ШЕНЕУНІКТЕР БАЛАНЫҢ ҰЙҚЫСЫН «ҰРЛАЙ» БАСТАДЫ
Астананың шенеуніктері мектеп оқушыларының ұйқысын «ұрлай» бастады. Ұйықтап жатқан бесіктегі баласын тербейтін қазақ едік. Енді шенеуніктер олардың ұйқысын «ұрлау» арқылы Астана қаласының жол-көлік қозғалысын реттемек екен...
14 қыркүйектен бастап Елордамыздың бүлдіршіндері сағат таңғы 7-40-та мектепте отырулары тиіс. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, мұндай тапсырманы Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков берген.
«Қаладағы 17 мектепте сабақ бұрынғыдан ерте, 7:40-та басталатын болды. Бұл әкімнің тапсырмасы. Қаладағы жол-көлік қозғалысын жеңілдету үшін осындай қадамға барып отырмыз. Өйткені, қалада транспорт өте көп», – деп мәлімдеген қалалық білім басқармасы.
Сонда дейміз-ау, қаладағы кептелісті осындай жолмен шешу қажет пе? Мемлекет бюджетін үнемдейміз деп, оқушылардың тегін тамағын аузынан жырып алғанымыз аздай енді олардың бақандай 50 минутын «ұрлап» жатырмыз. Сонда бесіктен белі шықпаған балаларымыздың қандай кінәсі бар еді? Егер де, Астанадағы кептелісті шешу сондайлық маңызды болса, Астананың әкім-қаралары, атқамінерлері, шенеуніктері жұмыстарын 7-40 кеткенде бастасын. Оқушылардың әрқайсысы дәл солар секілді «Джипке» мініп, қаланың жолдарында жүйіткіп жүрген жоқ. Яки, шенеуніктер қоғамдық көлікпен жүрсін. Сонда кептеліс болмайды.
Осындай күйінген кезде Мұқағали Мақатаевтің өлеңі еске түседі. Мұқаңша: «Кім болсаң, ол бол, рұқсат жоқ, Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге» деп айтатын бір азаматтың табылмай тұрғаны-ай!
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz