Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Бетбұрыс 11390 7 пікір 21 Сәуір, 2017 сағат 12:02

Тұңғыш Президенттің «Көші-қон қорын» құратын мезгіл жетті!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі қазақтың көрнекті үш жазушысымен өткізген әңгімесі де қоғамдық пікірлердің қызу талқысына түсіп жатыр.

Естеріңізде болса, осындай бір әңгімені Президет жазушылармен бұдан он шақты жыл бұрын да өткізген болатын. Арада дәл қанша жыл өткені есімде жоқ, бірақ екі кездесудегі әңгіменің арасы бізге бүгін жер мен көктей сезілді. Жазушыларымыз бұл жолы аптықпай-асықпай ыстық лебіздерін, қуаныштарын бір-бірлеп жеткізді. Сосын, өз ойларын ортаға салды. Ел басшысы мұқият тыңдап, еркін әңгімеге өзі жол ашып беріп отырды. Бұрынғыдай, «Әй, Смағұл!» деген жоқ. Себебі, бүгінгі жағдай мүлде басқаша! Ұлт Көшбасшысы өзі айтқандай, елімізде жасап жатқан үш ұрпақ, өзге ұлыс өкілдері 25 жыл  бойы қазақтың дарқан көңілін, Қазақстанның бейбіт, тыныш өмірін әбден түсінді. Айналамыздағы елдердің де әуселесін көріп, біліп отыр. Оның үстіне, Батыс пен Шығысымыздағы Құдай қосқан қос көршіміз ұлтшылдықтың туын мықтап қолға алуда. Біреуі айналасына көз алартса, екіншісі  иінінен дем алып тұр. Оны да Елбасы өзі айтып, ескертті. Демек, Қазақстан үшін бүгін ұлттық ұпайды түгендемеске еш амал қалған жоқ! Сол үшін де Президентіміз дер кезінде батыл да салмақты қадам жасады. Болашаққа оқтай түзу бағдар сілтеп, сананы жаңғырту туралы Ұлы ұран тастады.

Енді үш қаламгерлердің сөзіне жеке-жеке үңіліп көрелік.

Бірінші болып сөз алған Дулат аға Исабеков Елбасының дін қайраткерлерімен кездесуіне сілтеме жасай отырып, діни ахулды нақты мысалдармен және бір пысықтап өтті.

Бексұлтан Нұржекеұлы ағамыздың тарихи қорымдар мен көшелер туралы сөздеріне қарағанда, латын әріпіне көшу туралы айтқан ойлары Президенттің назарын бірден аударды.

Ал, қашанда сырбаз қалпынан жазбайтын, қашанда Елбасының қасынан табылып, қолдаушысы болып келе жатқан Смағұл аға Елубай бұл жолы да кездесудің әрін кіргізіп, әңгіменің салмағын арттырды. Әсіресе, оның жұрт көкейінде жүрген үш тілділік, балабақшадан бастап қазақ тілінде оқыту туралы ойларын Нұрсұлтан Әбішұлы ықыласпен тыңдап, қағазға түртіп алып отырды.

Тағы бір маңызды әрі өте қажетті тақырып – демографиялық жағдай мен көші-қон – алыстағы ағайын тағдыры.

Әрине, Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты! Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан батыл әрі тәрихи шешімі!

2016 жылы соңғы рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңында өз бетімен көшіп келіп қоныстанатын қандастарымыз бен ішкі көші-қон үшін толық жағдай жасалған. Үкімет Қаулы шығарып, оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыратын арнайы өңірлерді де белгілеп қойды. Елбасы бұл саясаттың өзгермейтінін әр сөзінде шегелеп айтып келеді. Жақында Баку сапарынан қайтып келе жатып, Маңғыстау өлкесіне соққан Президент, Ақтау қаласында облыс активімен кездескенде, бұл өңірге тәуелсіздік жылдары 125 мың қандасымыздың қоныстанғанын айта келіп, «Көш жалғасып  жатыр, жалғаса береді де!» деді.

