Жұма, 20 Желтоқсан 2024
Қоғам 12562 0 пікір 17 Қараша, 2015 сағат 08:34

МЕКТЕПТЕГІ ЖЕМҚОРЛЫҚ БІЗДІ "МӘҢГҮРТ ЕЛ" ЕТЕДІ

Екінші ғасыр дабыл қағылуда

 Бұдан 13 жыл бұрын «Азат» газетіне бірінші  «Жемқорлықтың  көкесі мектепте» деген мақаладан кейін, пәре, ақша жинау асқынып, оның соңы білім сапасының төмендеуіне, директордың озбырлығына қарсы шыққан білікті, өз ой-пікірлері бар мұғалімдер қудалана бастаған соң «Жемқорлықтың көкесі де, әкесі де мектепте» деп жалғастырып жазған едім.... Қазір «Жемқорлықтың жеті атасы да мектепте» десем қателеспейтініме көзім жетті. Кейбір директорлар неге мектепті айта бересіздер, барлық жерде пәре алады, керек десеңіз, жемқорлыққа қарсы күресетін құқық қорғау орындарына кіру үшін де пәре алатынын білесіздер дейді. "Иә алатынын білеміз, бірақ осы елдің ертеңгі иесі балаларымыз білім, тәрбие алатын орын таза болса ертеңгі қоғамымызда таза болады" дегенімде, директор "жоғарыдағылар таза, әділетті болса, мектепте тазарар еді" деді. Мектеп түгілі балабақша да пәреден бөлек, бүлдіршіндердің тамақтарына қол сұққасын, не айтуға болады?. Өздері ішіп жегендерімен қоймай, балабақшадан әкелген тағамдарын дүкенге өткізгендерін, дүкеншінің өз аузынан естідім. "Енді әкелгенде маған айтыңышы" десем, "көрші ғой ұят болады" дейді. Міне, ұяты барлар, ұятсыздарды да қорғайды. Балабақша тамақтарының нашарлығы да осыдан болар. Қоғамның рухани азғындап, ауыр кеселге ұшырағанын осыдан ақ білуге болады. Қоғам тарапынан, көкірегі ояу, жанашыр ел азаматтары  дабыл қағып, бұл мәселе аз айтылып келе жатқан жоқ. Бұл дабылды ХХ-ғасырдың аяғында бастағанбыз, ХХІ-ғасырдың да онжылдығы өтіп кетті, білім саласындағы сыбайлас жемқорлық көбеймесе азайған жоқ.

Аман сау жүргендерің үшін

АҚШ доллары қымбаттаған сайын, мектепке жұмысқа тұру пәресі де артуда. Бұдан біраз жыл бұрын, қала аудандарды салыстырғанымда  пәренің ең жоғарысы Түркістан қаласында екен. Түркістандағы таныс мұғалімдерден "неге бұлай?" деп сұрасам. "Мұғалімдікке сұраныс көп, екіншіден мұғалімдердің жалақысы көбейді" деген жауап алған едім. Қазір екінің бірінен сұраңыз, мектептің күзетші, еден жуушыдан бастап, мұғалімге дейін пәренің ставкасы қанша екенін біледі.  Осы жылы көктемде Шымкент қаласында ванкоматта кезекте тұрғанда бір апайдың ОҚО Бадам  станцасындағы  мектеп директорына барып мұғалімдік мамандығы бар баласына жұмыс сұраса, "500000 теңге әкеліңіз, тағы ешкімге айтып қоймаңыз" деп пысықтапты. "Комиссия келгенде дайын тұрсын деп, әр мұғалімнен 10.000 тенгеден жинайды, не керек келіндеріміз ай сайын ақша жинайды да жатады" дейді. Жанында тұрған келіншек "мен балабақшада істеймін, қалада мұғалім болып кіру 1 млн теңге" десе, қалғандары "пәресіз жұмысқа кіретін жер қалды ма?" деп, пікір талас басталып, «Балық басынан шіриді» мақалымен аяқталды. Ауданның орталығы Темірланға таксимен бара жатқанымда, жанымдағы келіншек мектепте істеймін деген соң, "мұғалімдерден ақша жинайды ма?" деп сұрадым. "Иә, айына 2000 тенгеден жинайды" деді. "Не үшін жинайсыздар деп сұрадыңыздар ма?" десем: "Сұрадық.  Аман-сау жүргендерің үшін деп айтты" дейді. Аталарымыз «Кәпір тыныш болса, мұсылман тыныш» деген мақалындай, директор тыныш, болса біз тыныш дегенге ұқсайды. Осы жылы қазан айында, емханада тағы бір жас келіншек мектепке лоборант болып кіруге комиссиядан өтуге келдім деді. Қызығушылықпен "пәре алмады ма?" деп сұрадым. "Пәресіз алады ма, 2000 доллар /500000 аса/ бердім: бір-екі жылда сағат беремін деп уәде берді" дейді. Бұл екі мектепті мысалға келтіріп отырғаным, кейін білгенімдей, екеуінде де, өзіміз ана деп, ақтығы мен пәктігіне сенім артып,  құрмет тұтатын аналарымыз директор екен. Үстерінен арыз түсіп, мұғалімдерді қудалайтын да, ақша жинайтын, пәре алып ұсталатындардың да көбісі ақ жаулықты аналар.  Аяулы ана атына дақ түсіріп, ар, ұяттан безген мектеп директорлары бар екенін көріп те, біліп те жүрміз.  Ұстаз аналарымыз жемқор, пәреқор атанып, сотталып, жұмыстан қуылып жатса, егемендігіміздің жемісі, жетістігі дейміз бе? Масқара!

