Бейсенбі, 26 Ақпан 2026
Билік 160 0 пікір 26 Ақпан, 2026 сағат 12:55

АҚШ-қа сапар: Қазақстанның жаңа инвестициялық архитектурасы

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары Қазақстанның сыртқы саясаты мен экономикалық бағытына жаңа серпін берген маңызды оқиға болды. Бұл сапарды тек дипломатиялық хаттама деңгейіндегі шара емес, елдің ұзақмерзімді инвестициялық траекториясын қайта қалыптастыратын қадам деп бағалайтын сарапшылардың бірі — саясаттанушы Жанерке Қайрат.

Оның пікірінше, сапар барысында өткен келіссөздер мен трансұлттық корпорациялармен жасалған уағдаластықтар Қазақстанның экономикалық даму архитектурасын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Әсіресе Mars, Boeing, медициналық серіктестік бойынша жетекші Mount Sinai, сондай-ақ қаржылық институттар Ashmore Group және DFC сынды ұйымдармен келіссөздер — Қазақстанға тек инвестиция емес, технология, білім беру, менеджмент стандарттары және жоғары сапалы сервистік хабтар құру мүмкіндігін береді.

Жанерке Қайрат атап өткендей, бұл сапар Қазақстанның инвестициялық саясатында «жекелеген жобалардан — жүйелік стратегиялық әріптестікке» өту кезеңін бастады. Секторларға бөлінген инвестициялық құбырлар (investment pipeline), келісілген қаржыландыру механизмдері, жоғары қосылған құнды өндірістерді дамытуға бағытталған нақты жобалар — сапардың ең басты нәтижелері.

Сарапшының айтуынша, дәл осындай кешенді визиттер Қазақстанның институционалдық реформаларының тиімділігін халықаралық ортада дәлелдеп, инвесторлардың сенімін арттырады. Егер келісілген жобалар практикалық деңгейде жүзеге асса, Қазақстан алдағы жылдары өңірлік экономикалық хабқа айналып, жоғары технологиялы секторларды дамытуды едәуір жеделдете алады.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.


— Сіз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сапарының нәтижелерін қалай бағалайсыз, әсіресе ірі корпорациялар мен қаржы институттарымен жүргізілген ұзақ мерзімді инвестицияларға бағытталған келіссөздер тұрғысынан?

— Президент Тоқаевтың АҚШ-қа сапарын тек саяси протоколдық іс-шара ретінде емес, экономикалық тұрғыдан ұзақ мерзімді инвестициялық әріптестікті нығайтуға бағытталған жүйелі қадам деп қарастыруға болады. Ал  кездесулердің ірі трансұлттық корпорациялармен және халықаралық қаржы институттарының қатысуымен өтуі Қазақстанның жаһандық капитал нарығындағы позициясын күшейтуге бағытталған қадам деуге болады. Жалпы мұндай сапарлар мен кездесулердің нәтижесінде ең бастысы стратегиялық секторлар бойынша жобалар айқындалып, инвестициялық құбырлар (investment pipeline) қалыптасып, қаржыландыру тетіктері келісіліп, ары қарай ұзақ мерзімді әріптестік архитектурасын құруға мүмкіндік туындайды. Осы шаралар жүзеге асқан жағдайда нақты инвестициялық жобалар іске қосылып, ұлттық экономика мен еңбек нарығында нақты оң нәтижелерге қол жеткізуге болады.  Менің ойымша, осы жолғы сапар барысында дәл осындай стратегиялық әріптестік архитектурасы қаланды деуге негіз бар. Егер қол жеткізілген уағдаластықтар практикалық деңгейде іске асса, онда өндірістік қуаттарды кеңейтуге, жоғары қосылған құнды секторларды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға үлкен мүмкіндік болады.

— Mars компаниясымен 180 млн долларлық келісім және Алатауда өндірісті іске қосу ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді көздейді. Мұндай жобалар Қазақстанның жоғары қосылған құнды өндірістерді дамыту курсын іс жүзінде іске асыру деп бағалауға бола ма?

