Сейсенбі, 27 Маусым 2017
11 Сәуір, 2017 сағат 09:57 Алашорда 1236 2 пікір

Алаш, Үш жүз һәм Қазақ     

Қазақ турасында сөз қозғап, ол жайында қалам тартқан адамдардың барлығы дерлік Алаш, Үш жүз атауларына соқпай өте алмайтындығы ақиқат. Алаш турасында “Қазақ совет энциклопедиясында” “Алаш” “Алаш мыңы”- ежелгі  қазақ тайпаларының алғашқы қауым болып біріккен одағы “қазақ” деген бұрынғы елдің жалпы аты”- деп жазады,

- Шынында Алаш, Үш жүз, Қазақ сөзінің мән-мағынасы не? Бұл турасында біз неге бір тоқтамға келе алмай жүрміз? Неге біз Алаш сөзінің мән-мағынасын, шығу негізін білмей тұрып осындай күйде тұрған «Қазақ» сөзімен бір синонимді сөз дейміз, тек бұл атаулардың әр кезеңдерде бір-бірінің орнына қолданылғаны   үшін ғана ма? Ел аузына тараған:

 Алаш Алаш болғанда,                                                                

Ала тай ат болғанда

Таңбасыз тай

Енсіз қой болғанда

 Алаш хан болғанда - деген сөздердің бірінші жолы неге "Алаш Алаш болғанда" - деп тұр? Егер Алаштың Алаш екендігі әу бастан-ақ белгілі болса, онда Алаш Алаш болғанда демей-ақ, Алаш болғанда деп бастап, аяғында Алаш хан болғанда десе де түсінікті болар еді ғой. Одан кейінгі, қайдағы бір ала тайдың ат болғаны кімге керек еді, нақтылы «Таңбасыз тай, Енсіз қой болғанда» - деп тұрған кезде? Ал, Ұлы Абай атамыздың «Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттарда «Қазақ» атап кетіпті, бұрын өздерін «Ұлұс» дейді екен де жүре береді екен» деуінің астарында не жатыр? Бұрын біз өзімізді Алашпыз, Қазақпыз, Үш жүзбіз деуші едік, енді Ұлы Абайдың дерегінен біз өзімізді «Ұлұс» деп те атаған екенбіз. Бұлай болған жағдайда бұл төрт атаудың қайсысы алғашқы бастапқы атауымыз болмақ? - деген сұрақ туады. Мен бұл жұмбақтың сырын ашу үшін «Ұлұс» сөзін Ұлығ және Ұс яғни Ұлы және Ұс (құс) деген екі сөзден құралған атау деп қараудан бастауды жөн санадым.