Мен, Украинаға барғанда мектеп мұғалімдерінен "оқушылардан ақша жинайсыздар ма, жұмысқа кірерде пәре бересіздер ме?" деп, сұрағанымда, "қалайша бала оқитын жерде ақша жинап, пәре алады" деп таң қалысты. Біз қашан осылайша таң қалар екнбіз? Бар директорды кінәлай алмаймыз.

Ұстаз ретінде құрмет тұтып, басымызды иетін басшылар көп болмаса да бар.

Жастардың дүние танымы төмен

Пәре, жемқорлықтың зардабы  білім, тәрбие сапасының төмендеуімен қатар жастарымыздың болашағына балта шауып жатқанын қалайша білмейміз. Қалайша күйінбейсің?! Оң солын танымайтын жастар мектеп бітіріп жатыр. Жоғарғы оқу орындары, коллеждерде де, тыңғылықты білім бар деп айта алмаймын. Мектепте оқушылар әдеби кітап оқымайды. Мен, бұдан 3-4 жыл бұрын, екі көршімнің 9-сынып оқитын балдарына,  «Аққан жұлдыз» романынының  әр томына 500 тенгеден беріп оқыта алмадым.  Соларға болашағымызды сеніп тапсыра аламыз ба? ОҚО білім басқармасының қабылдау бөлмесінде отырған қыздан (4-5 жыл бұрын Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университетті /2008ж/ «Қазақ тілі - әдебиет» мамандығы бойынша бітіріпті) "М.Жұмабаевты білесің бе?" деп  сұрадым. "Біраз жыл болды бітіргенімізге, естен шығып қалыпты" дейді. Ол, ол ма, Төле би ауданында бастауыш сыныпқа сабақ беретін мұғалім қыз «Абай жолы» романын оқымағаны былай тұрсын, кім жазғанын да білмеді.

