Сейсенбі, 24 Сәуір 2018
«Соқыр» Фемида 1090 27 пікір 8 Қаңтар, 2018 сағат 15:41

Бишімбаев Елбасыдан кешірім сұрады

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сот залында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Экс-министр сотта өзіне тағылған айыптарға қатысты тек шындықты айтатынын әрі жіберген қателігі үшін халықтан кешірім сұрайтынын жеткізді.
«Менің бұл іске қатысым жоқ. Мұны біздің қоғамға және ең маңыздысы Қазақстан президенті, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізгім келеді. Осындай кәсіби деңгейге жетуім сол кісінің арқасы. Президенттің алдында кінәлі екенімді сезінемін. Сенім артып, жұмысқа шақырған азаматтар мені жарға жықты. Мен сол үшін жауап беремін. Олар мені және сенімімді пайдаланды. Сол үшін мен Елбасыдан, халықтан кешірім сұраймын. Осы жағдайға қарамастан мен әрқашан президентке берілген азамат боламын», - деді экс-министр сот залында.
Айта кетейік, 31 қазан күні Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев және аталған іске қатысы бар деп күдікке ілінген 22 азаматқа қатысты алдын ала сот тергеуі басталды. Бұрынғы министрге Қылмыстық кодекстің «Пара алу» - 366-бабы, 4-тармағына, сондай-ақ «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» - 189-баптың 4-бөлімі, 2-тармағына сәйкес айып тағылып отыр.
«Қорғас» шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті, «1 миллион доллар пара алды» деп айыпталған Василий Ни осындай кешірім сұраудан кейін ақталған еді. Нидің бағы Бишімбаевқа бұйыра ма?
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz
27 пікір