— Ауыл шаруашылығы Қазақстан үшін үлкен әлеуеті бар сала. Елдің кең жер ресурстары, астық және мал шаруашылығы бойынша тарихи мамандануы, географиялық орналасуы бұл секторды стратегиялық бағытқа айналдырады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан аса маңызды. Геосаяси тұрақсыздық, жаһандық жеткізу тізбектерінің үзілуі жағдайында ішкі өндірістің орны ерекше. Алайда еңбек өнімділігі көрсеткіштері бойынша Қазақстан АҚШ-пен салыстырғанда айтарлықтай артта қалып отыр.  Салыстырмалы деректерге сүйенсек, АҚШ-та бір ауыл шаруашылығы қызметкеріне шаққандағы жылдық өнім көлемі 150 мың доллардан асса, Қазақстанда шамамен 10мың доллар. Бұл айырмашылықтың негізгі себептері технологиялық жабдықтану деңгейі, агроинновациялардың енгізілуі, цифрландыру, ирригация жүйелері, заманауи техникасы мен агробизнесті басқарудың тиімді модельдерінің жетіспеушілігі. Осы тұрғыдан АҚШ компанияларымен және қаржы институттарымен әріптестік ең алдымен агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) технологиялық жаңғыртуға үлкен мүмкіндік береді. Заманауи өңдеу жабдықтары, сапа стандарттары, логистикалық жүйелер және агротехнологиялар енгізілсе, бұл жалпы секторға жаңа серпін береді, еңбек өнімділігін арттырады және экспорттық әлеуетті кеңейтеді. Сондықтан Mars компаниясымен 180 млн долларлық жоба осы тұрғыда ерекше маңызға ие. Егер өндіріс жергілікті шикізатты терең өңдеуге бағытталса, бұл тек бастапқы ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен шектелмей, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға көшуге, шикізатты сыртқа төмен бағамен экспорттаудан гөрі, ішкі өңдеуді ұлғайту арқылы табысты арттыруға мүмкіндік береді. Демек, аталған жоба Қазақстанның жоғары қосылған құнды өндірістерді дамыту саясатын іс жүзінде іске асыру деп бағалауға толық негіз бар.

— Ashmore Group және Mount Sinai компанияларымен халықаралық клиника құру жөніндегі келіссөздер Қазақстанның медициналық инфрақұрылымды дамытуға және медициналық туризмді көтеруге деген талпынысын көрсетеді. Мұны әлеуметтік және технологиялық секторларға инвесторлардың сенімінің артуы ретінде қарастыруға бола ма?

— Расымен Ashmore Group және Mount Sinai ұйымдарымен халықаралық клиника құру жөніндегі келіссөздер Қазақстанның медициналық инфрақұрылымды дамытуға және медициналық туризмді ілгерілетуге бағытталған стратегиялық ұмтылысын көрсетеді. Және мұны әлеуметтік және технологиялық секторларға инвесторлардың сенімінің артуы ретінде қарастыруға негіз бар. Себебі денсаулық сақтау саласы ұзақ мерзімді инвестицияны, тұрақты әкімшілік ортаны және сапалы кадрлық әлеуетті талап ететін күрделі сала. Қазіргі таңда медицина әлем бойынша қарқынды дамып келеді, соның ішінде цифрлық диагностика, геномдық зерттеулер, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер кеңінен енгізілуде. АҚШ денсаулық сақтау жүйесі әлеуметтік, қаржылық және басқарушылық тұрғыдан белгілі бір дағдарыстарға тап болғанымен, технологиялық даму, ғылыми зерттеулер және жоғары технологиялық медицина саласында әлемдік көшбасшылардың бірі болып қала береді. Mount Sinai сияқты беделді академиялық медициналық орталықпен ықтимал серіктестік Қазақстан медицинасы үшін орасан зор мүмкіндік ашады. Соның ішінде заманауи клиникалық протоколдардың, білім беру бағдарламаларының, ғылыми-зерттеу жобаларының және басқару стандарттарының трансфері жүзеге асуы мүмкін. Қазақстан медицинасы бірқатар бағыттар бойынша қазірдің өзінде жақсы нәтижелер көрсетіп отырғанын да айта кету керек. Әсіресе кардиология және нейрохирургия салаларында күрделі операциялар табысты жүргізілуде, заманауи орталықтар жұмыс істейді. Сонымен қатар сәулелі терапия, оның ішінде протон терапиясы бойынша Қазақстан өңірдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі саналады. Бұл  елімізде медициналық технологияларды игеру мен кадрлық әлеуеттің бар екенін білдіреді. Сондықтан бірлескен халықаралық клиника құру ішкі медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, медициналық туризмді дамытуға да үлкен мүмкіндік берері сөзсізі.

— Авиация саласында Boeing компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде Air Astana үшін Dreamliner ұшақтарын жеткізу және Шымкентте сервис орталығын ашу талқыланды. Мұндай жобалар Қазақстанның транспорттық байланысын күшейтіп, оны жаһандық нарықтарға интеграциялауда қаншалықты маңызды?

