«Жан тыныштығы» - қандай тыныштық?
Қаламгер бауырым Нұрхалық Абдырақынның «Жан тыныштығы» атты әңгімелер жинағын қолыма алғанда, кітаптың атауы бірден өзіне тартты. «Расында, жан тыныштығын тілемейтін адам бар ма? Бұл дүниеде пенде баласының жалғыз аңсайтын арманы ғой, бұл...» деген ойды қозғады.
Ілуде бір адамдар болады, жан тыныштығын қаламайтын, оларды «жанкештілер» дейді, дін жолындағы жанкешті тақуалар, жанкешті ғалымдар мен өнер иелері дегендей... Бұл қаламгер осының қайсысына қалам сілтеді екен деген ой көңілімде көлеңдеп, кітапты оқып шығуға тәуекел етіп, парақтай бастадым.
Жинақ 36 әңгімені қамтыған үш жүз бетке таяу көлемде екен яғни орташа бір романның жүгін арқалап тұрған үлкен еңбек деген сөз.
Сонымен, жинақтағы алғашқы әңгіме «Жан тыныштығын» оқуға кірісіп те кеттім. Әңгіме, басқа ешбір жазушылардың әдетінде жоқ «Бисмилламен» басталыпты. Сауатты мұсылмандарға етене таныс Құран Кәрімдегі қиссада айтылатын Мұса пайғамбардың дүниеге келу сәті әңгімеде көз алдыға келеді. Шаранасын жаңа ғана жарып шыққан баласын Құдайдың бұйрығымен шарбаққа салып өзенге ағызған Мұсаның анасының шырқыраған жан-дүниесіндегі арпалысы мен Нил дариядан табылған баланы қорғап, асырап алған жауыз перғауынның асыл жары Әсияның асқан мейірімі оқырманды сонау Мысыр еліне алып барады. Құран аяттары мен басқа аңыздардан туындаған қым-қуыт оқиғалар әңгімеде осылай өрбіп, қарапайым оқырманға иманның мәнін әсерлі түсіндіреді. Перғауын сиқыршылары мен перғауынның әйелі Әсия иманға келгендіктен азапты өлімнен қорықпай рахат күйде ажалды қарсы алуы, өзін Құдай деп, жариялаған перғауынның Қызыл теңізде тұншығып өлер мезетіндегі қорқынышты бишара халі, адам үшін ең қымбат нәрсе иман екенін көкейге терең сіңіреді. Адамның нағыз жан тыныштығы яки жан рахаты иман деген тоқтамға келеді. Өз басым, одан кейінгі әңгімелерді оқыған сайын осы жинақтың беташары болған «Жан тыныштығы» бүкіл әңгімелердің негізгі ұстыны екеніне көзім жете түсті.
«Құнанбайдың қажылығы» атты келесі әңгімеде, қазақтан шыққан адамзаттың данасы Абай хакімнің әкесі Құнанбайдың кісілік болмысын деректі оқиғалармен жан-жақты көрсете білген. Қазақтың бұрмаланған тарихында Кенесары хан көтерілісіне қарсы шыққан деген жалаға ұшыраған Құнанбай қажының, сол кездегі екі оттың ортасында қалған қиын ахуалдан даналық арқылы қалай аман шыққанын, Кенесарыны астыртын қолдай отырып, Ақ патшаның тұзағынан ханды да, Құнанбай өзін де қалай құтқарғанын тамаша суреттеген. Құнанбайдың көп адам біле бермейтін қажылық сапарының қызықты оқиғалары да оқырманға рухани қуаныш сыйлайды. Қазақ халқының бүкіл асыл қасиетін бір бойына жиған дала аристократы Құнанбайдың адамдық болмысы қазіргі бүкіл қазақтың үлгі тұтар бірден-бір тұлғасы екенін қаламгер осы шағын әңгімесінде жеріне жеткізе жазған дер едім. Яғни, Абайды туғызған Құнанбай қажыдан бұрынғы соңғы қазақ даналарының ортақ образын жасап, дала өркениетінің ғажайып жанды кейіпкерін туғызған. Бұл қазіргі қазақ прозасындағы әңгіме жанрында синтездеп жазу тәсіліндегі үлкен сәттілік қадам деуге тұрады.
