Жұма, 19 Маусым 2026
Саңлақ 196 0 пікір 19 Маусым, 2026 сағат 13:47

Ойынымен өзгеге үлгі болған...

Коллаж: Abai.kz.

Футболдан әлем чемпионатында ерекше шеберлігімен тәнті еткен таңдаулы ойыншылар жөніндегі әңгімені әрі қарай жалғаймыз.

Голға қомағай «Қортық»

Журналистердің де, мамандардың да, ФИФА-ның да сауалнамасы бойынша, 1994 жылғы әлем чемпионатының үздік футболшысы болып бразилиялық шабуылшы Ромарио танылды.

Сурет: championat.com сайтынан алынды.

Ромарио де Соуза Фариас – ресми матчтарда 1000-нан аса гол соққан нағыз құралайды көзге атар мерген ойыншы. Бразилияда ол бұл көрсеткіш жөнінен Пеледен кейінгі екінші орынды алады. Ал ұлттық құрама сапында 70 ойын өткізіп, 56 доп енгізген. Кейінгі бір сұхбатында өзі айтқан «Мен тек гол соғу үшін жаралған жанмын» деген сөзін футболшының басты ұстанымы деуге болады.

Ромарио кәсіпқой спортқа кәдімгі жағажайдағы футбол арқылы келген. Ол өзінің алғашқы кәсіби келісім-шартына («Васко да Гама» командасымен) қол қоймас бұрын үнемі Рио-де-Жанейроның Копакабана, Ипанема және т.б. атақты жағажайларында доп ойнап, мамандардың көзіне түскен. Оның өте ептілігі, биікке секіргіштігі, теңбіл допты қалауынша билете алар техникасы, гол соғуға ыңғайлы сәтті сезе білер сұңғылалығы сол құмдағы «айқастарда-ақ» аңғарылған-ды.

Ромарио 18 жасынан бастап Бразилияның жетекші клубында («Васко да Гамада») жарқырай көзге түсті. Көп ұзамай ұлттық құрамаға да шақырылды. Бірақ «бірде түйе, бірде бие» Ромарио тұрақты түрде жақсы ойын көрсете қоймады. Нәтижеде ұлттық құраманың ескі де жаңа жаттықтырушысы Теле Сантана 1986 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатына Ромарионы ертпеді.

1988 жылғы Сеул Олимпиадасында Ромарио құраманың негізгі шабуылшысы болды. Өкінішке қарай, Ромарио финалда есеп ашқанымен, Бразилия қосымша уақытта КСРО командасынан ұтылып (1:2), тек күміс жүлде иеленді.

Ал 1994 жылғы әлем чемпионатында Ромарио (Бебетомен бірге) ұлттық құраманың шабуылдағы басты үміті болды. Футболшы ол үмітті ақтады: АҚШ жасыл алаңдарындағы 7 ойында 5 гол соғып, турнирдің үздік ойыншысы атанды. Бразилия 24 жылдан соң әлем чемпионы болды.

Клубтық карьера жағынан да Ромарио көп жетістікке жетті: ол төрт елдің чемпионы болды – Бразилия («Васко да Гама»), Голландия (ПСВ), Испания («Барселона») және Қатар («әл-Садд»). Ұлттық құрама сапында Америка кубогын (1989) және Конфедерациялар кубогын (1997) жеңіп алды, әлем чемпионы атанды (1994).

1998 жылы Францияға аттанар алдында ауыр жарақат алып, саптан шығып қалды. Аласалығына орай «Қортық» атанған талантты ойыншының тек 1994 жылы ғана бағы жанды...

Сурет: sportsheroes.ru сайтынан алынды.

«Алтын допты» алған тұңғыш мұсылман

Доп додасы тарихында ерекше із қалдырған үздік футболшының бірі – Франция құрамасының әйгілі жартылай қорғаушысы Зинедин Зидан.

Зиданның шыққан тегі француз еместігі бүгінде елдің бәріне аян. Оның әкесі Смайыл – Алжирден Францияға қоныс аударған кәбил ұлтының өкілі. Париж маңындағы Сен-Дени қалашығына 1953 жылы көшіп келген ол сонда біраз жыл жұмыс істеген соң, елдің оңтүстігіндегі Марсель шаһарына ауысады. Осы жерде өзі секілді Алжирден ауып келген араб бойжеткені Мәликемен танысады. Кейін екеуі үйленіп, төрт ұл (Жәмел, Фаридун, Нұреддин, Зинедин) және бір қыз (Лейла) сүйеді. Аса ауқатты тұрмаса да, мейрамханада қоймашы боп істеген Смайыл ақсақалдың табысы бес баланы асырап, ішіндіріп-киіндіруге жетіп жатты.

