың арғы жағындағы Слава Преображенский жирен шашын саусақтарымен артына қайыра тарап:

– Қызық, Дума Петр Аркадьевичті қалай қарсылар екен? – деп дауыстады.

Әлдекім бір қанаттан көңілдене мырс ете түсті:

–  Қалай болушы еді? Киіміне қарай да...

Оны тағы біреу іліп әкетті:

–  Сосын ақылына қарай шығарып салады...

Слава қойындәптерінің қырымен иегін ойлана үйкелеп, байсалды жүзбен басын шайқады.

– Әріптес мырзалар, сіздер белгілі сөз тіркесінің алдыңғы бөлігіне тым жеңіл қарап тұрсыздар!

Әлгінде ғана ойнақы тілмен жеңіл үн қатқан әріптес мырзалар иықтарын қусырды. Бірі миығынан жымиды да қойды, енді біреулері өзара әңгімелерін жалғастырды.

Жасай жөткірініп, Славаның қарынан қақты:

– Аптықпа, Святослав Львович!

Слава аузын ашып үлгерместен, жайбарақат үнмен:

– Меніңше, қымбатты дос, соған сен тым көбірек мән беріп тұрсың,  – деді. – Министрлер Кеңесінің төрағасын лауазымына сәйкес қарсы алу керектігі өз-өзінен түсінікті ғой...

Слава жүзін Жасайға аударып, бермен қарай бұрылып отырды да,  өз ойын дәлелдеуге кірісті. Мен олардың ақырын күбірлескен пікірталасына араласпай, үнсіз құлақ салып қана тыңдадым.

–  Сен, Джасай Куватович, Питерден өзіңнің шетсіз-шексіз сахараңа аттанар шақта, Столыпин мырза бар болғаны ішкі істер министрі болатын, – деп бастады Слава әңгімесін, – ал сен денсаулығыңды күйттеп,  шипалы қымыз ішіп қыдырып жүрген күндердің бірінде – ол бас министр болып тағайындалды. Және ішкі істер министрі портфелінен де айрылған жоқ. Сонда қайтті дейсің ғой? Тыңда: ол өзінің премьерлігін ізінше-ақ Думаны қуу актімен атап өтті! Оны аз десең, менің далалық досым, ол өзінің Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымына жетуін  Бірінші Дума мүшелерінің үштен бірін соттатып, үш айға абақтыға жапқызу арқылы үстемелей тойлады. Сондай үкімет басын Дума мүшелері жылы шыраймен қарсы алуы мүмкін бе? Айтшы қане?!

–  Тағы да болымсыз жәйтке толымды мән берумен шұғылданып отырсың, Преображенский мырза, – деді Жасай қаршыға қабағын жорта түкситіп. – Оған кім қарсылық көрсетуі мүмкін? Үкіметтің сен айтып отырған істеріне бола ашу шақыруы ықтимал Дума жазда тарқатылған. Ал сотталғандар болса – қарсылық жасауға қауқарсыз, үкімет оларды қаңғытып жіберген. Выборг үндеуіне қол қойғандардың басым көпшілігі – жүз алпыстан астам конституционалист-демократ  бүгінде саяси құқық тұрғысынан есепке кірмейді. Өйткені, үш айға сотталып, түрмеге жабылуымен қатар, бәрі де саясаттан біржола сызып тасталған. Екінші Думаға сайланбақ түгіл, соған байланысты өткізілген күні кешегі сайлау науқанына қатыстырылған да жоқ. Ойлансайшы өзің, қолында нақты билік тұрған, патшаның өзі демеп, қолдап отырған бас министрге  қандай күш қайтіп наразылық көрсетпек?

Слава берісер емес. Қызуланып, бірдеңкені үстін-үстін төпелете, көкейіндегі түйткілдің орындылығын  дәлелдеп жатты.

 

***

Шындап келгенде, оның пайымының жаны барлығы даусыз-тын.

Екінші Мемлекеттік Дума жұмысын бастағалы екі аптадан асып бара жатқан. Бірақ, ол ашылғаннан бері, билікпен әлдебір қарым-қатынас жасау әрекеті байқалған жоқ.

Былтыр Государь Император Бірінші Дума депутаттарын өзінің қабылдауына шақырып, тақытты залда батасын берген.  Ал биыл Екінші Думаның ашылуына жәй ғана құттықтау хат жолдаумен шектелді.

Премьер-министр Столыпин болса – Дума дуылдасып жатқан екі аптадан бері депутаттар алдына енді ғана келмек.

Менің жақсы танысым приват-доцент Лев Блюменталь жақында бір кездескенімізде, саясаттың ұңғыл-шұңғылымен еркін саяхаттайтын әдетіне салып, думашылар құрамын сипаттаған.  Кадеттердің азайғанын, есесіне, түрлі реңктегі қаражүздікшілердің пайда болғанын, сондай-ақ түрлі ағымдағы социал демократтардың қатары да молайғанын цифрлармен өрнектеген. Мұндай ахуалда Дума билікпен де, өз ішінде де тату-тәтті қызметтестік жасай қоймас, жалпы, халық өкілдігі мына Таврида сарайының күмбезі астында мамыражай өмір сүре алмаса керек деген болжам айтқан...

Мұндай немесе осыған тақау көзқарасты мұсылман фракциясындағы өзім білетін, біздің редакциямызға келіп-кетіп жүретін депутаттардың ұстанатынын білем. Әсіресе біздің баспагеріміз Ілияс Борағанлы мен бас редакторымыз Әбдірәшит қази Ибрагимов ағалар  газеттердің кезекті нөмірлерін дайындау барысында  алмасып отыратын ақпараттардан да сондай сарын аңғарылатын.

Екінші Дума сайлауы былтырғы ережемен, Бірінші Думаны сайлаған көп сатылы  амалмен жүргізілді. Депутаттыққа кандидаттар  сайлаушыларды әлеуметтік жағдайларына қарай топтайтын куриялар бойынша таңдалып сайланды.  Былтырғыдан  бір айырмашылығы, біздің мұсылмандар арасынан өкілдер таңдау науқаны уақыт жағынан  созбұйдаға салғызылмай, басқалар қатарлы, биылғы жыл басында бір мезгілде өтті.

