Қайраулы қара семсер

(эссе)
Аманхан Әлім дегенде қайраулы қара семсер көз алдыма келе қалады. Алғаш бұл тіркесті «Аласапыран» романынан оқыдым білем. Мұхтар Мағауин Сібір ханзадасы Махметқұлды «Көшімнің қара семсері» деп суреттейтін. Тауып айтылған теңеу, боямасыз лепес. Бала күнде оқыған осы бір сөз жадыдан өшпепті. Өткір, қайсар, өжет адамдарды көргенде «қара семсер» еске түседі. Әрине ондайлар бүгінде көп емес, сирек көреміз, дегенмен жоқ емес, бар. Соған да тәуба! Аманхан Әлім сол сиректің бірі еді.
Онан әрісі есте жоқ, тоқсаныншы жылдары шыққан қазақ баспасөзін көрдік. 2000 жылдан тұрақты оқырманы болдық. Бұрқ-сарқ қайнап жататын. Тәуелсіздігін ала сала тоқыраудың топалаңына ұрынған мемлекетіміз 1997 жылы дағдарысты еңсеріп, дамуға бет бұрды. Экономикада алғашқы өсім байқалды, президент «Қазақстан – 2030» стратегиясын жариялады. Мемлекет басшысынан бастап мектеп оқушысына дейін Орталық Азия барысы боламыз деген сөзді айтып жүрді. Сол тұста ұлттық дүниетанымды қалыптастыру, тарихты түгендеу, жадыны жаңғырту секілді шаруаларға қазақ баспасөзі белсене кірісті. Бұл әрине ұлттық дегеннің бәріне үрке қарайтын үркердей топтың қарсылығын тудырды. Олар әр-әр жерден тістеп-тартып, сыңарезулеп бұрмалап, кей тұста ашық түрде азуын ақситатын. Өздерінің үнін орыс тілді газет, журналдар арқылы естіртіп, тіпті сес көрсететін. Төріңе шығып алып, текеметіңді тіліп отырғандарға қазақ басылымдары көп ұзамай жауап қатады. Ол жауапқа ана тарап қарсы шығады. Кейде қақтығыс 38 минутқа созылған әлемдегі ең қысқа соғыс секілді бір-екі мақаламен шектеледі, кейде ұзаққа сілтейді. Осындай ақпараттық соғыс қызып тұрған шақта телеарнаға қызметке келдім. Жаспыз, көп дүниені терең бағамдай бермейміз, бірақ қазақ баспасөзін қалт жібермей қадағалаймыз. «Жас алаш», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Алматы ақшамы», «Заң» газеті секілді басылымдарды құныға, қызыға оқимыз.
Аманхан Әлім деген есім-соймен сол газеттер арқылы таныстым. Бірде анда, бірде мұнда мақала-сұхбаттары шығады. Үнемі қиян-кескі шайқастың бел ортасында жүреді. Бірде «Караван» газетіне шыққан әлдебір ақынның ой-пікіріне жауап жазады, енді бірде еуразияшыл ғалымның қате идеясын дәйекті деректермен дәлелдейді. Ешкімнің атақ-даңқына қарамайды. Ұлтқа кесірі тиер сөз айттың ба бітті, ертеңіне-ақ ертегілердегі батырларша «алыспақ керек пе, атыспақ керек пе?» деп Аманхан Әлім ат ойнатып есігіңнің алдында тұрады. Табан тірер, тиянақ табар тұғыры да мықты. Ұлт, ұлттық сана, ұлттық таным... Ұлттың ұпайын түгендеу шаруасында ешкімнен ықпайды, ештеңеден жасқанбайды, жалаңаш кеудемен-ақ жасанған жауға жалғыз шабуға даяр. Кәдімгі Мағауин айтатын қара семсер, қайрауды қажет етпейді, лыпып тұр. Тек Көшім секілді бір ханның емес, тұтас халықтың қолында найзағайша ойнаған қара семсер.