Табиғат пен үндес өмір сүруді мұрат еткен көшпелілер үшін құстың алар орны ерекше. Құстар өздеріне аян құс жолымен қыста жылы жаққа көшіп, жазда сол іздерімен кері қайтып келіп отырады. Біздің де қыс қыстауға, жаз жайлауға көшіп жүрген көшпелі өмірімізді сол бір табиғат аясында еркін ұшқан құстарға балауға болады. Әрі құсты, көктің символы санаған көшпелілер өздерін көк тәңірінің ұланымыз деп,тәңірі құсы, көктің құсы қыранға балаған қағанын  көтеріп, бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өзіміз ұлылап тәңірі құсы қыранға балаған ханның ұрпағымыз, соның әулетіміз деп баршамызды бір ханнан, тарататын болайық десіп ант берісіп өзінің батырлығымен, ақылдылығымен көзге түскен бірін ел басшысы етіп "Ұл(ұ) Ұс", "Ұл(ұ)Ұс" деп ұлылап хан көтерген деген қортындыға тоқталамын. Сол ұлы жиында жер қайысқан қалың қолдың айқай шуынан Ұл(ұ)Ұш, Ұл(ұ)Ұш деген  шу басым естіліп, (бұл жерде төркі халықтарының ішінде қазақтан басқа басым көпшілігі "с"-ның орнына "ш"- деп сөйлейтінін ескеруіміз керек. Мысалы: басты-баш, тасты-таш, қасты-қаш, құсты-құш, Алпамысты-Алпамыш, Манасты-Манаш, дүйсенбіні-дүйшенбі, т.с.с.) қол астындағы қара халықтың құлағына Ұл(ұ)Ұш", "Ұл(ұ)Ұш" деген айқай Алаш Алаш деп естілгендіктен күллі халық Ұл(ұ)Ұшты яғни "Ұл(ұ)Ұсты" - Алаш деп, халық берген атпен атап кетіпті. Әрі батыр, әрі ақылды данагөй Ұл(ұ)Ұс хан осыдан бастап өзін халық берген  атпен Алаш деп атап, өзіне қараған елін "Ұс" һәм, "Ұл(ұ)Ұс" еліміз деп атаған деген тұжырымға келдім. Ұл(ұ)Ұс хан өзін халық берген атпен Алаш атағандықтан халық арасында осы бір үрдіс дәстүрге айналған. Әрі бұл дәстүр осы күнге дейін өзінің төл ұрпақтарының арасында жалғасын тауып келеді. Әбілмансұрдың-Абылай, Ибраһимнің-Абай, Мұхамедқанапияның-Шоқан, Ерасылдың - Қабанбай, менің өз атам Сүгірдің - Сақал т.т. аталуы соның айғағы, бұл оларға халықтың берген аты. Құрбанғали Халидтің "Тауарих хамса" кітабында:"Алынша хан кезінде" мен пәленнің нәсілімін" деп айтуға тиым салынып кім хан болса оның қауымы "мен пәленше ханың әулетімін" деуге бұйрық шығарған. Себебі бір ханға ерген халық менпәлен нәсілдемін деп бөлектеніп араларынан түрліше келіспеушілік туады деген екен" - деуі көңілге қонымды құптарлық дерек. Бұдан байқайтынымыз, қазақтың Абылай әулетіміз, Жәнібектің ұрпағымыз, Әбілхайырдың тұқымымыз деп сан-саққа бөлінбей, тек Алаш еліміз деп өздерін Алаштан ғана таратуында қанға сіңген тарихи шындықтың бары айқын байқалады. Олай болса жоғарыда келтірілген ел аузына тараған шумақтарды орын-орынына қойып оқып көрейікші.