«Хикмет» деген әңгіме, қазақ даласына Хақ діннің рухани құндылығын жеткізіп, тоқсан тоғыз мың шәкірт тәрбиелеп кеткен Қожа Ахмет Иассауидің атақты кесенесін салған Әмір Темірдің көреген іс-қызметтерін әпсаналық мазмұнда баяндап суреттеген. Әмір Темір кесене салатын құрылысшы қызметкерлердің жұмыс уақытын дәрет алып, намаз оқитын кезеңдерге сәйкестіріп істеуді бұйырған. Әр кірпішті Алла атын атап қалауды тапсырғаны, бұл әйгілі кесененің талай бәлекеттен аман қалуының түп себебін айқындап тұрғандай. Бұл тарихи ғимаратқа деген оқырманның құрметін арттыра түседі.
«Түйенің шудасындағы Құран» атты әңгімеде түп қазақтың тарихында асқан абыроймен аталатын қыпшақ Байбарыстың (Бейбарыстың) құлдықтан Мысырдың бас сұлтанына дейінгі алапат күреске толы өмір жолы телесериалдай қызықты үзік көріністермен суреттелген екен. Осы тартымды әңгімеден кейін жалғасқан «Абылайханның пірі» дәл осы хикаяның тарихи жалғасы іспетті. Қазақ хандығының мызғымас діңгегін орнатып берген даңқты Абылай ханның ертегідей керемет өмірімен оқырманды қауыштырады.
Міне, жинақтың алғашқы ширегін оқыған кезде-ақ, төл тарихын білгісі келетін, ұлтының басынан кешкен қилы тағдырына қанығуды қалаған, даңқты тұлғаларын пір тұтатын халықшыл көзқарастағы кім болса да осы әңгімелерден тарихи білім алып, рухани кеңістігі өткен замандарға дейін қалықтаған қыран құстай бір шарықтап қалады.
Олай десек, бұл әңгімелер жинағының құрылымының өзі қазақтың басынан өткен тарихи кезеңдерден дәл қазірге дейін жетектеп әкеліп бүгінгі күніміздің алуан тақырыптарын да қамтыған ерекше роман сынды рухани әсерге бөлейді.
Осы айтқанымызға дәлел ретінде «Қала» деген әңгімені мысал ете аламыз. Ауылдан мезі болған Ержан деген жігіттің үлкен қалаға жұмыс істеу үшін келіп, пәтер іздегеннен басталатын өмірі ауыл қазақтарының өзіміздің Алматыдағы соңғы отыз жылдағы бүкіл өмірін айна қатесіз бүге-шігесіне дейін, аянышты көңіл күйіне дейін шынайы көрсетеді. Бір неше ғасыр бұрын ат үстінде айбыны асып, ақ орда киіз үйінде мейманасы тасып жүрген қазақ азаматтарының енді, қаланың қуықтай үйшігіне зар болып, пәтер жалдаушы адуын әйелдердің айтқанына көніп, айдағанына жүретіндей бишара халі, әлгі даңқты тарихтың қызуымен келген оқырманды да жүдетіп тастайды.
Бірақ, қайтесің! Қаламгердің міндеті реал өмірді айнытпай суреттеу ғана, міне, жазушы деп осыны айтамыз. Осыдан қырық жыл бұрынғы соцреализм тәсілімен өмірді мінсіз етіп сілтейтін советтік өтірікші үрдістен бұл қаламгердің аман екеніне қуанамыз да. Шығармашылық тілі де қатып қалған кітаби емес, төл тілмен еркін өрілген өзіндік өрнегі бар екен.
Осы қазіргі тақырыптағы «Мимырт», «Ит тірлік» атты әңгімелер де осы заманның тынысын, көрінісін дәл суреттейді. «Теберік» әңгімесінде атеистік қоғамның зардабынан енді-енді ес жиып жатқан мұсылман халқымыздың бір үзік әдемі өмірі көңілге жылылық әкеледі. Иманға келген студент Теберік қыздың пәктігін сақтап, ар-ұятын қорғаудағы хақ діннің әсері өте нанымды баяндалады. Қыздың мұсылман жігіт деп қалап күйеуге шыққаннан кейінгі аянышты өмірі қазақ қоғамындағы діннің әлі аумалы-төкпелі кезеңде тұрғанына ишарат еткендей оқырманды ойландырады.
