Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 7882 2 пікір 19 Шілде, 2017 сағат 17:06

Алашордашы Абдолла Байтасұлы кім?

Алаш қайраткерлерінің рухани мұрасы ұлттың баға жетпес байлығы. Сол себепті оны зерттеу жұмыстары қазіргі таңда белсенді түрде атқарылуда. Бұл ретте алаштанушы ғалымдар ұлт қайраткерлерінің өнегелі еңбектерін жинақтап, ғылыми зерттеулер жазып, елге танытып жатыр.

Биыл Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толып отыруына орай, есімі саяси-идеологиялық тұрғыдан мансұқталған қалам қайраткерлерін ақтап, шығармашылық мұраларын тәуелсіздік идеясымен байланыстыра талдау, пайымдау жасау міндеті алда тұр. Осы бағытта көпшілік қауымға есімі беймәлім Алаш қалам қайраткері Абдолла Байтасұлының шығармашылығын зерттеу, оны тәуелсіздік мұраты тұрғысынан зерделеу жұмысы қолға алынды.

Абдолла Байтасұлы – ХХ ғасырда ғұмыр кешкен, Алаштың рухани, мәдени, әдеби өміріне белсенді атсалысқан зерделі әдебиетші, қарымды журналист, шебер аудармашы, парасатты сыншы, ұлағатты ұстаз, зерттеуші. Ол – Халел Досмұхамедұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Қошке Кемеңгерұлы сынды алаш арыстарымен бірге ұлт мүддесін көксеген алаш қалам қайраткері.

Абдолла Байтасұлының басқа да қайраткерлермен рухани байланысын, ұлттық мүдде-мақсатын Жүсіпбек Аймауытұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды алаш зиялыларымен алмасқан хаттарынан көруге болады. Бұл хаттарда әдеби тұжырымдар, сыни көзқарастар барынша мол кездеседі. Олардың негізгі мазмұны әдебиеттегі көркемдік мәселесіне қатысты болды. Қаламгерлер әдебиетті өнер деп бағалайды. Әрі ұлттың жаны, рухы екенін ескертеді. Әдебиттің бағыт-бағдарының саясат ықпалына түсуіне қарсылық білдіреді. Әдебиет таза өнер есебінде халыққа қызмет етсе, ол өз міндетін толық атқарады деп тұжырымдайды. Ал саяси ұстанымға бағынған әдебиет халықтың санасын улайды деп түсінеді. Әдебиетті сөз өнері ретінде танытпақ болған алаш қайраткерлері «Алқа» атты әдеби ұйым құрмақшы болады.

Алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным–Алаш», «Талқы», «Движение Алаш» еңбектерінде Алаш қайраткерлерінің ОГПУ басқармасына берген көрсетінділері мен бір-біріне жазған хаттары топтастырылған. Бұнда қайраткерлердің арасындағы таныстық, рухани байланыс нақты фактілерге негізделген қалпында берілген. Соның ішінде Абдолла Байтасұлының Қошке Кемеңгерұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлт зиялыларымен алмасқан хаттары оның қайраткерлік тұлғасын, әдебиетші ретінде қырын жан-жақты ашады.

1931 жылы 17 қыркүйекте Қошмұхақамед Кемеңгеров жауапқа шақырылады. Бұл көрсетіндісінде Абдолла Байтасұлымен араласып пікірлес болғаны ашық айтылады: «Жұмабаевпен ешқашанда хат жазысқан емеспін, ішінара Байтасовпен хат алмасып тұрдық. Соңғы адам маған Ташкентте: кеңес платформасына негізделген жазушылардың «Алқа» әдеби үйірмесін құрмақ екен» (255 бет). Бұл тергеудегі жауапқа тікелей қатысы бар Қ.Кемеңгерұлының екі хаты анықталған. Оның біреуі Абдолла Байтасұлына арналған хаты. Қошке Кемеңгерұлы А.Байтасұлына «Ғабдолла дос» деп 1924 жылы сәуірдің 13-інде хат жазған. Қысқа қайырылған амандық саулықтан соң, Қошке Абдоллаға екі өтінішін айтады. Екеуі де ұлт үшін маңызды мәселелердің төңірегінде болады.

