Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 8148 4 пікір 18 Мамыр, 2017 сағат 15:29

Асанов пен Мәми үнсіз... Елбасының рақымшылығы саудаға түсіп жатыр

Осы ел Жақып Асановты өте жақсы көреді. Қайрат Мәмиді қара қылды қақ жарар әділ адам деп біледі. Қоғамдағы әділетсіздікке шыдамаған әр адам сол кісілерге хат жазып, өз құқықтарының бұзылып жатқанын айтып шағынады. Биылдың өзінде Abai.kz ақпараттық порталына екі бірдей кісі өліміне қатысты материал жарияланды. Екеуі де осы тұлғаларға ашық хат үлгісінде жазылып, қоғам талқысына түсті. Екі оқиғаны да заң адамдары тігісін жатқызып, Елбасының тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаған рақымшылығына іліп жіберген.

(Бірінші мақала: ЕЛБАСЫНЫҢ РАҚЫМШЫЛЫҒЫН «САУДАЛАЙТЫНДАРДЫ» ЖАЗАЛАУЫҢЫЗДЫ СҰРАЙМЫН, АСАНОВ МЫРЗА!

Екінші мақала: Қырқынан шықпаған қыздың жанайқайы Қайрат Мәмиге жете ме?).

Адам өлімін рақымшылыққа ілу, осы мәселеге Елбасының саясатын тікелей кінәлі ету тек заң адамдарының ғана қолынан келетін іс. ҚР Президентінің шапағатын саудаға салып, жәбірленуші тараптың көз жасына себепші болғандарды жазалауға келгенде ел мақтаған Асанов пен Мәми қауқар таныта алмай қалды.

Қазір заң қызметкерлері басқаны былай қойып, Елбасының рақымшылығын саудалайтынды шығарды. Бүкіл Қазақстанды шулатқан осы екі оқиғаға ҚР Бас Прокуроры Жақып Асановтың Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидің ләм демеуінің астарында не жатыр? Бас Прокурор мен Сот төрағасының үндемей қалуы – қоғамның мінезін білгендігінен, бүгін шулаған жұрт ертең мұны ұмытады деп ойлауынан болып отырса керек.

Бұл құзіретті қызметтегі азаматтарға жарасатын қылық емес. Елбасының аты аталған, ол кісінің саясатына көлеңке түсіретін әр істе әркім абай болуы тиіс.

Жақып Асанов пен Қайрат Мәми аузынан от шарпытып сөйлегенде ұлтшыл, қаншыл, қазақшыл азамат болып көрінеді. Бірақ, сөйте тұра Елбасының рақымшылығын саудалап жатқандарға жақ аша алмағандары олардың азаматтық тұлғасының ел ойлағандай кемел емес екенін көрсетті.

Бұл аталмыш екі кісінің шын мәнінде жігерсіздігін байқатты. Әрине, елімізде мұндай қылмыстар күн сайын болып жатқаны рас. Оның бәрінің ісін Бас Прокурор мен Сот төрағасының қарай алмасы да анық. Бірақ, Президенттің рақымшылығына сын айтылған кезде, Асанов пен Мәмидің жаны мұрнының ұшына келуге тиіс болатын. Елбасының әдемі саясатына көлеңке түсіріп, өлген адамның қанынан ақша жасап жатқандарды жазалаудың орнына, басын құмға тығып, «мен естімедім, мен көрмедім» деп отыру іскер адамның ісі емес. Елбасының рақымшылығы қандай жағдайда болмасын, адам өліміне қатысты қолданылмауы керек. Қазақстан Республикасының азаматын қасақана (яки абайсызда болсын) өлтірген қылмыстының тым құрыса бірер ай түрмеде отырмауы – бүкіл жүйеге деген наразылықты күшейтеді.

Бір ғана Жаңаөзен оқиғасын алайық. Алты ай бойы алаңға шыққан халықтың мұң-мұқтажын ешкім тыңдауға құлықты болған жоқ. Ақыр соңы қантөгіспен аяқталды. Мемлекеттің саясатына деген сенімді сетінеткен осы оқиғадан Асанов пен Мәмилер сабақ алуға тиіс еді.

Бүгін кісі өліміне себепкерлерді жазадан босатсақ, ертең бүлдіршіндердің тағдырын тас-талқан еткен педофилдерге рақымшылық жасармыз.

Мұндай жағдаяттың бәрі халық көкейіне кек болып қата береді. Ол кек, ашу-ыза жарылса, оның бәріне Бас Прокурор мен Жоғарғы сот төрағасын кіналар да кез тууы мүмкін. Осы екі оқиғаға наразы тарап ертең қазақы жолмен қылмыскерлерді жазалар болса, оның обалы да Жақып Асанов пен Қайрат Мәмиге болары анық.

Сондықтан да, кеш болмай тұрып, бұл тұлғалардың білек сыбанғаны керек. Кеше бізге аталмыш мақалалардың авторы хабарласты. Екі оқиғаға да прокуратура тарапынан көмек болмапты.

«Біз әділ заңға сеніп едік. Сенген заңымыз сенімді ақтамады» дейді олар.

Сенімдердің ақталмауы мемлекеттік деңгейдегі шенеунік мырзаларға абырой әпермейтінін біліп, осы мақаланы жазуды жөн санадық. Әзірге осымен тоқтай тұруды жөн санадық. Десе де бұл мәселеге қатысты айтарымыз әлі де таусылмағанын ескерте кетуді жөн санаймыз.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2251
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505