Дәл осы әңгімемен сабақтас деуге тұрарлық «Қытай туыста» Гүлбаран деген сұлу қызға сөз салған Мазы Жияң деген қытай жігіті көп ақша, қымбат сыйлықпен ақыры дегеніне жетіп, қазақ қызын қалыңдық етуге көндіреді. Қыздың әкесі Қанапия кәпір қауымға қызын беруді тозақ отына күюдің нақ өзі деп білгендіктен қария жасына қарамай, күрең жүйрігіне мініп қызын ұяттан құтқаруға қалаға аттанады. Сөйтсе, әбден есірген қытай жігіт жип мәшинесімен Гүлбаранды қасына алып күйеу болып түсуге келе жатқан жолда Қанапияға кезігеді. Өр мінезді қарияға дін намысы жігер беріп, мәшинаның есігінен басы қылтиып шыға берген қытай «күйеудің» мойынына қолындағы қыл арқанды шалмалап кеп жіберіп тақымға салып тартып береді. Сүйретіп әкеп жігітті әкімшілік үйінің дәл алдына әкеп тастап кетеді. Адуын қазақтың шалт әрекетінен шошынған басқыншы пиғылдағы қытайлар бір-неше күнде қазақ ауылының арасынан көз таса болған екен. Мұны гуманизмге қиғаш қой десек те ұлтымызды қорғаудың тіке күресі екені еріксіз сендіреді. Мұнда, жазушы ұлт намысын сақтау, ұлтты қорғайтын жалғыз тірек деген адал мұратты алға тартқаны анық.
Осы әңгімеге тіке сабақтас «Дінді сату» мәтінінде ұлт намысын да, дін намысын да сатқан Нүркен деген жігіттің тағдыры суреттеледі. Қытай еліндегі хақ дінге қарсы жүргізілген саясаттың бір үзік суреті қазақ ұлтының күрес жолында болмаса ешкім де оны қорғамайтынын, бөтеннің табанында қалатынын айнытпай айта алған.
Қытайдың қол астындағы шығыстағы саны мол қазақ қауымының күреске толы өмірін кең толғап суреттеген «Бәйтік» әңгімесінде ұлт азаттық көтерілістің даңқы қолбасшысы Оспан батыр мен оның ержүрек серіктері Шердиман, Сүлеймен, Иманбай, Сұлубай, Ақтеке, Мұса, Зәтелбайлардың ел үшінгі азаматтық ерліктері мен жігіттік келбеттері ол жақтан хабарсыз қалаған Қазақ Елінің оқырман қауымына таңданарлық оқиғаларды таныстырады. Кітаптың қорытынды тарауы іспетті «Әлімғазы» атты хикаят деректі ұзақ әңгіме. Мұнда, қазіргі қазақтың зиялы қауымына кеңінен танылған тарихшы ғалым, қарымды қаламгер Әлімғазы Дәулетханұлының өмір жолынан кеңінен хабар берген. Хикаят шығыстағы қазақтың салт-дәстүр, тұрмыс, мінезінен бастап ғылым жолына құштар болған бозбала Әлімғазыны зорлықпен үйлендірмек болған бір жағы күлкілі, бір жағы қайтпас қайсар тұрпатын нақтылы жанды дерек, қызықты дәйектермен суреттейді. Сөйтіп, Әлімғазының өз халқының терең тарихын анықтау мен еркіндік жолындағы бүкіл күресі түгел қамтылған. Әрі, сол елдегі Айтан ақын сынды талай атақты адамдардың бәрінің өмірін де сыйғыза білгендіктен типтік тұлға дәрежесіне көтерген деуге болады. Осылайша, қазіргі Қазақ Елінің тәуелсіздігі үшін шеттегі қазақ зиялыларының да орасан үлес қосқанын осы хикаят оқиғалары паш етеді.
Бұл жинақты ең қысқа түрде таныстырғанның өзінде әлі де айтылмаған қанша сөз қалды десек те, қалғанын теңіздей шалқар оқырманның еншісіне қалдырдық.
Ал, жалпы бұл туындының асыл бағасын уақыт деген ұлы төреші беретіні сөзсіз. Әдебиетші ретінде айтарым, қазақта Ат сыны, Бүркіт сыны, Қыз сыны деген сындарлы сындардың ең биігінде «Сөз сыны» тұр. Абай хакім мұны «Өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін сендей сала алмас! Қиядан шауып, қиуасын тауып тағыны жетіп қайырған!» депті. Халқымыз «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген, «Ұшпақ болсаң зымыра!» деген.
Нұрхалық інім де қазақтың сөз бәйгесінде шаңын бұрқыратып шауып барады, дер бабында жарағанын әңгімесінен байқадық, маңдайы жарылып алдынан көрінсін, деген ағалық тілегімізбен сөзімді аяқтадым.
Абай Мауқараұлы
Abai.kz