Соған сай, бұл мәселені Смағұл ағаның көтеретін де жөні бар және  ұлтымыздың бойындағы пассионарлық рухпен ұштастыра отырып, жеріне жеткізіп тұрып айтты. Өкінішке қарай, әңгіменің осы бөлігі эфирге шыққанда қиылып қалғаны көрініп тұр. Оны Смағұл ағаның Елбасына «Сіз сұрақ қойдыңыз, «мынау шетелдегі бес милионды қалай әкелеміз», - деген сөзінен аңғардық. Қалай дегенмен де көші-қон саясаты туралы егжей-тегжейлі айтылғаны белгілі болы.

Осы орайда, Елбасымыздың Көші-қон саясатын өз деңгейінде жүзеге асыру үшін жаңа бағдарлама, ұлттық жаңғыру керек екенін айта кеткен жөн!

Бізше, Тұңғыш Президенттің «Көші-қон қорын» құратын мезгіл әбден пысып жетті.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласында «Туған жер» жобасын ұсынып, ауылды, елдімекендерді көркейтуге күш салуды тапсырды. «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек» деді.

Құдайға шүкір, Ұлт Көшбасшысының осынау көші-қон саясатының аясында бір миллионнан астам қандасымыз елге оралды. Келем деушілердің де қарасы көп. Ең кереметі, шеттен келген ағайынның әл-аухаты жақсы. Сыртта жүріп жиған тәжірбесімен ортаға тез бейімделіп, қатарға қосылып кетті. Себебі бізде еңбек етем, ауқаттанам деген адам үшін тиімді жағдай, мол мүмкіндік бар. Қандастарымыз кәсіпорындар құрумен бірге, қорлар да ашып жатыр.

Өкініштісі сол, әлгі қорлар миллиондаған ақшаға аста-төк той-томалақ, нәзір-құзыр өткізу, наурыз көже беру сынды  шаралардан шырмалып шыға алмай жатыр.

Елбасының 2015 жылы 11-қыркүйекте Астанада «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған салтанатты жиналыста айтқан «Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүниежүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады!»-деген ұлағатты сөзін еске алсақ, бұл сүрдектен шығып, болашақты бетке алған ұлттық деңгейдегі шаруларды қолға алуға ұмтылуымыз керек!

Арнайы көші-қон үшін жұмыс атқаратын мұндай Қор еврей мен немісте ежелден бар. Мысалы, еврейлердің "Көші-қон" қорының тұңғыш түйіндемесін 1856 жылы "Сион тауға қайту" деген ұранмен "өзіміздің" кәдімгі Карл Маркс жасаған!! Еврейлердің  байлары, орта таптары берісі өз елінде, арысы АҚШ-та жүріп те бүгінде сол Ұлттық Қорларына ақша құйып отырады. Ол ақша әлемде тарыдай шашырап жүрген қандастарын отанына жиып алуға жұмсалады. Тіпті, көшіп келгісі келмейтін шетелде жүрген әрбір этникалық еврей осы қордың есебінен өмірінде бір рет Израильге барып қайтады екен. Сенесіз бе, осы Қор құрылған тұста Израильде небары 10029 адам ғана болса, Израиль мемлекеті құрылған күні (1848 жыл, 14 мамыр) олардың саны осы ұлттық Қордың жебеуімен бір-ақ күнде 600 000 адамға бірден толыққан...

Жаңа Қазақстан тархында жүзеге асқан Ұлы жобалардың бәрі Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың парасаттылығымен жолға қойылған. Болашқта оның бәрі  Нұрсұлтан Әбішұлының атымен, мәртебесімен байланысты болуы керек! Сол үшін көші-қон саясатын одан ары жаңғырту үшін Тұңғыш Президенттің «Көші-қон қоры» бүгін ауадай қажет! Бүгін тұжырымдамасы жасалып, аталған Қор құрылса, ертең оны ауқатты ағайындарымыздың дөңгелетіп әкететіне шүбә жоқ! Көштің бағытын Үкімет айқындаған солтүстік аймақтарға бұруға, ауылдардың бет-бейнетін өзгертуге Қор өз септігін тигізетіні де сөзсіз!!

Бір сөзбен айтқанда, Елбасының үш жазушымен өткізген әңгімесі көңілімізден шықты, көкейімізге қонымды ойларымен есте қалды! «Көші-қон Қоры құрылса...» деген үмітімізді үкілей түсті.

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050