Бірінші Дума тарқатылған кезде жер-жерде шаруалар толқуы орын алып тұрған-ды. Тіпті  толас таппай, күннен күнге кең өріс алып бара жатқан. Столыпин үкіметі сонымен күресті күшейтті. Әскери-далалық соттар тағайындады. Сөйтіп, бас көтерген шаруаларды және оларды революциялық қимылдарға шақырушыларды жер-жерде бірден қатаң жазалады.

Сонымен қатар, 17 қазан манифесі туғызған көңіл-күй жетегімен елдегі ірі қалаларда жаппай ашылған газеттердің жұмыстары тоқтатылды. Бірі біржола жабылды, келесілеріне әкімшілік шаралар қолданылды.

Империядағы аграрлық шиеленістерді бәсеңдетуге бағытталған басқа да шаралар алынды. Мәселен, 1906 жылғы 5 қазанда Думасыз-ақ заң шығарылып, шаруалар құқы елдің басқа халқымен теңгерілді. 9 қарашада тағы бір жер заңы шықты, ол кез-келген шаруаға қалаған уақытында қауымдық жерден өз үлесін бөліп алуға рұқсат берді. Осындай заңнамасы арқылы үкімет елді тыныштандыруға тырысты.

Сөйте отырып, үкімет сайлау барысын жіті қадағалауды, сөйтіп екінші Думаны өз қалауымен жасақтауды жүзеге асырмақ болды.   Бірақ, сайлау заңын өзгертуге жасқанды. Сондықтан да, Екінші Думаға депутаттар сайлау науқаны күллі саяси күштердің қатысуымен, дуылдаған саяси айтыс-тартыспен, қызу өтті.

Менің Питердегі түрлі саяси клубтарда болып тұратын, өздері де талдау қабілетіне ие достарымның айтуынша, бұл сайлау науқанында төрт ағым күресті.

Қандай дейсіз бе?

Ең алдымен, самодержавиені нығайтуға тырысатын оңшылдар, мұны бір деңіз. Екінші топ – Столыпин  бағдарламасын қоштаушылар. Олар  үкіметті 17 қазан манифесі арайында жақтайтындықтарын білдіріп,  партиясына атты да солай – әйгілі бостандық манифесіне қол қойылған күнді көрсетіп,  «17 қазан одағы» деп қойды, өздерін де қазаншылар, яғни октябристер деп атады. Үшінші елеулі топ, әрине, кадеттер – халық  бостандығы партиясы. Сосынғы төртінші ағымды  біріккен солшылдар құрайды.  Бұлардың қатарында – социал-демократтар, олардың ішінде меньшевиктермен қатар, өткен сайлауға бойкот жариялап, қатыспаған, бұл жолы тактикасын өзгерткен большевиктер де кіреді, сосын социалист-революционерлер және басқа да социалистік топтар бар.

Бірінші Думаны сайлау кезінде ешкім де үкіметті жақтамай, жабыла сынаған болатын. Ал  бұл науқанда, осы жіктелген ағымдарға сай, биліктің әрекеттерін ашық қолдаушылар бой көтерген. Халық  содан барып  олардың баспасөз беттеріндегі, сайлаушылар алдындағы қызу айтыстарына куә болған.

Ақыры, сайланған халық өкілдері шартараптан  жиналып, Дума 20 ақпанда алғашқы мәжілісіне кірісерге дейін, осынау алуан пікірлі күштер арасында депутаттық орындардың қалай бөлінгені белгілі болды.

Бес  жүзден астам мүшесі бар депутаттық корпустың 114-ін, яғни жиырма пайызын социал-демократ, эсер, халық социалистері алды. Конституцияшыл демократтар, яғни кадеттер саны жүзге тарта, дәлдеп айтқанда, 98 адам болды, бірақ олар былтырғыдан екі еседей азайып кетті. Оның себебі, шынында, Жасай айтқандай, Бірінші Думадағы аузынан от шашқан кадет-шешендердің патша пәрменіне наразылық білдіреміз деп  істі боп қалғанында, «Кресты»  түрмесінен бір-ақ шыққанында болатын.

Атап айтатыны, сол фракцияға, неге екенін, қазақтардан жападан-жалғыз жетісулық депутат Мұхамеджан Тынышпаев тіркелді.

Мұхамеджан  Екінші Дума мүшелері ішіндегі ең жас халық өкілдерінің бірі болатын. Мен оны осында оқып жүрген кезінен, алдыңғы жылы автономияшылар съезіне қатысып, сөз сөйлеген шағынан танимын. Дұрысында, съездің жүзге тарта делегаттары мен қатысушыларына  Қазақ елінің бастан кешулі саяси ахуалы жайында баяндап берген оның сөзін Жасайдың сын тезіне алғанына куә болғанмын.

Сонда оларға Сәлімгерей сұлтан Жантөрин ағамыз басу айтқан-тын. Ол кісі, жалпы, профессор Бодуэн де Куртенэнің жетекшілігімен сонау құрылтайшы съезді шақыру және автономияшылар одағын құру жұмысын ұйымдастырушылардың бел ортасында жүрген. Сол съезде одақты басқаратын алқа ағзасы болып сайланған-ды.

Автономистер құрылтайына баяндамасын студент Мұхамеджан Тынышпаев Сәлімгерей сұлтанның ақылымен дайындаған. Бәлкім, осы жолы да оған, енді Екінші Дума мүшесі  Тынышпаевқа, кеңесті тағы сол кісі берген шығар.

Менің анық білетінім – Бірінші  Думадағы мұсылман фракциясы басшыларының бірі  Сәлімгерей аға Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін сотты болып, саяси құқығы шектелгенін  елең қылған емес. Башқұрт  еліндегі иеліктерінен қара күзде оралып, қыстай Петрборда тұрғанында, түркі халықтарының болашағына ықпал етерлік саясат  жайында Ілияс, Әбдірәшит мырзалармен әңгіме-дүкен құратын. Осы күндері Екінші Дума мүшелерімен жиі пікірлесіп жүреді. Думадағы кадеттер фракциясы ішінде өз өкіліміз болуы қажет деген ойды олардың саналарына сіңіріп, оған Мұхамеджанды бірден-бір лайық депутат көруі ықтимал. Онымен бәрі санасатын.

