Дүйсенбі, 26 Қазан 2026
Алашорда 158 0 пікір 26 Қазан, 2026 сағат 13:12

Халқына адал қызмет еткен Мұстақым Ықсанов!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Мұстақым Ықсановтың туылғанына 100 жыл!

Жақсының аты өлмейді...

Үстіміздегі жылды М.Ықсанов жылы деп айтуға әбден болады. Осы бір жалынды мемлекет қайраткерінің 100 жылдық мерейтойын Түркістан облысының халқы Шарапханада кең көлемде тойлады (24 наурыз). Көп ұзамай Қызылорда қаласында болды. Сол сияқты Алматы, Астана қалаларында да атап өтіліп жатты. Ең соңғы той туған жері Орал облысында 17–18 қыркүйекте өтті.

Мұстақым Ықсанов — Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға көп еңбек сіңірген мемлекет қайраткері. Ол Қазақстанның оңтүстік аймақтарын, яғни Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарын басқарып, шаруашылығын дамытуға қажырлы үлес қосты. Оның ең көп басшылық еткен жері — Батыс Қазақстан облысы. Өзі де сол облыстың Жәнібек ауданында дүниеге келген. Аса жемісті еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысында Бетпақдаланы игеруден бастайды. Әр жылдары біліктілігі мен білімділігінің, ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында әртүрлі ауыл шаруашылығы қызметтерінен соң Мақтарал аудандық партия комитетін басқарды. 1960 жылдары аса күрделі кезеңде Қызылорда облысына басшылық етті. Ол Сыр өңірін басқарған кезде қордаланған мәселелердің шешімін табуына ұйытқы болды. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамытуға көп еңбек сіңірді. Еңбек озаты, «Дала академигі» аталатын Ыбырай Жақаев осы жылдар ішінде күріштен мол өнім алып, аты әлемге танылғаны тарихи оқиға болып қалды.

1975–1986 жылдары Батыс Қазақстан облысы партия комитетінің 1-хатшысы болды. Осы жылдары ол облыс экономикасы мен мәдениетін арттыруға, әсіресе күрделі құрылысқа, сан алуан шаруашылық, оқу-ағарту, денсаулық, мәдениет салаларын дамытуға үлкен үлес қосты.

Ол қай қызметте жүрсе де адамгершілігі мол, парасатты басшы екенін көрсетті. Ең бастысы — халыққа адал қызмет етті және сол ұстанымнан ешқашан айнымаған еліміздің тарихындағы аса патриот басшы болып қалды. Оны білетін және онымен қызметтес болған адамдардың жүрегінде ол өз есімін алтын әріппен жазып қалдырды.

Оның Оңтүстік Қазақстандағы жемісті еңбегі туралы бірге істес болған адамдардың естеліктеріне көңіл бөлсек:

«...Жас жігіттің мықты ұйымдастырушылық қабілеті назарға алынып, көп ұзамай басшылық қызметке көтерілді. Аз уақыттың ішінде М.Ықсанов Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай құрылыс басқармасына басшы болды. 1958 жылы Бетпақдаладағы ирригациялық құрылыс тресіне басшылыққа жіберіліп, жас инженер ирригация және су шаруашылығында жоғары кәсіби шеберлік көрсетті. Оның осы жылдардағы тәжірибесі кейін мақта және күріш егетін аймақтарда жұмыс істегенде өте пайдалы болды.

Жастығына қарамастан, көп ұзамай Оңтүстік Қазақстан облысы Ильичев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне көтеріліп, кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық су шаруашылығы басқармасының бастығы қызметін атқарды...» (К.Ботаев, «Добрый след на земле», 28.10.2023)

Оның Сыр бойындағы қыруар еңбегі туралы:

1962 жылы небәрі 36 жасында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. М.Ықсанов өзіне жүктелген үлкен жауапкершілікті терең түсініп, зор ынтамен еңбек етті, Қызылорда облысының экономикасы мен мәдени өркендеуіне аса көп үлес қосты.