"Ұл(ұ)Ұш  Алаш болғанда

Алаштай ат болғанда

Таңбасыз тай

Енсіз қой болғанда

Алаш хан болғанда - деп оқитын болсақ, бізге бұл бес шумақ өлеңнің мазмұны ашылып шыға келеді, яғни Ұл(ұ) Ұштың - Ұл(ұ)Ұстың – Алаш атанғаны, сол себептен өмірге Алаштай аттың келгені һәм бұның сонау бағзы заманда яғни әлі таңба мен ен болмаған уақытта Алаштың хан болғандығы  белгілі болады. Ұсты ұлылап Ұлы Ұс атап пір тұту қазаққа жаңалық емес. Бұл үрдістің де сонау көне заманнан бастау алып үзіліссіз ұрпағымен жалғасын тауып келе жатқанын аңғару үшін біз Абайды - Ұлы Абай, Жамбылды - Ұлы Жамбыл, Мұхтарды - Ұлы Мұхтар, Шоқанды - Ұлы Шоқан, Мағжанды - Ұлы Мағжан деуімізді көлденең тартсақ та болады. Демек мұның да Алаштан бастау алғанына куә болғандаймыз. Алаш бабам өз елін Ұс, Ұлы Ұс еліміз деп атап қана қоймай, оны "оң қанат", "орта", "сол қанат" деп үшке бөліп билік жүргізген және үшеуін бірге "үш Ұс" (үч Ус-үч Уз) деп атаған. Қазақтың қазіргі "үш жүз" "үш жүздің баласымыз" деп жүргені осы. Асылы бұл сөз "үш Ұс" атауының сәл өзгеріске түскен түрі. Ал енді Алаштың "Ұс" елі неге үшке бөлініп үштік жүйемен басқарылды және неге бірін оң қанат, бірін орта, бірін сол қанат деп атаған. Мұның сырын ашу үшін біз алдымен Ұс, Ұлы Ұс дегеніміздің өзі не мағынаны білдіреді, соны айқындап алуымыз керек. Бұл турасында Әбілхан Әбіласан "Ұс, Ас, Аз - тәңірі құсы, бүркіт (гриф орел). "Ұс" (гриф) – тәңірі құсы деген мағынада. Махмұт Қашқари "Ұс" деген сөзді ертегілерде айтылатын басы бүркіт денесі арыстан бейнесіндегі құс (гриф) бүркіт мағынасында қолданған екен. Ұш үшкірсә өлүр -үш үшкірсе өлер (Қашқари). Ұс ес көріп йуксак қалық қолы чақар -гриф завидев падаль бросается с высока неба (Қашқари). А.Аманжолов осы мағынадағы сөзді ("Ас") ертедегі қиял ғажайып құс (гриф) немесе бүркіт, ол көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған Көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) деген қорытындыға келеді дейді. Демек "Ұс" дегеніміз тәңірі құсы, бүркіт екеніне көз жеткіздік. Олай болса Алаштың өз "Ұс" елін үшке бөліп билеп, бірін оң қанатым, бірін сол қанатым деуінің сыры осында жатыр. Адамдардың дене мүшесіне қарай оң қол, сол қол, болмаса оң көз, сол көз демей құсқа байланысты "қанат" сөзінің ел билеу мен әскер билеу тәсіліне енуінің астары енді ашыла түсті-ау деймін. Н.Мыңжан: "Шежіре дерегі бойынша қоңыраттар екі үлкен бірлестікке бөлінеді. Бұл екі бірлестікті әйгілі ғалым В.Радлов "Алты ата көктің ұлы, алты ата көктің құсы" - деп атаған деген дерек бар"-деп жазады. Иә, қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп ер балаларын қыранға, қыз балаларын аққуға теңеуі мен «Ұлым ұяда, қызым қияда», «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», «қанатының астына алды», «атқа қонды», «үйге қон», «қонып кет», «қанаты қатайды», «топшысы бекіді», «бақ құсым»,  «балапаным»,  «қанатым»,  -  деп қана  қоймай, мектеп бітіріп үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған ұл-қыздарын, еліміздің «жас түлектері» деп сөз саптауы да кездейсоқ айтыла салған сөз емес екен, "Қыран түлегіне қайтпас қайсар сыйлайды" - дейді дана халқымыз. Олай болса "түлек" деп бүркіттің, яғни тәңірі құсы, қыранның балапанын ғана айтатынын еске алсақ та жеткілікті-ау деймін, тіпті келін түсіргеңде "аққуыңды аяла", "құсың құтты болсын", деп қыздарына "құс етек"  көйлек кидіретін де осы біздің қазақ. Ол ол ма домбыра мен найзасына, тақия, бөрік, һәм тымақ пен сәукелеге үкі тағып дұлығасына қыран құстың қауырсынын тағып құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып ұрыс-соғысқа ыңғайлы етіп сауыт киетін де біздің батыр бабаларымыз.  Тіпті хан көтергенде де ханды ақ кигізге (ақ кигіз биік шың басындағы қардың бейнесі С.С.) отырғызып ұлылап Ұлы Ұс (Ұлұғ Ұс), Шың Ұс (Шыңғ Ұс) деп көктің құсы, биіктің құсы,  тәңірі құсына балап "қыран аласаға қонбайды" - деген ниетпен биікке шығарып хан көтерген.

"Күлтегін" сағанатасының маңдайшасында бүркіт бейнесінің бедерленгенін білеміз. Ал,Шыңғыс ханның (Шыңғ Ұс хан - Шың Ұс хан) (Шың құс С.С.)  туында да қыран бейнесі, бейнеленген.   Бұл   ту   наным - сенім бойынша, Шыңғысхан әулетінің желеп-жебеушісі, киелі белгісі болып есептелген. Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Шыңғыс ханның   өсиеттерінің   бірі былайша берілген   екен: "Момын халықтың   арасында жүргенде  қошақандай момын  бол,  ал шайқасқа шыққанда аш бүркіттей шүйлік" деген екен. Тіпті жылнамашы Хайдардың куәлік етуіне қарағанда Қасым ханның:  "Біз - түз түлегіміз: бізде қат та,  қымбат та жаухаз жоқ,  ең басты   байлығымыз мал ..."  яғни “Біз-түз түлегіміз” – деп шегелеп   айтуы   біздің қырандар елі екенімізді паш етіп тұр ғой  Жалпы біздің қырандар елі аталатынымызды көрші қытай елі жақсы білгенге ұқсайды. Оған "VIII ғасырдағы Қытай императорында түркі сарбаздарынан жасақталған армияның қолбасшысы, түркі тұқымынан шыққан Ань-лаушанды қытайдың ұлы ақыны Ду-ФУ "Ұлы қорғанның сыртындағы жорық" атты өлеңінде:

            "Қыран құсындай текті қырағы жанар жау қабақ

            Қанатын қомдап іздейді түзден тоятын.

