Жұма, 26 Сәуір 2024
EXPO - 2017 4320 0 пікір 21 Тамыз, 2017 сағат 17:09

ЭКСПО-2017: Сенегалдық «Сафари» тобы Елордада өнер көрсетті

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өнер көрсеткен Сенегалдық «Сафари» тобы астаналық көрерменді тәнті етті.

Ұлттық мәдени іс-шаралар аясында өнер көрсеткен Сенегал өнерпаздары астаналық көрерменге әннен сыбаға асатып, ұлттық аспаптарда ойнап, би билеп берді.

 

ЭКСПО-2017 аясында Сенегалдың мәдени күні өтіп, оның ашылуында сөз алған секция комиссары Жоп Мәлік мырза баламалы энергия көздерін табуда Сенегалдың жеткен жетістіктері туралы кеңірек айтып берді.

Мәлік мырзаның айтуынша, Сенегалдың құрғақ климаты күн және жел энергиясын өндіруге әбден қолайлы екен.

«Біз биылғы жылдың соңына дейін электрэнергиясының 20%-ын осы жолмен өндіргелі отырмыз.  Мемлекетіміз бұл көрсеткішті жыл сайын еселей бермек»,-дейді комиссар.

Қазіргі таңда Сенегалда 72 МВт қуатты энергия өндіретін үш бірдей күн  электрстанциясы бар екен. Сондай-ақ, Дүниежүзілік банк несиесінің көмегімен бұл станциялардың санын арттыру, жиынтығы 35 МВт қуат өндіру жоспарланған.

Расында, географиялық орналасуы жағынан қарағанда Сенегалдың батыс бөлігі Атлант мұхитының жағасында орналасқандықтан, онда жел энергиясын алуға мүмкіндік мол.

Сенегал павильонының комиссары Жоп Мәлік мырзаның айтуынша, Батыс Сенегалда қазір екі бірдей жел паркінің құрылысы жүріп жатыр. Оның бірі – қуаттылығы 150 МВт-ны құрайтын «Тэба Н'Дэй» жел паркі. Бұл Батыс Африкадағы ең үлкен жел паркі болмақ.

Қазірдің өзінде Сенегалды қақ бөліп ағып жатқан Сенегал өзенінің бойында Су электрстанциясы орналасқан. Ол бүкіл республикадағы электрэнергиясының  3/1-ін өндіріп отыр екен. Бұны да Мәлік мырза айтып берді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Үкіметі 2020-жылға дейін  жаңартылған энергия көздерінің қуатын қолданыстағы энергия көлемінің 3 пайызына дейін жеткізуді жоспарлаған. «Жасыл экономиканы» дамыту туралы концепцияда бекітіліп, мақұлданған жоба бұл.

 

Қазақстан атынан сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын индустрия және туризм комитетінің төрайымы Майнұр Мырзалимова, ЭКСПО көрмесі тек технологиялықы жаңалықтарға ғана қол жеткізіп қоймай, мәдени-рухани байланысты арттыруға да үлкен мүмкіндік ашатынын айтты.

Сонымен қатар, Қазақстанның аталған Халықаралық көрмені өткізуі – баламалы энергия көздерін табуға және дамытуға бастаған үлкен қадамы екенін айтты.

Айтпақшы, Сенегал астанасы Дакар дүйім жұртқа ең танымал қалалардың бірі. Өйткені онда бүкіләлемдік Париж-Дакар ралли-жарысының түйіні қойылады.

Abai.kz

0 пікір