Даңғайыр ғалым Зейнолла Қабдолов Сағат Әшімбаев туралы «біз адамгершілік сағатымызды, кісілік сағатымызды Сағатқа қарап түзеп алуымыз керек» деген екен. Сол секілді қазақ баспасөзін оқи жүріп, оқығанды тоқи жүріп, буын бекіп, бұғана қатайды. Алдан Айымбетов, Аманхан Әлім секілді тұлғалардың айтқан сөз, жазған мақаласына қарап ұлттық сағатымды түзеп, азаматтық құбыламды туралағандай болдым. Онан әрі телеарнаның қарбалас тірлігіне аралысып кете бардық. Басты бір көтеріп қарасақ зымырап он жыл өтіпті. Біз есейдік, Алдан қарттар өмірден өтті, Аманхан Әлім егде тартыпты. Зейнетке шыққанын әлеуметтік желіден оқыдым. Бірақ әлі қызметте көрінеді, мінез де сол қалпы. Тасқа шапса турап жіберердей қылпып тұрмаса да қара семсердің жүзі әлі мұқалмаған секілді.
Қал-жағдайын сұрап хат жаздым бірде. Бұл 2015 жылы, желтоқсан айының 29 жұлдызы, кешкі сағат 19.15-те еді. Яғни екі кештің арасында, ескі жыл мен жаңа жылдың ат алмастырар шағында... Алдында ғана Қалмұқан Исабай қарт дүние салғанда Жазушылар одағында өткен қаралы жиында көргенмін. Қол алысып амандасқанымыз болмаса, тілдеспедік. Бір-бірімізге самарқау көз салып, салқын бас изестік те қойдық. Сырттай танығаныммен жүзбе-жүз алғаш көруім. Ол да мені қайдан көрдім деген шығар-ау, сірә! Арадағы қарым-қатынасты бекемдейтін, жақындастыратын төтенше бір себеп жоқ. Қазанға салып қанша қайнатсаң да географиямыз бен биографиямыздың сорпасы қосылмас. Мен Қоңыртөбе етегінде, ол Арыс жағасындағы Қожатоғайда туған. Жазудағы жанрымыз да екі арнамен ағады. Журналистиканы алсақ, ол – газетші, мен – тележурналист. Әдебиетте ол – ақын, мен – прозашы. Ол – Алматыда тұрақтады, мен – Талдықорғанға қоныс тептім. Бір қоғамда жасап, бір қалада тұрып, тіпті бір кеңсенің есігінен кіріп-шығып жүріп те кейбір адамдармен аралас-құраластығың иек қағып амандасудан ары аспауы мүмкін. Ал екі арнаға сал жүгірткен Аманхан Әлім екеумізді не жақындастыра алады?! Бәлкім ара-қатынасымыз осылай өз арнасымен ағып, жолымыз түйіспей, суымыз қосылмай кете берер ме еді, ойламаған жерден ол кісіге жуысқым келді, жақынырақ араласқанды қаладым.
Күндізгі қарбалас аяқталып, ел-жұрт кешкі асын алдыға енді алған уақытта Faccebook желісіне кірсем, ағам отыр екен. Мессенжерді ашып, «ассалаумағалейкум» деп жаздым да қайта өшіре салдым. Қайта жазып, жөнелтуге дәтім бармай тағы отырдым. Сол баяғы бұйығылық болар, әлде «сәлемімді дұрыс алмай қойса қайтем?» деген қорқыныш па екен, әйтеуір жазып-өшіріп біраз күйгелектенгенім рас.