Зидандар әулеті портты қала – Марсельдің «асфальтты джунгли» десе де жарасатын шеткі аудандарының бірінде тұрды. Зинедин кішкене кезінен футболға қызығып өсті. Таң атқаннан достарымен бірге бетон төселген ескі алаңқайда пластикалық бөтелкені доп қып теуіп, үйге қас қарая бір-ақ оралғанда, үсті-басының кір-қожалақтығы өз алдына, қатты жерге құлай-құлай аяғы жарадан көрінбей кететін. Баласының сиқын көріп, екі көзі тас төбесіне шыққан Мәлике шешей бар шаруасын тастай салып, «ауыр жараланған кішкентай жауынгерінің» жарақатын жуып-таңуға кірісетін-ді. Анасы оның ешқашан шын атын атаған емес, үнемі Язид деп еркелететін. Қазір Зинединнің зайыбы – испан қызы Вероника да (екеуінің төрт баласы бар) солай атайды. Ал «Зизу» деген лақап ат оған кейін, «Канн» командасына қабылданғанда жабысты.

Зинедин бала кезінде-ақ кәнігі футболшыларға тән ойлылығымен, зеректігімен көзге түскен екен. Оған жасөспірімнің жақсы дамыған дене-тұлғасы мен допты ұршықша үйіретін техникалық шеберлігін қосыңыз. Талантты балақай ересектердің өзін соңынан салпақтатып, шыр көбелек айнала алдап, доптан еш айрылмай қояды екен. «Кейбіреулер оның ерекше қабілетіне қарап, бойы өспей қалған бозбала емес пе екен деп те күмәнданатын. Ұлымның шын жасын дәлелдеу үшін мен оның құжатын үнемі қалтама сап алып жүретінмін» дейді әкесі.

«Аула футболының кішкентай жұлдызына» алғаш назары ауған «Канн» клубының бапкері Жан Веро екен. Болашағынан үлкен үміт күттірер бозбаланың Франция чемпионатындағы тұсауын кескен де осы команда болатын. Ал 1992 жылы Зинедин «Бордоға» ауысады. Елдің үздік ұжымдарының бірінде ойнап жүріп, ұлттық құраманың жаттықтырушысы Эме Жакенің көзіне түседі. Оның құрама сапындағы алғашқы ойыны таң қаларлықтай сәтті болды. 1994 жылдың 17 тамызында француздар Бордода Чехиядан 0:2 есебімен ұтылып жатқан-ды. Алаңға екінші таймның ортасында шыққан Зидан айналдырған 6 минуттың ішінде екі гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті! Екі жылдан кейін өткен Еуропа чемпионатында қола жүлдені қанағат тұтқан Жаке: «Зинедин көп ұзамай француз футболының көшбасшысына айналады», – деп болжаған екен. Кәнігі бапкер қателеспепті.

1998 жылғы әлем чемпионатының финалы Зиданның бенефисіне айналды. Бұрыштамадан берілген допты екі рет баспен ұрып торға түсірген ол ең қиын сәттерде ойын тағдырын ұлы футболшылардың шешетінін дәлелдеді. 2000 жылы ол бастаған «үшжолақтылар» Еуропа чемпионы атанды.

2006 жылғы дүниежүзілік доп додасында да Зинедин алтын жүлде үшін аянбай айқасты. Алайда ақтық бәсекесінің ақырғы сәттерінде (дәлірек айтсақ, 110-минутында) италиялық Марко Матерацциді басымен ұрып құлатқаны үшін қызыл карточка алған ол алаңнан қуылды. Әншейінде жер қозғалса да қозғалмастай көрінетін біртоға жігітті мұндай, сыпайылап айтқанда, тосын әрекетке не итермелегені түсініксіз. Баспасөз аталмыш көріністің сан-сапалақ себептерін мың құбылтып, құйқылжытып жазды. «Қарсыласы қандай сай-сүйегін сырқыратар сөз айтса да, ол шыдауы керек еді, енді, міне, командасын да жерге қаратты, дүйім дүние алдында өзі де масқара болды» деушілер де, «Ол дұрыс істеді, кейде намысыңды осылай қара күшпен қорғауға тура келетін жайттар болады» деп алақанын ысқылаушылар да болды. Қалай десек те, бізге оның не себепті ұстамсыздық танытқаны маңызды да, өкінішті де емес. Біз үшін, нағыз ойынның нағыз тілеулестері үшін оның жасыл алаңнан мәңгілік кеткені өкінішті еді...

Зинедин Зидан – Еуропаның (кейінгі бірнеше жылда – әлемнің) үздік футболшысына берілетін «Алтын доп» жүлдесін иеленген, әлем және Еуропа чемпионы атанған тұңғыш мұсылман футболшы. Ол футбол тарихындағы ең көрнекті ойыншылардың қатарына еніп, өзіндік із қалдырған тұлға. Әр дәуірдің өз қаһарманы болады десек, ХХ ғасырдың 60-жылдары елдің Пеле мен Гарринча десе есі кетті, 70-жылдар Беккенбауэр мен Кройфтың дәуірі ретінде тарихта қалды, 80-жылдарда күллі әлем Марадона мен Платиниге табынды... Ал қос ғасырды қосқан онжылдықта Зиданның жұлдызы жарқырады. Өзінің аталған футбол ғұламаларының лайықты ізбасары екенін ол тамаша ойыны арқылы дәлелдеді.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір