Сәрсенбі, 25 Сәуір 2018
Ақиқатқа қиянат 1369 49 пікір 10 Ақпан, 2018 сағат 18:44

«Бақауов Ел мен Елбасының сенімін ақтай алды ма» атты мақалаға терістеме

Құрметті Abai.kz ақпараттық порталы! Шәріпхан Қайсар есімді журналистің  өздігімен тон пішіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы сенім артып, 2016 жылғы 25 наурызда облыс басшылығына тағайындаған Павлодар облысының әкімі Болат Жұмабекұлы Бақауовтың ел алдындағы абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін сөздермен жазылған мақалаға терістеме беруіңізді сұраймыз.

Сөзіміз дәйекті болу үшін мақалада айтылған әр сын пікірге өзіміздің қарсы уәжімізді келтірсек. Шәріпхан Қайсар жазып отырған өткен жылғы Сталиндік қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған жиында аймақ басшысы қазақ және орыс тілдерінде сөйледі. Яғни, автордың «аймақ басшысы көрші елдің мемлекеттік тілінде сөйледі» дегені шындыққа жанаспайды. Сөзін ана тілімізде бастаған Болат Жұмабекұлы Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарына құран бағыштауға рұқсат берген жоқ дегеніне айтарымыз. Сіз осы мақаланың астында пікір жазған, сол шарада болып, бәрін өз көзімен көрген ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Жазушылар одағының жергілікті филиалының төрағасы, ақын, қоғам қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қани Арман Бақтанұлының жазғанын оқыған боларсыздар. Оқымасаңыздар, хатымызда келтіру артық етпес.  Арман Қани 2018-02-08 12:54:39 «Шәріпхан Қайсар мырза, былтыр Болат Бақауов аруақтарға құран бағыштатпады деген сөзіңіз шындықпен мүлде сәйкеспейді. Шындығында, былтыр облыс имамы Нариман қажы және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ОҚА-дан Керекуге арнайы келген Құрбанәлі сопы аруақтарға құран бағыштады, мұны сіз білмейтін шығарсыз. Одан арғы жылы облыстың орталық мешітінде аруақтарға құран оқылып, ас берілгенінен де хабарсыз боларсыз. Кезінде бұл жөніндегі ақпараттар фейсбукте жарияланды. Қажет етсеңіз, сонда түсірілген фотоларды сізге жіберейін». Ел сыйлаған ардақты ағамыз, ақиқатты жырлаған ақынның сөзінен артық дәлел жоқ шығар.

Руза Зәйкенқызы Бейсенбайтегімен болған жағдайға келетін болсақ, ол апайымыз трамвайда мемлекеттік тілде хабарландыру жасалмады деп дау шығарғанына қатысты оқиғаны түсіндіріп өтейік.  Облыс орталығындағы, Екібастұз, Ақсу моноқалаларынадғы қоғамдық көліктердің бәрінде, трамвай немесе автобус болсын, аялдамалардың атаулары мен түрлі хабарландырулар автоматты түрде екі тілде хабарланады. Руза Зәйкенқызы ұлты орыс кондукторға ана тілімізде сұрақ қойып, оған жауап алмаған соң трамвайдың алдына шығып тұрып алған. Жол кептелісін жасап,, трамвай жолаушыларының ашу-ызасын тудырған Руза Бейсенбайтегін оқиға орнына трамвай жүргізушісі қоңырау шалғаннан кейін келген қалалық жергілікті полиция өкілдері екі тараптан түсініктеме алып, Руза Зәйкенқызының ісінде құқық бұзушылық құрамы жоқ деп тауып, оны босатып жібереді.

Айтпағымыз, облыста тұрғындарды мемлекеттік тілге оқыту, олардың тілдік қорын байыту, өзара сөйлесу дағдыларын жетілдіру мақсатында аранйы курстар өткізіледі. Курстарға облысымыздағы тілді үйренгісі келетін кез келген азамат  жазыла алады. Курс тыңдаушылары үшін оқыту тегін. Мәселен, 2017 жылы облыс бойынша 10570 адам мемлекеттік тілге оқыту курстарынан өтті. Олардың 6532-сі өзге ұлт өкілдері. Мемлекеттік тілді үйрету және жаңаша үлгіде насихаттау, сондай-ақ қазақ тілін үйренуге ниеті бар адамдар үшін тілдік орта қалыптастыру мақсатындағы тілдік-туристік-мәдени бағыттағы ерекше жоба «Тіл керуені» қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеуге ықпал ететін қазақша киіз үйлерде дәстүрлі емес түрде өткізілді. Торайғыр көліінң жағасында өткен «Тіл керуені» жобасына Болат Жұмабекұлы өзі де қатысып, ұлттық дәстүріміздің ұлықталуына, өзге ұлт өкіолдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген ықыласын күшейтуге септіігн тигізді.