«Ғабдолла дос! Жағдайың қалай? Орынборға қайтіп жеттің? Қазақстандағылардың халі оңды ма? Қайтар сапарыңның алдында жолыға алмағандығымнан, бұл хатты тездете жіберіп отырмын. Жыл басында Қазақстан мемлекеттік баспасы ауыл шаруашылығынан оқулық жаз деп қолқа салып еді. Мен осыны ойластырып, керекті материалды қорытып жатырмын. Баспадағылар мұны қашан баса алады екен, соны білші.

Екінші өтінішім: Госпланға соқ, Смағұлға жолық. Біз тараптан қандай көмек қажет екенін біл. Оның бізге қандай жәрдемі керек екенін де айт. Смағұлда қабілет те, жүрек те бар. Менің бұған онымен «Жас азаматта» істес болған кезде көзім анық жетті.

Түркістан мәселесі туралы ондағылар қандай шешімге келгенін де сұрашы. Екі облыс Қазақстанға қосылса, қазақ мекемелерінің жайы не болмақ? Ташкентті астана ету мәселесі де көтеріліп еді ғой.

Хат жаз. Жарайды, сау-саламатта бол! Құшақтасып көріскенше. Бауырың Қошке. 13.ІҮ.1924 жыл» (255 бет).

Қошке Кемеңгерұлының Абдолла Байтасұлымен достық әрі әріптестік қарым-қатынас орнатуы бірнеше себептерге байланысты болса керек. Ең алдымен, зиялылардың бұл жылдары мәдениет ордасы Ташкент қаласына шоғырлануы еді. Қ.Кемеңгерұлы Ташкентке 1924 жылы келген. Бұл кез оқу-ағарту саласының дамып, кітап, газет-журнал шығару ісі қолға алынып, білім мен мәдениеттің өркен жайып жатқан тұсы еді. Ташкентте екі қайраткер де Ташкент педагогикалық институтында оқытушылық қызмет атқарған. Бірігіп атқарған істері туралы айтсақ, «Орысша-қазақша тілмаш» деген атпен белгілі сөздікті Қошке Кемеңгерұлы мен Абдолла Байтасұлы құрастыруға бірге қатысқан, «Алқа» ұйымын құрушылардың қатарында да екі есім қатар аталады. Cонымен қатар Абдолла Байтасұлы Қошке Кемеңгерұлы, Шәкір Баймақанов, Есім Байғасқин, Ғаббас Дәулетбеков, Бұралқиев сияқты қайраткер тұлғалармен Ташкент шаһарында бір үйде тұрған, бір үзім нанмен бөлісе отырып, қазақ халқының келешек тағдырына алаңдап, ұлт қамы үшін бар қажыр-қайратын салып еңбектенген.

Тілші әрі әдебиетші болып танылған Алаштың қос оғланы мәдениеттің дамуы мен өркендеуі үшін қажырлы еңбек етіп, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың рухани достығы мен тағылымды қызметі болашақ ұрпақ үшін  үлгі-өнеге.

Абдолла Байтасұлымен хат жазысқан келесі қайраткер – Жүсіпбек Аймауытұлы. Ол басқа да алаш қайраткерлерімен бірге Қызылорда, Ташкент қалаларында ағартушылық, халықты ғылым-білім, өнерге шақыру, кітап жазу, алғашқы баспасөзді ұйымдастыру жұмыстарына қатысқан.

Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованың естеліктерінде  Жүсіпбек Аймауытұлымен Қызылордада танысқанын жазады. Ташкентте де Жүсіпбек пен Абдолла қызметтес болып, бір рухани ортада жүргенін бұл естеліктерден анық көрінеді. «Ташкенде бізбен таныс, әсіресе ең жақын жүретін кісілер көп-ақ еді, ойыма алсам, өңкей оқымысты кісілер, қазақтың ығайы мен сығайы екен-ау: Сұлтанбек Қожанов, Файзолла Ғалымжанов, Есім Байғаскин, Қошке Кемеңгеров, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов(аспирант), Ершин Әлімгерей, Әлімхан Ермеков, Елдес Омаров, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Иса Қашқынбаев, Мағжан Жұмабаев, Абдолла Байтасов, Жұмақан Күдерин, Әбілхамит Ақпаев, Дәрібай Қойайдаров, т.б» (11бет). Жүсіпбек Дулатовтардың үйіне екінші рет келгенде Абдолла Байтасұлын ертіп келді деп есіне алады Гүлнәр Дулатова. ««Айналып соғамын»  деген Жүсіпбек бес-алты күн өткен соң тағы келді. Үй іші қуанышпен қарсы алды. Бұл жолы жанына Аблолла Байтасовты ертіп келіпті. Ол да Дулатовтарға бұрыннан таныс, тәтемнің жан досы, дәрігер Жұмағали Тілеуиннің бажасы болатын. Абдолла ұзын бойлы, талдырмаш келген, бұйра шашты, ылғи күліп, көңілді жүретін әдебиетші жігіт болатын» (43 бет).

Бұл кезеңде «Алқа» ұйымын құрушы қайраткерлер әдебиеттің ұлттық сипатта дамуын мақсат етіп, рухани байланыстарын нығайтады. Әр қалада шоғырланған зиялылар «Алқа» ұйымының «Табалдырық» атты бағдарламасын талқылау, кемшіліктерін анықтау сияқты қызу жұмыстармен айналысады. Жүсіпбек Аймауытұлы Ташкентке келіп, «Алқа» бағдарламасын Абдолла Байтасұлы, Қошке Кемеңгерұлымен бірге талқылаған. Бұл жөнінде Жүсіпбек Аймауытұлының тергеушіге қайтарған жауабы  мынадай: «Орынборда үйірме жұмысы ұйымдастырылмады. Мүмкін менсіз өтуі де мүмкін, өйткені, мен іле Ташкентке кеттім. Онда барған соң әлгі бағдарлама тағы да алдымнан шықты, оның бір данасы Мәскеуден Қошмұхамед Кемеңгеровтің атынан жіберіліпті. Бір күні мен, Кемеңгеров пен Байтасов және маған белгісіз тағы екі студентпен бірге Кемеңгеровтің үйінде отырып, тағы да сол бағдарды талқыладық, «Алқа» ұйымын ұйымдастыра аламыз ба, оған кім қатысуға келіседі, кімдер қарсы болады – соны талқыладық» (241 бет).

Абдолла Байтасұлы Ташкентте, Жүсіпбек Аймауытұлы Орынборда қызметте болған кезде де екі қаламгер әдебиет хақында хат арқылы пікір алмасып отырған. «Төменде назарға ұсынылып отырған Жүсіпбектің әдебиет туралы екінші хаты. Араб харпінде жазылған қазақша мәтінінің көшірмесі. Жазуы таңба сияқты анық, сұлу. Өкінішке орай хаттың кімге арналғаны туралы бастапқы жолдар таспадан хатқа түсіргенде өшіріліп кетіпті. Негізінен бұл хат А.Байтасовқа, не Қ.Кемеңгеровке жолданған»  (340 бет).

«Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі – көркем өнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды. Байлар да қайғырады. Әсіресе қазақ өмірінде бұл өте ажыратылмаған іс. Қазақтың тағдыры ортақ. Мен өзім де кедей боп өстім» (297 бет). Хаттағы алғашқы сөйлемде Жүсіпбек Аймауытұлы әдебиетті жалпы халыққа ортақ өнер деп тұжырым жасайды. Оның міндеті –  адамның жан жүйесіне, жүрегіне, рухына әсер ету деп түсіндіреді. Қаламгер төл әдебиетімізді түсіну үшін қазақты тануымыз керек деген идеяны алға тардады. «Әуелі қазақты оқу керек. Қазақты білемін дегенмен көбіміз біле бермейміз, оны мен Бройданның кітабынан көріп отырмын» (297 бет).