Ол жылдары әңгіме, хикаяттарым әдеби сайттарда жиі жарияланатын, газет-журналға көп шыға қоймағам. Әрбір әңгімем жарық көрген сайын сайттың сілтемесін әлеуметтік желіге жүктеп, елдің ықыласын бағам. Көбіне-көп дос-жаран, әріптес, таныстар, басқа саланың мамандары оқып, пікір білдіріп жатады. Біреу мақтау айтса еңсем көтеріліп, қопаңдап қалам, сын-ескертпе жазса жүнім жығылып сала береді. Әлі де өзіме сенімсіздеумін шамасы. Бұл сенімсіздік, әлдекімнің көзқарас-пікіріне тәуелділік қайдан шыққанын, қашан жұққанын білмеймін. Телеарнада жүргенде пайда болған кеуде әдебиетке келгенде басылып қалғандай өзі. Бәлкім әдебиет есігін қатарластарымнан бір мүшел кештеу ашқаным әсер еткен болар?! Бәлкім бозбала шақта ерен-санамайтын жауапкершіліктің жүгі есейген шақта зілбатпан болып, еңсені езе ме екен?! Әлде ешбір топқа кірмей, саяқ жүргеннің кесірі ме, қолпаштайтын, қолтығыңнан демейтін жанның жоқтығы ма, кім білсін?! Әйтеуір бір сенімсіздік бойда бар. Сөйте тұра шығармаларымды әдебиет ауласына менен бұрын ат байлаған аға буын оқыса, баға берсе деймін. Бір жақыным «ол үшін әдеби байқауларға қатыс» деп ақыл айтқан. Сол жылы «Алтын тобылғы», «Алтын қалам» байқауларына ат қосып, абырой болғанда екеуінен де бәйгілі болдым. Өзіме деген сенім сәл-пәл нығайды. Бірақ жұрт менің журналист емес, жазушы екеніме әлі де сеніңкіремейтін секілді. Ағалар түгіл, әдебиетте қатарлас-қанаттас жүрген өзім құралпы қыз-жігіттер де сөзге сараң. Басқа біреулер бірдеме жаза қалса жапырыла оқып, жабыла мақтап жатады. Ұялас күшіктей ымырашыл, топшыл. Тобындағы тұлпарды да тұлпар, мәстекті де тұлпар көреді. Ал, мен секілді жалғыздың үнін естігісі келмейді, жаяудың шаңын көрмейді. Көзіне ілмейді. Оқыса да оқымағандай кеп танытады. Әлде маған солай көрінеді. Әлдекімдерге өзімше өкпелімін, болмашыға ызалымын.
Сөйтіп жүргенде Аманхан Әліммен әлеуметтік желіде достаса қалдым. Таласбек Әсемқұлов әдеби айналымға енгізген «оқығам жоқ» синдромынан бұл кісі аман секілді көрінген. Фейзбуктегі парақшасын әдебиеттің насихатына жеккен екен. Ертеңгілік өзінің өлеңін салады. Түске қарай біреудің мақаласына, әңгімесіне, немесе өлеңіне пікір білдіреді. «Мына газетке мынандай дүние шығыпты, жақсы екен» деп жарнамасын да жақсылап жасайды. Орыс, батыс әдебиеттерінен мысал келтіре отырып, кеңінен толғап жазады. Қысқасы бұл кісі өзі оқитын, сонымен бірге оқығанын басқа біреуге оқытуға тырысатын кеңқолтық, адал адам болып көрінді. Шынымды айтсам шығармаларымды оқытқым келді. Жүрексіне отырып хат жазғаным сол. Оным бекер-ақ болған екен. Сыртқа айбынды, айбарлы көрінгенмен іші баладай таза адам екені алғашқы жауаптасудан-ақ аңғарылды. Бірнеше әңгімемді оқуға бердім. Ертеңіне сәске болмай телефон соқты. Біраз мақтау-мадақ айтып, көңілімді өсірді. «Үркер» журналына өзі апарып беріп, жариялануына ықпал етті. Сонан кейін-ақ Аманхан Әліммен аға-іні ретіндегі қарым-қатынасымыз үзілген емес. Жаңа әңгімем жазылса болды, алдымен осы кісіге жіберем. Оқып, пікірін айтады. Жөн сілтеп, бағыт-бағдар береді. 2017 жылы алғашқы жинағым «Сүлікқара» жарық көргенде алғысөзін жазды. Алматыда өткен тұсаукесер рәсіміне келе алмады, арада бір-екі ай өткенде кітабымды қолтыққа қысып үйіне іздеп бардым.
