Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 9993 11 пікір 26 Қазан, 2017 сағат 09:42

Байтұрсынұлының дәйекшесі мен апострофты шатастырмайық

 

Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды Үкіметке тапсырғалы бері қызу жұмыстар жүргізілуде.

Осы уақытқа дейін екі жоба ұсынылса, екеуі де түйметақтадағы 26 таңба негізінде жасалған. Бірінші ұсынылған жоба қазақтың (дауысты, дауыссыз) төл дыбыстарын  диграфтар арқылы таңбалауға негізделді. Алайда бұл жоба халық арасында қолдау таппаған соң төл дыбыстарымызды апостроф арқылы таңбалауға негізделген екінші жоба таныстырылды. Бұл жобаны ұсынушылар ұлт жанашыры А.Байтұрсынұлының: «Төл дыбыстарды берген жағдайда дәйекшені пайдаланған жөн», – деген сөзін алға тартты. Түйметақтадағы 26 таңбаға лайықталып жасалған бұл жобаның да кемшілігі жетерлік. Оның басты себебі жоба авторларының А.Байтұрсынұлы дәйекшесі мен түйметақтадағы апострофтың табиғатын бағамдай алмауында болса керек. Біле білсек төте жазудағы дәйекше мен апострофтың айырмашылығы жер мен көктей.

А.Байтұрсынұлы «Төл дыбыстарды берген жағдайда дәйекшені пайдаланған жөн» дегенде жіңішке дауысты [ә], [ө], [ү], [і] дыбыстарын ғана меңзеген болатын. Яғни жуан дауысты а, о, ұ, ы дыбыстарының жіңішке сыңарларынының таңбаларына ғана қолданды. Мысалы  [а], [о], [ұ], [ы] дыбыстарын  ا, و, ﯗ, ى таңбаларымен берсе, осы дыбыстардың жіңішке сыңарлары ә, ө, ү, і дыбыстарының таңбаларын жуан сыңарларының таңбалары алдынан дәйекше белгісін қою арқылы  ءا, ءو, ءﯗ, ءى деп берді (Мысалы, ар – ار, әр – ءار; ор – ور, өр - ءور; ұр - ﯗر, үр - ءﯗر; ыс – ىس, іс - ءىس).  Осы төрт әріптен басқа әріпке қолданылған жоқ. А.Байтұрсынұлының көрегендігі сол, бұл әріптер бір сөзде бірнеше рет кездессе әр әріптің алдынан жеке-жеке қоймай дәйекше белгісін сол сөздің алдынан бір-ақ рет қойды. (Мысалы, өшірді - ءﯗشىردى). Сонымен қатар құрамында үнемі жіңішке айтылатын [к], [г], [е] дыбыстары бар сөздердегі [ә], [ө], [ү], [і] дыбыстарының таңбасына дәйекше белгісі қойылмады (Мысалы, өңшең - وﯕﺸﻪڭ,  тіршілік - تىرشىلىك).

Дәйекше белгісі араб графикасына тән белгі болғандықтан бұл белгі төте жазумен берілген мәтіндерде көзге оғаш көрінбейтін. Соған қарамастан дәйекшенің қолданылу жиілігін барынша азайтудың жолын тапты.

Ал апостроф ағылшын және латын графикасын қолданатын өзге де батыс тілдеріне тән таңба. Ол тілдердегі қолданылу жиілігі өте аз болғандықтан мәтін ішінде оғаш көрінбейді. Оған ағылшын, француз, т.б. батыс тілдеріндегі мәтіндерге қарап көз жеткізуге болады.

