Жұма, 26 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 6642 0 пікір 22 Мамыр, 2015 сағат 13:23

САЯЖАЙДА РЕСЕЙДІҢ ТУЫ ТҰР

Қостанай қаласындағы «Геолог» саяжайында Ресейдің Туы желбіреп тұр. Көлемі орташа болатын Ту саяжайдағы үйдің ауласына тігілген. Шет елдердің жалаулары елшіліктердің алдында тұрушы еді ғой. Бірақ біз көрген жер елшілік емес. Қала сыртындағы саяжай.

Аталған жер учаскесінің кімге тиесілі екенін біле алмадық. Иесін іздеп барғанымызда бізді қақпадағы қара құлып қарсы алды. Басқа тірі жан жоқ. «Тырнақ астынан кір іздеді» деп сөге көрмеңіздер. Көрген көзде жазық жоқ. Ұзынқұлақтан естігенімізді емес, өз көзімізбен көргенімізді жазып отырмыз.

Қазақстан азаматтарының әрқайсысы өзі қалаған елдің байрақтарын желбіретіп ққоя бере ме? Бұған енді не деуге болады? Бірақ жалаулату науқанына бейжай қарамау керек сияқты. Себебі, мемлекеттік Туды балконға ілген астаналық Жандос Құрманбаевтың басы бәлеге қалды. Туған жерінде өзінің мемлекетінің туын желбіреткен азаматқа ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 458-бабы бойынша мемлекеттік туды заңсыз пайдаланды деген айып тағылды. Сомасы 396 400 теңге болатын айыппұл салынды. Заңның аты – заң. Бұл оқиғаға қатысты біржақты пікір айтудан аулақпыз. Біреуді жақтап, біреуді даттау біздің құзырымыздағы дүние емес.

Өзіміз куә болған саяжайдағы өзге елдің Туына қатысты Қостанай облыстық прокуратурасына хат жолдадық. Әзірге тиісті органның жауабын күтудеміз.

 

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген  түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Қостанай

Abai.kz

0 пікір