            Томаға тартып жіберсең болды аспанды бүркеп шәу қанат

           Сорғалап төмен жауының көзін жоятын.

            Қанына сіңген өжеттік рухы оянып,

            Қолдайды оны алыста қалған аруақ

            Қаптаған құзғын қыпқызыл қанға боянып

            Тырнағын қайрар қауырсынға жанып-ап” - деп Төркі тұқымынан шыққан Ань-Лаушанды "қолдайды оны алыста қалған аруақ" дей отырып, шабыттана жырлап, қыран құсқа теңеуі тегін болмаса керек. Мен "ежелгі жунго жылнамаларында "Ус-ун" "Ус-ин" "Ас-са" "Ас-у" "Ас-о" деген аттардың кездесетінін әрі бұл атауларды "қазақ" атауының дыбыстық баламасы дегенді қолдайтын Жан Шиман, Хи Шиутау сынды қытай зерттеушілерінің пікірін мақұлдаймын. Кезінде "Сағанатас сырлары" атты кітабында: М.Дүйсенов "Бірқатар ғалымдар "У-шин" қарға деген мағынаны білдіреді дейді. Ал Алтай Аманжолов "Усунь" этнониміндегі "ус" түбірін көне түріктің “үс” немесе "ас" сөзімен салыстыра қарастырады"... дей келіп"VIII ғасырдағы "Тонықұқ" ескерткіштерінде ұшырасатын "түрк есір бодун - түркі бүркіт халқы" деген тіркесті (мұндағы “есір” сөзі тува тіліндегі "эзир" - бүркіт сөзімен төркіндес келеді) ашина түріктерінің яғни билеуші тайпаның баламааты ретінде қолданылған деп шамалауға болады. "Күлтегін" сағанатасының маңдайшасында бүркіт бейнесінің бедерленуі де тегін болмаса керек" - деп атап өткен. Осы арада М.Дүйсеновтың жоғарыда келтірілген "Ашина" сөзіне келер болсақ, бұл шындығында да төркілердің негізгі билеуші тайпасының аты. "Ашина" сөзін "Ұс" "Ас" сөзімен байланысы бар "У-шин" атауымен салыстыра қарап "Уш-ин", "Аш-ин" яғни Ұс-ин, Ас-ин деп оқысақ Ашина атауының тәңірі құсы, бүркіт атауымен сабақтас екенін аңғарамыз. Көне төркілер қоғамын зерттеуші Ю.А.Зуевтің қытай дерек көздерімен зерттеушілерінің көрсетулеріне сүйеніп “647 жылы Батыс Төрк қағаны Таң императорына алтыннан құйылған қарғаның мүсінін сыйлыққа тартқанын айтса,” енді бірде «Ашына» атауы төңірегіне тоқталып бұл атаудың қытай дерегіндегі усундардың атауы екенін сөз ететіні бар”-бұл біздің жоғарыдағы пікіріміздің негізсіз емес екенін айғақтайтын дерек.Демек Жунгожылнамаларында кездесетін "Ус-ин" "Ус-ын" "Ас-а" "Ас-о" "Ас-у" деген аттардың "қазақ" атауының дыбыстық баламасы деген Жан Шиман, Хи Шиутау сынды зерттеушілердің пікірлерінің шындыққа айналғаны.Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы  кітабінің авторлары Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиев «Ұлыс тұлғасының шежіреде ең жиі кездесетін мағынасы "халық" автор түркі-моңғол халықтарын ұлұс деп атайды" деп ескертсе. Қ.Халид: "Ұлұс" сөзі моңғолша "тайпа", жамағат: есе, үлес мағынасын береді. Мұны қазақтарбірлік, жиналу кейде: заң ереже орнына пайдаланады. Мысалы, "Елдің ұлтынан шығайын ба" дейді. Мұнда бірлік, жиналу мәні көрініп тұр, яғни жұрттың бірлігінен шығайын ба көптен айырылайын ба болмаса елдің ұлты солай деседі "Бұл елдің өткені солай болып келген" деген мағынада, мұнда ереже, әдет болып аударылып тұр" деп жазады. Демек "Ұлұс" сөзі қазақтар үшін бірігу, жиналу, ұлт болып ұйып, бірлесіп бас қосу. Бұдан аңғаратынымыз қазақтардың "Өз елімнің, ұлтымның атынан шығайын ба, ұлттығымнан, елдігімнен айырылайын ба" болмаса "Елім солай аталады, ұлтым солай, елімнің ғасырлар бойына аталып келгені солай еді"-дегеніне көз жеткіземіз.Кезінде Ұлы Шоқан Уалиханов “Ұлыс” сөзі о баста белгілі бір территорияда құрылған тайпалар одағы” - деген  болса, Ұлы Абай атамыз "Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттар да "қазақ" атап кетіпті. Бұрын өздерін "Ұлұс" дейді екен де жүре береді   екен»-деп жазған еді.Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ  біз ең біріншіден Ұлұғ Ұс (Ұлы құс) яғни Алаш ханның ұрпағымыз соның еліміз деп, хан елі ретінде өзімізді қыран  құсқа балап, қыран бейнеленген ту көтеріп Ұлұ Ұс, үш Ұс, Ұсақ (Сақ) бертін Төрк Ұс (Түркеш) атанған «Құс» еліміз.Екіншіден қыстың ызғары кетіп, көктемнің келгенін паш етіп, бірінші болып ұшып келетін жыл басының жаршысы Ұс, Ұз демекші Ұсақ-Ұзақ яғни Ұзақ қарғаға балап Ұзақпыз-Ғұзақпыз десіп   өзімізді «қарға тамырлы қазақпыз», «қарға тамырлы ел едік қашаннан-ақ» деп өскен «Құс» еліміз. Үшіншіденбейбітшілік, сұлулық, адалдықтың ару құсы, құстың төресі, аққу қазды киелі құс санап ару қыздарымыз бен асыл аналарымызды аққу қазға балап «қазақ» атанып жүрген «Құс» еліміз. Қалай түрлендіріп, қай жағынан алып қарасақ та біздің жер түгілі аспаннан «құс жолы» - деп жұлдыздар шоғырынан түнделете жол салған «Ұс - Құс» елі екеніміз анық. Демек біз Сайыпқырандар мен Аққулар елі яғни көк тәңіріне сиынып тәңірінен басқаға бас имеген тәңірі текті, тәңірі болмысты көк төркілерміз. «Құс» еркіндіктің һәм төрдің символы, демек біз көк тәңірі, яғни аспан символы болған құсты ұлттық тотеміміз – киетегіміз етіп өскен тәңірі текті, тәңірі болмысты, еркіндік сүйгіш түз түлегіміз. Атақты ғалым, көне төркі тілінің маманы Алтай Аманжоловтың «Ұс», «Ас», «Аз» - қиялғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт, ол-көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) – дегені шығар күндей шындық екенін мойындауымыз керек.

