Жұма, 20 Желтоқсан 2024
Қоғам 5935 0 пікір 17 Қараша, 2015 сағат 11:30

МҰНАЙДЫҢ ҮСТІНДЕ ОТЫРЫП "ҚАСЫҚ ЖАЛАЙТЫН" БОЛДЫҚ

НЕМЕСЕ БЕНЗИН БАҒАСЫ ЕКІ ЕСЕГЕ ҚЫМБАТТАЙДЫ

25-қарашадан бастап Қазақстанда жанармай акциздерінің бағасы екі есеге қымбаттайды. Қазіргі таңда бензин және дизель жағармайының көтерме айналымдағы бағасы 10,5 мың теңгені құрайды. Бұл туралы Caravan.kz сайты жазады.

Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы Кәрім Қазымұқанович 2015 жылдың қарашасынан бастап «Жанармай акциздерінің (әуе компанияларына да) көтерме және бөлшек саудадағы бағасын реттеу» туралы № 887 қаулысын қабылдаған.  Дәлірек айтсақ, Мәсімов мырза биылғы жылдың 13-наурызында шығарған шешіміне бірқатар өзгертулер енгізген.

Енді Қазақстанда бензин және дизель жағармайының (әуе компанияларына да) көтерме айналымдағы бағасы 10,5 мың теңгені құрайтын болады. Ал бұл сома бұрын 4,5 мың теңге болған.  

Сонымен қатар, авто жанармай бекеттеріне көтерме және бөлшек саудаға тасымалдау 11 мың теңгеге қымбаттайды. Ал бүгінгі күнге дейін бұл сома 5 мың теңгені құрап келген.

Жанармай бағаларын реттеу туралы жаңа қаулы ҚР Салық кодексінің 279-бабында көрсетілген нормативтерге сәйкестендірілген.

Сондай-ақ,  қаулы қабылданған күннен бастап 10 жұмыс күнінің ішінде күшіне енетін болады.

Бұл дегеніңіз 2015 жылдың 25-қарашасынан бастап жанармай бекеттеріне көтерме және бөлшек саудаға шығарылатын бензин мен дизель отындарының бағасы екі есеге қымбаттайды деген сөз. Осы күнге дейін мемлекеттің жеңілдетілген баға тағайындауы бойынша көтерме жанармайға қарық болып келген бекеттер ендігі жерде жанармайды (оптом) бұрынғыдан екі есеге қымбат сатып алады. Тиісінше бөлшек саудаға қымбаттатылған тарифтер бойынша шығарады.

Сонымен қара мұнайдың үстінде қасық жалап отырған Қазақстан экономикасы үшін осы жолғы дағдарыс біраз дүрбелең тудырғаны рас. Теңгенің құны тиынға пара-пар келіп, қаржылық қиындық қос өкпеден алғанда, Қазақстанда қымбаттамаған зат қалмады. Кейбір тауарлардың бағасын  Мәсімов үкіметі өзі көтерді (нан, жанармай). Ал азық-түлік бағасын реттеуде құзырлы мекемедегілер қауқарсыздық танытып отыр.

Үкімет қаулысы бойынша жанармай бағасының қымбаттауына қандай негіз бар?

Бұл сұраққа ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мырза түсінік берген.

Министр «еліміздегі жанармай өндірумен айналысатын үш зауыт ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге қауқарсыз. Сондықтан Қазақстан тарапы Ресейден жылына 900 мың тоннадай жанармай сатып алуға мәжбүрміз. Бензиннің күрт қымбаттауы да осымен байланысты. Себебі Қазақстан тұтынатын жоғары октанды жанармайдың 40 пайызы ресейлік өнім. Жанармай бағасын өсіруге Бәсекелестікті қорғау агенттігі рұқсат берген. Агенттік жанармайдың бұл түрін көктемнен бері республика бойынша бір деңгейде ұстап келген, - дейді ведмство басшысы.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1893