Бір қарағанға, Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын құрған оралдық депутат Бақытжан сұлтан Қаратаев Думада кадеттер арасынан табылуға тиіс еді. Алайда олай болмады. Қазақ кадеттерінің жер-су жайындағы бағдарламасы астанадағы әріптестері тарапынан Бірінші Дума алдында-ақ қатты сынға ұшыраған, содан бері Бақытжан ағаның  іші оларға аса жыли қоймаған тәрізді. Әйтеуір, ол мұсылман фракциясына тіркелді.

Бөкейлік Бақтыгерей Құлманов, торғайлық Ахмет Бірімжанов ағалар алғашқы Дума мүшелері еді, Екінші Думаға да депутат болды. Екінші Думаға менің ұстазым, Бірінші Думаға депутаттыққа сайланғанмен, комиссия өткізбей тастаған ақмолалық Шәймәрден молда Қосшығұлов та жолдама алды.   Ал семейлік  Темірғали қажы Нұрекенов пен сырдариялық Тілеулі Аллабергенов бірінші рет депутат болған. Бұлардың бәрі мұсылман фракциясына енді.

Не керек,  жетісулық  Мұхамеджан Тынышпаевтан өзге қазақ өкілдері  мұсылман фракциясына кірген  отыз депутаттың қатарынан табылды.

Екінші Думада еңбек тобы мен шаруалар одағы фракциясы күшті топ құрды, олардың қатарында 104 болды. Білікті саясаткерлердің айтуынша, трудовиктердің бұл жолғы сайлауға шыққан бағдарламасы да мықты екен. Олар ел ішінде кең көлемде демократиялық өзгерістер жасауға шақырған үгіт-насихат жүргізіпті.

Халықтың шынайы билігін айқындап-тағайындап, бекем қамтамасыз ету үшін – Құрылтайшы жиналыс шақыру керек  деп есептеді еңбек тобы. Сондай-ақ, еңбекшілдердің жалпыға ортақ сайлау құқығын енгізу, азаматтардың заң алдында тең болуын қамтамасыз ету, жеке тұлға дербестігіне, сөз, баспасөз, жиналыс, одақ еркіндігіне, қалалар мен селоларда жергілікті өзін өзі басқару тетіктерін іске қосуға қол жеткізу жөніндегі кесімді ойлары көпшілікке ұнады деседі.

Трудовиктер әлеуметтік салада да ірі межелер белгіледі. Сословиелер  мен сословиелік шектеулерді жою, кіріс көбейген сайын өсіп отыратын табыс салығын белгілеу, баршаға ортақ тегін оқыту тәртібін енгізу, армияға реформа жасау, барлық халықтардың құқықтары бірдей болуын жариялау, мемлекеттің бірлігі мен тұтастығын сақтай отырып, жекелеген облыстарға мәдени-ұлттық автономия беру – олардың терең иланым, берік ұстанымы болды.

Аграрлық салада еңбекшілдер Бірінші Думаға  «104-тің жобасы» деп ұсынылған бағдарламаны  қуаттады.

Оларға да біздің өкілдеріміз мүдделілікпен көз салатын, бірақ, дегенмен, отыз депутатымыз шашау шықпай, бір мұсылман фракциясын құрды. Өзіндік көзқарасы бар   поляк колосы 46 мүшені біріктірді. Сонда ұлттық топтар Думада барлығы 76 орын алды. Олардан басқа,  казактар тобы болды, оған шамамен, өткен жылғыдай, 17 мүше кірді. Ал ешқандай партияда жоқтар елу адам екен, оны былтырғыдан екі есе аз деседі.

Жалпы, Дума құрамындағы солшыл депутаттардың үлесі 43 пайыз, яғни  222 мандат, оңшылдардың  үлесі 10 пайыз – 54  мандат, ал, көп ұзамай, Думаны қайткенде сақтап қалу тактикасын ұстанатын кадеттер үлесі – 98   мандат, яғни 18 пайыз болды. Осы жіктердің өзінен-ақ Екінші Думада ой-пікір алуандығы жағынан кемдік болмайтыны сезілетін.

 

***

– Слава, аптығыңды бас, сенің жорамалыңның құйрығы бір-ақ тұтам боларына қазір көзіміз жетеді. – Жасай қулана күлімсіреп, иегімен төрді нүсқады. – Қара...

Залға оңшыл кадет, Мәскеу губерниясының депутаты, Екінші Мемлекеттік Думаның төрағасы Федор Александрович Головин бастаған Дума төралқасы кіріп келе жатты.

 

ІІ.  Премьер-министр және заң жобалары   

Мұртының үзын шалғысы қайқиған қасқабас Дума төрағасы Головин асқақ жүзбен залға қарап:

– Сөз Министрлер Кеңесінің төрағасына беріледі, – деп хабарлады.

Осылай деді – Министрлер Кеңесі төрағасының аты-жөнін айтпады. Мұнда оның кадет ретіндегі көзқарасы – халыққа қарсы үкіметпен ымыраласып былықпау, атқарушы билікке биіктен менсінбей қарау қасиеті жатқаны күмәнсіз. Парламент журналистикасын кәсіп еткен, түрлі құпия хабарды  жұрттан бұрын біліп жүретін Славаның айтуынша, ол Мемдума төрағалығына сайланып, патшаның қабылдауына барғанында да өзін өте айбынды ұстапты. Тіпті үкімет тарапына жағымсыз сөз айтып жіберуден тайынбапты. Сонысы үшін оны Екінші Николай аса жақтырмай қалған көрінеді дейтін.

Бірақ Минкеңес төрағасы Столыпин оның құрғақ хабарлауына мән бермеген сияқты. Беймарал жүзбен аяғын салмақтай басып, мінбеге беттеді.

Оған оң жақ қанаттың алдыңғы жағында отырған депутаттар ғана қол соғып құрмет көрсетті.

– Оңшылдар мен қаражүздікшілер, – деп сыбыр етті біреу арт жақтан.

Залдың басым бөлігі үкімет басын үнсіз бақылап отыр. Ол мінбеге шықты да, өзін парламенттің жаңа құрамы осылай қарсы аларын білгендей, жайбарақат кескінмен сөз бастады:

– Мемлекеттік Думамен бірлескен қызметті бастау алдында мен Монарх еркіне сай жасалған және министрлік оның биік назарына ұсынуға бел байлап отырған заңнама жобаларын мүмкіндігінше толық және айқын таныстыруым қажет деп санаймын.

Солай айтқанмен, жекелеген заң жобаларының мән-жайын баяндауға бірден көше қоймады. Одан бұрын және тіпті, үкіметтің басшылыққа алып отырған идеясын түсіндірудің де алдында, ол өзі үкімет атынан Мемлекеттік Думаның назарын аударғысы келетін аса маңызды мәселе жайында айта кетпекші.

– Ұлы Мәртебелі Императордың үкіметі халық өкілдерінің қарауына ұсынатын заң жобаларына қатысты басшылыққа алатын және қатаң ұстанатын ереже жайында мен Мемлекеттік Думаға айтпай тұра алмаймын, – деді бас министр. – Әңгіме сол жобаларды қорғаудың мән-маңызы мен тәртібі жайында.

Кіріспесін осылай бастап алды да, залға ойлана көз салып, терең тыныстады. Сосын өкімет құрылысы бекем қалыптасқан елдердегі тәжірибеге тоқталды. Одан – қайта құру кезеңінде тұрған, демек, қоғам өмірі бығу, бұзылу, ашу кезеңін бастан кешіп жатқан елдегі, яғни Ресейдегі заңнама жасау ерекшеліктері жайында пайымын білдірді.

Ол ұзақ сөйледі. Үкіметтің  ел тыныс-тіршілігінің күллі қырын жақсартуға бағытталған жұмыстардан хабардар етті.  Сосын үкімет тарапынан Мемлекеттік Думаға ұсынылмақ заң жобаларының бағыт-бағдарларын баяндады.

Жалпы, премьер-министрдің декларациясын Дума соншалықты түсіністікпен тыңдап, оң көзбен қарсы алды деуге болмас, бірақ бұл басқа әңгіме. Оған кейінірек бір айналып соғармын. Қазір мен оның сөз бостандығы мен ағарту мәселесіне байланысты айтқандарын есіме түсіріп отырмын. Үкімет басы оларға қысқа ғана тоқталды. Бірақ дұрыс сөздер айтты ғой деп ойлаймын.

Мәселен, ел ішінде басшылық жасауда уақытша қолданылып жатқан заңдардан басқа, Мемлекеттік Думаның осы сессиясына ішкі басқару саласынан бірқатар жаңа заң жобаларын қарауға ұсынбақ екенін айта келіп:

– 17 қазандағы манифест жария еткен, бірақ әлі заңмен тиянақталмаған құқық негіздері үшін заңнамалық нормалар  жасауды үкімет өзінің борышы санап отыр,  – деді.

Сосын сол үкімет борышының нобайын нақтылау орайында,  сөз бен баспасөз бостандығы, жиналыстар өткізу және одақтар құру  еркіндігі уақытша ережелермен ғана белгіленгенін айтты.

Ар-ождан бостандығы, жеке тұлғаның, мекен-жайдың қол сұғуға жатпайтын дербестігі,  хат-хабар алысу құпиясының сақталуы нормаланбаған күйде қалып тұрғанын ескертті.

Соның бәрін ел игілігіне қызметке қою керек деді. Сол мақсатта депутат мырзалардың жұмыла еңбек етіп, үлкен жанашырлық танытуы ләзім. Әр заң жобасын мұқият қарастырсын. Талқыға  салсын. Және көп созбай қабылдасын да, Мемлекеттік Кеңестің қарауына жіберсін. Мемлекеттік Дума өзі, жалпы, солай етуге тиіс.

Үкімет пен Дума өзара түсінісіп қызмет атқарар болса, ал үкімет басы солай боларына кәміл сенеді, онда халық өкілдері заң шығарушылық қызметте Ұлы Мәртебелі Государь Императордың сенімін абыроймен  ақтайды...

– Мұндай нақыл Думаның қаймағына ұнамайды, анық, – деп сыбыр етті Слава.

Маған да солшылдар оны тыңдаған сайын тағатсызданып бара жатқандай көрінді...

 

***

Баспасөз жайындағы заң жобасын жасау және оны Думаның қарауына ұсыну әзірге үкіметтің жоспарында ғана екен.

Ал бүгінге дейін жалпақ елде, 17 қазан манифесін арқа тұтып, жүздеген басылым ірге көтерді. Әсіресе орыс тілінде шығатын газеттер көп. Біздің түркілер де көштен қалмауға тырысуда.

Тіршіліктеріне  азды-көпті араласып жүргендіктен, өзімнің анық білетінім  – былтырдан бері Петрборда оқырманға бірнеше татарша басылым жол тартты.

Ғатуалла ахун Баязитовтың  басшылығымен «Нұр» газеті шығып келеді. Рас, «Нұр» саясатқа көп бармайды, одан гөрі, негізінен, тікелей татар тілін дамытуға, татар түркілері арасында Қазан диалектін орнықтыруға күш салып жатқан тәрізді. Сосын астанада үлкен жәми – соборлық мешіт салудың жәй-күйін жиі жазады.

Заманалық мәселелерді Әбдірәшит қази Ибрагимов өзінің «Үлфәт» пен «Тилмиз» газеттері беттерінде қозғауда. Ол кісі жаршы парақша да шығарып қояды. Рашид ағаның осы басылымдары маған, қара жұмысын өзім жиі атқаратындықтан ба, астананы бұқарамен жалғастырып тұрған, алыс-жақын түркі жұртшылығына ең жақын тіл, көз бен құлақ іспетті көрінеді.

Бір топ мұсылман депутаты, ішінде менің Шаһмардан Қосшығұлов ұстазым да бар,  еңбек тобының тұғырнамасын қолдап, «Мұсылман хезмат тейфасы» деп аталатын жеке фракция құрмақ боп жүрген. Солар жақында «Дума» деген газет шығара бастамақшы. Оған Фуат Тоқтаров пен Ғаяз Исқақи тәрізді ақын-жазушы, көрнекті қайраткерлер идеялық тұрғыдан әсерін тигізуге әрекеттенуде. Мұсылман  депутаттарының дәулеттілерді емес, кедей тапты қорғаудағы ой-пікірін көпшілікке аян етуді, олардың Думадағы салмағын арттыруды, жалпы, саясат жықпылдарында әрдайым мұсылман жұртының ең өзекті мәселелері мен мүддесін қорғауды көздейтін сыңайлы.

Бұлар – исі мұсылманның сөзін сөйлейді дейтін баспасөздің тек Петрбордағылары ғана. Ал Қазанда, Орынборда, Омбыда татар тілінде қанша газет тасқа басылып жүр десейші.

Бақшасарайдағы Ысмайыл аға Гаспралының «Тәржіманы» күллі түркіге ортақ түсінікті тілде сөйлеуге тырысып шығып келе жатқалы қай заман. Бірақ ол да,  бәрібір, зиялы топқа ғана ұғынықты. Қазақ бұқарасы оны қолдан қолға беріп құмарта оқиды дей алмайсың, себебі тілі  қазақшадан гөрі  татаршаға  көбірек жақын.

Ал таза қазақша басылым жоқ.  Петрбор түгіл, Қазақ елінің өз іші түгіл,  оған жапсарлас жатқан қалалардың ешқайсысынан да бірде-бір газет қазақтың тілінде шықпайды. Шыққан да емес.

Әрине, өткен ғасырдың  70-жылынан он үш жылдай Ташкентте жарық көріп тұрған «Түркiстан уәлаятының газетi» мен 88-жылынан Омбыда он төрт жыл басылған «Дала уәлаятының газетi» секілді өкіметтік газеттерді есептемегенде.

Өкімет оларды өзі ашты, өзі жапты.

Ашқаны – мемлекет жарлықтарын жергілікті халыққа өз тілінде ұғындырып тұруды мақсат етті. Жапқаны – сол газеттер ептеп те болса, халықтың жазба тілін қалыптастырып, санасын оята бастаған. Ал ондай құбылыс билеушілерге ұнамайтын. Сондықтан пәрмен, әмір біткенді тек орысша жария етті: түсінгісі келген бодан орысшаны өзі үшін үйреніп алады...

Ал елдің тыныс-тіршілігі, әлеумет, мәдениет, дүниетаным мәселелерін қазақтың өз тілінде қозғауға мүмкіндік жасау дегенді айта көрмеңіз. Бұратанаға баспасөз құралын ашып беру дегеніңіз – оны өзіңмен теңестіруге жол ашып берумен бірдей. Енді өкімет ондай осалдық жасамайды.

Оны зиялылар айқын-ақ ұқты. Бірақ өз беттерінше ештеңе жасай алмады. Тіпті 17 қазан манифесі жария еткен бостандықты да пайдалана алмады, әлде жан қинағысы келмеді. Қалай дегенде де, жұртшылықтың өзінің бастамасымен ашылған, өзінің жоғын жоқтап, заман ағымына сай үн қататын газеті қазақ арасында болған емес, болмай да тұр. Оны бәрі айтатын. Және айтудан әріге бармайтын.

– Рашид қази, сіз Орынбор мешітінде діни қызмет атқарған заманыңызда қазақтарды тәп-тәуір білдіңіз, – деген-ді бірде Сәлімгерей сұлтан. – Оларға арнап үнпарақ жасауды өзіңізге парыз тұтқайсыз. Сіз бен біздің автономия жайындағы арманымыз сондай қадаммен даярлана бастаса керек.

Әбдірәшит аға жымиды. Өзінің  Сәлімгерей аға Жантөринмен бірлесіп шығарған «Автономия» атты кітабын еске түсірді ғой деймін. Мен солай ойладым, бірақ, артынан белгілі болғандай, оның кеңпейіл жымиысының мәні тереңіректе екен.

– Сұлтан, – деді ол әуелі, – сіз бен біз құрысқан автономистер союзы да арманымызға қарай беттегенімізді көрсетпей ме...

Олар Столыпин үкімет басына келгелі биліктің автономияшылар одағына қыспақ көрсетіп жатқанын өкіне әңгіме етісті. Одан кейін барып, Рашид қази өзінің қазақ түркілері жайында әрдайым биік ойда жүретініне сұлтан тарапынан қылаудай да күмән болмауға тиістігін айтты. Шындап  келгенде, ол қазақтарды тек сол жақта туып-өсіп, қызмет істегендігінен ғана біледі деу – мәселенің бергі жағы ғана.

Сұлтанның ойына да келмеген жәйтті қазір Рашид қазидің өзі айтсын, – оның арғы аталары кәдімгі қазақ көшпенділерінен. Яғни ол қазақтың тұп-тура өзі. Сұлтан бұған қалай қарайды? Татар мен қазақ былай да туыс, түбі бір түркі. Ал татар саяси қайраткері өзінің шыққан тегін қазақ деп отырса, қазақтың қамын оның жаны ауыра ойлайтынына кім күмәнданбақ?

Әбдірәшит ағаның жүрекжарды сырын  біз таңырқай тыңдадық. Ол Орынбор мен Сібір далаларындағы қалаларда қызмет етіп жүрген қазақ ағайындар ішіндегі жақсы таныстарымен күні бүгінге дейін байланысы еш үзілмегенін тілге тиек етті. Содан соң, осы күндері ол жақтарда қазақ үшін газет шығару қамымен жүрген азаматтарды білетінін де ескертті. Бұл хабарына да, Сәлімгерей сұлтанды қайдам, әйтеуір, мен қайран қалдым. Сосын ол негізгі мәселеге көшті.

