АҚТӨБЕГІ АТЫС-ШАБЫС. БҰЛ БҮЛІК НЕГЕ ЖАСАЛДЫ?
Ақтөбеде антитеррорлық операция режімі жарияланды. Бұл туралы ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Алмас Садубаев хабарлады.
«Бүгін Астана уақыты бойынша 15:45-те Ақтөбе облысының Ішкі істер департаментіне белгісіз біреулердің «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаны туралы хабарлама келіп түсті. 16:45-те тағы бір қару-жарақ дүкеніне және Ұлттық ұлан әскери бөліміне шабуыл жасалғаны хабарланды. Оқиға салдарынан «Паллада» дүкенінің сатушысы қаза тапты, бір адам жараланды. Шабуылды тойтару кезінде бір офицер және бір әскери қызметкер ажал құшты, 9 әскери қызметкер жарақат алды. Ал шабуыл жасаушылардың тарапынан 1 адам тұтқындалды, үшеуінің көзі жойылды, тағы біреуі жараланды. Бірнеше қылмыскер із жасырып үлгерді. Оларды ұстауға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Алдын ала болжам бойынша, шабуылды теріс ағымдағы дін ұстанушылар жасаған. Ақтөбе қаласында антитеррорлық операция режімі жарияланды. Ойын-сауық мекемелерінің жұмысы мен қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылды. Тұрғындар көшеге шықпауы және өте сақ болуы керек. Қосымша ақпараттар таратылады», - деді Алмас Садубаев.
Жедел жәрдем көлігімен бірнеше адам ауруханалаорға жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы Әсет Қалиевтің айтуынша, алты бірдей жан сақтау бөлімінде күрделі операция өткен. Алты бірдей азамат ішінен және кеуде тұсынан ауыр жарақат алған. Ә. Қалиевтің айтуынша жарақат алғандар қарақшылар шабуыл жасаған «Пантерра», «Паллада» қару-жарақ дүкендері мен әскери бөлімде де бар.
Мемлекеттік органдар бұл оқиғаны лаңкестік әрекет деп бағалап отыр. Қазір Қарулы күштер мен арнайы органдар күшейтілген режимдегі қызметке көшкен. Қалада лаңкестікке қарсы операция режимі енуіне байланысты қоғамдық көлік пен көңіл көтеру орындарының жұмысы тоқтатылған. Сондай-ақ, тұрғындар түс кезінде телефон байланысы үзіліп, қайта қосылғанын, қазір интернет желісі істемей тұрғанын айтуда.
Ресми мәліметтердің кеш тарауына, халықты құлақтандырудың және түсіндіру жұмыстарының кемшілігінен желіде, телефон байланысы арқылы түрлі ақпарат тарауда.
Сондай-ақ, әлеуметтік желі мен ақпараттық сайттарда полиция көлігінің жанында екі адамның құлап жатқан суреті жариялануда (оқырмандардың денсаулығына кері әсер етпесін деген ниетпен ол адамдардың суретін жариялауды жөн көрмедік). Ол азаматтардың да кім екені туралы нақты ақпарат жоқ. Бір анығы 6-7 маусымда өтуі тиіс Ұлттық біріңғай тестілеу кейінге қалдырылған, тұрғындарға лаңкестікке қарсы арнайы операция өтуіне байланысты лаңкестік қауіптің "қызыл деңгейі" белгіленгені туралы СМС-хабарлама жолданған.
"Қылмыскерлер әскери бөлімге шабуылдау үшін автобусты басып алғаны белгілі болды. Жүргізушісі мен жолаушыларын түсіріп, кейін қақпаны соғып, территорияға кіріп, атыс шығарған, үш әскериді өлтіріп, алты әскериді жарақаттаған. Кезекші қарауыл бөлім территориясына кірмек болғандарды тоқтатты. Ал кейін оқиға орнына келген полиция жасағымен бірге бір қылмыскердің көзін жойған, тағы біреуі жарақат алып, ұсталды. Антитеррорлық операцияны жүргізу барысында жалпы 4 қылмыскердің көзі жойылды, жетеуі ұсталды, олардың екеуі жарақат алған.
Abai.kz