Сәрсенбі, 2 Сәуір 2025
Анық-қанығы 2898 0 пікір 1 Сәуір, 2025 сағат 12:44

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Сурет: Википедиядан алынды

Қазақстан үшін мұнайды қауіпсіз тасымалдау аса маңызды. Себебі де түсінікті. Экономиканы әртараптандыруға тырысып жатқанымызға қарамастан, мұнай бюджетке қаражат түсіретін басты ресурс болып қалуда. Әлі біраз уақыт солай болмақ. Демек мұнайды тасымалдауды қауіпсіз ету біз үшін маңызды.

Мұнайдың басым бөлігі КТК (Каспий құбыр желісі консорциумы) арқылы тасымалданып келеді. Ол Ресей арқылы өтеді. Тасымалданатын мұнайдың шамамен 80 пайызы осы бағытпен жүреді, ал мұнайымыздың ең көп бөлігін Еуропа елдері сатып алады. 2022 жылдан кейін бұл бағыт арқылы мұнай тасымалдау түрлі қауіп-қатерге тап болуда. 2022 жылы 4 мәрте мұнайды тасымалдауға кедергі жасалды. Ресей кеңес-герман соғысындағы мина табылды, дауыл болды, ақ болды, көк болды деп мұнай тасымалдауды уақытша шектеген сәттер болды. Одан кейін де «КТК-ға дрондар шабуыл жасады» деген ақпараттар шығып жатты. Кез келген сәтте бұл құбыр істен шығып қалуы немесе ұзақ уақытқа жабылуы мүмкін. Демек, бізге балама бағыт керек. Оны билік те, қоғам да, сарапшылар да айтып жүр және жақсы түсінеді.

Балама бағыттың бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізі айтылып жүр. Бұл тек қана жүк қатынасы емес, сонымен бірге ресурс тасымалдау бағыты да болмақ. Осы бағыттың үлесін арттыру үшін жұмыстар жасалуда. Оны дамыту және мүмкіндігін толыққанды ету үшін көптеген елмен келісім жасап, шарттасу қажет.

Еуропада кіп-кішкентай болып Словения деген ел жатыр. Халқының саны бір Алматымен тең, тіпті одан да аз-ау. Словенияда шамамен 2,5 млн халық бар. Елдің тең жартысына жуығын орманды алқаптар алып жатыр. Словения Югославияның құрамында болды, ал 1991 жылы Югославиядан тәуелсіздігін алғаш болып жариялаған елдің бірі саналады. Кейін соғыс болды. Бірақ Словения басқалар сияқты соғыстан қатты зардап шеге қойған жоқ. Югославиядан шыққан елдердің ішінде Словения ЕО-ға бірінші болып кіріп кетті. 2004 жылы толыққанды ЕО мүшесі атанды. Сөйтіп кіші елдердің ішінде экономикасы жылдам өсуші елге айналды. Бүгін сол Словенияның президенті Наташа Пирц-Мусар Қазақстанға ресми сапармен келіп, президент Тоқаевпен кездесті. Екі елдің басшысы біраз тақырыпты талқы етті, соның ішінде әлгі Транскаспий халықаралық көлік дәлізі да сөз болды.

Словенияның кішігірім бір бөлігі Адрия теңізімен қол ұстасып жатыр. Сол аймақта Копер атты қаласы бар. Ол қала маңында Словениядағы жалғыз порт орналасқан. «Лука Копер» теңіз порты. Міне, осы порт Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына қосылатын болыпты. Бұл біз үшін жағымды жаңалық. Аталмыш порт тауар тасымалдау, қабылдау мүмкіндіктерін жыл сайын арттыруда. Былтыр 23 млн тонна тауар тасымалдаған көрінеді. Словения осы портты дамыта беруге ниетті. Өйткені теңізге шығатын жалғыз жолы осы порт, сол үшін де портқа қаржы құйып, портты маңызды жобаларға қосуды қалайды. Осы порт арқылы мұнайды, өзге ресурстарды Еуропада тасымалдау мүмкіндіктерін арттыруға болады дейді мамандар.

Жалпы Транскаспий бағыты бойынша біз өз өнімімізді Баку портына жеткіземіз. Кейін Грузияның порттарына жеткізіледі. Әдетте ол Поти, Батуми порттары. Одан кемеге тиеліп, Қара теңізді кесіп өтіп, Румыния, Болгарияға жеткізілетін. Сөйтіп ары қарай Еуропаға теміржолмен, жүк көліктерімен аттанатын. Енді осы бағытпен Словенияның портына жүк жеткізу іске асатын сияқты. Яғни Грузияның порттарынан шыққан тауар кеме арқылы Словенияға бағыт алады. Әзербайжан мен Армения келісім жасап, Зангезур дәлізі ашылса, онда бұл бағытты Түркия арқылы да дамыту мүмкіндігі болады. Транскаспий бағыты КТК-ге әзірге балама емес, үлесі аз. Бірақ даму потенциалы жақсы. Сол үшін де осы бағытқа инвестиция салу керек. Бұл тауарды Еуропаға Ресей аумағынсыз шығару бағыты саналады.

Бүгінгі кездесудегі ең басты, ең маңызды келісімі осы деп ойлаймын. Басқалары да маңызды әрине, бірақ сол маңыздылардың ішіндегі маңыздысы осы-ау.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

 

Все реакции:

161Нұргелді Әбдіғани, Ерлік Кебекбай и ещё 159

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 766
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 2898
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 1969