– Ал енді, Госдуманың жаңа сайлауына қазақтардың да қатты дайындалып жатқанын біле тұра, Петербургтен де бір қазақша газет басуды ойластыруымыз керек-ақ, – деп басын изеді. – Бірақ бұл орайда Ильяс мырзаның ықыласын білу маңызды болса керек.

Ал Ілияс аға Бораганский бұл мәселеге тіпті оң қарайтын. Ол өзінің нәшриятында басқан кітаптарын қазақтардың да құмарта алатынын тілге тиек етті.

– Біздің мына отырған жас қызметкеріміз Өтеміс көп еңбек сіңіріп, былтырдан бері дала өлкесіне талай кітабымызды тараттық емес пе, – деді ол жайдары жүзбен маған бір көз тастап қойып, ашыла сөйлеп. – Әсіресе жиһанкез Шоқан Уәлиханов марқұм жинастырған аңыздар мен ертегілер сондай жақсы өтті.

Осы бүгін ғана сол жақтан бір хат алып отыр екен. Хат иесі қазақтың аса құрметлі шайыры Ибраһим мырзаның артында қалған өлеңдерін кітап қылып тасқа бастыруға болмас па екен деп сұрапты. Неге болмасын. Сол тәрізді, газет шығаруға да неге болмасын дейді баспахана қожайыны. Әрі ондай ұсынысты күні кеше, Ялтадағы жайына оралып бара жатқанында, қадірменді генералымыз Ғұбайдулла сұлтан Жәңгірханов та жасаған. Қашаннан ойдағы мәселе.

Сосын олар ашылған жағдайда, газеттің қазақша жазатын авторлардан кенде болмайтынын сараласты. Екінші Думаға депутат болу ниетімен жер-жерде сайлауға небір жайсаң түсіп жатқанын естіп отырмыз. Осында оқитын, халықтың халін тым қинала ойлайтын және саясатқа сергек қарайтын жастар баршылық. Оның үстіне, Әбдірәшит қазидың айтуына қарағанда, «Үлфәт» газеті мәһкамасының қоржынына елден татаршасынан гөрі қазақшасы басым тілмен жазылған хаттар да түсіп жататын көрінеді. Қазақ газеті ашылса, ел ішімен тығыз байланыс орнары шүбә туғызбайды. Тек қаржы-қаражат көзін тиянақтау жөн...

Сол сұхбат аяқсыз қалмаған. Баспа басқармасы осы үстіміздегі жаңа 1907 жылдың алдында ғана, татаршамен бірге, қазақша газет те шығармаққа қаулы қылған-ды. Таяуда  бұл әңгіме шындап қолға алына бастаған.

Менің  шартарапты кезіп жүруден шаршамайтын кәрі күрескер Еркіндік көкем бар, Көкшетаудағы медреседе алдынан дәріс алған ұстазым, Екінші Мемлекеттік Думаға депутат болып келген Шәймерден молда Қосшығұлов бар, елдің әр түкпірінен арнайы бірнеше дүркін қатынаған тағы талай адам бар, бәрі жұмыла әрекеттесті. Жұмыла  әрекеттесіп жүріп, қазақ газетін шығаруға қажет қаржыны  Ілияс Борағанлының нәшриятына жеткізіп берді.

 

***

Бас министр Столыпин Дума мүшелері алдына үкімет жоспарын баян қылар қарсаңда біз қазақша газет шығарудың ауы мен бауын жиыстыруды аяқтап қалғанбыз. Оның үкімет тарапынан баспасөз хақында жасалған заң жобасын Мемдуманың қарауына бермек болғанын сол күні кешкісін кеңсемізде әңгіме етіп отырғанымызда, Рашид қази ел жақта орын алған көңілсіз оқиға хабарын естіртті.

– Жетпісбай мырзадан жеделхат алдым, – деді ол, – «Қазақ газеті» деп ат қойып, жаңа басылымды ақпан айында жарыққа шығарған екен. Бірақ,  бірінші нөмірінің тұсауын кескеннен кейін, жергілікті өкімет газетті тоқтатып қойыпты. Содан,  кешелері, ішкі істер министрлігінен арнайы пәрмен алса керек,  Троицк полициясы баспахананың мүліктерін тәркілеп, мүлдем жауып тастапты.

Үкімет басы Думаға баспасөз заңын қабылдатып алмай жатып-ақ, өз дегенімен озбырлық жасап жүрген боп шықты. Шындап келгенде, үкіметтің жергілікті атқарушы  буындарының газеттерді сәл ілік тапса болды – жауып тастайтынын білетінбіз. Тек  сондайға атойлаған дәлел енді біздің түркі қоғамынан да, әсіресе, енді-енді ғана ояна бастаған қазақтың тыныс-тіршілігінен де көрінер деп ойламаппыз. Көңілсіз  хабар баршамызды жабырқатты.

Әбдірәшит аға Троицк қаласында іргесі қаланған бұл газеттің жарық көру тарихын жақсы біледі екен. Ол Жетпісбайды да, оның газет шығарушы серіктері Қайым мен Ешмұхамедті де, тіпті олардың осынау елдік мақсатқа қызмет еткен тірлігіне демеуші болған Торғай облыстық басқармасының штаттан тыс аға аудармашысы, облыс статистика комитетінің толық мүшесі,  зауряд-хорунжий Дербісәлі Беркімбаевты және облыстағы Қостанай үйезі Сарой болысының басқарушысы Бекмұхамед Алдияровты да танитын.  Оларды қазақтың бас адамдары деп атап отырды.

Әсіресе Дербісәлі мырзаның ел ішіндегі беделі керемет жоғары болғанын, жұрттың оны «жарты патша» деп атағанын сол шақта Орынбор мешітінде істеген Рашид қази сүйсіне әңгімеледі. Бұл адам жастайынан патша әкімшілігіне қызмет етіпті, бірақ өзін құлақкесті құл емес, елінің қорғаны ретінде де көрсете біліпті. Халық толқулары кезінде билік алдына еш бүкпестен жұрт наразылығының себептерін ашып айтып, көп ретте түрлі жеңілдіктерге қол жеткізе алса керек. Ол кезінде Ыбырай Алтынсариннің қазақ балалары үшін мектептер ашуына көп жәрдемдесіпті, тіпті оның Қырымдағы Ысмайыл Гаспралы қатарлы газет ашуға талпыныс жасаған шағында, шығынын көтеруге әзір тұрған екен. Оның жоспарын үкімет, алайда, ол кезде жүзеге асыртпады. Тек осы революция толқыны  ғана жаңа талаптарды енді билік еш бұлтара алмайтындай етіп алға шығарғанды. Сонда ол қазақта өз баспасөзі болуын бірден қалап, бастамашы жігіттерді қызу қолдаған екен.