Кейінгі жобаның да кемшіліктері жетерлік. Жобада басы артық кірме дыбыстарға арнайы таңбалар берілген және [ә], [ғ], [и], [й], [ң], [ө], [ш], [ч], [ү], [у] дыбыстары апостроф арқылы a', g', i', n', o', s', c', u', y' таңбаларымен берілген. Кирил әліпбиі арқылы екі түймені басып жазатын өң сөзін  бұл әліпби арқылы төрт түймені басып o’n’ деп тереміз. Бес түймені басып жазатын өңшең сөзін тоғыз түймені басып o’n’s’en’ деп тереміз. Үтірлерден көз сүрінетіні соншалықты бұл жоба арнайы мақсаттарда қолданылатын фонетикалық жазуға көбірек ұқсайды. Бұл дыбыстар қазақ тілінде жиі кездесетіндіктен апострофтың да қолданылу жиілігі көбейіп, мәтіндер көзге оғаш көрінетін болады. Түбір сөздерді былай қойғанда жоғарыдағы дыбыстардың көпшілігі жалғау, жұрнақтарымызда көптеп кезігетін дыбыс таңбалары. Апостроф жеке таңба болғандықтан жазудағы үнемдеу принципіне қайшы келіп, мәтіндеріміз біршама ұзаратын болады. Қысқасы бұл жоба қабылданар болса қазақ мәтіндеріндегі төл сөздеріміз апострофтардың құрсауында қалатын түрі бар.

Бұл әліпбимен қалта телефонындағы SMS-тің мәтінін реттеймін деу де бос әурешілік деп білеміз. Қалтафонында кирил қазақшасы бар таныстарым мен әріптестерімнің өздері ардақты «әже», «әке» сөздерін «аже», «аке» деп жазып жүргенде, жаңа латыншамен апострофтың түймесін арнайы басып a'je, a'ke деп теретіндеріне күмәніміз бар. Бес әріптен тұратын өңшең сөзін оншен деп теріп жүргендер o’n’s’en’ деп тоғыз түймені теріп отырмас. Осылайша o’n’s’en’ сөзі onsen-ге айналады. Уақыт өте келе тілімізді [ә], [ғ], [й], [ң], [ө], [ш], [ү], [у] дыбыстарынан айыратын жоба. «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» дейміз. Осылайша бір ұлттың тағдырын шөңгедей (s’o’n’ge) ғана бір апострофқа жығып бермекпіз бе?!

Қысқасы бұл жобадағы апострофтың А.Байтұрсынұлы дәйекшесімен мүлдем байланысы жоқ. Апостроф әріптерге жөн-жосықсыз қойыла берген. Ешқандай да логика жоқ. Бұл апострофта дәйекшедегідей белгілі бір ереже де жоқ. Сондықтан бұл жоба да қоғамда теріс пікір тудыруда.

Қазақ әліпбиін жасауда кемеңгер А.Байтұсынұлының өзі дәйекшемен ғана шектелмеген. Дәйекше тура келмейтін дауыссыз дыбыстарымызға араб графикасынан диграф немесе лигатура құрастырған жоқ. Ондай дыбыстарымызды таңбалау үшін көлбеу сызық, құсбелгі, үш ноқат секілді т.б. бірнеше диакритикалық белгілерді қолданған. Мысалы [ң] дыбысын ك әрпінің үстіне үш ноқат қою арқылы ﯓ таңбасымен, [г] дыбысын ک әрпінің үстіне көлбеу таяқша қою арқылы گ таңбасымен, [п] дыбысын ب әрпінің астына екі нүкте қосып үш нүктелі پ таңбасымен берді. Ұлт жанашыры осылайша компьютер дамымай тұрған XX ғасырдың басында-ақ сол кездегі технологияны қазақ тіліне бейімдеді. А.Байтұрсынұлының төте жазуы өз заманында араб графикасын қолданатын өзге де түркі халықтарының әліпбилері арасындағы ең озық әліпби саналғаны белгілі.

