ИСЕКЕШЕВ ШАХАНОВҚА УӘДЕ БЕРДІ
Астана қаласында Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасына сәйкес бірнеше министрлік пен агенттіктің негізінде жаңадан құрылған Инвестициялар және даму министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Онда Министрліктің өткен жеті айдағы ісі қортындыланып, болашақ жоспарлары ортаға салынды. 300-ден астам адам қатысқан бұл жиынның бағдарламасында көрсетілгендей жиынға қатысушылардың және баяндамашылардың барлығы қазақ азаматтары. Алты адам баяндама жасады. Жиын бастан аяқ тек орыс тілінде өтті.
Баяндамашылардан басқа бір адамға сөз берілмеді. Осы кезде «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов микрофонға барып былай деді: Исекешев мырза, сізге сұрағым бар. Осында қатысып отырғандардың бәріне бүгінгі алқа мәжілісінің жұмыс жоспары таратылып берілді. Жоспар түгелдей орыс тілінде жазылған. Мемлекеттік тілде бір ауыз сөз жоқ. Тым құрыса, бүгінгі жиындағы бір баяндама мемлекеттік тілде болмады. Төралқада отырғандар да жиынға қатысушылар да қазақ азаматтары. Бұл мемлекеттік тілді менсінбеу емес пе? Енді мына мәселеге назар аударалық. Республикамыздағы телеарна бағдарламаларындағы мемлекеттік тіл 50 пайыздан кем болмауы керек. Бірақ кейбір телеарналардағы мемлекеттік тілде хабар тарату 25, 20 тіпті 15 пайызға дейін құлдыраған. Төрт министрліктің басын қосқан, өзіңіз басқаратын жаңа министрлік алдағы кезде де мемлекеттік тілді мойындамай ма, немесе елдік, ұлттық мүдде биігінен көрінуге қам жасауы мүмкін бе?
Бұл сұраққа Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев былай деп жауап қайырды: «Сұрағыңыз да, талабыңыз да өте орынды. Бұдан былай министрліктегі барлық жиындар тек мемлекеттік тілде өтетін болады!» Министрдің сөзін жиналған қауым ду қолшапалақпен қарсы алды.
Іле-шала осы жиналыс туралы кейбір сайттарда қазақ, орыс тілдерінде «Мұхтар Шаханов Инвестициялар және даму министрлігінің жұмысын сынға алды» деген мақала жарық көріп, әлеуметтік желілерде қызу талқылана бастаған еді. Келесі күні түгелдей алынып тасталыпты. Біреулерге ұнамаған шығар. Бірақ, шындық әр кезде салтанат құруы керек емес пе?
Еркінбек СЕРІКБАЙ
Abai.kz