Сарой болысының орталық  маһкамасы  Троицк шаһарына орналасқан. Сондықтан да болыснай Бекмұхамед мырза газет редакциясына мекен-жайды Троицкіден сатып әперіпті. Ал Дербісәлі мырза арнайы жіберген адамдары арқылы газеттің харіптері, қалыбы, басатын станогі, қағаз кескіші және қағазы мен өзге де керек-жарағын Қазаннан сатып алып, жеткізіп берсе керек.

Ел-жұртқа  белгілі Алдар байдың ұрпақтарының бірі, әлдебір себеппен Андреев деп жазылған Жетпісбай мырза ұзақ жылдар бойы Қостанай үйезінің Сарой болысындағы төрт халық биінің бірі болып істепті. Әдет-ғұрып заңын басшылыққа алып билік айтып жүргенімен, орыс заңына да жетік екен. Мәскеудегі әйгілі сот адвокаты Плевако оған жиен аға болып келетін көрінеді. Соның ақылы болса керек, «Қазақ газетінде» қазақша және орысша мақалаларды қатар басып шығаруды о бастан-ақ мақсат етіпті. Газетке құрылтайшы және шығарушы-редактор болған өзі мен Қайым Сосновский және Ешмұхамед Иманбаев үшеуі бұл орайда тамаша пікірлес және мақсаттарын керемет түсінген үзеңгілес-тін.

– Білесіздер ме, олар алдарына нендей мақсат қойды? – деп, Рашид қази отырғандарға айнала қарады да, өзі жауап берді. – Олар жұртқа «Қазақ газеті» қазақ халқының мұң-мұқтаждарын жалпыорыстық мүдделердің ауқымында   жоқтайды деп жария еткен. Мемлекет негізін шайқауды бағдарламада көздемеген, ойларына да алмаған. Соған қарамастан, министрлік сол шет аймақта енді ғана шаңырақ көтерген кішкене газет бұратаналарды бүлікшілдік жолға бастайды деп тауыпты.

Иә, деп бас шұлғысты ағаларым, бұл үкіметбасы мен былтырғы үкіметбасының айырмашылығы жер мен көктей. Столыпин Горемыкин емес. Горемыкинді бюрократтардың өздері, көзді ала бере, өзара «Ваше Безразличие» деп бекерден бекер мысқылдай мәртебелемесе керек. Ол шалғайдағы бұратаналар тілінде шыққан, ешқандай да заң бұзбаған, ең бастысы, көшпенділерді революцияға шақырмаған ұсақ газетке назар аудармаған болар еді.

Премьер Столыпин мансабын әскери қызметтен бастағанынан ба екен, өте қатал. Ол Саратовта губернатор болған кезінде, сәл наразылық толқуы білінсе болды, толқуға қатысқан халықты аяусыз жазалайтын қылығымен ауызға ілігіпті. Жазалаушы әскерді, тіпті, өзімен көрші жатқан губернияларға да жұмсай беретін шешімталдығымен патша назарына ілікті десетін.

Қатыгездік тұқымында бар-ау, деп топшылады отырғандар, себебі оның әкесі де әскери адам екен. Кезінде казак әскерінің атаманы болған көрінеді. Әрі ішкі Ресейде емес, қазақ жерінде, Жайық маңында атаман бопты. Бұдан жарты ғасырдай ілгеріде қызмет етіпті.

Сонау атаманның қарамағындағы казак жасақтарының шектен шыққан озбырлығы бір заманда Сәлімгерей Жантөриннің аға сұлтан лауазымында істейтін атасын қатты торықтырыпты. Жасақ құм ішіндегі ауылдарды шауып, елді қырғынға ұшыратқан, тонаған. Казачество әскерінің бұл қылығына аға сұлтан шағым айтпақ болса керек, сонда оған өз орныңды біл деген сияқты. Билеушіде кінә болмайды, ол әрқашан күдіктен жоғары тұрмақ...

Менің есіме  Еркіндік көкемнің бала күнінде сондай шапқыншылық құрбаны болғанын айтқаны түсті. Ол ойран болған шаңырақтан кездейсоқ тірі қалған жалғыз тұяқ еді. Бейбіт ауылдарға опат әкелгендер ешқандай жауапкершілікке тартылмаған...

Қазақ көнбіс, қаншама қырғын мен қорлауға ұшыраса да, таспен атқанды аспен ат деген ата нақылын ұстанудан таймайды. Ұлы ұстаз Исмайыл Гаспралының ондаған жылдар бойы насихаттап келе жатқан ұстанымы да сондай ғой өзі. Жетпісбайлардың газет бетінде жария еткен бағдарламасы да соны көрсетеді. Алайда қазақтың өзі байқаған тағы бір жәйт бар: бұға берсең – сұға береді...

Бір кезде, сұхбаттасуды қорытқандай сарынмен:

– Қазақ газетін тездетіп жарыққа шығаруды ойлайық, – деді Ілияс аға, – қалай қарайсыз, Әбдірәшит әпендім?

 

***

Қазақша газет шығармаққа бағытталған көп айғы еңбек, не керек, ақталды. Былтырдан бергі әрекет жемісін берді.

Газетті қалай атаймыз деген сұрақ туғанда, мен ойланбастан, ағаларымның алдын орап, тіліме оралған сөзді қойып қалдым:

– «Серке» дейік! Серке бастамаса, ақтылы қой қанша топырлағанмен, терең судан өте алмайды ғой!