Әліпби жасауда диакритикалық белгілерден қашқақтаудың реті жоқ. Төл дыбыстарды диакритикалық белгілер арқылы беру А.Байтұрсынұлында ғана емес әлемдік тәжірибеде бар дүние. Мысалы, латын графикасын қолданатын испан тілінде екі әріпте (ç, ñ), швед және фин тілдерінде үш әріпте (å, ö, ä), неміс тілінде үш әріпте (ü, ö, ä), итальян тілінде бес әріпте (ì, è, ò, à, ù), француз тілінде бес әріпте (é, è, ç, à, ù), түрік тілінде бес әріпте (ğ, ü, ş, ö, ç), венгер тілінде тоғыз әріпте (í, ö, ü, ó, ő, ú, ű, é, á), , латыш тілінде он бір әріпте (ū, ē, č, ž, š, ķ, ģ, ņ, ī, ā, ļ), литва тілінде тоғыз әріпте (ą, č, ę, ė, į, š, ų, ū, ž), мальта тілінде төрт әріпте (ċ, ġ, ħ, ż), румын тілінде бес әріпте (â, ă, î, ș, ț), словак тілінде он үш әріпте (ľ, š, č, ť, ž, ý, á, í, é, ú, ä, ň, ô), словен тілінде бес әріпте (š, đ, ž, č, ć), хорват тілінде бес әріпте (š, đ, ž, č, ć), чех тілінде он бір әріпте (ě, š, č, ř, ž, ý, á, í, é, ú, ů), эстон тілінде төрт әріпте (ü, õ, ö, ä) бар.

Бұл тілдердің арасында дамыған үлкен сегіздікке кіретін елдердің (Германия, Франция, Италия) тілдері де,  БҰҰ-ның ресми тілі саналатын француз, испан тілдері де бар. Ұлттық дыбыстарының диакритикалармен әрленген таңбалары дамыған сегіздікке кіруге де, тілдерінің БҰҰ-ның ресми тілі болуына да кедергі болған жоқ. Тіпті кейбір Шығыс Еуропа тілдерінде ұлттық дыбыстарын таңбалау үшін оннан аса әріпке әртүрлі диакритикалық таңбалар қосылған.

А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты «Жаңа ұлттық əліпби негізінде қазақ жазуын реформалау: теориясы мен практикасы» атты ұжымдық монографиясын жарыққа шығарды. Бірнеше жылдық қажырлы еңбектің нәтижесінде институт мамандары латын графикасы негізінде «Ұлттық әліпби» жобасын дайындаған болатын (кестеде). «Бір дыбыс – бір таңба» қағидасына негізделген бұл жобаны таңдауда қазақ жазуын реформалаудың кешенді ғылыми-теориялық жəне практикалық мəселелері талданып, əліпби ауыстырудың отандық тарихы мен шетелдік тəжірибесі сараланған. Кəсіби мамандығы жазумен байланысты сарапшылық топқа жүргізілген лингвистикалық эксперимент қорытындысына сүйенген. Ұсынылып жатқан бірнеше əліпби жобаларына тілтанымдық талдаулар жасалып, арасынан тиімдісі анықталған. Бұл жобаны біз де барлық қырынан оңтайлы «Ұлттық әліпби» жобасы деп білеміз.

 

р.с. Латынша Кирилше Ескертпе
1 Aa Аа - латын  əліпбиіндегі /і/  қазақтың  төл сөздерінде <і> дыбысын береді: ini (іні), bir (бір), ал кірме сөздерде <и>-ді береді: kino (кино), import (импорт);

 

- латын  əліпбиіндегі /u/ қазақ төл сөздерінде <ұ> дыбысын береді: ul (ұл), urpaq (ұрпақ), ал кірме сөздерде <у>-ды береді:  universitet (университет), Peru

(Перу);

 

- дауыссыздан кейін тұрған қазіргі /и, у/ əріптерінің құрамы [ый, ій, ұу, үу] түрінде ажыратылып жазылады.