Тіл – тарих кілті демекші, біз осылайша Алаш пен Қазақ һәм Ұлұс, (Ұлы Ұс), үш жүз (үш Ұс) атауларының шын мәнінде бір-бірінің баламасы яғни синонимі екеніне көз жеткізгендейміз.

Самат Сыпатайұлы

Abai.kz

2 пікір
Молдабай 2017-04-16 20:36:49
Мақсұт дұрыс айтады, әр сөздің бәрінің ұқсастығы мен жалғастығы бар ғой, Ұлы құс, ұлы үш, піштіріс деген бәрі бір төркінді текті сөз. Біз кереметпіз ғой, наймандарымыз қашып, босып бармаған шығар Ебіропаға, әйтпесе неміс найманнан қалай шығар еді, олардың найман, нейман, нөйманы кәдімгі өзіміздің Семейдің найманы ғой. Алаштың шығуының өзі бірақ әлі күмән тудырады. Себебі қазақ бетімен кеткен бағынбай, өз алдына еркін жүрген топ дейді екен. Сонда алаштан шығарып, "ал, қаш, сақ" десе алаш, қазақ деп қазаққа жақын, келіп тұр, керемет ғылыми тұжырым ғой.
Мақсұт 2017-04-12 01:57:48
Өте жақсы, татымды жазылған екен. Бұл тұспалдар ақиқат болар, болмас, бірақ аса нанымды, көңілге қонымды. тіпті сенбеске себеп те қалмайды.

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 18720