Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 7758 0 пікір 7 Қазан, 2016 сағат 08:41

ШНЕЕР ПУТИНГЕ ҚАЗАҚТЫҢ КІМ ЕКЕНІН ТАНЫТТЫ

Осыдан бір-екі ай бұрын Ресей  президенті В.Путин Ресейдегі әскери-тарихи қауымдастық пен тарих қоғамдастығы ұйымдастырған жалпыресейлік жиналысқа қатысушылардың бір тобын Кремльде қабылдады. Оған орыс және дүние жүзі тарихының жілігін шағып, майын ішкен мамандар, ғалымдар мен шетелдік оқымыстылар қатысты.

Осы жиынға Израиль оқымыстысы, ІІ Дүниежүзілік соғыс тарихын тереңнен зерттеп жүрген ғалым Арон Шнеер де қатысып, сөз сөйледі. Бір ауыз сөз осы кісінің өзі туралы да айта кетейік.  Өйткені, біздің әңгімеміз оның сөздерінен туындап отыр.

А.Шнеер 1951 жылы Латвияның Лудза қаласында еврей отбасында дүниеге келген. Даугавпилс пединститутының тарих-филология, Ригадағы Латыш университетінің тарих факультетін бітірген. 1990 жылы Израильге қоныс аударып, Иерусалимдегі «Яд Вашем» атты Нацизм құрбандарын еске алу жөніндегі Ұлттық институтта қызмет атқарады. Бірнеше ғылыми-зерттеу кітаптарының авторы, соның ішінде «Тұтқын» атты екі томдық еңбегі де бар.

Ресейдің бас тарихшылары бас қосқан алқалы жиынға шақырылуы және оның ішінде шетелдіктер арасынан санаулы адамдардың қатарында президентпен кездесуге таңдалып алынғаны – оның еңбегінің әлемде жоғары бағаланатындығын көрсетеді. Әйтпесе, қатардағы біреу болса мәскеулік шенеуніктер оны көзге ілмес еді.

Міне, осы кісі Израильдің қалыптасу жолдарынан бір тарихи оқиғаны айтып берді. Біз оның сөздерінің қазаққа қатысты жерлерін Ресей президентінің «Кремлин.ру» сайтынан еркін аударып отырмыз. «1946 жылы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы иврит тіліне аударылып, жаңадан құрылып жатқан Израиль мемлекетінің әрбір офицеріне қарумен бірге тапсырылды» деді ол. Рас, бұл кітаптың Израильдің әскери оқу орындарында арнайы сабақ ретінде жүретінін біз бұрын да естіген едік, бірақ оның жаңадан құрылып жатқан елдің әрбір офицеріне қарумен бірге таратылғанын білмейді екенбіз.

Әрі қарай ғалым бұл кітап офицерлерге оқу құралы ғана емес, барлық іс-әрекетінде басшылыққа алатын құбылнама ретінде пайдалануға берілгенін айтты. Осы жерден Шнеер кезінде Израиль армиясы бас штабының бастығы болған Мота Гурдың бір естелігін еске алды. Жаудан жүректері шайлыға қорқып, қашып шыққан әскерлерін жинап алып, сол кездегі рота командирі Мота Гур оларға Кеңес Одағының батыры, комбат Бауыржан Момышұлының Мәскеу түбіндегі соғыста жаудан жалтарған жауынгерлеріне айтқан сөздерін  «Волоколамск тас жолынан» оқып беріпті.  Үзіндінің аяғында: «Сен әскери позициямды ғана қалдырдым деп ойлайсың ба? Жоқ, сен Мәскеуді де саттың» делінген екен. Әрине, «Мәскеу» сөзі ол кезде «Отан» деген сөздің баламасы екені хақ. Осыны оқып болған соң болашақ генерал әскерлеріне ешнәрсе айтпастан қоштасу рәсімін жасап, бұрылып жүре беріпті. «Мен өз солдаттарымның мені түсінгеніне сенімді болдым» депті артынан генерал.

Міне, осылай. Отанға деген патриотизмді, Ерлікке деген құштарлықты еврейлер қазақтан үйренген екен. Қалай мақтанбассың?! Әлемдегі ең ақылды, ең өнерлі халық қазақты өздеріне үлгі тұтқан. Соның арқасында қаптаған қалың жауының ортасында титімдей болып жалғыз отырса да әлі күнге тиіскеннің бәрін жеңіп келеді. Баукеңнің: «Қой бастаған арыстан тобы емес, арыстан бастаған қой тобы жеңеді» дегенін іске асырғандығының көрінісі бұл...

Осыны Кремльдің төрінде айтып отырған айтулы ғалым қазақ деген халықтың өкілдері осал еместігін, олардан көп үлгі алуға болатынын жетелі жандардың бәріне жеткізіп кетті. Бәрі де бастарын шайқап таңырқап, білмегені енді біліп, білгендері еске алып қалды. Оның үстіне ғалым Баукеңді «тамаша адам еді» деп нақтылап та өтті.

Ал біз ше... Біз өзіміздің, өз халқымыздың осындай қадірі мен қасиетіне жете алдық па? Бауыржандай ерлеріміздің бағасын білеміз бе?  

Біле қоймаймыз-ау... Білсек те жете білмейміз. Бізге әлі күнге біреудің қаңсығы ғана таңсық болып жүр. Бір-ақ мысал айтайын...            

Жуырда бір телеарнаның бастығы өздерінің болашақтағы жоспары (ондайды енді «трансформация» дейтін болыпты)  туралы сөйлеп жатты. Бұл өзі мемлекет қаржыландыратын өте үлкен арнаның бірі-тін. Бастық болашақ істерін тек шет елдерден үйренетіндерін, тек солардың тәжірибелерін өздеріне енгізетіндерін, мамандарын тек шетелдерде оқытатындарын баса айтты. Биылдың өзінде 500-дей адамды оқытып, көздерін аштық. Тағы да жібергелі контрактіге қол қояйын деп жатырмыз деді ол. Ал өзіміздің ұлттық дүниелерімізді де жетілдіріп, жаңаша түрмен, жаңа сапада шығарамыз деген бір ауыз сөз айтқан жоқ.

Міне, біздің идеологиямыздың кілтін ұстап отырған бір басшының сөзі мен ниеті осындай. Оның сөздері мен пікіріне қарағанда қазақ халқында бүгінге дейін өркениет те, мәдениет те жоқ, түк  білмеген, сондықтан бәрін шетелден үйрену керек сияқты. Сол баяғы миға сіңіп қалған «совоктық» насихат...

Бұл жалғыз бір басшының ғана ойы емес, осы күні идеология саласында менеджер болып жүрген талай «табысты» басшылардың көбінің басында  жүрген идея. Оларға қазақтікінің бәрі ескі-құсқы, ал озықтық – батыстық «озық үлгілерде». Солар арқылы ғана ақша табуға болады деп ойлайды олар. Ал көп ақша тапқан дүниенің бәрі олар үшін адал, бәрі тамаша...

Осыдан басқа сананы дамыту жолы жоқ па, көздеген Темірқазығымыз осы ғана болғаны ма?..

Жақсыбай САМРАТ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295