Мақала авторы жазып отырған облыс басшыларының рейтингіне келетін болсақ, «Sayasat.org» ақпараттық порталы жасаған рейтинг қорытындысы бойынша облыс әкімінің жұмысына қатысты сын пікірлермен қатар, оң өзгерістерді де келтіріледі. Мәселен, бұған дейінгі басшылар шеше алмай келген ауылдық аймақтарды сумен қамту мәселесі оң шешімін тапты. Яғни, республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, алдағы үш жыл ішінде облыстағы ауылдық аймақтардың 50 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Аймақ басшысы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласынан келген Донг-А университетінің жанындағы аурухаанның директорымен меморандум жасап, аймақта жаңа диагносткиалық орталық ашылатын болды. Бұдан бөлек, Болат Жұмабекұлы Мәжіліс депутаттарымен  жүргізген келіссөздердің нәтижесінде республикалық бюджеттен 4 миллиардқа жуық қаржы бөлініп, ұзақ жылдар бойы ескі әрі тар ғимаратта жұмыс істеп келген онкологиялық диспансердің жаңа ғимаратының құрылысы басталып кетті. Сауалнамаға қатысқан респонденттер облыс орталығына жаңа трамвайларды жеткізудегі Белорустық әріптестермен арадағы қатынастар бойынша Болат Жұмабекұлының табандылығын да атап өткен.

Шәріпхан Қайсардың солтүстік өңірдегі, оның ішінде Павлодар облысындағы, мемлекеттілігіміздің тұтастығына алаңдауына еш негіз жоқ. Елбасының тікелей бастамасымен 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы өңіріміздегі халықтар достығы, отандық патриотизмді дамыту бойынша көптеген келелі іс-шаралар атқарылды. Аймағымыздағы түрлі ұлт өкілдері қазақ халқының қиын-қыстау кезде оларға қол ұшын созған жақсылығын әрдайым айтып жүреді. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде өңірімізге жер аударылған кәріс, шешен-ингуш, неміс және өзге де ұлт өкілдері Ұлттық жаңғыру мектебінде өздерінің ана тілімен қатар қазақ тілін де оқып, мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп келеді. Мәселен, 2014 жылы ұлты орыс Бабакова Анжелика атты қызымыз республикалық «Абай оқулары » байқауында Бас жүлдені жеңіп алды. Бұдан бөлек, өңірімізде мемлекеттік тілді автохтонды ұлт өкілдерінен артық білмесе, кем білмейтін филология ғылымдарының докторы Владимир Шнайдер, «Ертіс-Тв» облыстық арнасының дикторы Марина Сахарова, Ассамблея филиалының Жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Элина Паули бар.

Жер-су атауларының қазақшалануына байланысты айтарымыз, 2016 жылы Болат Жұмабекұлының тікелей бастамасымен облыс орталығындағы қанқұйлы революционер Терентий Дерибастың атындағы көше даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры, техникалық ғылымдардың кандидаты, педагог-ұстаз Құдайберген Мағзұмұлы Сұрағановтың атына берілді. Өткен жылы облыс орталығындағы Ленин көшесінің атауын Астана қаласы деп ауыстыру туралы ұсыныс түсіп, халықтың қолдауына ие болды. Бұдан бөлек, облыс бойынша көшенің атауы кеңестік дәуірдегі Советская, Целинная, 70 лет Октября сияқты ескілікті атаулардан құтылып, оларға қазағымыздың бағына туған атақты ұл-қыздары: өңірімізден шыққан батырлар, жалпыұлттық қаһармандардың есімдері, достық пен бірліктің ұғымын білдіретін Бәйтерек, Астана, Бейбітшілік, Атамекен сияқты атаулар берілді.