 

 

2 Ӓӓ Әә
3 Bb Бб
4 Vv Вв
5 Gg Гг
6 Ğğ Ғғ
7 Dd Дд
8 Ee Ее
9 Jj Жж
10 Zz Зз
11 Yy Йй
12 Kk Кк
13 Qq Ққ
14 Ll Лл
15 Mm Мм
16 Nn Нн
17 Ňň Ңң
18 Оo Оо
19 Ӧӧ Өө
20 Рp Пп
21 Rr Рр
22 Ss Сс
23 Tt Тт
24 Ww Уу
25 Uu Ұұ
26 Üü Үү
27 Ff Фф
28 Hh Хх
29 Šš Шш
30 Cc Чч
31 Ыы
32 Íi Іі

 

Кестеге назар аударсақ, біршама Еуропа елдеріндегідей, әр дыбысқа жеке-жеке таңба берілген. Эксперименттер көрсеткендей «жоба қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал жігін, сөйлеу ырғағын бұзып жазуға еш мүмкіндік бермейді. Жоба мазмұнынан ешқандай тіл бұзар (бүлдіргі) жаңсақ айтылым емле-ереже туындамайды». Дей тұрғанмен, жобаға қатысты аздаған ескертпелерімізде келтіре кетсек.

Қазіргі кезде ешқандай да дамыған ел кірме сөздерді сол қалпында дыбыстауға және сол қалпында таңбалауға деп тілдеріне жаңа дыбыс та, жаңа таңба да қоспайды. Мысалы араб тіліне орта ғасырлардан осы күнге дейін еуропа және т.б. тілдерден көптеген сөздер (терминдер) ауысып келеді. Сондай кірме сөздерді араб тілінің айтылымына бейімдеп, әліпби құрамындағы 28 әріппен таңбалап келеді. Тіпті терминдердің көпшілігін араб тіліне аударылып та жүр. Ағылшын және өзге батыс тілдері де жаңадан енген терминдерді қосымша таңба қоспай-ақ өздеріндегі бар таңбамен жазуда. Мысалы әлемнің көптеген тілдеріне енген латынның universitās сөзін ағылшындар university, немістер universität, француздар université, итальяндар università, испандар universidad, португалдар universidade, румындар universitate, словактар univerzitnú, түріктер üniversite, орыстар университет деп өз тілдеріне бейімдеген. Ал арабтар جامعة [жәмиъа], вьетнамдар đại học, монғолдар их сургууль, тәжіктер донишгоҳ, финдер yliopisto деп өз тілдеріне аударып алған немесе өз тілдеріндегі балама сөзбен берген. Көріп отырғанымыздай латын графикасын қолданатын барлық елдер латынның universitās сөзін латын тіліндегідей таңбаламаған және сол тілдегідей етіп дыбыстамаған. Кейбір елдер (тіпті латын графикасын қолданатындар да) өз тілдеріне аударып алған. Қазақтар болсақ университет деп орыс тіліндегі жазылуы бойынша жазып, орыс тіліндегідей дыбыстап жүрміз. Мұндай тотолитарлық жүйенің таңып берген емле-ережелерінен арылатын кез келді. Сондықтан да  ұлттық жобадағы /і/ және  /u/ таңбалары төл сөздерімізде <і> мен <ұ>-ны, кірме сөздерде <и> мен <у>-ды береді деген ескертпесіне келіспейміз. /і/ таңбасы төл сөздерімізде де, кірме сөздерде де <і> -ні беруі тиіс. Яғни кино сөзін kiyno деп жазып, [кійно] деп дыбыстағанымыз жөн. Ал университет сөзін üniversitet деп жазып, дамыған елдердегідей тілімізге бейімдеп [үніверсітет] деп айтқанымыз жөн (ауыз-екі тілде осылай айтып та жүрміз). Тоталитарлық фонемалардан осы кезде арылып қалуға тиіспіз. Латынға көшудегі ұлы мақсат та осы. Жаңа әліпбиді қабылдағаннан бастап өзге тілден енген жаңа терминдерді сол тілдердегі дыбысталуындай дыбыстауды тоқтатамыз деп сенеміз.