Хатта Жүсіпбек Аймауытұлы әдеби-сын көзқарасын да білдіреді. «Тағы бір қосылмайтын жерім: «Ақын таптікі ғана болады. Бірақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады», - деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр» (253 бет) деп Ғаббастың пікіріне қарсы өз пайымдауын ұсынады. Қазақ ақындары не себептен тапқа қамалып қалды деген заңды сұрақ қояды. Отаршылдық зардаптарын кедей де, бай да бірдей көрді сол үшін қазаққа да, қазақ ақындарына тапқа бөлінудің қажеті жоқ деп ой түйеді. Ақын қашанда халықтың мұңын мұңдаушы, жоғын жоқтаушы болып қызмет еткен деп пайымдайды сыншы. Мысал ретінде Бұқар жырау, Шортанбай, Абай, Ахмет, Міржақып, Мағжан сияқты ұлтымыздың ұлы ақындарын тізіп өтіп, олардың жеке мүддеден гөрі ұлт мүддесін жоғары қойғандығын тілге тиек етеді. Бұл әдебиетшінің ұлттық әдебиеттануға қосқан биік эстетикалық пайымы, үздік ой-тұжырымы.

Абдолла Байтасұлының Жүсіпбек Аймауытұлына жазған хатында біраз маңызды мәселелердің басы ашылады. Мәселен, әдебиет пен сынның жай-күйі,  «Алқа» әдеби ұйымын құру жөнінде ортақ пікірлер қамтылады. Хаттың жазылған уақыты туралы мәлімет Тұрсын Жұртбайдың «Талқы» еңбегінде берілген. «Жылы көрсетілмеген бұл хаттың шамамен 1924 жылдың аяғында жазылғандығы байқалады. Өйткені, Мағжан мен Мұхтар өзара пікір алысып, жаңа әдеби бағытты бағдарлайтын үйірме ашудың жоспарын талқылап жүргендігі туралы мәлімет соны растайды. Бұл кезде Мұхтар да оқуда жүрген болатын. Жүсіпбектің «Нұр күйі» дастаны да сол жылы жарық көрді» » (253 бет).

«Жүсіпбек!

«Көрмегелі көп айдың жүзі болды» дегендей, бір-бірімізбен көріспегелі көп уақыттар болып та қалды-ау!» - деген жолдармен амандық-саулық сұраудан бастайды. Ары қарай Мағжанмен жолығып әңгімелескенін баян етеді. Хатта Мағжан мен Абдолланың пікірінде өзара үндестік пен сабақтастық ерекше байқалады. Бұған айғақ етіп мына үзіндіні келтіруге болады: «Мағжанға жолықтым. 15 күндей бірге болдық. Ол саған қатты разы. Жалғыз сын жазғандықтан емес, сенің соңғы жазғандарыңа қанағаттанады. Осы күнге шейін айызым қанған сәулетші қалам «Нұр күйі» болды. Қызыққандықтан әлденеше оқыдым дейді. Ақынның мұнысы сен туралы ойлайтын менің ойларымды нық бекітті. Қуандым. Онымен түрлі мәселелер туралы көп кеңестім. Соны пікірлері бар, дүниеге көзқарасы нығайған сықылды. Мұхтар оған: «Түбінде жалғыздар тобы жасайды, біз жалғыздар тобының құрамасымыз», - деп жазады екен. Бұл пікірді Мағжан да қуаттайды»» (250-252 беттер). Осы үзіндіден Абдолла Байтасұлы әдеби-сын көзқарасын мен пайымын да байқай аламыз. Абдолла Мағжан секілді Жүсіпбектің ақындығын, сыншылық қырын  жоғары бағалайды. «Нұр күйі» поэмасының әдебиетімізге қосылған жауһар туынды деп есептеп, бұған қатысты қуанышын жасыра алмайды.

Бұдан кейін хатта «Алқа» әдеби ұйымын құру туралы сөз қозғалады. «Мұхтар Мағжанмен жиі жазысып тұрған екен, пікірлерін оқыдым. Олардың енді бір ойы: сол ұйымдардың бір қазаққа қолайлы деген біреуіне қатынасып, қазақ әдебиетіне лайықты жол деген жолдарын ұсынбақ. Орыстың әдебиет журналдарына жазбақ. Баяндамалар жасап, пікірлерін тыңдатпақ. Мағжан жаза бастапты. Мәскеуде бірнеше қырғыз, қазақ тілдерінде шыққан әдеби кітаптарға сын жазған екен, олар да басылыпты. Мағжан биыл бұл жағына күрделі кірісемін деп отыр» (250-253 беттер).

