Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 6849 0 пікір 18 Шілде, 2016 сағат 08:07

ЕРДОҒАНДЫ ЕЛІ ҚОРҒАП ҚАЛДЫ. БІЗ ЕЛБАСЫН ҚОРҒАЙ АЛАМЫЗ БА?

Ең алдымен айтарымыз – біз Ата заңында әскерилерді Конституциясының кепілі етіп көрсеткен, төңкеріске еті үйренген Түркия емеспіз,  бізде оның болуына ешқандай негіз жоқ.        Екіншіден, ең бастысы да осы – елімізде Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағанбетов  болып тұрғанда төңкеріске ешқандай орын жоқ! Елбасының ең сенімді серігі екенін сансыз рет дәлелдеген оны ұстазы қайда жұмсамады! Ең шешуші кезеңдерде Үкіметке Премьер де қойды, Алматыға әкім етіп те жіберді, соның бәрінде ол қандай қиын тапсырма болсын абыроймен орындап, үмітін ақтап келеді. Қазыбек Исаның Имекең Қорғаныс министрі болып тағайындалғаннан күннің ертесіне су жаңа министрдің суретін «Қазақ үні» газетінің бір бетіне тұтас салып, астына «Енді тыныш ұйықтайтын болдым!» деп бір-ақ ауыз сөз жазған тапқырлығы бар еді. Сол айтқандай, бәріміздің де әзір тыныш ұйықтауымызға болады.

Солай бола тұрса да... «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген, «жақсыны айтып, жаманды таяп қой» деген қазақпыз ғой. Төңкерісті өз ішіміздегілер немесе әскерилеріміз ұйымдастырмайтынына сенімдіміз, әйтсе де, сырт күштерді қайтеміз? Оларды есептен шығарып тастауға болмайды ғой! Әсіресе, теріс қылыққа құмар теріскейлік көршімізді... Бүгінде көзі тірі, Кеңес Одағының Ауғанстандағы соғысы кезінде әйгілі «Қара майор» деген атқа ие болған, ауған жерінің төрттен үшін билеп тұрған атақты Ахмад Шах Масұдтың өзін 8 ай соғыспауға, бітімшілік шартына қол қоюға мәжбүр еткен (Ахмад Шах «Қара майордың» басына 10 млн.доллар тіккен!), арнайы «мұсылман батальонының» командирі Борис Керімбаев кезінде «Бiздiң батальон о баста Пекиндегi Үкiмет үйiн басып алу үшiн құрылған едi... Құрылысшы солдаттардың iшiнен 300-дей ұйғыр солдатты өз қалауымша таңдап, iрiктеп алдым. Әбден дайындалып болған кезде бiздiң батальонның бағыты тағы өзгердi...» деген болатын («Евразия-KZ» апталығы. 21.10.2005ж.). Кеше Қытайдың (!) Үкiмет үйiн басып алуды жоспарлаған Мәскеу бүгін «Астана айтқанымыздан шығып барады...» деуі әбден мүмкін ғой! Сол кезде не істейміз?

Мен бұл сұраққа жауапты 2013 жылдың 19 қарашасында, Ақтөбеден шыққан "Қазақияның" 1-нөміріне «Кто прикроет спину Елбасы?» деген мақаламда жазып едім. Тырнақша соның алдында дәл осындай сұрақ қойған журналист С.Дувановтың сөзіне қарай қойылған болатын. Мен сонда "Спину Елбасы прикроют национал-патриоты" дегенмін. Бүгін де сол ойдамын. Солай болуға тиіс деп білемін. Себебі, Президент Н.Назарбаевты ерекше жақсы көргендігімде емес. Кім болғанда да ел сайлаған басшыны, сол орында отырған адамды, сол орынның өзін құрметтеуге міндеттіміз. Ең ақыры елге әбден сүйкімі кетіп біткен Горбачевті, "ата жауы" болса да заңды билікті қорғап алаңға шыққан Ельцин құрлы болуға тиіспіз ғой. Егер біздің елде де сырт күштер төңкеріс жасауға әрекет ете қалса, Елбасын қолына қару алып қорғайтын бүгін оның саясатын аямай сынап жүрген мына біздер, ұлт патриоттары боламыз! (Қалың қазақ кешегі «жер дауынан» кейін түріктер секілді қаптап көшеге шыға қояды деу қиын...) Ал, "Нұреке, сен - кемеңгерсің! Сен - күн көсемсің! Сен - Ата-Түріксің! Сен - пайғамбарсың!" деп жүрген көп жарамсақ-жағымпаздың сол сағатта қайсысы Лондонға, қайсысы Парижге, қайсысы Дубайға қашады! (Лайым, мен қателескен болайын...) Оны, жағымпаздық сатқындық екенін, министрінен "жағымпаздықты кімнен үйрендің?" деп сұрайтын Президенттің өзі де жақсы біледі. Тек пендешілікке салынады...

Біз Президент арқылы елімізді, жерімізді қорғауымыз керек! «Кулагин мен Терещенконың жерін қорғаймын ба?!» деген дұрыс емес (бұны тіпті өзін тәжірибелі саясаткер санайтын бауырларымыздың да айтатыны бар...). Терещенколар, Кулагиндер келеді, кетеді, қазақ жері қалады! Сол қазақ жерінің қалуы үшін де қорғауымыз керек қой. Атларымыз «кәрі орыс мұсылман болмайды» деген екен, әйтсе де Кулагинді қайдам, Терещенконың өзін болмаса да ұрпағын қазаққа айналдырып алармыз, мүмкін... Менің Әзімбай Ғали досым неше жылдан бері бекерден бекер «ассимиляциялау керек, ассимиляциялау керек!» деп жүр дейсіздер ме? Дұрыс айтады, бұл – дүниежүзілік үрдіс, әлемнің барлық елінде өзге ұлт өкілдері байырғы ұлтқа сіңісіп кетеді. Онсыз да шет елдер үшін біздің бәріміз «қазақпыз».

Елімізге тыныштық берсін Алла! Ал, өзіміздің билікпен, Жаңабек досым айтқандай, заң шеңберінде "төбелесу" керек.

Өмірзақ Ақжігіт

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364