Бейсенбі, 28 Қараша 2024
Қоғам 17639 0 пікір 1 Шілде, 2014 сағат 11:33

МИССИОНЕРЛЕР КЕЗІП ЖҮР

Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылады, онда конфессияаралық татулық пен келісім салтанат құруда, дінге сенушілермен қатар атеистік көзқарасты ұстанатын азаматтардың да құқығы құрметтеледі. Мемлекет діни қызмет саласына араласпайды, алайда конфессиялармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуі және азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын қорғауы тиіс. Осындай талап белгілеген еліміздің Конституцияның 1-бабы 1-тармағындағы мемлекеттің зайырлы сипаты діннің мемлекеттен бөлектігін білдіреді. Діни сенім бостандығы – бұл адамның өзі қалаған дінге ғибадат ету құқығы. Конституцияның 14-бабына сай заң алдында жұрттың бәрі тең, бұл зерделеу нысанына қатысты қолданыста барлық діндер мен діни бірлестіктер заң алдында бірдей екенін, кейбір діндер мен діни бірлестіктерге   қандай да бір артықшылықтар жасалуына жол берілмейтінін, дінге көзқарасына, нанымына байланысты немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша кемсітуге тыйым салынатынын айғақтайды.Жалпы Қазақстан Республикасы өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялағаннан бері барлық дінге деген құрметін өзін зайырлы мемлекет ретінде орнықтыруымен, діни бiрлестiктер iсiне мемлекеттiң және мемлекет iсiне діни бiрлестiктердiң заңсыз араласуына жол берiлмейтіндігін негізгі заңмен бекітуімен дәлелдеп келеді. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары қабылданған нормативтік құқықтық актінің бірі «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының болуы осының дәлелі. Дін бұл өзіндік даму үрдісі бар, қоғамның дамуы мен қалыптасуына өз әсерін тигізуші процесс. Оны қысып ұстауға да және бос жіберуге де болмайды. Дін байыбы-мен бапталып, ыңғайымен реттеліп отыруы керек. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамдық қатынастың бір саласы ретінде ол құқық нормаларымен, яғни заңмен реттеліп отырады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабына сәйкес әркім өзінің қай дінге жататынын анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы. Сонымен қатар Конституцияның 39-бабына сәйкес жоғарыда аталған құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда да шектелмеуі тиіс. Алайда бұл жерде азаматтың тек қай дінге жатуын анықтау құқығы ғана айтылып тұр. Яғни, қай дінге жатуын анықтау құқығы шектелмейді, бірақ оны пайдалану, жүзеге асыру белгілі бір көлемде заңмен шектелуі мүмкін.

Елімізде 2011 жылдың 11-ші қазанында   «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның қабылданып жұмыс істей бастады. Қабылданған жаңа Заң бақылаусыз миссионерлік қызмет пен псевдодіни ұйымдардың заңға қайшы әрекеттерінің алдын алу сияқты өз мақсаттары мен міндеттеріне сай қызмет етіп, қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етуде. Бүгінгі таңда Қазақстан жерінде 3,5 мыңға жуық діни ұйымдар тіркелген болса, олардың ішінде 2383 исламдық, 299 православтық, 84 католиктік және 500-ден аса протестанттық ұйым бар. Қазақстан Республикасының аумағында 10 исламдық, 76 православтық, 230 католиктік, 96 протестанттық шетелдік миссионерлер қызмет етуде.

 

Қазақстандағы миссионерлік әрекеттер 

 

Миссионерлік - діни қызметтердің ерекше бір түрі. Миссия - латын тілінде «missio» міндет, орындалуы тиіс тапсырма деген мағынаға келеді. Миссионерлiк – дiни ұйымдардың iлiмдерiн таратуға арналған дiни және саяси қызмет. Миссионерлiк ұйымдардың шоқындыру саясаты Африка және Азия халықтары арасында қарқындап, мақсатты түрде жүргiзiлiп отыр. Миссионерлiк ұйымдарға бiрқатар елдердiң мемлекеттiк құрылымдары, қайырымдылық қорлары, үкiметтiк емес ұйымдар, қаржылық топтар материалдық және моральдық тұрғыдан көмектесiп, ортақтаса жұмыс жасайды. Миссионерлер баратын ел халқының дiнiн, тарихын, әдет-ғұрпын, дiлi мен психологиясын зерттеп бiлiп барады.