Қызықты жайт: Мұстақым Біләлұлының Сыр өңірімен жақын танысуы Социалистік Еңбек Ері, егіс академигі, әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевпен танысу мақсатында Шиелі ауданына барудан басталды. Бұл — жас аймақ басшысының еңбек адамдарына деген құрметінің айқын көрінісі. Мұндай азаматтардың әдетте қолдаушылары мен ізбасарлары да көп болады. Оның жалпы қарапайым жұмысшыларға деген құрметі ерекше еді.

Обкомның бірінші хатшысының қызмет жолын айтулы диқаннан бастауына толық негіз бар еді. Ақсақалдың ақыл-кеңесі дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беріп, Сырдарияның сол жағалауындагы тың жерлерді игеру жобасын жүзеге асыруға кірісті. Көп ұзамай мұнда ірі суару және құрғату жұмыстары басталды. Содан кейін жоспарланған жерлерге күріш егіліп, алғашқы жылдан бастап-ақ мол өнім алынды.

М.Ықсанов күріш егістігін жоспарлау мен суаруды комсомолдың жалпыодақтық бас құрылыс жобаларының қатарына енгізуге қол жеткізді. Шаруашылықтар күріш өсіруге арнаулы ауыл шаруашылығы техникаларын көптеп ала бастады, республикалық және одақтық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Құрылыс трестері құрылып, бұрын Шымкентте орналасқан Республикалық күріш ғылыми-зерттеу институты Қызылордаға көшірілді. Бұл — шын мәнінде тарихи оқиға болды.

Жаңа совхоздар ашылды, солардың бірі — Келінтөбе және т.б.

Мұстақым Ықсановтың тағы бір қасиеті — жастарды еңбексүйгіштік рухқа тәрбиелеуі еді. Бірде егіс алқабында жұмыс істейтін диқандар арасында жастардың аз екенін байқап, облыстық комсомол ұйымына «Жас жақаевтықтар» атты жастар қозғалысын ұйымдастыруды тапсырады. 1964 жылы наурызда Ыбырай Жақаевтың «Жастарға хат» атты үндеуі жарияланды. Бұл шара Сыр елінің жастар жұмысына тың серпін берді.

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы күріш шаруашылығымен айналысуға бел буған комсомолецтер мен жастарға барлық жағдайдың жасалуын қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығында жастардың қатары көбейіп, жас күрішшілер митингілері өтті. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының көмегімен оларға арнайы «Жақаевтықтар маршы» әні жазылды.

Облыс басшысы ауыл шаруашылығын бақылап қана қоймай, басқа да өңірлік мәселелерді шешуге көп көңіл бөлді. Қазалы су электр станциясын салуға ерекше үлес қосты. Қызылорда облыстық партия комитетінің басшысы аудандағы 67 мың гектар жерді суландыруға жоғары партия органдарының рұқсатын алып, Басықара су электр станциясының құрылысын бүкілодақтық комсомолдық құрылыс жобасы деп жариялады.

Оның бастамасымен типтік жоба негізінде колхоздар мен совхоздарға арналған орталық фермалар салынып, абаттандыру мен көгалдандыру қолға алынды. Ауылдарға жаңа жолдар салынып, еңбекақы өсті, тұрмыс жағдайы жақсарды.

М.Ықсанов облысты басқарған төрт жыл ішінде Сыр елі күріш өндіруден Орта Азия республикаларын басып озып, КСРО көлемінде атағы шықты. Көптеген күрішшілер Социалистік Еңбек Ері деген мәртебелі атаққа ие болса, Қызылорда облысы Ленин орденімен марапатталды. Бұған дейін республикадағы ең артта қалған облыстардың бірі саналған аймақ тез арада алдыңғы қатарлы облыстар қатарына көтерілді.

