Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Деп жатыр 7170 11 пікір 15 Ақпан, 2018 сағат 10:38

Біздің спортшылар Олимпиадаға қазы жеп, сорпа ішу үшін бара ма?

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарының алауы жағылғанына біраз уақыттың жүзі болды. Әзірше шығысқазақстандық фристайлшымыз Юлия Галышевадан басқа спортшымыз медальге қол жеткізген жоқ. Юлия қызымыз қола медальді қанжығасына байлап, сөніп бара жатқан үмітімізді жаққандай болды. Ал қалған спортшылармыз қара үзіп, үздіктердің қатарына қосылған жоқ.

Айтпақшы, Ақ Олимпиада басталған сәтте Пхенчхан қаласына спортшыларымызбен бірге барып, оларға бас-көз болып жүрген Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов ағамыздың "Қазақпарат" агенттігіне берген "Қазақстандық спортшылар Пхенчханға қазы-қарта ала келді" деген сұхбатын оқып, спортшыларымыз байрақты бәсекеге ас ішіп, аяқ босату үшін барады ма деген ойға қалғанымызды жасырып қайтеміз...

Қазақстандық спортшылардың шетелге шықса, сөмкесін қазы-қартаға толтырып, азығын арқалап жүретіні біз үшін жаңалық емес. Соңғы уақыттары қысқы, жазғы Олимпидаға аттанып бара жатқан спортшыларымыз "қазы-қарта мен жал-жаямызды алып бара жатырмыз" деп реті келсе де, келмесе де әңгіме айтатын әдет пайда болды. Бұл не? Ет жеп, сорпа сораптау ұлттық патриотизмнің бір нышаны ма? 

Мемлекет спортшыларымызды мешкейлердің жарысына жебіргендей ішкен-жегенін сөз қылатынын әдеттерін түсіне алмай жүрміз. Олардың әңгімесін естігенде ауылдағы туған-туысқанның басын қосып, соғым басын беретін Сәрсембай көкеміздің әрекеті еске түсетінін жасырып қайтейін. 

Олар қыста қазыны кертіп жеп, ұзақ түнде жылқы бағатын жылқышы емес қой. Соңғы кездері спортшылардың "Жарысқа қазы-қарта мен жал-жаяны ала кеттік. Ұлттық тағамымыз бізге күш-қуат береді" деп лепіре сөйлегеніне күдікпен қарайтын болдым. Олардың бөтен жерге жарысқа барғанда ет асып, арқа-жарқа болып отыратын жағдайы бола ма, десеңізші? Әлде спорт саласына жауапты шенділеріміз ет асатын қазан-ошағын алдын ала апарып, сайлап қоя ма екен? Кім білсін? Бір білсе "Қазақстандық спортшылар Пхенчханға қазы-қарта ала келді" деп сұхбат берген Елсияр ағамыз білетіні анық. 

Нұрлан Жұмахан

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1528
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3311
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5962