— Авиация саласындағы Boeing компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту де аса стратегиялық маңызға ие. Boeing  әлемдегі жетекші әуе кемелерін өндірушілердің бірі, азаматтық авиация нарығында Airbus-пен бірге жаһандық негізгі ойыншы. Air Astana үшін заманауи Dreamliner ұшақтарын жеткізу мәселесінің талқылануы Қазақстанның алыс қашықтықтағы бағыттарын кеңейтуге, транзиттік әлеуетін арттыруға және әуе тасымалының тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді. Ал Шымкентте техникалық сервис орталығын ашу әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және күрделі жаңғырту бойынша Орталық Азиядағы жоғары деңгейдегі қызмет көрсету хабына айналу перспективасына жол ашады. Бұл әлбетте Қазақстанның жаһандық көлік-логистикалық жүйеге интеграциялануын күшейтеді. Және мұндай сервис орталықтары қызметтерді экспорттауға жол ашады. Себебі олар тек қазақстандық әуе компанияларына ғана емес, өзге мемлекеттердің әуе кемелеріне де техникалық қызмет көрсете алады. Бұл өз кезегінде валюталық түсімдерді арттырып, Қазақстанды өңірлік авиациялық қызмет көрсету орталығына айналдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл сала жоғары білікті инженерлермен қатар арнаулы орта білімді техникалық мамандарды да қажет етеді. Яғни, ол еңбек нарығында әртүрлі деңгейдегі кәсіби кадрларға сұраныс қалыптастырып, сапалы және тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.  Демек инженерлік кадрларды даярлау жүйесін дамытуға, техникалық құзыреттерді арттыруға және авиация саласындағы қосымша сервистік бағыттарды кеңейтуге жағдай жасайды.

— DFC өкілдері Қазақстанды Евразиядағы негізгі АҚШ серіктесі, әсіресе ресурстарды өндіру және транспорт инфрақұрылымы саласында деп атап өтті. Мұндай бағалар Қазақстанның стратегиялық экономикалық серіктестігін нығайту мен саясатының болжамдылығын көрсетеді деп айтуға бола ма?

— DFC стратегиялық маңызы бар жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландырумен қамтамасыз ететін АҚШ үкіметінің маңызды институттарының бірі. Сондықтан DFC өкілдерінің Қазақстанды Еуразиядағы негізгі серіктес ретінде атауы расымен маңызды саяси-экономикалық сигнал болып табылады. Мұндай баға Қазақстанның ресурстық әлеуетін ғана емес, көлік инфрақұрылымы мен транзиттік бағыттардағы рөлін де мойындау деген сөз. Сонымен қатар DFC сияқты институттар жобаларды қаржыландыру алдында құқықтық ортаға, реттеу тұрақтылығына және тәуекелдерді басқару жүйесіне жан-жақты талдау жүргізеді. Сондықтан бұл мәлімдемені экономикалық саясаттың болжамдылығы мен стратегиялық әріптестіктің нығаюының белгісі ретінде қарастыруға болады.

— UNCTAD мәліметтері бойынша, Қазақстан өңірде жинақталған шетелдік тікелей инвестициялар бойынша (шамамен 151 млрд доллар) көшбасшы болып отыр. Визит нәтижелерін елдегі инвестициялық саясат пен жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін қосымша дәлелдейтін фактор деп қарастыруға бола ма?

— Бұл көрсеткіш елдің ұзақ мерзімді капитал тарту қабілетін, макроэкономикалық тұрақтылығын және инвестициялық тартымдылығын сипаттайды. Жинақталған инвестиция көлемі  бір реттік қаржы ағыны емес, көптеген жылдар бойы қалыптасқан сенім мен институционалдық негіздің нәтижесі.

Сонымен қатар соңғы сапар аясында жаңа жобалар мен нақты келіссөздер бастау алып жатыр, демек жүргізіліп жатқан институционалдық реформалар мен инвестициялық саясат тиімділігін  дәлелдеуде. Жалпы инвестициялық ахуалды жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту, сот және арбитраж жүйесін жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту және экономиканы әртараптандыру саясаты  ірі халықаралық ойыншылардың қызығушылығын арттыратын негізгі факторлар болып есептеледі. Және соңғы жылдары Қазақстар бұл мәселелерді қолға алуда.

Сонымен қатар, Қазақстан экономика көлемі бойынша Орталық Азия өңіріндегі ең ірі нарық саналады. ЖІӨ көлемі мен жан басына шаққандағы табыс деңгейі тұрғысынан да ел аймақта алдыңғы орында. Адами капитал сапасы, жоғары білім беру жүйесінің дамуы, техникалық және инженерлік кадрлардың болуы  инвестициялық жобаларды іске асырудағы маңызды артықшылығымыз деуге болады.

Осы тұрғыдан алғанда, халықаралық компаниялар мен қаржы институттарының Қазақстанға қызығушылығы елдің экономикалық әлеуеті мен институционалдық даму деңгейінің мойындалуы деп бағалауға болады. Егер басталған келіссөздер нақты инвестициялық шешімдерге ұласса, бұл Қазақстанның өңірлік көшбасшылық позициясын одан әрі нығайтып, тұрақты экономикалық өсімге негіз бола алады.

Abai.kz

0 пікір