"Сырттай оқыған едім" деп ақталады. "Қазіргі балалар оқымайды" дейді. Осындай білімі таяз мұғалімдер қалай оқытады? Ондай мұғалімді, оқушылар мойындамайды да.  Білімді, тәжірибелі мұғалімдердің сабағын қызығып, ізденіп оқиды. Баланың дүниетанымы, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіну... мектептен басталу керек. Бірнеше жоғарғы оқу, колледж студенттерінен, жастардан, мемлекетіміздің билік тармақтарын, демократия, сайланбалы органдар туралы сұрағанымда, сенбессіз 98 пайызы жауап бере алмайды. Осы жылы Шымкент қаласында әкімшілікте істейтін  маманнан "А.Байтұрсыновты білесің бе?" деп сұрадым. Білмеді. Түркістанда «Қазақ-Түрік» университетін бітіріпті. "Аға келесі кездескенде интернеттен тауып айтып берейін" деді. Бұған да шүкір. Бұларды айтып отырғаным қазақтың бар рухы, рухани байлығы Қазақтың хан, билерінде, Шоқан, Абай, «Алаш» арыстарының іс әрекеттерінде, еңбектерінде емес пе? Кезінде сыңаржақ, қылышынан қан тамған компартия «Алаш» арыстарын халық жауы деп оқытты. Егемендік алғанымызға 24 жыл болды, жастармыз «Алаш» арыстарын әлі білмейді. Неге?... Қайсыбірін айтасың, осылардың бәрі білім саласындағы жемқорлықтың салдары. Россия отары кезінде, орекеңдерге мәңгүрт қазақ керек еді, Тәуелсіз ел болсақ та, мына түріміз бен «Мәңгі Ел» емес «Мәңгүрт Ел» болатын түріміз бар. Өз өткенін білмегеніне,  оқымағанына жастарды кіналай алмаймын.Кінәнің бәрі үлкендерде. Билік басындағылардың жауапкершілігі ауырлау. Түсінсе.

Бақылау департаментіне 20000 теңге жинаған

Ілгеріде облыстық білім басқармасынан, қалалық, аудандық білім бөлімінен "комиссия келе жатыр" деп, болмаса "келтірмейміз" деп ақша жиналатын. Қазір осылардың үстіне «Білімді бақылау» департаменті қосылды. Бұрын әрі кетсе 5000 тенгеден жинайтын болса, бақылау департаментіне аттестациядан өту үшін 30.000 тенгеге дейін жинайтынын естиміз. Мысалы осы оқу жылында, біздің ұйым мүшелеріне қабарласқан мұғалімдер №№33,58 мектепте аттестациядан өту үшін 20.000.—30.0000 тенгеден жинап жатқаны туралы ақпарат түскен.

Қаладағы №33 мектеп ұстаздары да,  қабарласып жаңа директор А.Аманова келгелі, ақша жинау да көбейіп, директор мен мұғалімдердің аралары жақсы болмай қойды, қазан айында аттестация өтуге 132 мұғалімнің әр қайсысынан 20000 тенгеден жинап жатыр деп қабарласқан еді. "Жазып беріңіздер барайық" дегенімізде: мұғалімдер қол қоюдан қорқады деп, шын болса да жаза алмайтындарын айтқан болатын. Мұғалімдердің директормен арасы аса шиеленіскен сияқты: мұғалімдер қабарласып, телевидениеге шығып, қалалық білім бөлімі бастығына барғанын айтып,  11.11.2015 жылы сағат 15-00 мектепке мұғалімдер жиынына келуімді сұранды.  Мен барғанда,  қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары  Д.Ағманова, әдістеме кабинетінің директоры  К.Сағындыкова «Ұстаз нұры» газетінің бас редакторы А.Бейсе қатысуымен жиналыс өтіп жатты. Жиналған мұғалімдер айтысына қарағанда, мектептегі ахуал өте ауыр көрінді. Директор сәл бірдеңе болса болды, "жұмыстан босатамын, арыз жаз" деп, арыз жаздырып астына мерзімін қойдырмайды, сабақтан шақырып алып түсініктеме жаздырады, дәлізде еден жуушымен, ата-аналармен айқаласып сабақ өтуге де мұрша бермейтінін айтуда. Арыздарын Мұғалімдер шағымдарын  жарыса айтқанда,  қалайша осындай адамды директор қойған деп таң қалғанымызбен, одан зорларын көргенім есіме түседі. Себепсіз оқу ісінің меңгерушісі А.Жұмабаеваның жұмыстан кет деп артына түсіп алған. Мұғалімдердің айтуынша содан бері мектепте береке кеткен. Бастауыш сынып мұғалімі, 15 жыл жұмыс өтілі бар Г.Сардарованың айтуынша, өз еркіңмен жұмыстан босануға арыз жаз деп есігін жауып алып қоймағансоң, ашуланып босатуға арыз жазып бердім дейді. Үш баласымен жұмыссыз қалған. Ана жүрегі қайда кеткен?  Қысқасы жиналысқа қатысып отырған 90 мұғалімнің бәрі,  бір ауыздан директордың жұмыстан кетуін талап етіп, қала әкімінің атына арызданды. Шақырылғанмен директордың өзі жиналысқа қатыспады. 