Ал <ұ>, <і> фонемаларының таңбасын қайта қарау керек секілді. Жобада <ұ> фонемасын /u/ таңбасымен берген. Ағылшын тілінде және латын графикасын қолданатын көптеген тілдерде /u/ таңбасы дауысты <у> дыбысының таңбасы. Осының әсерінен <ұ> дыбысымыз уақыт өте келе <у>-ға айналып кете ме деген қауіп бар. Сондықтан да <ұ> дыбысын циркумфлекс арқылы /û/ графемасымен берсек дұрыс болар еді.

Жобада <і> фонемасының кіші әрпін /і/ таңбасымен, бас әрпін акут диакритикалық таңбасы арқылы /Í/ графемасымен берген. Ағылшын тілінде және латын графикасын қолданатын көптеген тілдерде /і/ таңбасы дауысты <и> дыбысының таңбасы. Осының әсерінен <і> дыбысымыз уақыт өте келе <и>-ға айналып кете ме деген қауіп бар. Бір әріпті (үлкенінің үстіне акаут, кішісінің үстіне нүкте қою арқылы) екі графемамен таңбалау жөнсіз деп білеміз. Сондықтан <і> дыбысының кіші әрпін де үлкен әріптегідей, нүктені акаутқа ауыстырып, /í/ графемасымен берсек дұрыс болар еді. Сонда ғана <ұ>, <і> фонемаларын сақтап қаламыз деп ойлаймыз.

Әріп таңдауда баспа нұсқасынан бөлек жазба нұсқасы да ескерілсе. Мысалы, <ң>, <ш> фонемаларын карон белгісін қою арқылы /ň/, /š/ таңбаларымен берген. Жазу барысында бұл белгіні қою қосымша қимылды қажет етеді. Сондықтан <ң> фонемасын өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қазақ әліпбиіндегідей /ŋ/ таңбасымен, <ш> фонемасын (түрік, әзербайжан, түркімен тілдеріндегідей) седиль арқылы /ş/ таңбасымен берсек қолжазымға да ыңғайлы болар еді.

Жобадағы в, ч әріптері -овтар мен -ичтерге қажет болды ма екен, әліпби құрамында не үшін қалдырылғаны түсініксіз. Дамыған елдердегідей кірме сөздерді өз тіліміздің айтылымына ыңғайлаймыз десек бұл екі әріпті әліпби құрамынан мүлдем алып тастауымыз қажет. Нәтижесінде тегіміз бен әкелеріміздің атындағы -овтар мен -ичтерден оңай құтылатын боламыз. Бұл екі әріп қазақ әліпбиіне  щ, ю, я, ъ, ь, ц… әріптері секілді кірме сөздерді, советизмдерді, орыс тіліндегі жер-су атаулары мен кісі есімдерін орыс тілі орфографиясымен жазу үшін күштеп енгізілгені белгілі.

Ал [ф], [х] дыбыстары тілімізге орта ғасырларда ерікті түрде кіріп, төл дыбыстарымыздай болып сіңісіп кеткендіктен әліпби құрамында қалғанын жөн көріп отырмыз.

Қазақтың төл сөздерінің құрамына еніп кеткен дауысты и, у кірме ды­быстарынан айырылғысы келмейтіндер арамызда кездесіп жатыр. Диграфқа, апострофқа негізделген жобалардың авторлары да әліпби құрамына и, у әріптерін енгізіп қойған. Нағыз ұлттық кодтарымызды бойларына жинақған орхон жазуларынан да, орта ғасырлардағы қыпшақ жазба ескерткіштерінен де, тіпті төте жазуға дейін қолданылған араб графикасына негізделген қадим, жәдид жазуларынан да бұл дыбыстарды кездестірмейміз. Оған көптеген дәлелдер келтіруге болады. Мысалы 1245 жылы Мысыр мәмлүктерінің елінде жарық көрген қыпшақ-араб сөздігінің қолжазбасында біз и әрпі арқылы жазып жүрген «ки» сөзі كِيْ [кій] (36а), у әрпі арқылы жазып жүрген су сөзі صُوْ [сұу] (7б) деп жазылған. Ал XIV ғасырда Мысыр мәмлүктерінің елінде жазылған қыпшақ тілінің грамматикасын үйрететін «Қауанин» еңбегінің қолжазбасында би сөзі بِيْ [бій] (36b), сиыр сөзі صِيِرْ [сыйыр] (5а) деп жазылған. Сондықтан қазақ сөздерінің түбір, буын, морфем айтылымын бұзып келген и, у әріптерінен құтылғанымыз жөн.

