ЖЕР ДАУЫНА «КІНӘЛІ» ДОСАЕВТЫҢ ТАСЫ ӨРГЕ ДОМАЛАП БАРАДЫ
2016 жылдың шілде айынан бастап Қазақстандағы ауылшаруашылық мақсаттағы жер телімдері жаппай сатылатынын мәлімдеп, бүкіл Қазақстан жұртшылығын дүбірлеткен Ұлттық экономика министрлігінің экс-министрі Ерболат Досаевтің тасы тағы да өрге домалайтын сыңайы бар.
Ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған атамекеніміздің 1 миллион жеті жүз мың гектарын, жалпы көлемі Литва мен Латвия мемлекеттерінің жеріндей аумақты сатып, ел экономикасын қарық қылмақ болған шенеунік енді «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Директорлар Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Министрлік лауазымынан босай сала, Досаев бос жүрмей «Бәйтерек» Ұлттық Басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасы болып қызмет ете бастаған болатын.
Әрине, Ерболат Досаевтың қызметінің ауысқанына наразылығымыз жоқ. Десе де, біздің билік кеше ғана жер мәселесінде бар кінәні экс-министрдің басына үйіп-төгіп, өздері сүттен – ақ, судан – таза бола қалып еді. Енді міне, «жер жайындағы мемлекеттің ұстанымын халыққа дұрыс түсіндіре алмаған» шендіге «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» тізгінін ұстата салып отыр.
Демек, жер дауына басты «кінәлі» Ерболат Досаев болмағаны ғой. Ауылшаруашылығы министрлігінің экс-төрағасы Асылжан Мамытбеков те қазір "Астана" банкінің тәуелсіз директоры болып алды. Демек, ол да жер дауына "кінәлі" емес.
Онда кім? Экс-министрге Елбасының алдында басын салбыратып тұрып кешірім сұратып, артынша жарылқап жатқан қай дөкей?
Сіз не дейсіз?
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz