Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2024
Үміт пен күдік 8043 0 пікір 9 Желтоқсан, 2014 сағат 13:26

БОКСИТ БІТСЕ, АРҚАЛЫҚ БОРДАЙ ТОЗА МА?..

(Арқалық қаласы. Әйгілі Кейкі батырдың қасында "Күн көсем" әлі тұр)

Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Раудың  өткен аптада ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттарының  кеңейтілген  отырысына  қатысқаны баршаға мәлім. Осы келелі отырыста вице-министр моноқалалардың мәселесін көтерді.

Соның  ішінде Арқалық қаласының хал-ахуалын нақты деректермен көрсете отырып, Үкімет назарын шағын шаһарға бұрып берді. Қоғам болған соң, адамдардың  көбі Рау мырзаның сөзін дұрыс түсінбей жатыр.  Рау мырза:«Арқалықтың жағдайы тым ауыр. Қала құраушы негізгі кәсіпорын қаладан кетеді. Негізгі мәселе – боксит қорының сегіз жылға дейін жететіндігі. Ешқандай басқа амал жоқ: мекеме барлануы тиіс нәрсенің бәрін барлады. Арқалықтың негізгі кәсіпорны болмаса, оның өзінің де болу - болмауы – үлкен мәселе.Тіпті, өңірде теміржол құрылысын бастап, жол салайық»  немесе  «Ең күрделі жағдай Арқалықта. Он­да 8 жылға жетер боксит қалды. Со­­дан кейін ENRC компаниясы кету­ге әзірленуде. Басқа ешқандай мүмкіндіктер жоқ. Оның айналасын­да­ғы жердің бәрінде біз барлау жүр­гіздік, бірақ құнды ештеңе тап­падық. Жалғыз бір нысан бар: 100 ша­қырым қашықтықта, Есіл түбінде мил­лиард тонна темір кені анық­тал­ды. Қазір оны «Таукен-Самұрық» ұлт­тық компаниясы қолға алуда, ол бок­сит өндірісінен босайтын 1,5 мың жұмысшыны темір өндірісіне бейім­деуі қажет. Басқа балама табылмай тұр» деген болатын. Вице-министрдің алаңдап тұрғаны мынау – биылдың өзінде шағын қалаларды дамытуға бюджеттен 48 миллиард теңге бөлінген. Бірақ, сол қаржы да Арқалықты құтқарып қалуға жетер емес. Арқалық қала болып сақталып қалу үшін, қалаға жаңа кәсіпорындар мен әлеуметтік-экономикалық  маңызы бар инвестициялар тартукерек. Ал, Арқалықтың осы аталған мәселелерді шешіп, оңалуына, инвестициялар тартуына әлі сегіз жыл мүмкіндігі бар... Уақыттың қадірін түсініп, қаланың болашағына алаңдап, етек түре, білек сыбана кірісу ісі – шаһар басшысының құзырында.

Халық қалаулыларының көтерген тағы бір көкейкесті мәселесі – моноқалалардың басшыларының ауысуы. Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» фрак­циясының мүшесі Серікжан Қа­наев: «Мен арнайы талдау жа­садым. Соңғы 2 жылда 23 моноқа­ла­ның әкімі ауысыпты. Соның ішін­де 7 қалада әкімдер үш рет ал­ма­сып үлгерді. Ал Арқалық, Сәт­баев, Жезқазғанда әкімдер тіпті 4 рет өзгерген! Осыдан кейін бағ­дар­ла­маның орындалуын кім бақылайды?» деген. Міне, халық қалаулыларының да, вице-министрдің де ашынуы осы мәселеге байланысты болса керек. Үкімет қаржыны бөлудей-ақ бөледі. Оның орындалуы, жүзеге асуы – әкімқаралардың ар-ұятында болып тұр!

Елбасының тапсырмасына сәй­кес, 2012 жылы ел Үкіметі «Моноқа­ла­­ларды дамытудың 2012 – 2020 жыл­­дар­ға арналған бағдарламасын» бе­кітті. Бұл құжат аталған шағын шаһар­ларды «орта және ұзақмерзім­ді перспективада орнықты әлеу­мет­тік-экономикалық дамыған» қа­ла­ларға айналдыруды көздейді.Бағдарлама аясында сол жылы абат­тандыру жұмыстарына 6 миллиард, өткен жылы абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту шараларына 18,8 миллиард теңге жұмсалған екен. Ал биыл 27,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы тасқыны моноқалалардағы инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, мик­рокредиттер беру, субсидиялауға бөлініп, әралуан гранттарға арна тарту­да. Мәселен, моноқалаларда жаңа өн­діріс құрғысы келетіндерге 3 мил­лион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Осы  мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек!

4-5 желтоқсан күндері Елбасының  «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол»  атты биылғы жылғы Жолдауын ел арасында насихаттау үшін қаламызға үлкен мінберде шаһардың болашағына алаңдап, қала тағдырын көтерген  А.Рау, Мәжіліс депутаты А.Қожахметов, облыс әкімінің орынбасары С.Карплюк бастаған ақпараттық-насихат тобы келді. Жолдау аясында алдағы бесжылдықта тауар айналымын жақсарту үшін «Астана – Қорғалжың – Арқалық – Ақтөбе» көлік дәліздерін дамыту кешенді жобасы қолға алынатыны, «Ұлытау – Арқалық – Жарқайың» автомобиль жолының жобалық-сметалық құжаты даярланып жатқанын айтты. Алдағы уақытта Арқалық аймағынан «Пропант» өнімін өндіру ісі бір жүйеге келсе, темір жол саласы – 450, «Құс фабрикасы» – 200 адамды жаңа жұмыспен қамтымақ. Бұл–қаланың сақталып қалуына, әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымының дамуына кепіл.

Ендеше, боксит қоры таусылғанымен алдағы жылдарда Арқалықтың аяғынан нық тұрып кетуге мүмкіндігі бар. Боксит қоры біткенімен Арқалықтай қала бордай тозбауы керек. Ол үшін қаланың басшылық тізгінін ұстап отырған азамат үлкен жауапкершілікпен іске кірісуі керек шығар.   

Елдос  ТОҚТАРБАЙ

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1889