Хатта Абдолла Байтасұлы Мағжан Жұмабайұлының әдеби ұйым құруға дайындылып жатқанын, әрі оның ойын Мұхтар Әуезұлының қолдағанын атап өтеді. Әдеби ұйым құрмақ болған қайраткерлердің мақсаты – алаштың рухани өміріне жаңа өзгеріс енгізу, ұлттық әдебиетті дамыту, өрісін кеңейту еді. Сонымен қатар әдебиеттің өнер ретіндегі қызметін айқындап, көркемдік жағына көңіл аудару болды.

Абдолла Байтасұлы ойын қорытындылай келе, сөз соңында Жүсіпбекке достық пейілін білдіреді. Достық пен адалдықты бағалайтын абзал азаматтың шын көңілі мен ақ ниетін жеткізеді. «Абдолланың өз хатында ашып жазғанындай: «тар кезең, талма жер көрсететін» нағыз достықтың сыналатын кезін олардың бәрі де бастарынан кешті. Әрине, достықтың құнын мұндай күнде сынаудың бетін аулақ қылсын деңіз. Бұл сын емес, жаза. Әділетсіз жаза. Заманға да, адамға да, достыққа да қиянат. Бірақ кеңес өкіметінің өмір сүру «салтанатының» өзі тек қиянаттан, жазалаудан, құрбандықтан тұрды емес пе. Ендеше оған таңданудың ешқандайда жөні жоқ» » (253 бет).

Абдолла Байтасұлының Қошке Кемеңгерұлы, Жүсіпбек Аймауытұлымен алмасқан хаттарында оның өміріне, шығармашылығына, қызметіне қатысты деректер молынан ұшырасады. Әсіресе, өмірдегі болмысы, адамгершілігі, досқа адалдығы, әдебиет пен өнерге деген биік талғамы, асқақ рухы мен ұлтжандылығы айрықша көзге түседі.  Сонымен бірге, әдебиетші ретіндегі қырлары танылып, әдеби көзқарастары анықталады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен Абдолла Байтасұлы тікелей хат алмаспаса да, олар жақын достық қарым-қатынаста болғаны белгілі. Қайраткерлер  Қызылорда, Ташкент қалаларында ағартушылық, ұстаздық қызметте бірге болып,  ұлт мүддесі үшін күресіп, талай қиындықтарды бастан өткізген. Г.Дулатованың естеліктерінде баяндалғандай А.Байтасұлы А.Байтұрсынұлының рухани мұрасын үлгі тұтқан, оны ұстазы деп есептеген. «Ахмет Байтұрсынов ағайдың “Оқу құралы”, “Қырық мысалы”, тәтемнің “Есеп құралы”, “Оқу құралы” - (Қирағат)  кітаптарынан, Мағжанның өлеңдерінен, М.Әуезовтің “Қарагөз”, Ж.Аймауытовтың “Шернияз” пьесаларынан, И.Байзақовтың “Құралай сұлу”, т.б. балаларға арналған ертегілерден Абдолла Байтасов үзінділер оқитын» (43 бет).

Гүлнәр Міржақыпқызының «Шындық шырағы» естелік-эссесінде тоталитарылық жүйенің қуғынын көрген қайраткерлердің қилы тағдыры жайлы шынайы деректер молынан ұшырасады: «1928-1930 жылдары отыздан астам белгілі кісілер қамалады. Әр қаладан келіп, әуелі Қызылорда түрмесіне жапты, одан Алматыға айдады. Тек үш кісіні Қызылордадан Мәскеудегі Бутырка түрмесіне әкетті. Ал Алматының түрмесіне қамалғандар: Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, Абдолла Байтасов, Халел Досмұхамедов, Хайреддин Болғанбаев, Жақып Ақбаев сияқты басқа да көптеген қайраткерлер. Бұл кісілер Алматыда екі жыл отырды» (45 бет).