Ескертпеде «дауыссыздан кейін тұрған қазіргі /и, у/ əріптерінің құрамы [ый, ій, ұу, үу] түрінде ажыратылып жазылады» делінген. Сонда осы әріптерден басталған сөздердегі /и, у/ әріптерінің құрамы ажыратылмай жазылатын болғаны ма. Бұл ескертпе бойынша дауыссыздан кейін /и/ әрпі бар бит сөзін bíyt (бійт) деп жазып, и әрпінен басталып тұрған ит сөзін қалай жазбақпыз. Сондықтан бұл ескертпені алып тастау керек деп ойлаймыз. Дұрысы қазіргі /и, у/ әріптерінің құрамы [ый, ій, ұу, үу] түрінде ажыратылып жазылуы тиіс. Кірме сөздерге бола (жалтақтап), ұлттық жазуымызға басы артық ережелерді тықпалай берудің қажеті жоқ.

Тіл білімі институты ұсынған жобаға осы ескертпелерімізді енгізе отырып «Ұлттық әліпбиіміз» мына үлгіде болса деген ұсынысымыз бар:

р.с. Латынша Кирилше р.с. Латынша Кирилше
1 Aa Аа 16 Ŋŋ Ңң
2 Ӓӓ Әә 17 Оo Оо
3 Bb Бб 18 Ӧӧ Өө
4 Gg Гг 19 Рp Пп
5 Ğğ Ғғ 20 Rr Рр
6 Dd Дд 21 Ss Сс
7 Ee Ее 22 Tt Тт
8 Jj Жж 23 Ww Уу
9 Zz Зз 24 Ûû Ұұ
10 Yy Йй 25 Üü Үү
11 Kk Кк 26 Ff Фф
12 Qq Ққ 27 Hh Хх
13 Ll Лл 28 Şş Шш
14 Mm Мм 29 Ыы
15 Nn Нн 30 Íí Іі

Қорытындылай келе, қазақ сөзінің түбір, буын, морфем айтылымын сақтайтын ең дұрыс, ең тиімді әліпби А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты дайындаған осы «Ұлттық әліпби» жобасы деп білеміз. Ұлттық әліпбиімізді мүлдем туыстығы жоқ ағылшын тілінің 26 әрпіне бейімделген түйметақтасы негізінде жасаймыз деп опық жеп қалмайық. Жоғарыда айтқанымыздай Еуропаның қаншама елдері диакритикалық таңбалар арқылы ұлттық нақыштағы әліпбилерін жасап алды. Олардың ешқайсысы тілдері үшін аянып қалмағаны көрініп тұр. Тіпті дамыған елу елдің қатарына кіру ойларына келмеген кейбір елдер де қаржыларын аямай диакритикалық белгілер арқылы түйметақтаны өз тілдеріне бейімдеп алған. Технология шарықтап дамыған XXI ғасырда әліпби ауыстыру жазған екен, сол мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, технологияны Мәңгілік елдің мәңгілік тіліне, мәңгілік тілдің мәңгілік әліпбиіне бейімдейік. Ал дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақ елі сындарлы сәтте аянып қалмас деген ойдамыз.

Қалдыбай ҚЫДЫРБАЕВ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті,

PhD докторы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053