Пәренің 2 млн.тенгесі ұстаздарға қайтарылды

Бақылау департементінен келетін комиссияға  беруге 20000 тенгеден жиғандарын бізге айтып, жазып беруге қорыққандарымен рас болып шықты. Аттестациядан мектеп өте алмай қалғаннан кейін мұғалімдер берген ақшаларын қайтаруды талап еткен. /Ақша жиналатыны туралы дәлел сұрағандарға, осыдан артық қандай дәлел керек./ Ең қызығы жинаған ақшаны мектеп директорының  күйеуі келіп, мұғалімдерге екі күн таратқан. Соның өзінде 15000 тенгесін беріп, 5000 тенгесін комиссияға тамақ әпердік деп қайтармаған. ОҚО «Білімді бақылау» департаменті басшысының орынбасары Г. Бекбергенова ханыммен қабарласқанымда:  -мектептің камерасынан қараңыз, комиссия мүшелері мектептің асқанасынан тамақтанды. Мен өзім де асханадан тамақтандым  және қай жерге барсақ та өз қаржымызға тамақтанамыз деді. Сонда  132 мұғалімнен қалған 500.000 аса тенгеге қандай комиссияға тамақ әперген?  Бұған құзырлы органдар не дер екен?  

Жуырда ғана 03.11.2015ж «Білімді бақылу» департемнті, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» агенттігі, ОҚО білім басқармасы, Шымкент қалалық білім бөлімі өкілдерінің қатысуымен Сыпатаев атындағы №7 мектепте, аттестациядан өтуге мұғалімдерге  15.000 тенгеден және қалаталыры 5000 тенгеден қалаталарыңы салып келіңдерр деген ақпаратты анықтауға мұғалімдермен  жиын өткізгенбіз. Кәсіподақ комитетінің, «Нұр-Отан» партиясы бастауыш ұйымы төрағалары ұжымнан кім айтты, ортаға шығы айтыңдар дегенмен, ешкім ақша жиналғаны туралы айтпаған соң, ақпарат анықталмағанымен, кездесу  падасыз блды деп айта алмаймыз.

 Кенесары атындағы№33 мектепте, директор мен мұғалімдер арасындағы жанжал ушықпағанда комиссияға 20000 тенгеден жиғандары дәлелсіз, жай ақпарат болып қалар еді.  Сондықтан жемқорлық туралы қандай да бір ақпаратқа, дәлел іздемей, ұжыммен кездесіп, алдын-алу шарасы мен айналысқан да нәтижесіз болмайды.

 Мектеп директорларын  білім, тәжірибесі болмасада, белгілі ставкасын беріп тағайындалатынын білетінбіз. Болмаса көкең мықты болу керек. Бұны дәлелдеп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қоғамның рухани азғындауының да бір себебі осы  Мектеп директоры боллу үшін,  тәжрибесі мол, ар,ұяты таза, өзі ашық сабақтар өткізіп біліктілігімен танылған, ұстаздарға-ұстаз болуға лайықты,  мамандарды тағайындау орнына, басқа мақсатпен келген директорлар көбейіп кеткенін кімнен жасырамыз? Пайғамбар «Кімде кімадамдар арасында бастыққа лайықты біреу болса да, сол орынға оны сайламай өз жақынын сайласа: ол бүкіл момынға қиянат жасаған» дейді. Өте дұрыс айтылған. Лайықтылар басшы болмай қаншама адамдар қиянат көріп, жастарымыз сауатсыцздықтан өз орындарын таба алмай адасып жүр. Аз жазылып,айтылып жатқан жоқ, тек тыңдар құлақ, қоғамға жанашырлар болмай тұр.

Жарқынбек Сейтінбетұлы, ОҚО  білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық комитетінің жетекшісі.                                        .

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1893