Күніміз ғылымға қараған кез келді...
Қоғамда ғылым мәселесінің жиі талқыланып отырғаны – қоғамды алға жетелейтін қадам. Қоғам ғылымға мән беріп, оны «құндылық» ретінде қабылдаса – болашақ көкжиегі кеңейеді. Қазіргі біздің қоғамда осы үрдіс белең алуда. Неге десеңіз, бүкіл әлем жаппай интеграциялану кезеңіне көшті. Әлемдік коммуникация нанатехнология тілімен сөйлей бастады. Сол кезде, әлеммен олардың «өз тілінде» сөйлеспесең – аз уақытта ондаған жылдар артта қалу қаупі төнеді. Қиыны сол, оны енді қалпына келтіру мүмкін болмауы мүмкін...
Осы шешуші кезеңде қазақ қоғамы оған қаншалықты дайын деген сұрақ әрбір отбасыдан бастап, мемлекеттік маңызды мәселе қатарына көтерілуде. Неге десеңіз, бүгінде қазақтың озық ойлы ұл‑қыздары шет елдердегі танымал университеттерде: Еуропа, АҚШ, Қытай, Түркия мемлекеттерінде оқып жатыр.
Әрине, осы процесс арқылы еліміздегі білім‑ғылым деңгейіне жалпылама баға беру қиын. Себебі, бұл таза субъективті процесс: бір балалар жоғары дайындықпен, бірнеше халықаралық пәндік олимпиада жеңісімен және ағылшын тілін жетік меңгерумен барып жатса, көптеген жастардың бастапқы дайындығы жеткіліксіз болып жатқаны да рас. Міне, осы «дайындыңғы жеткіліксіз топ» біздің елдегі білім мен ғылымның дамуына берілетін индикаторлық көрсеткіш болып табылады.
Неге десеңіз, «дайындығы жоғары» студент не магистран не докторант – ешбір елде «проблема» тудырмайды – Еуропада да, АҚШ‑та да, Қытайда да, Түркиеде де... ‑ «білімді адам – білімді»
«Проблема» ‑ «жеткіліксіз топ» еншісінде: олар не білімін сол жақта тереңдетуге мәжбүр, сөйтіп, ол оқуын жалғастырады, не, игере алмай елге қайтады...
Ондай мысалдар қаншама? Міне, біздегі «білім барометрі» осы санмен анықталады деуге болады...Сондықтан, біздің ғылым осы мәселенің себеп‑салдарын өз алдына бөлек зерттеуді қолға алуы керек:
- Не себептен білім жеткіліксіз?
- Оны түзеудің жолдары қандай?
- Білімді жастарды елде оқытуды қалай жолға қоямыз?
- Өз еркімен, өз қаражатымен шет елдерге кеткен маман жастарды елге қалай қайтарамыз?
- Ел экономикасы осындай мамандықтарға сұранысты қалай тудырады? және т.т. осындай сұрақтар легі қоғамды қатты толғандыруда...
Сол «қоғамның өкілі» арасында осы ойлардың авторы да бар. Бір немере ұлды «Жасанды Интеллект және компьютерлік инженерия» мамандығы бойынша Еуропаға аттандырдық: сағынамыз, «неге осында оқи бермеді» деп кіжінеміз... Бірақ, тек биыл ғана осы мамандық бойынша мемлекет арнайы квота қарастырғаны белгілі...
Жә, жарайды, бала кетті оқуға, екінші курсын табысты оқып жатыр. Келесі жылы соңғы курс... Одан әрі екі жыл магистратура делік...
Сонда, оқу бітірген соң балаға өз Отанында, біліміне лайықты жұмыс орны табыла ма? Міне, осы сұрақ бізді де, қазіргі қоғамды да ойландыруда. Осы мәселені бүгінде «қазақстандық ғылым» шешпесе – басқа ешкім шеше алмайды...
Ендеше, біз де, қоғам да тұтасымен «Ғылымның тілеуін тілеп отырмыз» десек ‑ бұл артық айтқанымыз емес....
Әбдірашит Бәкірұлы,
философ‑публицист
Abai.kz