Жалпы, Жақаевшылар қозғалысы туралы айтсақ, осы ауқымды іс-шара М.Ықсановтың есімімен тығыз байланысты. 1963 жылдың басында оның облысқа басшы, яғни бірінші хатшы болып келуінен басталды десек артық болмас. Жоғарыда көрсеткеніміздей, ол елмен танысу мақсатындағы алғашқы сапарын Ыбырай ақсақалға сәлем беруден, егісі бірыңғай суармалы облыстың күріш шаруашылығын өркендету бағыттары туралы тәжірибелі диқанмен ой бөлісуден бастайды. Бұл Ыбекеңге ерекше әсер еткен екен. Диқан мен партия қайраткерінің ойы бір жерден шықты. Өйткені Ықсанов — ауыл, су шаруашылығының маманы, шаруашылық басқарудан өскен, кең ауқымда ойлайтын басшы еді.

Қызылорда облысына көрші республикалардан көптеген қандастарымызды көшіріп әкеліп орналастырғаны да тарихи оқиға еді. Жалпы, М.Ықсанов Оңтүстік Қазақстан жеріне көшіріп әкелген қандастарымыздың арасынан елге ерекше еңбегі сіңген қоғам қайраткерлерін атап өтсек: Д.Әлжанов, Б.Батманов, Ж.Атабаев, Т.Жәйлібаев және т.б.

Ол барлығы төрт жыл облыста басшы болды. Оны сол жерден қозғамаған дұрыс болар еді... М.Ықсанов кеткен соң Е.Әуелбеков келгенге уақытқа дейін облыс шаруашылығы құлдырап кеткені — тарихи шындық.

М.Ықсановтың аса қиналған уақыты

Мұстақым ағаның жанына қатты батып, аса қиналған кезіне де тоқтала кеткен жөн. Шын мәнінде, оның өмірі мен қызметі оңай болған жоқ, өте күрделі жағдайда өтті. Негізгі міндеті үкімет пен партияның талап еткен ауыр тапсырмаларын орындау болса, туған халқына жанашырлық таныту оның екінші ұстанымы еді.

Халқымыздың басынан өткен мына бір тарихи оқиғаны еске түсірейік. Сонау ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының басында Оңтүстік Қазақстанның Жетісай өңіріне Тәжікстан мен Хорезм өлкесінен, яғни халықтың көп бөлігі Қарақалпақстанда тұратын қандастарымызды көшіріп әкелген Мұстақым аға екені белгілі. Ол кезде ол Жетісай ауданының бірінші хатшысы еді. Көп ұзамай, яғни 1961 жылы Кеңес өкіметінің басшылары бұл жерлерді Өзбекстанға қосып жіберді. Он жылдан соң сол жерлер Шымкент облысына қайта қосылды. Сол құжаттаманы бекітуге Мұстақым Ықсановтың қолы қойылды, себебі ол аталған комиссияның төрағасы еді. Осы тарихи мәселе туралы сол кездегі Сарыағаш ауданының бірінші хатшысы Дербіс Әлжанов былай деп баяндайды:

«— Бұрынғы үш ауданды Қазақстанға қайта қосатын комиссияның басшысы болып Ташкентке келген М.Ықсанов екенін естідік... Біз енді сол кісіге барып сәлем беретін болдық. Олай дейтініміз — осы Жетісай айналасындағы Бетпақдалаға ел жинап, совхоздар ашып көркейткен және біздерді сонау Түркіменстаннан көшіріп әкелген басшымыз, ұстазымыз Мұстақым Ықсановқа барып жолығудың сәтін таппай отырғанымызда, өзі аяқ астынан ойламаған жерден келе қалды. Мен қуанғаннан ес-ақылымнан айырыла жаздадым... Сарыағаш аудандық партия комитетіне ешқандай хабар-ошарсыз келуі қызық болды. Оның көңілсіз екенін, бет-әлпеті түтігіп кеткенін байқадым... Сондағы оның айтқаны:

— Мені осы өлкені жақсы білетін адам есебінде Д.А.Қонаев жолдастың өзі комиссия бастығы етіп жібергеніне өте қуанған едім. Алайда мұным бекер болып шықты... Өзбекстанға он шақты жыл бұрын берілген жерлерді түгел қайтармайтын құжаттарды даярлап қойыпты. Аталған құжат бойынша Мырзашөл ауданының орталығы — Гагарин қаласы түгелдей Өзбекстанға қалатын болыпты.