Қайсарханның «Болат Бақауов Баянауыл жұртының  рухын сындырды» дегені еш дәйекке негізделмеген өтірік сөз. Болат Жұмабекұлы 2017 жылы қасиетті өлке, Жасыбай мен Олжабай, Бұқар жырау мен әулие Мәшһүр Жүсіп, Жаяу Мұса мен Жүсіпбек, Қаныш пен Әлкей сынды қазақтың батырлары мен әншілері, ақындары мен ғалымдары дүниеге келген Баянауыл ауданының дамуына 5 миллиард теңге көлемінде қаражат бөліп, аудан орталығы мен ауылдарды көркейтуге көп күш жұмсады. Аудан орталығына су құбырлары тартылып, шағын футбол алаңы салынды. Көшелерге асфальт жол мен тас тротуарлар төселді. Алаштың ұранын жазған отты ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туған ауылы Торайғырда ауыл клубына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Ауыл балаларының спортпен шұғылдануы үшін шағын футбол алаңы салынды. Көшелерге түнгі жарық шамдары орнатылды. Қайсархан Шәріп осының бәрін  өз көзімен көрсе, Болат Бақауов баянауылдықтардың рухын сындырды деп емес, керісінше, олардың рухын асқақтатты деп жазар еді.

Мақала авторы өзі білмейтін мәселені зерттеп, қараңғыда адасқан адам секілді. Облыста «қанша қазақ мектебін ашты» деп сұрайды. Павлодар облысында әр жылдары ашылған мектептердің бәрі де мемлекеттік тілде білім береді. 2015 жылы облыс орталығында №37 мемлекеттік тілде білім беретін заманауи мектеп ашылса, 2016 жылы Екібастұз қаласында 1200 орындық №36  қазақ мектеп-лицейі ашылды. Сонымен бірге, 2016 жылы Ақсу қаласының №9 шағын ауданында бүлдіршіндерге мемлекеттік тілде білім беретін 280 орындық «Айналайын» бала бақшасы пайцдалануға берілді. Аймақ басшысының зиялы қауым өкілдерімен өткен кездесуде бала бақшалардың бәрінде оқытуды қазақ тіліне ауыстыру жөніндегі ұсынысты шараға қатысқан ақын-жазушылар, өнер иелері, ел ағалары қызу қолдады. Облыс әкімінің ұсынысы қазіргі уақытта облыстық білім беру басқармасы тарапынан жан-жақты зерттеліп жатыр. Конституциялық нормаларға сәйкес келіп, облыс тұрғындарының тарапынан қолдау болса, бұл жоба пилоттық түрде өңірімізде енгізілетін болады. Түркістан автономиясын құрып, азаттық үшін күрескен азаматымыз Мұстафа Шоқай «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа сол тілде қызмет етеді» деген сөзі бар. Болат Жұмабекұлыынң бала бақшалардағы оқытуды қазақ тілінде жүргізуді ұсыну – нағыз ұлтжанды азаматтың, ел болашағын ойлаған басшының ісіне жатады.

Шәріпханның жазуы бойынша аймақ басшысы Болат Бақауов өзінің туған жері ештеңе бітіре алмай жүр-мыс. Бұл енді, журналист бауырымыздың білімінің таяздығын, мақаланы өңірдің жағдайын зерттеп-білмей, атүтсті жаза салғанының белгісі. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген халық даналығын есте ұстаса, олай жазбас  еді. Болат Жұмабекұлының басшылығымен өңірде көптеген келелі істер атқарылды. Оған облыс жұртшылығы куә. Бәрін жіпке тізіп жазбасақ та, ең маңыздыларына тоқтала кетейік. Болат Жұмабекұлы басшылыққа келген екі жыл ішінде өңірдің жалпы ішкі өнімі бұған дейінгі ылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Облыс әкімі Елбасының тапсырмасы бойынша инвесторлармен тікелей қарым-қатынас жасап, көптеген шет елдік қаржы институттары мен жеке компаниялардың өңірге инвестиция құюына түрткі болды. Мәселен, облыс орталығындағы «Павлодар» арнайы экономикалық орталығында автомобиль дискілерін жасап шығару және қоспалы алюминий өндірісі ашылды. Ауыл шаруашылығы саласында да көптеген маңызды істер атқарылды. ҚР Үкіметінің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ауылдық аймақтарда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ісі жоспардан артық орындалып, жеке шаруалар мемлекеттен бөлінген субсидиялардың шарапатын көріп жатыр. Кооперативтерге біріккен шаруалар мемлекет қаржысына сүт салқындату қондырғыларын, асыл тұқымды қара мал сатып алып, ауылдық жерде наубайхана, тігін цехтары, шаштараз сияқты кәсіптер бойынша өз бизнестерін жүргізіп игілігінкөріп жатыр. Мұның бәрі облыс басшысының тікелей басшылығымен атқарылып жатқандықтан Болат Жұмабекұлының іскерлігі мен менеджерлік қабілетінің жоғары екендігіне айғақ.

