Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Қоғам 5086 0 пікір 20 Қыркүйек, 2016 сағат 11:55

ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙ ХАНЗУ ТІЛІНЕ МҰҚТАЖ БА?

Астанадағы Ұлттық музейге келген жүңголық (қытайлық) туристерге музей қызметкерлері қытай тілінде қызмет көрсететін болды. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, журналистермен кездескен музей директоры Дархан Мыңбай мырза мәлімдеді. 

«Ұлттық музейде экскурсия жүргізетін мамандар бірнеше тіл біледі. Енді, қытай тілін енгізбекшіміз. Өйткені, Қытайдан келіп, қазақтың мәдениетімен, тарихымен танысқысы келетін туристер өте көп. Бұл процесс келесі жылдан басталады. Сол үшін қазірден бастап дайындық жүргізіп жатырмыз. Бізге келетін туристер жедел, ыңғайлы форматта ақпарат алуы керек. Түрік тілетін білетін мамандарымыз да бар. Сондай-ақ, басқа тілдерді де қамтуымыз мүмкін», – дейді Дархан Мыңбай.

Оның айтуынша, музей ашылғалы 27 мың шетелдік турист келген. Ал ақылы түрде кіргендердің саны 40 мыңнан асады екен.

Әрине, бізге туристердің көп келгені жақсы. Бірақ, әлемдік музейге айналамыз деген желеумен мемлекеттік мекемелерге әлемдік тілдердің бәрін енгізе бергеннің жөні қалай болар екен?..

Біріншіден, біздің ұлттық музейіміздің қытайша сөйлей бастауы Қазақстанда Қытай мемлекетінің ықпалының артқанының белгісі болып саналады. 

Екіншіден, бүгін музейге кірген тіл, ертең кәсіпорындарға, сосын мектептерге, оқу орындарына ене бастайды. 

Үшіншіден, мұндай оқиғалар халықтың құлағына қытай тілін сіңіріп, ұлттық болмыстан айрылуға жол ашады.

Төртіншіден, ешбір ел шетелден келетін қонақтарға бола өз тілін құрбандыққа шалып, сол елдің тілінде сөйлеуге бейілді емес. Мәселен, қазақтар үшін қай елдің музейі қазақ тілін білетін маманды қызметке алып жатыр? Қытай мен Ресей жаппай қазақ мектептерін жауып жатқан тұста, біз оларға барлық жағдайды жасап беруге тырысамыз

Қазір ағылшын тілі - халықаралық тіл. Елімізге келген кез-келген туристке қызмет мемлекеттік тілде жасалуы қажет. Оның туристер үшін ағылшынша аудио-аудармасы жасалса жеткілікті.

Бұл - біздің төл тіліміз бар екенін, отарлық  халден арыла бастағанымызды көрсетеді. 

Ұлттық музей қытайша сөйледі екен деп, музейге ханзу көршілеріміз ағылмасы және анық. Жалпы, ақылы бар ел бірте-бірте орыс тілінің де ықпалынан арылып, әлемге өзін танытудың дұрыс жолын таңдаса керек-ті.

...Қуаныш Сұлтанов сияқты экс-елші, белгілі саясаткер, бүгінгі ел ақсақалы: "Біз мемлекет болмағанбыз. Қытаймен шекара бөлісіне қатыса алмағанбыз", - деп сайрап жүргенде жалпы ханзу тіліндегі байланысқа абайлап қарағанымыз абзал шығар. Осыдан келіп туатын сұрақ: Елордамыздағы Ұлттық музей ханзу тіліне қаншалықты мұқтаж?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2154
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2560
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2409
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1663