Біз Д.А.Қонаевпен келіскенбіз, осы құжатқа қол қойыңыз деп қарап отыр Өзбекстан басшылары. Менің төбеме жай түскендей болды... Маған Қонаев ештеңе айтқан жоқ еді. Хабарды айтып, сол кісімен сөйлесейін десем, Алматыға телефон шала алмай әлек болдым. Анандай құжатқа қол қоятын менің басым екеу емес қой... Мен Қонаевпен сөйлесіп, анығын білейін десем, телефон байланыстарын Өзбекстан басшылары бұғаттап қойыпты. Алматыға телефондап, Қонаевтың өзіне болып жатқан жағдайды айту үшін саған асығыс, төтенше жағдайда келіп отырмын, – деп аса қиналып келгенін айтты».

«— Ойбай, Мұсеке, мен сізді қазір «вертушкамен-ақ» байланыстырамын деп, әскери бөлімшеге алып бардым. Сол жерде ол Қонаевпен сөйлесті, маған бәрі анық естіліп тұрды. Қонаевтың М.Ықсановқа ұрсып сөйлегеніне таңғалдым. Шынында, Өзбекстан басшылары Қонаевпен келісіп, Мырзашөл ауданын алып қалатын болыпты. Мынандай халықтың тағдырына байланысты қылмысты және жымысқы жағдайды Қонаев Ықсановқа айтпаған. Ол бара салып қолын қоя салу керек болған. Алайда оның телефондап осындай ыңғайсыз жағдайды сұрағанына Д.А.Қонаев ақсақал Ықсановқа қатты ренжіп қалғанының куәсі болдым...»

Әрине, Қонаевтың келісімінсіз Мырзашөл ауданы Өзбекстанда қалмас еді. Мәскеуден шыққан нұсқау бойынша 1961 жылы Хрущев өткізген Оңтүстік Қазақстан облысының жерлері түгелдей қайтарылуы тиіс еді. Қалай болғанда да, Өзбекстан басшылары Қонаевтың тілін тапқан еді. Осы жағдай М.Ықсановқа өте ауыр тиді. Себебі тарихи құжатқа комиссияның басшысы ретінде оған қол қойғызған болатын. Келешекте ұрпағымыз халқымызға жасалған осынау қиянаттарды М.Ықсановтан көріп, қарғап-сілеуі мүмкін еді. Әрине, бұл мәселелер М.Ықсановты қатты қамықтырды. Бетпақдаланы көркейтуге, ел қондырып, совхоздар ашып, қаншама игі істер жасауға қыруар еңбек сіңірген М.Ықсанов сынды ардагер ағамыздың көңіл күйінің қандай болғанын елестету аса қиын. Осындай ата-бабамыздан қалған қалың қазақ мекендеген аудандарды Өзбекстанға бере салғанда, ол қаншама қарсылық көрсетіп, іштей күйзелген болатын. Бірақ қолдан келер амал бар ма? Ал енді сол аудандар Қазақстанға қайта кіретін болғанда, оның қуанышында шек болмағаны анық. Алайда Мырзашөл ауданын алып қалуға зорлықпен қол қойдырғанда, оның ішкі жан дүниесі қаншалықты ауыр жағдайды бастан кешкенін білеміз.

Бұл жерде көңіл бөлетін тағы бір жағдай — Қонаев ақсақалдың Өзбекстан басшыларымен жақсы қатынаста болғаны. Қонаев ақсақалдың өзбек ағайындарға бүйрегі бұрғаны сонша, 1975 жылы Сарыағаш ауданының үш совхозының жерін Өзбекстанға жүзім егу үшін арендаға берді. Ал сол жерлерді 1984 жылы, Қонаев өзі қызметтен кетер алдында, яғни екі жыл бұрын заңдастырып, Өзбекстан құрамына кіргізді.