Көптеген миссионерлер жергiлiктi халық басым елдi мекендерде тұрып, сол халықтың тiлiн, әдет-ғұрпын, мiнез-құлықтарын өз қызметтерiн табысты атқару үшiн жетерлiктей деңгейде зерттеп, үйренедi. Елiмiзде протестанттық және неопротестанттық шiркеулердiң миссионерлiк қызметтерi халқымыздың дiни бiрлiгi мен ынтымақты өмiрiне керi әсерiн тигiзедi.

Жұмыссыздар, өмiрден өз орнын таппағандар, рухани iзденiсте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, Ислам дiнiн терең бiлмейтiндер, әсiресе жастар миссионерлердiң үгiт-насихатына тез iлiгедi.

Еліміздің аумағында христиандардың пайда болғаны туралы алғашқы деректер V-VI ғасырлаға жатады. Әсіресе ІХ-Х ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойынша ауып келген христиан миссионерлерінің белсенді қызметтерінің нәтижесінде кейбір түркі тайпаларының арасында несториандық таралған. Дереккөздер мәліметтеріне сүйенсек, Тараз бен Меркіде, сонымен қатар Сырдария өзені бойында христиан шіркеулері болғандығы археологиялық қазбалар арқылы мәлім. Алайда Х-ХІ ғасырларда аймақта исламдандыру процесі етек алып, христиандық шіркеулер мешіттерге айналдырылды.

Соңғы кезең - еліміздің тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс келеді. Осы уақыт ішінде Республикамыздың территориясында бұрын соңды кездеспеген ағымдар, атап айтар болсақ, пресвитариандық және методистік, протестанттық конфессиялар: «Агапе», «Жаңа өмір», «Иегова куәгерлері», «Бахай сенімі», «Ібіліс шіркеулері», «Саентология шіркеуі» және т.б. өз алдарына діни бірлестік болып құрылып орналаса бастады

Миссионерлік әрекетті әлемнің бірнеше мемлекеттерінде белсенді түрде атқарып жүрген «Иегова куәгерлері» екі жүз тілде жиырма жеті миллион данамен журнал шығарып, екі жүз отыз елде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Нью-Йоркте «Күзет мұнарасы» қоғамының «Бруклин» баспаханасында үш мыңнан астам адам жұмыс істейді. Баспаханада айына ағылшын тілінде үлкенді-кішілі алпыс мыңдай және жүз жиырма тілде отыз миллиондай кітап шығарылады. Бұл кітаптарды тарату үшін екі миллиондай адам жұмыс істейтін «Эймак» тарату желісі белсенді жұмыс атқарады. Бұл, әрине, тамыры, түп төркіні арыда жатқан дәстүрлі саясат екені белгілі.

Христиан діні миссионерлік әрекеттерін тек адам баласын ақиқатқа жеткізіп, тура бағыт беру ғана емес, басқа да саяси мақсаттар үшін пайдаланады. Тәуелсіздік алған уақытымыз бен өткен тарихымыздағы Христиан миссионерлігі ұлт болып қалыптасуымызға кері әсерлерін тигізіп, дінімізді, мәдени құндылықтарымызды жоюға бағытталғанын көреміз. Бұл – рухани экспансия бүгінде де жан-жақты өз функциясын жалғастырып келеді.

Қазақстандағы миссионерлік, аз зерттелген және тарихи кітаптарда үстірт жазылған тың тақырыптың бірі болғандықтан, оны терең зерттеп, жас ұрпақ санасына діни түсінік қалыптастыруымыз тиіс. Тегінде, мұндай рухани шабуылдармен жалпы қоғам мүшелерінің діни сауатын арттыру арқылы күресе аламыз. Ол үшін арнаулы және жоғарғы оқу орындарында «Дінтану» дәрістер өткізу және дәстүрлі Ислам дінінің құндылықтарын ғылыми негізде танып, насихаттау керек. Республикалық БАҚ-та дәстүрлі емес діни қозғалыстардың миссионерлік қызметтері жөнінде ақпараттарды үнемі жариялап тұру да аса қажетті істердің бірі болып табылады.

 

Ыдырыс Ұлан,

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының

сарапшы қызметкері

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1562
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3367
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6403