Жұма, 26 Сәуір 2024
Алашорда 4993 0 пікір 14 Қараша, 2016 сағат 07:44

РОССИЯНЫҢ ПӘЛЕСІ БІЗДІ ДЕ ҚОСАҚ АРАСЫНДА ІЛІП ӘКЕТУІ МҮМКІН

Россия аласапыран заманға кез болды. Үлкен толқынға ұшырады. Россияға үлкен пәле жабысты, жікке бөлініп, өзді-өзі соғысып, бірінің қанын бірі судай төгіп жатыр. «Біреуге — мал қайғы, біреуге — жан қайғы» деген кер заманға кез болдық. Кезінде, уақытысында іс қылмасақ, Россияның пәлесі бізде де қосақ арасында іліп әкетуі мүмкін. «Сүттен ақ ел болайық, жұрт болайық» деп бұл съезді жасап отырмыз. Съезге келіп отырған «Алаштың» инабатты адамдары — сіздер. Ұлттың шамшырағы тәрізді қазіреттер араларыңызда, «ел ағасы» ақсақалдар араларыңызда. Бәріңіз де «Алаштың» алдыңғы қатарлы адамдарысыздар.

Бауырлар! Мұндай уақытта талас-тартыс дегенді қоялық! Алалық-құлалықты жоялық! Түнеугі күні Орынбарда «жалпы қазақ» съезінде ел үшін, жұрт үшін «Алашорда» үкіметіне бізді сайлады. «Алаш» партиясын жасады. «Алаш» баласын ала-құлаға бөлмейміз деп ант қылдық. Кімде-кім ұлтын сүйсе, ала-құлаға бөлмейді. «Алаш» баласымын деген азамат мұны есінен тастамауы керек!

Міне, біз «Алаш» баласын алаламаймыз. «Алаштың» баласын тегіс бірдей сүйеміз. «Алаш» баласы неге болса да — бірдей ортақ. Нені болса да бірдей көрмек. «Алашқа» келген қандай жүк болса да, бай демей, кедей демей — бәрі бірдей көтереді!..

Жаһанша Досмұхамедов

«Орал облыстық Үшінші қазақ съезі»,

Жымпиты уезі, Қаратөбе қалашығы.

1918 жыл, 18 ақпан

«Ұлт порталы»

0 пікір