Сәлімгерей сұлтан маған таңырқай қадалып қалды. Ілияс мырза да үн қатпай, күлімсіреген жүзбен әліптің артын бақты. Рашид қази ғана қуана сөйлеп, менің ұсынысымды бірден қолдады. Оған сосын баршасы келісті.

Ойда жоқта сарт етіп шыға келген бұл атау менің санамда бір өлеңге байланысты жатталып қалыпты. Өткен күзге қарай өзім құралпы Міржақып Дулатов деген жас жігітпен танысқан едім. Ол  Питерге каникулдан оралған Жасаймен ілесіп келген-тін. Мұғалім екен. Жазда Жасаймен кездесіп, екеуі біраз уақытын бірге өткізіпті. Ақыры, астананы көрмекке, мектептегі сабағы басталғанға дейін мұндағы өмірді бір тамашалап қайтпаққа бел буған көрінеді.

Біз көп сырластық. Мен оған соның алдында ғана Төменгі Новгородта өткен үшінші мұсылмандар съезі жайында айттым. Оқу ісіне байланысты қабылданған қарарды талдап, ел ахуалын қызу әңгіме етістік. Сондағы әсерінен туды ма екен, кім білсін, ол өлең шығарып, маған оқып берген болатын.

Өлеңінің: «Үміт етем жастардан, жаңа гүл шашқан бақшадай. Мұрадын  оңай кім табар, жар салып жұртқа қақсамай.  Халыққа, жастар, басшы бол, қараңғыда жетектеп. Терең судан өтер ме, мың қойды Серке бастамай», – деген жолдары заманымыз бен парызымызды дәл бейнелейтіндігімен маған қатты ұнаған-тын. Сондықтан шығар, сол өлеңдегі бейнелі сөзді газеттің атына  ойланбастан ұсынғанымды өзім де байқамай қалдым.

Ақыры, аңсаған күн де туды.  1906 жылғы 28 наурызда газетіміз «Серке» дүниеге келді. Момақан қой іспетті бұйығы халқымызды ояну, сергу, өркениетке беттеу жолына бастап  шығатын серке болсам деген ниетпен жарық көрді. Әбдірәшит қазидың  қамқорлығы арқасында  «Үлфәт» газетімен бірге, оның қосымшасы болып, Ілияс ағаның баспаханасында басылды.

Қазіргі азуал мен алдағы міндеттер айтылған мақалалармен қатар, жастарды қараңғы халықтың көзін ашу ісіне жаппай атсалысуға шақырған Міржақыптың өлеңін де жарияладық.

Думаға апарып бердік. Елге жібердік. Қуанышымызда шек жоқ.

Татардың «Достығы», «Үлфәтті» айтам,  атына сай болды, қазақтың «Серкесін» үлкен жолға достық көңілмен жетелеп шықты. Думаның түркі мүшелері осылай деп риза боп жүрді. Депутаттардың көңілдерінен шыққанымызға шаттанып, ерекше қарқын, жігер, қызумен газеттің келесі санын әзірлеуге кірісіп кеттік.

Бірақ бірер күн өтер-өтпестен баспаханаға полиция келді де, үкім оқыды.  «Серке» газетінің екінші санын басу машинасынан шықпай жатып тұтқындады. Брінші нөмірдің әзірге таратуға әкетіп үлгерілмеген даналары тәркіленді. Сонымен қатар «Үлфәтті» де тоқтатты.

Қалалық полиция басқармасына қайта-қайта барып қайтып жүрген  баспахана иесі Ильяс Бораганский мен газет редакторы Рашид қази Ибрагимов мырзалар бірнеше күннен кейін, шарасыздана, өкінішпен қолдарын жайды.  Питердегі тұңғыш қазақ баспасөзі ашылмай жатып жабылды.

«Серкені» полиция орысқа қарсы газет, үкіметке қауіпті газет деп тауыпты. Алайда, іс жүзінде, газетте қазақ мұңы ғана қозғалған-ды. Менің ойымша, газет сөздерінің көп көкейіне тез жететін ең елеулісі – Міржақыптың өлеңі болатын, онда ақын жастарды халықтың көзін ашу ісіне жаппай атсалысуға шақырған-тын.

Ал орысқа қарсы сөз біздің енді ғана қаз тұрып жатқан  «Серкеміз» түгіл, халық өкілдерінің пікірлерін оңды-солды ашық білдіретін мәртебелі мінберлі ойханасы Думада да айтылған емес. Бірақ Думаның үкіметті қарауға ұсынған заң жобаларына байланысты да, империя ішінде қолданып отырған арамза саясатына байланысты да аяусыз сынайтыны рас-тын.

Біз сол сындардың, әсіресе біздің түркі жұрты үшін аса өзекті оқу-ағарту және жер-су жағдайына қатысты  сындардың мазмұнын екі жетіде бір шықпақ газетіміздің бетінен оқырмандарға жеткізіп тұруды ойластырып жүрген едік. Алайда полиция ондай қиялымыздың тамырын қиды. Бірақ біз бәрібір Дума жұмысын мұқият қадағалауды назардан қағыс қалдырмадық.

Өйткені, біріншіден, «Үлфәт» қайта шығатын болды, екіншіден, баспахана басқармасында маңызды мәселелер жөнінде ақпаратты парақшалар дайындау керек деген шешім алынды, үшіншіден, мұсылман мұңы орыс газеттерінде естілетіндей ету қажет деген тапсырма болды.

Осыған орай мен ерікті тыңдаушы ретіндегі оқуымды, сондай-ақ баспахана ісіне қатысты міндеттерімді атқаруды Думаның қызықты отырыстарына бару үшін босай алатындай кезеңдерге ығыстыратынмын да, парламенттік журналистер ішінде жүруге тырысатынмын.

Бір жақсысы, біздің Слава досымыз, дәлірек айтқанда – студент Жасайдың студент досы Святослав Преображенский астаналық көп газетпен тығыз байланысты еді, түрлі мақала, хабары жиі шығып тұратын. Сондықтан оны өзіміздің депутаттармен таныстырып, елдегі жағдайды қосымша айтып түсіндіре жүруді әдетке айналдырғанбыз-ды.

Бейбіт Қойшыбай

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1977