Көшеде күтіп тұр екен. Басында тақия, бұтында тізеден сәл-пәл төмен түсер шолақ шалбар. Бұрыннан таныс адамдай шұрқырай амандастық. Үйге жеткенше қала сыртына қалай көшіп келгені, шөп шауып, гүл суаратыны секілді тұрмыстың жайын сөз етті. Менің жасымды сұрады, мен құралпы қызы болғанын, қапияда көз жазып қалғанын күйзеле айтты. Екінші қабаттағы өз бөлмесіне көтерілдік. Қаламгердің кабинеті, әдеби әлемі осы екен. Бөлменің терезе жақ қапталы ғана бос, қалғанына кітаптар жайғасқан. Шетел классиктерінен бастап өзіміздің мықтылардың бәрін кіргізіп алыпты. «Литературная учеба», «Наш современник», «Иностранная литература», «Поэзия әлманағы» секілді әдеби басылымдардың да 20-30 жылдық нөмірлері қаттаулы тұр.
– Осынның бәрін оқыдыңыз ба? – деймін таңғалып.
– Оқыдым. Кейбірін екі-үш қайтара оқыдым. Кейбірін оқыдым деу үшін ғана оқыдым. Өзіңдей жігіттермен әдебиет туралы әңгімелескенде керек болады. Шығарма ұнамаса да оқимын, өйткені қай жерден кемшілік кеткенін білуім керек, – дейді. Қасыма университетте бірге оқыған жолдасымды ертіп барғанмын, екеумізді отырғызып қойып, әңгіменің тиегін ағытты. Әңгіме айтып отырып, атып тұрып сөреде қаздай тізілген кітаптарға үңіледі. Әзілхан Нұршайықов, Қадыр Мырза-Әлі секілді картотека жүргізіп, әліпби бойынша, немесе жанр-жанрға жіктеп, бөлек-бөлек жинамайтын секілді. Өзінің болмысы секілді кітаптары да олпы-солпы, ретсіз тұрғандай көрінді. Бірақ қожайын кімнің қай қуыста жатқанын, кіммен кімнің көрші екенін білетін секілді, бірер көз жүгірткен соң-ақ іздегенін таба қояды. Тургенев пен Толстойдың ортасына жайғасып алған Асқар Сүлейменовты жетелеп шығады. «Бесатарды» парақтап жіберіп, ой сабақтайды.
– Жақсы шығарма асыл тас секілді. Үнемі жарқырап тұрады. Ал нашар шығарма әйнек секілді, міне көрдің бе, – дейді, күнге шағылысқан терезені нұсқап. – Бұлар жасанды жарқырайды. Күн түскенде ғана жарқырап, көз қарықтырады. Бірақ жақындап барсаң түк жоқ. Жақсы шығармада қатпар-қатпар ой жатады. Әрбірін аршыған сайын жарқырай түседі, бірінен-бірі асып түседі, – деп кітаптың өзі белгілеген тұстарынан мысалдар келтіреді.
– Мен жалпы қазақ прозашыларын үш топқа бөлем, – дейді тарғыл даусын көтере. – Бірінші топты Әуезов бастап тұр. Кейіннен Қабдеш Жұмаділов, Әбіш Кекілбаевтар жалғады, бұлар эпикалық, кең тынысты прозаның өкілдері. Орыста – Толстой бар, «Война и мир» романын алып қараңыз, қандай ауқымды шығарма. Ал қазақта бұл дәстүр «Абай жолынан» бастау алады. Екінші психо-поэтикалық, интелектуалдық проза. Ол – Жүсіпбек Аймауытов бастап, Асқар Сүлейменов, Тәкен Әлімқұлов, Қалихан Ысқақтар жалғастырған дәстүр. Үшінші – ауыл прозасы, ол дегенің Бейімбеттің мектебі. Орыстар деревенческое проза дейді. Ауыл прозасына соқпай кеткен қаламгер аз бізде. Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұрмағамбетов белді өкілдері. Әдебиеттегі бағыт-бағдарды осындай классиктерге қарап ұстанған жөн. Бұларда тілден өрген көркемдік, суреткерлік мықты, – деп тұжырым жасайды.
Шығарманы оқығанда қолында үнемі қаламы болады екен. Өз пікірін кітап бетіне жазып, автормен сол сәтте әдеби пікірталасқа түсе береді. Кейде өлеңдерін де осында сүйкей салатыны бар. «Шығарманы оқып отырғанда ойым қозғалып кетеді, жақсы тіркестер келе қалады. Блокноттан бұрын осында жазамын. Артынан компютерге теріп аламын» дейді. Үстел үстіне әкеліп қойған үш-төрт кітабын ақырын алып, көз жүгірттім. Жазу жазылмаған бет жоқ, әріптері ұсақ та емес, ірі де емес, орташа. Парақ шетіне жазылған пікір-пайымдарды оқып отырғанымда,
– Тәкен Әлімқұлов та солай істейтін, мен сол кісіден үйрендім. Тәкентанушылар жазушының Мәскеуде қалған кітаптарын ақтарса талай дүниеге жолығар еді, әттең, сол мұралар қайда қалғаны белгісіз, – деп өкінішін білдірді. Ораза кезі болатын, төрт-бес сағат сөйлестік. Тілді буып, құлақты іске қостық. Біраз дүние айтты. Біраз дүниені оқы деп кеңес берді.
Қайтарда маған өзі жазған «Өткірдің жүзі» мен Нұрлан Оразалинннің көптомдығын сыйлады. Мен «Сүлікқарамды» «мінгізіп», жас қаламгерлердің әңгімелері топтастырылған «Жетісуға құйылған жылғалар» антологиясын табыстадым.
«Өткірдің жүзін» үйге келген бетте оқығанмын. Осы естелікті жазу кезінде тағы парақтап отырмын. «Мәселе қазақта емес, казакта...» деген мақаламен басталады. 1995 жылы «Заң» газетіне жарияланған. Содан 2011 жылға дейінгі жазған таңдаулы мақала, сұхбаттары, ой-толғамдары топтастырылған. Әр жазбаның өз тарихы бар, әрбірі әр кездегі ақпараттық соғыстың хабаршысы іспетті. Оқып отырып талай фамилияны көресің, талайды тани түсесің, кейбіріне құрметің артады, кейбірінен түңілесің. Тіліп айтады, бірдемені біліп айтады. Осылай тіліп айтқанына бола базбіреулер онымен жауласып өтті. Дос тұтқандар да жетерлік. Есенғали Раушанов екеуі бір-біріне «жақын» деп қайырылатын. Сол жақыны «Жапандағы жалғыз ағаш» деген эссе жазды. Аманхан Әлім туралы жазылған дүниенің алды деп білем, әдеби, адами портретін дәл ашқан. Сол жерде Есенғали «Аманханның дұшпандары да жиі ауысып тұрады. Оның жауларының арасында Америка Құрама Штаттарының Президенті мен Израил Прьемер-Министрінен бастап, Қожатоғай жолында қол көтергенде тоқтамай кеткен автобус шоферіне дейін бар» дейді. Қатарлас, дос-жар адам ретінде әзілге сүйеп айтқаны ғой, бірақ астарында шындық жатыр. Сол алыстағы АҚШ президентінен бастап, ауылдағы автобус шопырына дейінгі аралықта кімдер жоқ дерсің. Жас та, кәрі де, ғалым да, ақын да, данышпан мен ақымақ та, қысқасы бәрі бар.
Аманхан Әлім әдебиетте де біраз адаммен ұстасты. Жауласқаннан құдай сақтасын, дауласты дейікші. Ешкімнің тұмсығы бұзылып, жағасы жыртылған жоқ ол даулардан. «Әлемдегі дау атаулының тазасы, пайдалысы не?» десе «әдебиеттің дауы, өнердің дауы» дер едім. Өйткені онда екі тарап та өнерді қорғау үшін дауласады, жақсы болсын деген ниетпен келеді. Сондықтан қалай болғанда да өнерге ол даудың зиянынан бұрын, пайдасы тиеді.