Өзбек ағайындар заңды түрде сол үш совхоздың жерлерін иелеп алған соң, сол территориядағы Келес мақта зауытын көшіріп алып кетуді талап етті. Қонаевтың нұсқауымен сол зауытты Сарыағаш қаласына көшіріп алуға мәжбүр болды.

Қорыта айтқанда, егемендік алғаннан кейін, 2000 жылдардың басында Өзбекстан шекарасы 15 шақырымдай ішке кіріп кетіп, Сарыағаш курортының жанынан бір-ақ шықты. Өмір бойы Қазақстан аумағында тұрған қалың қазақтың аяқ астынан Өзбекстан болып кеткендегі жағдайын, яғни көз жасын елестетіп көріңіз. Оның үстіне, сол жердегі жаңа шекараны өзбек ағайындар жауып тастады (яғни кеден де жабылды), ары-бері өту үшін бейшара халық Қапланбек арқылы өтетін болып қалды. Біздің халық үшін бұл жағдай кезекті трагедия мен қиянаттардың бірі ғана еді. Бұл мәселе туралы ешқандай баспасөзде жазылмады. Халық қаншама мұңы мен көрген қиянатын айтып шағымданса да, оны баспасөзге жариялауға қатаң тыйым салынды. Халықтың мұңы мен зарын көпшілікке жариялау Қазақстан басшыларын айыптау болатыны белгілі еді.

Осыған ұқсас бұдан бұрын болған тағы бір жағдайды айтып өтейік. Сонау алпысыншы жылдардың басында Маңғыстауды Түрікменстанға беру мәселесі қозғалды. Бірақ Мәскеудің бұл жоспары іске аспай қалды. Бұл мәселені әркім әртүрлі түсінеді. Біреулер оны Н.С.Хрущевтің қызметтен кеткенінен көреді. Ол кетуге асықпай, тағы бір-екі жыл отырғанда, Маңғыстауды Түрікменстанға өткізіп жіберетін еді және Атырауды Ресейге қосатын еді деп топшылайды. Екінші біреулер осы ерлікті түгелдей Қонаевқа жабады. Ал кейбіреулер бұл ерлікті жасаған Қаныш Сәтпаев екенін айтады. Бұл шындыққа көбірек жақындайды. Маңғыстау сияқты қазақтың қасиетті және киелі мекенінен айырылып қалатын болған соң, ардагер Қаныш Имантайұлы жанталаса жүріп, ақырында КСРО Ғылым академиясының президенті М.В.Келдышке мұңын шағады. Кеңес Одағындағы аса беделді ғалым Қ.Сәтпаевты Мстислав Всеволодович ерекше құрметтейтін еді. КСРО ғылымының тізгінін ұстағандықтан және Орталық комитетке мүше болғандықтан, оның сөзінің салмағы басым еді. Әрине, Маңғыстаудың тағдырын шешкен сол кісі болатын. Бұл мәселені Қонаевқа жамаудың қисыны келмейді, өйткені ол кезде Қонаев ондай батыл қимылға бара қоюы екіталай еді.

Оның соңғы қызметі — Орал өңіріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Халықтың тұрмысы мен облыстың шаруашылығы және өндірісі осы кезде қарқынды дамығаны белгілі. Кешегі тоқсаныншы жылдардың басындағы ұлтшылдардың «Уральское казачье войско» автономиясын құрмақшы болған ылаңы кезіндегі жергілікті халықтың ұйымшылдығы мен патриотизмін бүгін мақтанышпен еске аламыз. Осы оқиғаға Қазақстанның он бір облысының жігіттері қатысты. Бір Маңғыстаудың өзінен 350 жігіттің қатысқаны белгілі. Халқымыздың осындай ынтымағы мен рухы сол М.Ықсановтың кезінде өсіп жетілді деп тебірене айтамыз. Бұл — тарихымыздағы аса күрделі оқиға, әрине, бұл басқа мақаланың еншісіндегі дүние.

Қорыта айтқанда, М.Ықсановтың арқасында бұл өлке гүлденді және Қазақстан құрамында қалды.

Өмірбаяндық деректер:

Мұстақым Біләлұлы Ықсанов (30 наурыз 1926 жыл, Байдуков ауылы, Орал губерниясы, Қазақ АССР — 18 қараша 1991 жыл) — кеңестік қазақ мемлекеттік және партия қайраткері.

  • 1926 жылы 30 наурызда Байдуков ауылында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Борсы ауылы) дүниеге келген.

  • 1961–1962 жылдары — Түркістан облысы Ильичев ауданы партия комитетінің 1-секретары.

  • 1962–1963 жылдары — Оңтүстік Қазақстан өлкелік су шаруашылығы басқармасының бастығы.

  • Қазақстан Компартиясы Қызылорда обкомының бірінші секретары (1963–1966).

  • Қазақстан Компартиясы Жамбыл обкомының бірінші секретары (1970–1971).

  • 1971–1975 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретары.

  • КПСС ОК мүшелігіне кандидат (1976–1986).

  • Қазақстан Компартиясы Орал обкомының бірінші секретары (1976–1985).

Өмір бойы халық пен үкіметке аянбай қызмет атқарған Мұстақым Біләлұлы осындай жоғары және аса жауапты қызметтерді атқарып, халқына қалтқысыз қызмет етті. Оның өмірі мен қызметіне көз салсақ, өте қайратты әрі іскер басшы болғанын көреміз. Қазақстан тарихында ол өз есімін алтын әріппен жазып қалдырған тарихи тұлға.

  • КПСС-тің 23, 24-съездерінің делегаты.

  • 1971 жылдан бастап КПСС Орталық тексеру комиссиясының мүшесі.

  • 7–8-сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

  • Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген құрылысшысы (1961 жыл).

  • КСРО Жоғарғы Кеңесінің 7–8 (1962–1970) және 9–11 (1974–1989) шақырылымдарының депутаты.

М.Ықсанов биліктің әртүрлі салаларында жемісті еңбек етіп, Ленин, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және көптеген медальмен марапатталды. Орал қаласында М.Ықсанов атындағы көше бар. Қала көшелеріндегі ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған. №36 мектепке М.Ықсановтың есімі беріліп, мектеп аумағында оған ескерткіш мүсін қойылды.

Оның жарқын бейнесі мен республика шаруашылығы мен өндірісіне сіңірген еңбегі халқымыздың тарихында ешқашан ұмытылмайды.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Ақбаев Ж. Елге сіңірген еңбегі көп // Ұлы тұлға. — Орал: Ағартушы, 2011. — 47–50 б.

  2. Атаев А. Ел есінде қалған ер // Ұлы тұлға. — Орал: Ағартушы, 2011. — 81–87 б.

  3. Бақтыгереева А. Ықсанов // Ұлы тұлға. — Орал: Ағартушы, 2011. — 75–80 б.

  4. Ихсанғали С. Жарқын тұлға // Орал өңірі. — 2014. — 29 наурыз (№34). — 5 б.

  5. Қыдырниязова Ш. Ағаны аңсау (Өлең) // Ұлы тұлға. — Орал: Ағартушы, 2011. — 101–102 б.

  6. Ұлы тұлға Мұстахим Біләлұлы Ықсанов: туралы естеліктер / Автор-құраст. А.Қ.Атаев. — Орал: Ағартушы, 2011. — 140 бет + 16 б.

  7. Тағдыр шыңдаған тұлға // Ұлы тұлға. — Орал: Ағартушы, 2011. — 12–22 б.

  8. Ботаев К. Добрый след на земле. 28.10.2023.

  9. Арыстанәлиева Д., Жапаков Н. www.westkaz.kz, 12 қазан.

  10. Өтениязов С. Ел есінде қалған ер // Қазақстан дәуірі. — 12 наурыз, 2026 ж.

Самат Өтениязов,

Мадрид және Әл Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1212
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1691