1932 жылы жер аударылған Ахмет Байтұрсынұлы Міржақып Дулатұлына Архангелскіден хат жазады. Хатта Ахмет Байтұрсынұлы Абдолла Байтасұлының өзіне көрсеткен қамқорлығы мен көмегін ерекше атап өтеді. Қыр баласына да ризашылығын білдіреді. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан да бұл кезде Архангелскіде тұрақтаған болатын.

А. Байтұрсынұлының Замандас інісі Міржақыпқа жазған хаттары:

«32-ші жылдың декабрьдің 31-і Міржақып, Мырзағазы, Ғазымбек қарақтарым!

Мен Арқангелға 30-ноябрде келдім. Келген күні демалыс күні болғандықтан, ешкімді тауып алуға болмай, далаға түнегендей болып, түнімен жатпай, көшеде қыдырып жүрумен болдым. Таңертен барған адамды келесі таңға дейін таба алмадым. Жанымда бірге барған 4-5 адам, олар да солай болды. Түнді солай өткізіп, ертеңіне Абдолланы тауып алып, 17-декабрге дейін соның үйінде болдым. Онан кейін пәтер тауып алып, бөлек шықтым. Мұнда пәтер табу деген өте қиын. Таныс арқылы болмаса, өз бетіңше пәтер табу деген болмайды. Абдолла өзінің таныстары арқылы әрең тауып берді. Алып келген аз ауқатым әлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қыр баласы екеуінің атсалысумен жан сақтап тұрған жай бар. Қыр баласы орында болып, бұрынғы адресімен тез хабарластым. Сендерге орын тауып жайғасып, жазайын деп едім, орын болмағасын көңілді хабар жаза алмай тұрған жай бар.

                                                         Құшақтап сүйем. Ақымет» (47 бет).

Бұл хатында Ахмет Байтұрсынұлы Архангелскіге жер аударылған қиын кезеңдерде Абдолла Байтасұлының қамқорлығын көргенін жазады. Осы деректе Қыр баласының да аты аталады. Яғни бұл жылдары елден жырақта жүрген ұлт көсемі Ә.Бөкейхан, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы және А.Байтасұлы  жақын араласқан.

Келесі хатта да біраз мәселелердің басы ашылады:

«Деңдерің сау, аман жүрсіңдер ме? 31-декабрде бір хат жазған едім, оны алған-алмағаңдарыңнан дерек жоқ. Мен әлі орынға кіре алмай жүрмін. Мекемелерді ықшамдау мен жер аударғандарды алмау деген ағын тұсына кез келіп, еш жерге орналаса алмай тұрғанмын. Орын болмаған соң қай жағынан да болса хал нашар болатыны белгілі. Бір жағынан ауру, екінші жағынан суық, үшінші жағынан аштық – үш жақтан қысып, әркімнің ат салысқан көмегі арқасында күнелетіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай, бір шегіне барып тынатын шығармын. Қыр баласы қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр. Мұнда Абдолла қатын-баласымен тұрады. Олар да мекеме ықшамдауына ілігіп еді, қатыны басқа орын тауып кірді де, өзі бұрынғы орнына 10 күннен соң қайта кірді. Жақын арада Алматы жағынан үй-іштерімен көп қазақ келді деп еді. Оларға әлі жолыққаным жоқ.

                                                                            Қош, Ақымет» (48-49 беттер).  

Бірінші хаттан жауап алмаған Ахмет Байтұрсынұлы екінші хатты жазса керек. Бұнда да ол қысқа амандықты сұрап, Абдолла мен Қыр баласының көмегіне алғысын білдіреді. Екі аталған хатты да ұлт ұстазы айдауда жүрген кезінде жазған. Осылайша киын қыстау күндерде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Абдолла Байтасұлы жасымауға тырысқан, бауырмалдық танытып азапты күндерде біріне бірі демеу болған.

Гүлсезім ТЕМІРТАС, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  түлегі

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1572
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2267
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3568