Аманхан ақын қатысқан даулардың көбі мен әдебиетке келмей тұрып басталған көрінеді. Сол өрттің қоламтасы бертінге дейін бықсып, түтіндеп, ара-тұра Палестин мен Израиль дүрдараздығы секілді лап етіп жанып, жалп етіп сөніп тұратын. Бір-бірінің шығармасын іліп-тартып, айтысатын, тартысатын. Әлеуметтік желіге жазба салысып, пікірлер майданында тас атысатын, сөз сойылын сілтесетін. Өзі қатарлы ақындар ғой бәрі, не десе де жарасып тұрды. Бір күні қарасам Аманхан Әлім жалғыз қалыпты, Есенғали айтқан «жапандағы жалғыз ағаш» іспетті. Қарсы тарап үйірімен шауып жатыр. Азулы арландардың айқасына бота тірсек бөлтіріктері де кірісіп кетіпті. Үрит-соқтап екі жақтың әлі де айтысқанын-тартысқанын қалайтын қорқау пейілділер де тасада жатып, тас атуды бастапты. Ағама жаным ашып кетті, дереу қоңырау шалдым. Әдеттегідей қаннен қаперсіз, бейқам. Әлеуметтік желіде біреумен шәлкем-шалыс келіп қалсақ күні бойы түлен түрткендей ашуланып, түйіліп жүреміз. Бұл кісі аптаға созылған сөз барымтасына мыңқ етер емес, әңгімені шығармашылыққа аударғысы кеп тұр. Шыдай алмадым.
– Аға, не болып жатыр? Не істейік, не көмек?.. – деген емеурін таныттым. Шоршып түсті.
– Араласпа! – деп кесіп айтты. – Ескі жау атыспаққа жақсы, олар өзім қатарлы адамдар, алысып үйреніп қалғанбыз. Жастар, сендер ондай тірліктен қашық болыңдар. Мейлі, оның айналасындағы жігіттер кірісе берсін, жабыла берсін, бірақ сендер сырт қалыңдар. Өздеріңе зияны тиеді. Мен одан зорлармен айқасқанмын, айта берсін, жаза берсін, қылпығым да қисаймайды. Алаңдамаңдар. Кеше осыны бәленшеге-түгеншеге де ескертіп айттым, – деп өзін ұстаз тұтып жүрген бірнеше жас ақынның есімін атады. Әңгіме ауаны қайтадан шығармашылыққа қарай аунап сала берді. Әдебиеттегі журнализм, кейбір журналистердің көркем прозаны былғап жатқанын, түсіндірме сөздікті пайдалану керектігін, жарықтық Қуан ағасының (Қуандық Шаңғытбаев) қазақ түгіл, өзбек, қарақалпақ, қырғыз тілінің сөздіктерімен жұмыс істейтінін айтып біраз уақыт сөйледі. Қайыр-қош айтысып, тұтқаны қойған соң ырза болдым. Өзімнің ұшқалақтығыма ыза болдым. Есіме бір мықтылар түсті. Ол мықтылар да елге аға болып жүр. Бірақ сол ағалығын бұлдайды, әлдекіммен айтыса қалса інілерін жұмсайды. Пікірлестерінен қолдау күтеді, сөзін сөйлеп, шотын шапқанын қалайды. Дер кезінде үн қатып, қайрат көрсетпесең жазғырады. Жауласып кетуі де мүмкін. Құдды іні емес, айналасына сойылсоғар әскер жинайтындай. Ал, Аманхан Әлім ондайдан ада екен. «Неткен кеңдік, жасаған жақсылығын бұлдамайтын не деген тазалық» дедім іштей.
Мағауин суреттеген қара семсер көз алдыма тағы келе қалды. Жарқ-жұрқ етеді, тот баспайды, майрылмайды, қайрауды қажет етпейді. Кітабының атын да «Өткірдің жүзі» қойғаны тегін емес-ау!
Есболат Айдабосын жазушы
Abai.kz