Жұма, 29 Наурыз 2024
Өз сөзі 6615 17 пікір 13 Тамыз, 2019 сағат 11:15

Бірғаным Әйтімова: Менің саяси карьерам аяқталды

Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірлі-жарым ауыс-түйіс жасады. Зейнет жасына жеткені бар, асқаны бар, төрт-бес сенаторды қызметінен алды. Орнына ескі һәм жаңа сенаторларды тағайындады, білесіздер.

Әкім бала Әбдірахымов секілді "сенімнен" жұрдай боп кетпесе де, сенаторлығының соңы көрінгендердің бірі - Әйтімова дейтін әйдік әже еді.

Тұп-тура 66 жастағы Бірғаным Әйтімова пәлен жыл депутат болып дәу креслода отырған. Елші болып ел аралаған. Министр болып мінберде сөйлеген. Үкіметбасыға көмекші болған (орынбасары). Елші дейтін дипломатиялық шені бар. Ағылшын тілінің "супер" маманы. Саяси қызметтері үшін бірнеше орден-медальмен марапатталған. Сәнді киім киінгенді жаны сүйетін, кейде артық қыламын деп тыртық қылып алса да түк болмағандай жүре беретін, саясатағы "хайыпшыл" апалардың бірі.

Әйтімованың әйдік сөздерін, бізді қойып бөтеннің әзілкештері әтірін сепкендей әдемілеп әжуалады да. Қойшы, мың айтқаннан бір көрген артық:

Сөйтіп, ақпанда алпыстың алтауына келген Әйтімова, кеше ғана сенаторлықпен қоштасты. Қоштасып тұрып, өзінің саяси карьерасының аяқталғанын айтыпты. Tengrinews.kz сайты жариялаған Бірғаным апаның орысша сұхбатын қазақшаға қотарып бергенді жөн көрдік.

"Мен мұны дұрыс қабылдадым. Заң бойынша Сенат депутаттары Мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалады. Ал мандат мерзімі аяқталғанда олардың өкілеттіктері тоқтайды. Мұның барлығы заң жүзінде болды. Мен Елбасыға, Президентке, Дариға Назарбаеваға менің саяси карьерамның барлық кезеңінде маған мүмкіндік бергені үшін алғысымды айтамын", дейді ендігі экс-сенатор.

Ұзақ жылдан бері саяси қызметте болған Бірғаным Сарықызы енді осымен саясат дегенді қойып, бинезпен айналыспақ көрінеді. Өзі солай депті.

"Тіпті, өмірімде алғаш рет өзімнің таңдау құқығым бар десем де болады. Қазір нақты қандай бағытта қызмет жасайтынымды кесіп айта алмаймын. Бірақ, қол қусырып қарап отырмаймын. Өзімнің жаныма жағатын, қолымнан келетін бір іспен айналысамын.

Менің мемлекеттік, саяси, дипломатиялық қызметтерде үлкен тәжірбием бар. Енді өзімді жаңа бір бағытта сынап көргім келеді.

Мен ешқашан бизнеспен, сервистік, консалтингтік қызметтермен айналыспағанмын. Нақты қай бағытты таңдаймын, әзірге айта алмаймын. Жаһандық коммуникациялардың мүмкіндігін пайдаланып көргім келеді", дейді Бірғаным Әйтімова.

"Иә, мұң бар. Менің салмақты саяси карьерам аяқталғандай сезімдемін. Сондай бір әсердемін. Бірақ, соңғы жылдар шенінде мен осыған дайын болдым. Нешеме жыл әр түрлі салада қызмет жасап, Сенатқа қайта келдім. Мен 1996 жылы сайланған ең алғашқы сенаторлардың бірі болдым ғой. Бұл мен үшін үлкен абырой. Мен өзімнің бар білімімді, тәжірбиемді, шетелден жинаған тәжірбиемді Заң шығару ісіне пайдаландым", деп түйіндепті экс-сенатор.

Естеріңізге сала кетейік, Бірғаным Әйтімова 2013 жылы Сенат депутаты болып қайта тағайындалған. Ал кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның өкілеттігін тоқтату туралы шешім шығарды. Президент бұл туралы өзінің "Твиттер" желісіндегі парақшасында жазды.

Айтпақшы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биыл маусымда Қазақстанның "Құрметті Сенаторы" атанған еді. Сол жиында сөз алған экс-президент Назарбаев ендігі экс-сенатор Әйтімова туралы да айтқан еді.

"Бүгін әр түрлі оқиғаларды есіме алып отырмын. 20 маусымда менің Мемлекет басшысы болғанғаныма тұп-тура 30 жыл толады. Бұл ерекше дата. Дәл сол күннен бастап, сол сәттен бастап біз Бірғаным Сарықызымен таныспыз. Жап-жас қыз еді. 1990 жыл, естеріңізде ме...Содан бері Бірғаным жанымды жұмыс жасап келеді. Мен тағайындаған түрлі қызметтерді атқарды. Соның ішінде дипломатиялық қызметтерде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Мен сіздермен бірге жұмыс жасағаныма разымын, әлі де бірге жұмыс жасай береміз", деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564