Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2754 0 пікір 20 Ақпан, 2017 сағат 09:56

Өзбекстан қылмысты ашқан күштерді ынталандырмақ

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қылмыстық іздестіру және тергеу жұмыстарымен айналысатындарға ынталандыру жүйесін енгізу керек деп есептейді. Ол бұл жөнінде ішкі істер органдары өкілдерімен өткен жиналыста мәлімдеді.

Мирзияев Бас прокуратура мен ІІМ басшыларына бір айдың көлемінде тергеу және іздестіру жұмыстарымен айналысатын адамдарға материалдық ынталандыру жүйесін енгізетін жобаны әзірлеуді тапсырды.

– Олар прокуратурада, қауіпсіздік кеңесінде, ішкі істер органында жұмыс істейді. Бәрі бір жұмыспен айналысады. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Қылмысты ашқан адамдарға ақшалай сыйақы беру керек. Біз оларға екі есе, үш есе және төрт есеге дейін көп жалақы төлейміз. Себебі қазір кім қылмыстарды ашып жатыр, кім жұмыс істемейді, бәрі бірдей жалақы алады, – деді Шавкат Мирзияев.

Отставкадағы милиция майоры Отаназар Оллоберганов қылмыстың ашылмайтынының басты себебі өзбек құқық қорғау органдарындағы қызметкерлердің кәсіби біліктілігі өте төмен дейді. Ол бұл салаға үлкен реформа керек деп есептейді.

Еске сала кетейік, 9 ақпанда үкімет мүшелерімен өткен жиналыста Шавкат Мирзияев ішкі істер органдарының қызметін қатаң сынға алған. Оның сөздерінше, халықтың милиция қызметкерлеріне көңілі толмайды. Президент өткен жылы ішкі істер органдарынан 4518 қызметкердің жұмыстан шығарылғанын атап өтті. Олардың көбі қызметтерін асыра пайдаланып, пара алған.

Абай-ақпарат

0 пікір