Мақала авторы «Оңтүстікте тығыз қоныстанып отырған шаруаларды Павлодар облысына аудару ісі мүлдем жүргізілмейді» деп жазыпты. Бұл да шындықпен жанаспайды. Болат Жұмабекұлы аудан әкімдеріне, әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасының басшысына тікелей тапсырма жіберіп, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда сияқты тұрғындар тығыз орналасқан аймақтарға іссапарға жіберді. Осы жұмыстардың нәтижесінде  оңтүстіктегі ағайындар Павлодар облысына көшіп келу бойынша кеңес алды. Өткен жылы Павлодар облысына Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Ресейден, Қытайдан, Украинадан  349  адам көшіріліп, олардың бәрі оралман статусына ие болды. Сонымен бірге, оңтүстік өңірлерден 292 адам көшірілді. Олардың бәрі аудандар мен  ауылдық жерлерде қоныстандырылып, мектеп жасындағы балалары түгелдей оқуға қабылданып, мектеп жасына дейінгі балалар бала-бақшамен қамтылды. Тұрғылықты жерлеріне тезірек бейімделіп кетулеріне жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдер төленуде.

Болат Жұмабекұлы ұлттық рухты көтеріп, жастардың бойына отандық патриотизм сезімдерін сіңіру мақсатында екі жыл қатарынан Ертіс өзенінің жағасындағы көкорай алқаптарда этнофествиаль өткізуді дәстүрге айналдырды. Өткен жылы «Ұлы Дала елі» фестивалінде 100-ден аса киіз үй құрылып, ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз насихатталды. Этнофестиваль барысында аймақ басшысы Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбекпен бірге қандас бауырлармен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдады. Айтылған ұсыныстар мен тілек-арыздар бойынша тиісті тапсырмалар беріп, оларды бақылауда ұстады. Жыл соңында аймақ басшысы облыс орталығына жақын орналасқан Ольгинка ауылындағы Қытайдан көшіп келген Адал Хамитханның үйіне бас сұғып, жай-күйін сұрады. Бұдан кейін, облыс орталығында өңірімізге көшіп келген қандас бауырлармен кездескен Болат Жұмабекұлы оларға алдағы уақытта да қолдан келер көмек пен қолдауын аямайтынын жеткізді.

Елбасы сенім артып, Павлодар облысыынң басшылығына  қойғанда Болат Жұмабекұлының аймақтағы Качир ауданы, Ақсу моноқаласы, облыс орталығын басқарудағы жарқын жетістіктері мен іскери қабілеттілігін есепке алғаны айқын. Болат Жұмабекұлы Ұлт Көшбасшысының сенімінін ақтап, «Жас келсе іске» дегендей ұлттық құрамы жағынан сан алуан, аса маңызды индустрия орталығын шеберлікпен басқарып отыр. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің атынан тапсырылатын «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Облыстың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін» төс белгісі және «Құрмет» орденінің берілуі дәлел.

Мақала авторы өзінің сөз соңында «Бақауов Ел мен Елбасының сенімін ақтай алды ма?» деген сауалына тиісті жауап алды деп ойлаймыз. Бұдан бөлек, Қайсархан Шәріп алдағы уақытта Павлодар облысы, жалпы аймақтың тыныс-тіршілігі болсын, басқа да маңызды әлеуметтік сектор болсын,  мақала жазбақ ойы болса, алдымен өңірдің жай-күйімен танысып, материалды нақты зерттеп жазса деген тілегіміз бар.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Abai.kz

 

 

49 пікір